«Дөңгелекті» бизнесті қалай дөңгелетуге болады?

0
4684

Қазақстан егемендігін алып, социализмнен капитализмге қадам басқан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары сауда заңын білмейтін халықтың абдырап қалғандығы рас. Алғашында бизнесті «базар жағалау»  деп түсінген халық бірте-бірте заман ағымын түсіне бастады. Кәсіпкерліктің сан салалы болатындығына көз жеткізді. Бүгінде елімізде жеке кәсібін ашқысы келетін азаматтардың қатары көп. Бизнес тренингтерге барып жүргендердің де қарасы аз емес.

Иә, бүгінгідей нарық уақытында бәрі бизнес бастағысы келеді. Бірақ, көбі неден бастауды білмейді. Елімізде аса танымал емес, оның үстіне бәсекелестік төмен «Street food» (көше тағамы), «Food truck» (дөңгелекті/жылжымалы асхана) сияқты Қазақстан үшін жаңа бизнес түрімен айналысудан қорқады. Ал, біле білген  кәсіпкерге бұл  кәсіптен түсер пайда көл-көсір. Өйткені, бәсекелестік төмен,  сұраныс жоғары. Сонымен, «Qazaq»  газеті  бүгін  аталмыш бизнестің қыр-сырына тоқталады.

КӘСІПТІ ДӨҢГЕЛЕТІП ӘКЕТУДІҢ НЕГІЗГІ ҮШ ШАРТЫ

«Food truck» – ағылшын тілінен аударғанда «food» – тамақ, «truck» – жүк көлігі деген мағынаны білдіреді. Онда көбіне балмұздақтар, тіске басар жеңіл тағамдар, түрлі сусындар сатылады. Көліктерді адам көп жиналатын жерлерден (концерттер, жәрмеңкелер, саябақтар) кездестіресіз. Ал, жаз мезгілінде «жылжымалы асхананың» тасы өрге домалайды.

«Жылжымалы асханамен» айналысудың таяқтың екі ұшы болатыны сияқты өз кемшілігі мен артықшылығы бар. Артықшылығы – бизнеске ақшаны аз мөлшерде құясыз және бұл салада әзірге бәсекелестік төмен. Кемшілігі – сіз бұл кәсіптен белгілі бір маусымда ғана пайда табасыз. Яғни, көктемнің соңғы айлары мен жаз мезгілінде. Ауа райының мейірімі түссе, күздің алғашқы айларында да пайдаға кенелесіз.

Бүгінде елімізде фудтрактарды көбейту мәселесі көтеріліп келеді. Мысалы, ағымдағы жылдың қаңтарында ҚР Ұлттық экономика министрлігі отандық кәсіпкерлерді азық-түлік тасымалдау саласына мән беруге шақырды. Жыл басында сол тұстағы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Асланбек Жақыпов (мамыр айында ол 500 мың теңге  пара алғаны үшін 3 жылға сотталды, – ред.) Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «дөңгелекті» бизнесті бастау жылдам әрі тиімді екендігін айтты.

«Фудтрактарға қатысты бізде нақты реттеулер жоқ екені рас. Дегенмен, кез келген адамға жүк көлігіне газ плитасын орнатып, баллонды қойып, қала ішінде сауда жасауға жол беруге болмайды. Үш нәрсені ескеру қажет: өрт қауіпсіздігі, жол қозғалысының ережелері және санитарлық талаптар. Ал, сауда жасау орындарын қалалық әкімдік белгілеуі керек», – деп мәлімдеді Асланбек Қуандықұлы.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері Қазақстан заңнамасында «жылжымалы асханалар» үшін қандай да бір жеке талаптардың жоқ екендігін, өзге елдерде бұл кәсіптің арнайы ережелері қалыптасқандығын айтады. Мәселен, АҚШ-та азық-түлік тасымалдаушылар үшін арнайы «Мобильді сауда туралы» заң жобасы бар. Тиісті құжаттарды толтырып, рұқсат алған соң, өз тауарларын тұтынушыларына еркін сата береді. Сөйтіп, сауда бағытын жергілікті биліктің рұқсатынсыз-ақ қалағандарынша жүргізеді. Демек, АҚШ-тағыдай Қазақстанда «дөңгелекті» бизнестің дөңгеленіп кетуі үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілуі керек.

