Мәскеу VS Эр-Рияд: Сталиннің сатқындығы

0
3875

Сауд Арабиясы – абсолюттік монархия (мемлекеттік билік толықтай патшаның қолында, – ред.) сақталған әлемдегі алты елдің бірі (Бруней, Ватикан, Катар, БАӘ, Оман, – ред.). Жер көлемі бойынша әлемде 12 орын алатын елде 31,5 миллион халық тұрады. Соның 30 пайызын өзге елдерден жұмыс іздеп келген келімсектер құрайды. Өйткені, барша мұсылманның қасиетті қалалары Мекке мен Медина орналасқан Сауд Арабиясы әлемдегі ең бай елдердің бірі саналады.

Әрине, Араб түбегіндегі ең ірі елдің бай болмасқа хақысы да жоқ. Неге десеңіз, жерінің асты толған мұнай. Елдің жалпы ішкі өнімінің 45 пайызын, экспортының 90 пайызын, бюджетінің 75 пайызын мұнай өндірісі құрайды. Экономикасы мұнайға тәуелді елде 260 млрд баррель «қара алтынның» қоры бар (бұл әлемдегі жалпы мұнай қорының 24 пайызы, – ред.). Ал, 1932 жылы 23 қыркүйекте негізі қаланған Сауд Арабиясының мұнай табылмағанға дейінгі тұрмыс-тіршілігі мәз емес-ті. Сол алмағайып заманда КСРО Сауд Арабиясының тәуелсіздігін бірінші мойындап, алғашқы болып дипломатиялық байланыс орнатады. Дегенмен, Сауд Арабиясының жарқын болашағына сенбеген КСРО кезінде бұл елге көмек беруден тас тартып, өзінің Араб түбегіндегі бас серіктесінен айырылады. Төменде 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газетінің саяси шолушысы қос елдің 53 жыл бойы (1938-1991) неліктен ата жау саналғанына, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұловтың екіжақты қарым-қатынасқа қалай әсер еткеніне тоқталады.

АТА ЖАУҒА ҚАЛАЙ АЙНАЛДЫ?

Ресей империясының түріктердің басқаруында болған Джидда қаласындағы (Осман империясы) елшілігі 1891 жылы ашылды. Қажылыққа аттанған империя азаматтарының құқықтарын қорғауды мақсат еткен елшіліктің алғашқы елшісі Шахимардан Ибрагимов (1841-1891) болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда (1914) елшіліктің қызметі тоқтатылды.

1922 жылы құрылған КСРО-ның Араб түбегіне қызығушылығы артқаны түсінікті. Өйткені, Одақ құрамындағы Қазақстан мен Орта Азия елдерінің халқы мұсылмандар болды, бұған татар, башқұрт, шешен секілді ондаған халықты қосыңыз. Сол жылдары Одақ мұсылмандары Меккеде қажылық парызын өтеп жүрді. Сондықтан КСРО 1924 жылы астанасы Мекке болған Хиджаз патшалығында (1916-1925) өзінің алғашқы елшілігін ашып, оның қызметіне башқұрт ұлтының өкілі Кәрим Хәкимов (1892-1938) тағайындалады (Хиджаз 1932 жылы Сауд Арабиясының құрамына өтті, – ред.). Сол замандағы тісқаққан саясаткер Кеңес Одағының Хиджаз, Недж патшалықтарын (қазіргі Сауд Арабиясы) алғаш мойындап, 1926 жылы екі елдің арасында дипломатиялық байланыс орнауына өлшеусіз үлес қосады. Арабтар «Қызыл паша» (ПашаОсман империясындағы, ол ыдырағаннан кейін империя құрамына енген кейбір елдердегі атақ, – ред.) атап кеткен Кәрим Кәкимов осылайша Сауд Арабиясының негізін қалаған патша Абдул-Әзиз әл-Саудтың тілін тауып, сенімді серіктесіне айналады.

