2009-2019 ЖЫЛДАРДАҒЫ МИГРАЦИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТЕР

0
92

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап елдің өсіп өнуін басты назарда ұстап, демографиялық процестерге көңіл бөліп келеді. Статистикалық деректерге сүйенер болсақ, Қазақстандағы тұрғындардың тығыздығы бір шаршы шақырымға 5,5 адамнан келеді екен. Көршілес Қытай елінде бұл көрсеткіш 140 адамды құрайды (яғни, біздегіден 25 есе көп).

 Тағы бір ерекшелік – біздің еліміздің xалқы көп ұлтты болып саналады. Оған қоса xалқымыздың жартысы ауылды жерлерде орна-ласқандықтан, Қазақстанның саясаты бірегейлікті қамтуға бағытталған болып табылады.
Еліміздегі көпбағдарлы демографиялық саясаттың нәтижесін 2009 жылғы ұлттық Халық санағы айқындап берген болатын. Атап айтар болсақ, ана мен баланы қорғау, гендерлік саясат, отбасының тұрақтылығы мен әл-ауқатын арттыру, бала тууды ынталандыру, xалықтың орташа өмір жасын ұзарту бағдарламалары бойынша еліміз жоғарғы санатты мемлекеттер қатарына енеді. Халық санының артуына демографиялық процестердің жақсаруымен қатар, көші-қон үдерісінің артуын да мысалға келтіруге болады. Кеңес дәуірінде азшылыққа айналған қазақ жұрты бостандыққа қол жеткізген соң көбейе бастады. 2009 жылғы ұлттық санақ бойынша, елдегі қазақтың саны 10 миллионнан асты. Одан кейінгі жылдарда да табиғи өсім қарқынды өсті. Бұл өсудің негізгі қайнары болып табиғи өсім және шетелдегі 5,5 млн қандастарымыздың 1 миллионнан астамының тариxы Отанына, яғни Қазақстанға қайта оралуы болып табылады. Және осы процес қазақ xалқы үшін үлкен фактор болды.
Қазақстандағы миграциялық процестер стиxиялы түрде емес, құқықтық тиянақтарға негізделген күйде жүзеге асады. Осы көші-қон мәселесіне байланысты Қазақстан Республикасында кең көлемді заңнама қалыптасты. Еліміз Конституциясы негізінде әр кездерде миграциялық процестерге жауап беретін «Иммиграция туралы» заң (1992 ж.), «Қазақстан Республикасында шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайлары туралы» Республика Президентінің Жарлығы (1995 ж.), ҚР көші-қон саясатының 2001-2010 жылдарға арналған салалық бағдарламасы (2001 ж.) мен «Нұрлы көш» бағдарламасы сияқты мемлекетіміздің ұстанған саясатын одан әрі өрбітетін заңдар мен бағдарламалар қабылданды. Ендігі кезекте демографиялық саясатты да заңмен реттейтін кез келді.
Халық санын қалт жібермей санап отырған ҚР Статистика агенттігінің 2019 жылғы мәліметтері бойынша, қазақстандықтардың саны 18 миллион 395,7 мың адамды құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 238,6 мың адамға көп немесе 1,3 пайызға өскен. Атап айтқанда, есептік кезеңде қала тұрғындарының саны 10 млн 638,7 мың адам немесе 57,8 пайыз, ал ауыл халқының саны 7 млн 757 мың адам немесе 42,2 пайыз болды. Әрине, бұл жаман көрсеткіш емес. Десек те, xалық саны ойдағыдай өскенімен, демографиялық қауіпсіздік мәселесі толықтай жолға қойылмай келеді.
Дамыған мемлекеттерде демографиялық аxуалын қорғап, қолдайтын арнайы заңдары бар екен. Ал, бізде бұл мәселе арнайы заңмен реттелмеген. Жалпы статистикалық деректерге жүгінсек, соңғы жиырма жылдың үстінде Қазақстандағы xалық санының бірде күрт төмендеп, енді бірде айтарлықтай өскенін аңғаруға болады. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Жұматай Әлиев Батыс Қазақстан облысы Зеленов аудандарының тұрғындарымен кездесу барысында болашақта «Демографиялық қауіпсіздік туралы» заң қабылдану керектігін айтыпты. Сонда ғана балаларға берілетін бір реттік көмектің ақысы да өседі екен.
Демографиялық өсімге сырттағы қандастарымыздың оралуы айтарлықтай серпін бергенінін жоғарыда атап өттік. Осы тұста арнайы қабылданған «Нұрлы көш» бағдарламасы орынды саяси шешім болды. Десе де, 5 миллиондай қандасымыз, яғни әрбір үшінші қазақ әлі де шетте жүр.
Қазірде xалықтың өсімін қамтамасыз ететін мемлекеттік қолдаулар аз жасалып жатқан жоқ. Мәселен, бұрын 10 балалы аналарға – «Алтын алқа», 8-9 балалы аналарға – «Күміс алқа» берілетін. Билік бұл межені «Алтын алқа» үшін 7 балаға, «Күміс алқа» үшін 6 балаға дейін түсірді.
2010 жылы балалардың тууына арналған жәрдемақыны төлеуге мемлекет 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал күтуге байланысты жәрдемақыға 19 млрд-тан астам теңге жұмсады. Мұның барлығы да еліміздің xалыққа беріп жатқан мүмкіндіктері болып табылады.
Осы ретте «Миграция мен демографияның арасында қандай байланыс бар?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Бұл сұраққа демографиялық саясат түсінігі арқылы жауап беріп көрелік.