«ДӨҢГЕЛЕКТІ» БИЗНЕСТІҢ САУДА ОРНЫ ҚАЛАЙ БЕКІТІЛЕДІ?

Фудтрак тамақтану орны болғандықтан, бұл қызмет түрі «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға және санитарлық ережелер мен нормалардың аясында жұмыс жүргізеді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша, «дөңгелекті» бизнестің кәсіпкерлерге қаншалықты таныс екендігін айту қиын. Себебі, бизнестің бұл түрі қызмет барысында да, тіркеу кезінде де ерекшеленбейді. Тіркеу барысында заңды тұлғаның/жеке кәсіпкердің мекенжайы көрсетіледі. Бағытты жергілікті әкімдіктің өкілдері белгілейді. Сауда-саттық белгіленген бағыттың кез келген нүктесінде жасауға рұқсат етіледі. Бірақ, рұқсат етілмеген жерде сауда жасаған жағдайда айыппұл салынады. Сондай-ақ, фудтрак иелері жол ережелерін, заңның басқа да талаптарын орындауға міндетті.

Әрине, заңға томпақ келетін бұл әрекеттерге «food truck» иелері ғана емес, барлық кәсіпкерлер бармауы керек. Ал, «food truck» иелері үшін әкімдік сауда жасауға рұқсат беретін орындардың шектеулі болуы басты мәселе. Мұнымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері де келіседі. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнама концерттерде, саябақтарда және халық көп жиналатын басқа да жерлерде азық-түлік сату мәселесін реттемейді. Ең бастысы фудтрак иелері бекітілген шектеулі бағыт бойынша ғана сауда жасауы керек.

Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкері Марклен Оганян 2017 жылдың көктемінде сусындар мен фастфуд өнімдерін сату үшін үш тіркемелі жүк көлігін сатып алған. «Дөңгелекті» бизнесте тәжірибесі бар бұл кәсіпкердің айтуынша, жергілікті әкімдіктен сауда орнына рұқсат алу қиынға соғады.

«Мұндай бизнеспен айналысу үшін тұтынушылардың үлкен легі керек. Концерттер маңынан, саябақтардан, жәрмеңкелерден сауда орындарын алу тиімді. Қаланы аралап емін-еркін азық-түлік сата алмайсыз. Өз тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, адамдар көп шоғырланатын аймақтардан орын алу үшін алдымен тамыр-таныс қажет. Мүмкін өзге кәсіпкерлерде ондай қиындық болмаған шығар. Жергілікті әкімдіктен тек сауда орталығының жанынан ғана орын ала аласыз», – дейді кәсіпкер.

Тағы бір айтар шаруа, жазда балмұздақ, хот-дог, бургер, донер сынды фастфуд өнімдерін жақсы саудалай аласыз. Қыста жүк көлігіңізде қайнатылған сусындар да (кофе, шай) сатуға болады.

БИЗНЕСТІ БАСТАУҒА ҚАНША ҚАРАЖАТ КЕТЕДІ?

«Жылжымалы асханалары» бар кәсіпкерлердің сөздерінше, базалық жиынтықтағы жүк көлігінің тіркемелерін алуға 5-8 миллион теңгенің арасында қаражат кетеді. Сонымен бірге, жүк көлігінің ішкі жабдықтарының материалдарын алуға да біраз ақша керек.

Қазақстанда «food truck» шығаратын «Sputnik» зауытының директоры Андрей Шенцовтің айтуынша, «food truck»-тің өзі – 5 млн, ал арнайы жабдықталғаны – 6-8 млн теңге тұрады.

Осы саланың басы-қасында жүргендер жұмыстың алғашқы маусымында бизнеске салынатын инвестицияның көлемі шамамен 15 миллион теңгені құрайтынын айтады. Кәсіпкерлердің есебін ҚР Франчайзинг қауымдастығының басшысы Әдемі Досжанова да қуаттайды. Кәсіптің бұл түрі орта және төмен бюджеттік франчайзингтердің қатарына жатады. Салынатын инвестицияның көлемі 20 млн теңгеге дейін баруы мүмкін. Жүк көлігіне, керекті құрал-жабдықтарға кететін шығындар да осыған кіреді.