Бір қызығы, Құдайға сенбейтін атеистік қоғам орнатқан КСРО мен дінге берік Сауд Арабиясының мақсаты бір, мүддесі ортақ болды. Біріншісі Батыс елдерінің оқшауында қалған Араб түбегінде өзінің ықпалын күшейтуді, ал екіншісі ресми Мәскеу арқылы Таяу Шығыстағы Ұлыбританияның ықпалын әлсіретуді көздеді. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары ағылшындардың араб елдерін біріктіру арқылы өзінің қарамағындағы жаңа елге айналдыруға барын салғандарын ұмыта қойған жоқ. Сондықтан дінге берік арабтар атеистік елмен жақсы қарым-қатынас орнатуға мәжбүр болды. Ал, бұл екіжақты қарым-қатынастан Сауд Арабиясының үлесіне тиер пайда аз емес еді. Біріншіден, Эр-Рияд Мәскеуден түрлі материалдық көмек алады. Екіншіден, КСРО-да тұратын миллиондаған мұсылмандармен байланыс орнатады, бұл өз кезегінде қажылыққа келетіндердің санын арттырады.

Батыс елдері (әсіресе, Ұлыбритания) Эр-Рияд пен Мәскеудің бұл екіжақты қарым-қатынасына қырын қарады. Өйткені, сол жылдары Лондон мен Мәскеу арасындағы қайшылық өзінің шырқау шегіне жеткен еді. Тіпті, қос держава 1927 жылы дипломатиялық байланысқа нүкте қойды.

Дегенмен, Лондонның (жасырын) араласуымен сол жылдары Абдул-Әзиз әл-Саудтың кеңесшісі Джек Филби болады. 1930 жылы исламды қабылдап, шейх Абдулла атанған кеңесші Эр-Рияд пен Мәскеу арасына от салып отырады.

Ал, Кәрим Кәкимовтің Мәскеуге оралуына (1932-1935 жылдары Қызыл профессура институтында оқыды, – ред.) байланысты КСРО-ның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі өкілетті өкілі қызметіне біздің Нәзір Төреқұлов (1892-1937) тағайындалады (қазақтың тұңғыш дипломатының ондағы қызметіне екінші бөлімде толықтай тоқталамыз, – ред.). Кеңестік елшілер Лондонның (нақтырақ айтқанда, Джек Филбидің, – ред.) Эр-Рияд пен Мәскеу достық қарым-қатынасына сызат түсірмеу жолында аянбай еңбек етті.

1930 жылы Нәзір Төреқұлов КСРО Сыртқы істер халық комиссарының орынбасары Максим Литвиновқа (1876-1951): «Исторический спор с англичанами из-за старшинства в дипкорпусе считается законченным в нашу пользу… На официальных торжествах я занимаю первое место, а Риан – второе, французский поверенный в делах мсье Мегре – третье, Айноль-Мольк – четвертое. Отмечу, что Риан держится по отношению ко мне весьма корректно, обращаясь ко мне в некоторых случаях как к старшине», – деп хат жазыпты.

Абдул-Әзиз әл-Саудпен жақсы байланыста болған Кәкимов пен Төреқұловтың ерен еңбектерінің арқасында қос елдің қарым-қатынасы дамудың жаңа деңгейіне көтеріледі. Мысалы, 1931 жылы Эр-Рияд пен Мәскеу «бензин келісіміне» қол қояды. Ол кезде Сауд Арабиясының қазіргідей мұнайға шекесі шылқып, байлыққа батып отырған кезі емес. Мекке мен Мединаға қажылыққа келгендердің ақшасымен күнін көріп отырған ел бензинге зәру болды, ал оны сырттан сатып алуға қалтасы көтермеді. Содан елшіліктің ұйытқы болуымен КСРО-дан Сауд Арабиясына 100 мың жәшік бензин жөнелтіледі. Осылайша Кеңес Одағы құны 150 мың доллар болатын бензинді несиеге береді. Абдул-Әзиз әл-Сауд басқарып отырған патшалық бұл «бензин келісімі» арқылы Британия мен кейбір еуропалық елдерден энергетикалық тәуелділігін азайтты.