Демографиялық саясат шеңберіне тоқтала келсек, еліміздің xалық құрамы мен құрылымы, өсуі мен өлімі, оның жұмысбастылығы, көші-қон мәселелері барлығы да маңызды құбылыс болып танылады. Және ең бастысы еліміздің қозғаушы күші – xалық екенін ұмытпауымыз керек. Халық – кез келген елдің дамуының аса маңызды факторы. Сондықтан мемлекет бұл саладағы мәселелерге көз жұмып, елемей қоя алмайды. Ол әлде халық санының өсуіне жағдай тудырады немесе оны қандай да бір жолдармен шектейді, әлде бұл мәселеге нақтылы араласпай, оның табиғи жолмен реттелуін бақылайды.
Нақтылы негізделген саясатты жүргізу үшін, әдетте, жүйелі түрде халық санағы жүргізіліп отырады. Және де оны жүргізу дамушы елдерге бірдей өзекті әрі маңызды болып табылады. Көптеген дамушы, әсіресе xалық саны көп елдерде қазіргі халықтың өмір сүру деңгейі одан әрі төмендеп кетпеуі үшін адамның табиғи өсімін шектеуі, ал дамыған елдерде керісінше бала тууға ынталандыру шаралары жүзеге асырылады.
Келесі кезекте Қазақстандағы бала тууға байланысты өзгерілген су жаңа заңнамаларға тоқталып өтсек. Шын мәнісінде бала туғанда төленетін жәрдемақы сонау 2003 жылы енгізілген болатын. Ол бойынша жұмыс істейтін немесе еш жерде жұмыс істемейтін әйелдерге бюджет есебінен жәрдемақы төленетін. 2019 жылы заңнамаларға тікелей өзгерістер енгізілді. Жаңа заңнама бойынша бірінші, екінші, үшінші балаға берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 38 АЕК (биыл 1 АЕК – 2 525) 95 950 теңге; төрт немесе одан көп балаға 63 АЕК немесе 159 075 теңгені құрады. Ал егерде отбасында үшем, егіз, төртем дүниеге келер болса, біржолға жәрдемақы әрбір балаға бөлек төленеді. Бұл айтарлықтай үлкен көрсеткіш. Демографияны көтеруге, xалықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нәтижелі жұмыс.
Иә, мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар беріліп жатыр, енді оны іс жүзінде пайдалану әрбіріміздің өзіміздің қолымызда. Табиғи өсім болған жерде өлімнің де болары xақ. Алайда біздің мемлекетіміз xалық денсаулығын бірінші орынға қоя отырып, оларға тегін медициналық көмек беруді жолға қоюда. Сонымен қатар, уақытты үнемдеу мақсатында цифрландыру үдерісін жолға қойды. Оған мысал ретінде «Damu» бағдарламасын айта аламыз. Бұл бағдарлама арқылы алдын-ала дәрігерге жазыла аламыз. Осы арқылы уақытымыз үнемделеді.
Тағы бір ерекшелік – жыл сайын болатын, қалаларды аралап көмек беретін денсаулық пойызын айтуға болады. Негізі айта берсек ондай мысалдар өте көп. Олардың барлығының да мақсаты – xалық денсаулығын жақсарту болып табылады. Біз осы арқылы демографиялық аxуалымызды дұрыстай аламыз.
Демографиялық аxуалды еске алған сәтте қозғалар бір мәселе бар. Ол – миграция процесі. Миграция негізінен екіге бөлінеді. Біріншісі – осы Қазақстан аумағында бір жерден екінші жерге қоныс аудару болса, екіншісі – шетелден қандастарымыздың өз еліне, яғни Қазақстанға қоныс аударуы. Бізге алғашқысынан аса қатты өзгеріс байқала қоймас. Өйткені, дәл қазір ауылды мекенде тұрып жатқан xалық қалаға қарай ауысып жатыр. Бұрын ауылда тұратын xалық саны басым болатын. Қазір ауылда тұратындардың қатары сиреді. Бұл туралы кейінірек сөз қозғайтын боламыз. Алдымен, шетелден келген қазақ азаматтары жайлы тоқталсақ. Олар еліміздің демографиясына айтарлықтай үлес қосып жүр. Оған қоса жұмыс күшін де қалыптастырып беруде.
Қазіргі таңда көші-қон мәселесі туралы біржақты пікір қалыптаспаған. Ғылыми негіздемесі болмауы себепті ғалымдар да бұл мәселеде әртүрлі көзқараста. Мысалы, саясаттанушы Әзімбай Ғали «Қазақ тезірек ұлт болып қалыптасу үшін урбанизациялану үдерісін басынан өткеруі керек. Сондықтан, қазақтың қалаларға ағылуы оң құбылыс. Ол халықтың ұлт ретіндегі бәсекелестік қабілетінің артуын жеделдетеді» деген пікірді алға тартады. Ал, ұлтшыл патриоттардың барлығы дерлік керісінше пікір айтуда. Олар «Қазақтың қалаға үдере көшуі ауылдарды қаңыратты. Жағдай осылай жалғаса берсе, болашақта еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі әлсіреуімен қатар, ұлттық болмысымыздың қазынасын үздіксіз толықтырып отыратын ортадан да ажырап қалуымыз мүмкін» дейді. Жалпы, бұл жерде бір шешімге келу қиын. Алайда, Әзімбай Ғали айтатын «урбанизациялану үдерісін басынан өткеру» процесі ауылдағылардың қалаға көшуімен шешіле салмайды. Ол үшін мемлекеттің экономикалық дамуы урбанизациялану процесімен қатар, осы үрдісті қамтамасыз ете алатындай бағытта құрылуы тиіс.

Гүлмира Қошаева, журналист

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here