Әдемі Досжанова «street food»-пен айналысатын «Red Dragon» мейрамханалар желісін және «Zheka’s doner house»-ті мысалға келтірді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда аталмыш «көше асханалары» қолжетімді деңгейде. Ал, франчайзинг жобаларына салынатын инвестициялардың көлемі 300 мың теңгеден басталып, 20 млн теңгеге дейін барады.

«Дөңгелекті» бизнесті бастауға қаржыңыз жетпеген жағдайда, «Даму» қорының бағдарламасы аясында бизнесті қаржыландыруға мүмкіндік бар. Мысалы, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қол ұшын бере алады. Бағдарламаның мақсаты – шағын және орта бизнеспен айналысқысы келетіндерге төмен пайызбен несие беру. Бағдарлама аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларының кәсіпкерлеріне 8 000 АЕК-ке дейін (20,2 млн теңге), басқа қалалардың кәсіпкерлеріне 6 500 АЕК-ке дейін (16,4 млн теңге) несие жеті жылға беріледі. Жылдық пайыздық мөлшерлемесі 6%-дан аспайды.

«Даму» қоры азық-түлік несиесі бизнесін несиелеуге кепілдік бере алады. Жеңілдіктің мұндай түрі бизнесін ашуға несие алғысы келетін, бірақ кепілдікке қоятын мүлкі жоқ азаматтарға беріледі.

БИЗНЕСКЕ ҚҰЙЫЛҒАН ҚАРЖЫНЫҢ ҚАЙТАРЫМЫ ҚАШАН БОЛАДЫ?

Фудтракерлердің айтуынша, бизнеске құйылған қаржы сауда сәтті жүргізілген жағдайда үш немесе төрт маусымның ішінде ақтала бастайды. Мысалы, бір стақан кофенің бағасы шамамен 150 теңге болса, «жылжымалы асханада» ол 600 теңгеге сатылады. Баға айырмашылығы бақандай 450 теңге!

Айта кетейік, 2017 жылы күрделі жөндеуден өткізіліп, кеңестік ескі көшеден желекжолға (ішкі жағына ағаш егілген алаң/көше, – ред.) айналған Алматы қаласының Панфилов көшесіндегі бес «дөңгелекті асхана» бір жылда мемлекет қазынасына 67,4 млн теңге пайда түсіріпті. Демек, «street food», соның ішінде «food truck» – мол табыс табатын сала.

Оның үстіне отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге бүгінде «Даму» қоры мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ниетті. Олар кез келген бизнесті дамыту үшін алдын-ала бизнес жоспар жасауға кеңес беріп, шығыс-кірістерді мұқият саралап жүргізген бизнестің болашағы қашанда жарқын болатынын ескертеді. Аталмыш мекемелер болашақ кәсіпкерлерге тегін бизнес жоспар құрып беруден де қашпайды. Ендеше, бұл бизнес түрімен айналысқыңыз келсе, «Даму» мен «Атамекенге» хабарласыңыз!

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жоғарыда «дөңгелекті» бизнестің қиындығы мен ұтымды тұстарын сараладық. Әрине, елімізде аса танымал емес бизнес түрімен айналысу үлкен тәуекелді қажет  етеді. Бірақ, шет елде «дөңгелекті» бизнестің саудасы қызу жүріп тұр. Бұл туралы «Qazaq» газетінің өткен №40 (987) санында кеңінен жаздық. Қайталаудың жөні болмас. Ал, табысты бизнестің қарапайым ережесі бар. Ол – өзгелер ұсынбаған тауарды тұтынушыларға саудалау. Табысты кәсіпкерлердің басым көпшілігі осы қағиданы ұстанады. Қазақстанда (әзірге) бәсекелестігі төмен, бірақ сұранысы жоғары сондай кәсіп түріне жоғарыда шама-шарқымызша тоқталдық. «Food truck»-тың табысы мен шығынын да айттық. Ендеше, «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» өзіңіздің қолыңызда!

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here