Кәрим Кәкимов пен Нәзір Төреқұлов Сауд Арабиясы патшасының 26 жастағы мұрагері, елді 1964-1975 жылдары басқарған Фейсал әл-Саудтың  (1906-1975) 1932 жылы Мәскеуге он күндік ресми сапарын ұйымдастырады. Ресми сапар аясында ханзада Кеңес үкіметінен құны 1 млн фунт стерлинг болатын тауарды 10 жылға несиеге беруді сұрайды. Алайда Эр-Риядтың әлі «бензин келісімі» бойынша қарыздан құтылмағанын алға тартқан Мәскеу Фейсал әл-Саудтың бұл өтінішін орындамайды.

КСРО-ға ресми сапары барысында ханзада Фейсал Михаил Калинин (1875-1946), Вячеслав Молотов (1890-1986) және Климент Ворошиловпен (1881-1969) кездеседі. Бірақ, ханзада Фейсал Сталинмен кездесуді қалайды. Ал, жолдас Сталин он күн бойы ханзада Фейсалды қабылдауға уақыт таппайды.

Бір анығы, ханзада Фейсалдың Мәскеуге ресми сапарының негізгі мақсаты (құны 1 млн фунт стерлинг болатын тауарды 10 жылға несиеге алу, – ред.) жүзеге аспағанымен, жолдас Сталиннің жандайшаптары оған автомат телефон станциясын және «Огонек» журналының 20 маусымдағы санын сыйға тартады.

Рас, бұл сапарды ресми Эр-Рияд «жылаған баланы» (26 жастағы ханзаданы) Мәскеудің «кәмпит» беріп алдап шығарып салғандай болғанымен бағалайды.

Бұдан бөлек, екіжақты достық пен сауда келісіміне ресми Эр-Рияд қол қоюға асықпайды. Өйткені, Эр-Рияд Мәскеуден жылына мыңға жуық мұсылманды Меккеге қажылыққа жіберіп тұруын сұрайды. Ал, саяси, идеологиялық тұрғыдан Мәскеу Эр-Риядтың бұл сұранысын қанағаттандыра алмайтын еді.

Міне, жақсы қарым-қатынастағы қос елдің арасына алғаш сызат осылай түсті.

Дегенмен, КСРО мен Сауд Арабиясының дипломатиялық қарым-қатынасы жалғаса береді. Өкінішке қарай, Мәскеу Эр-Риядпен байланысын үзуге алғашқы қадамды өзі жасайды. Алдымен, 1936 жылы Төреқұловты КСРО-ға кері шақырып, орнына Хәкимовты қайта тағайындайды. Бір жылдан кейін Мәскеу Төреқұлов пен Хәкимовтің үстінен қылмыстық іс қозғап, біріншісін 1937 жылы, екіншісін 1938 жылы атады. Сауд Арабиясының патшасы өзінің айнымас серіктерінің үстінен қылмыстық іс қозғап, оларды атқан Сталиннің бұл жауыздығын сатқындыққа балайды.

Сол кезде, атап айтқанда, 1938 жылы наурызда Сауд Арабиясынан көптеп мұнай табылады. Мұнай туралы жаңалықтан хабардар болған КСРО Сауд Арабиясымен байланысты қайтадан жандандыруға тырысады. Енді Мәскеуден несие сұрамай-ақ бақуатты өмір сүретініне сенген Эр-Рияд атеистік қоғам құрған елдің бұнысына жылы қабақ таныта қоймайды. Тіпті, Сталиннің көмекшілерін қабылдаудан бас тартады. Табылған мұнай көздерін КСРО-ның ата жауы АҚШ-қа береді. Бұған өті жарылып кетердей болған Мәскеу 1938 жылы 11 қыркүйекте КСРО-ның Сауд Арабиясындағы елшілігін толықтай жапты. Сонымен қатар, КСРО мұсылмандарының Меккеге қажылыққа баруларына мүлдем тыйым салады. Осылайша, 53 жыл бойы КСРО мен Сауд Арабиясы бір-біріне ата жау болады.

БЕЙБІТШІЛІКТІ БЕКЕМДЕГЕН ЕЛШІ

Сауд Арабиясында консул болған қазақтан шыққан тұңғыш дипломат, Құранды жатқа білген, бірнеше рет қажылық парызын өтеген қайраткер, мұсылман мүддесін қорғап талай мақалалар жазған журналист, әдебиетші, ғалым Нәзір Төреқұловтың есімі ел тарихында алтын әріптермен жазылды. Түркістан республикасы Орталық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істеген жылдарында дін мәселесінде үлкен мемлекеттік қайраткерлер ғана бара алатын қадамдар жасады. Рахманқұл Бердібай тілімен айтсақ, оның барлық мекемелерде демалыс күнін жексенбіден жұмаға көшіру туралы үкімет қаулысына (07.12.1921) қол қоюы одан кейінгі ондаған жылдарда Орта Азия халықтарынан шыққан бірде-бір биік лауазымдының түсіне де кірмеген шара. Сонымен қатар, жиырмасыншы жылдардың бас кезінде-ақ мұсылмандардың кәделі мейрамы – Құрбан айттың үш күнін демалыс күндері деп жарлық шығарған да Нәзір Төреқұлов болатын. Бұл да оның «нұсқаудан» қия баспайтын кейінгі дәуірдегі толып жатқан қуыршақ басшылардан көш ілгері тұрғанын сипаттайды.

Рас, Нәзір Төреқұловтың ерен еңбектері мен дипломатиялық қызметтері жөнінде ұзақ айтуға болады. Дегенмен, мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірінің соңғы жылдарында Сауд Арабиясында абыроймен атқарған қызметіне тоқталуды жөн санадық.

1927 жылдың 16 қарашасында Сталинге жолданған құпия хатта Нәзір Төреқұловқа қатысты мынандай жолдар бар: «CIXK Алқасы Геджазға (Хижаз) мұсылман әлемі мен дүниетанымының ірі білгірлерінің бірі болып табылатын және біздің Геджаздағы өкілдерімізден талап етілетін күрделі әрі нәзік саясат жүргізуге бейімді Төреқұлов жолдастың кандидатурасын ұсынуды ұйғарып отыр. Төреқұлов жолдастың өзі де Мароккодан Индонезияға дейінгі мұсылман әлемін шолуға мүмкіндік беретін осы қызметті атқаруға бірнеше рет ықылас білдірген».

Иә, нәтижесінде 1928 жылы Нәзір Төреқұлов елшілік қызметке аттандырылды.

Сәрсенбек Сахабат «Төреғұлдың Нәзірі» атты кітабында: «Нәзір кейінгі үйленген жұбайы Нина Александровнамен бірге 1928 жылдың 26 шілдесінде «Ленин» теплоходына мініп, Одессадан Стамбулға, әрмен қарай Неаполға жетіп, осында «Франческо Криспи» параходына мініп, 29 қыркүйекте аман-есен Жидда қаласына келіп түседі. Өзін сырт көзге ықыласты қарсы алған араб елінде ол 3 қазан күні Мекке қаласында король ұлы Фейсал бекзадаға сенім грамотасын тапсырады», – деп жазса, Низами атындағы Ташкент педагогика институтының профессоры Сейдуәлі Тілеуқұлов: «Нәзір, әсіресе, Құран Кәрімді жатқа айтады екен. 1928-1936 жылдар аралығында Сауд Арабиясы жерінде қызмет етеді. Сегіз тілді жете меңгере білуі, сыналған мемлекет қайраткері ретінде танылуы нәтижесінде оған ең жауапты қызметтер жүктеліп отырды. 1928-1932 жылдары Н.Төреқұлов Кеңес Одағының Хижаздағы бас консулы, кейін 1932-1936 жылдары өкілетті елшісі болып істеді. Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Кеңес мемлекетінің сыртқы саясатын жүзеге асыруда, екі ел арасында саяси және сауда қарым-қатынасын нығайтуда көп үлес қосты. 1929 жылы Сауд Араб мемлекетінің королі ибн Саудтың қабылдауында болып, достық байланыстың негізін қалады. Оның елшілік қызметін арабтар әрдайым жоғары бағалап отырды. Ол жердегі халықтардың тарихы, мәдениеті жөнінде еңбектер жазды», – деген деректерді келтіреді.

ХХ ғасырдың басында Сауд Арабиясының сол кездегі алпауыт мемлекет Англиямен қарым-қатынасы шиеленісе түседі. Міне, сол кезде араб елі КСРО-ға арқа сүйейді. Арқа сүйегенмен де, 1929 жылға дейін арадағы саяси келісімшартқа қол қоймай тұрады. Әлемдік талас-тартысқа батыл араласқан қазақтан шыққан тұңғыш дипломат екі мемлекет арасындағы келісімге де қол жеткізеді. Қаржы министрі Абдулла Сулайманды КСРО-мен сауда-саттық келісімін жақтауға көндіреді.  Бұл туралы Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары Сауд Арабиясында дипломат болған, Нәзір Төреқұлов жайындағы ғылыми және көркем кітаптардың авторы Тайыр Мансұров былай деп жазады: «1930 жылдың ақпанында Меккеде Н.Төреқұлов ханзада Фейсалға өзінің Өкілетті министр және Төтенше елші ретіндегі (сол уақыттағы жаңадан құрылған мемлекеттерде қолданылатын жоғары дипломатиялық қызмет) сенім грамотасын тапсырды. 1931 жылдың 2 тамызында Н.Төреқұловтың және бекзада Фейсалдың қатысуымен, кредит есебінен 150 мың долларлық Кеңес бензині мен керосинін жеткізу жөніндегі шартқа қол қойылды. Бүгінде әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші ел саналатын Сауд Арабиясының қалыптасу жылдарында оны ең қажетті нәрсе бензин және керосинмен қамтамасыз етуде біздің отандасымыздың басты рөл атқарғаны көңілге мақтаныш сезімін ұялатып, Нәзір Төреқұловтың арабия дастанына ерекше ден қойып, тереңірек үңілуге жетелейді».

Сенім грамотасын қалай тапсырғаны жөнінде Нәзір Төреқұлов өз күнделігінде: «26 ақпан, 1930 жыл. Тағы да Меккеде. Сағат кешкі 10-да (бұл рамаданға байланысты) корпус бойынша жарияланған тәртіптің барлық талаптарын сақтай отырып, қасыма Түйметов және әмір Халидбейдің адъютантының еруімен Қағбаның қарсы алдындағы «Хамидиеге» келдім. Құрметті қарауыл қойылған. Тамашалап көруге жиналған халық. Ауызғы бөлмесінде 3-4 минут кідірістен кейін сыртқы істер министрлігі шенеуніктері қатысуында әмір Фейсалдың қабылдауында болдым. Екі тараптан сөз сөйленді, сосын грамота тапсырылды. Бізге деген ерекше құрмет пен сыйластықтың белгісі ретінде менің грамотаны тапсыруым «Лялятил-Қадр» (Қадыр түніне) сәйкес орайластырылды. Мұсылмандардың нанымы бойынша бүгінгі түн аса қасиетті түн болып саналады», – деп жазады.

Тағдыр Нәзір Төреқұловқа талай сый әзірлеген екен. Ол бірнеше рет қажылық парызын өтейді, талай рет умраға барады. Оның мұсылмандығына тәнті болған араб жағы жіби бастайды. 1933 жылдың ақпанында бес жылға созылған ұзақ келісім-шарттар нәтиже беріп, оның пайдасына шешіледі. Нәзір Төреқұлов өкілдік жанынан әйелдерге арналған аурухана аштырып, онда әйелі Нина Левашева қызмет атқарады. Сол жерден стоматологиялық кабинет аштырып, тіс дәрігері Мерзонды алдырады. Екі жақтың ынтымақтаса әрекет етуіне барын салып қызмет етіп жүрген оның оптимизмге толы хаттарына КСРО-дан тек 1936 жылдары салқын жауап келе бастайды. Ақыры 1936 жылдың қаңтарында оны елге қайтарады. Орнына келген кеңестік өкіл де көп ұзамай, кері шақырылып алып, екі елдің қарым-қатынасы содан Кеңес Одағы тарағанға дейін үзілген екен.

1936 жылдың 3 қаңтарында Таяу Шығысқа қызығушылығы төмендеген КСРО Нәзір Төреқұловты жұмысынан босатады. Париж, Берлин арқылы Мәскеуге қайтып келген қайраткер бос жүргенше деп Ұлттар кеңесі жанындағы Тіл мен жазу институтына жұмысқа тұрады. Түркі-татар тілдері бойынша ғылыми ізденіске кіріседі. Кейін 1937 жылдың шілде айына дейін Шығыс халықтарының тілі мен әдебиеті институтының ғылыми қызметкері, институт проректоры болып қызмет атқарады. Ал 1937 жылдың 15 шілдесінде ордер шығып, 17 шілдесінде қамауға алынады. «Пантүрікшіл Тұрар Рысқұловпен байланысы болды әрі КСРО-ны құлату үшін Түркияға тыңшылық қызмет атқарды» деген жалған айыппен 1937 жылдың 3 қарашасында есіл ер атылып кете барады.

Ширек ғасырға жуық уақыт оның да аты аталмады, ұрпағы қуғын көреді.

Ұлты үшін толассыз еңбек еткен есіл ерге туған жерінен топырақ та бұйырмады. Тек 1958 жылы 28 қаңтарда КСРО Жоғарғы сотының шешімімен ақталды. Бүгінде Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында Нәзір Төреқұлов есімімен аталатын көшелер бар. Оның есімі Шымкенттегі, Түркістандағы және Шолаққорғандағы орта мектептерге берілген.

Айта кетейік, 2013 жылдан бері Нәзір Төреқұловтың шөбересі Мадияр Исмайылов Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Жидда қаласындағы консулы қызметін атқарады. Ал, Қазақстан мен Сауд Арабиясының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1994 жылдың 30 сәуірінде орнатылды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Сталиннің сатқындығы Таяу Шығыста АҚШ-ты маңызды ойыншыға айналдырды. Ал, мұнайдың арқасында қарқынды дамыған Сауд Арабиясы ондаған жылдар бойы КСРО-ға қарсы саясатын жалғастыра берді. Мысалы, 1979 жылы КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылға дейін соғыс қимылдарын жүргізгені белгілі. Сол кезде Сауд Арабиясы Ауғанстанның оппозициясын қаржыландырып, оларға қолдау көрсетті. Осылайша КСРО әскерлеріне қарсылық танытты. Бұған қоса, 1985 жылы 53 жыл бұрын Сталин қабылдаудан бас тартқан патша (сол кезде ханзада) Фейсал мұнай өндіру көлемін азайту туралы шешім шығарды. Бұл шешім «Мұнай дағдарысына» ұласып, Ауғанстанда соғыс жүргізіп жатқан КСРО экономикасына ауыр соққы болды. Өйткені, мұнай бағасы төрт есе арзандап, Мәскеу 20 млрд доллар шығынға батты. Ал, КСРО-ның мұрагері Ресей Федерациясы мен Сауд Арабиясының арасындағы дипломатиялық байланыс 1991 жылы қайта жанданды.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here