Отбасылық және гендерлік саясат неге керек?

0
9186

Гендерлік саясат туралы сөз қозғалғанда қоғам екіге бөлінеді. Гендерлік теңдікті көбі «әйелдің билікке таласуы» деп қабылдайды. Өйткені, Хорватия, Литва, Бангладеш, Жаңа Зеландия, Словакия, Грузия, Грекия сияқты елдерді қазір әйелдер басқарады. Үкімет басқарған әйелдердің саны да аз емес. Былтыр 34 жастағы Санна Марин Финляндияның Премьер-министрі қызметіне тағайындалды. Бұл скандинав елінде сонау 1907 жылы депутаттардың 10 пайызын әйелдер құраған. Ал, «бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген» бұл әйелдерге қоғам үрке қарайды. «Әйелі ерінен бір саты төмен тұратын отбасында береке болады» деп санайтын қоғамды бұл көзқарасы үшін жазғыруға да болмас. Дегенмен, гендерлік саясат әйелдерді билік басына әкелумен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаты – нәзік жандылардың құқығын қорғау.  

Иә, отбасылық және гендерлік саясат неге керек? Бұл сұраққа жауап берерде әлемдегі қазіргі ахуалға тоқталмаса болмайды.

Әлемнің 143 елінде ерлер мен әйелдердің теңдігіне конституциямен кепілдік беріледі. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) мүше әлемде 193 тәуелсіз мемлекет барын ескерсек, 50 елдің мұндай заңды қабылдауға асықпай отырғанын байқаймыз. Тіпті, әйелдердің құқығын шектейтін заңдарды қабылдаған елдер де бар. Енді сол елдерге келейік.

Әлемнің 30 елінде «әйелді піштіру» салты қолданылады. Яғни, нәзік жандылардың жыныстық мүшелеріне зақым келтіру тәжірибесі Африка мен Таяу Шығыс елдерінде кездеседі. 1993 жылы Мысыр (Египет) бұған заңмен шектеу қойған. Дегенмен, «денсаулығына байланысты мұндай ота жасалады» дегенді желеу еткендер әйелдерін «піштіруді» доғарар емес. Сондай мемлекеттердің қатарында Малайзия, Индонезия сияқты Оңтүстік-Шығыс Азия елдері де бар. Мұндай деректер Ресей Федерациясының құрамындағы Дағыстанда да тіркеледі.

БҰҰ жанындағы Балалар қорының (UNICEF) мәліметінше, қазір әлемде «піштірілген» 200 млн әйел заты тіркелген. Соның 44 миллионын 15 жасқа толмаған қыздар құрайды. Жоғарыда аталған елдерде жыл сайын сондай рәсімнен 3 млн қыз өтеді. Бұл рәсім ислам дініне дейін, яғни мыңдаған жылдар бұрын пайда болған. Шариғатта денсаулыққа әдейілеп зиян келтіруге жол берілмейді әрі кешірілмейді. Ал, рәсімді құптайтындар «осындай жолмен қыздың пәктігін тұрмысқа шыққанға дейін сақтайтындарын» айтып түсіндіреді. Өкінішке қарай, осындай отадан жылда мыңдаған қыз қыршынынан қиылады. Сондықтан бұл рәсімді мұсылман теологтары да, әлемдік қауымдастық та айыптайды. БҰҰ 6-ақпанды әйелдердің жыныстық мүшелеріне зақым келтіру тәжірибесіне төзбеушілік күні деп жариялады.

Әлемнің 18 елінде күйеуі әйеліне жұмысқа орналасуға заңмен кедергі келтіре алады. Сондай елдің бірі – Сауд Арабиясы.

49 елдің конституциясында тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жоқ. Яғни, тиран еркек әйелі мен баласын қанша қорласа да, заң аясында еш жауапкершілікке тартылмайды.

Әйелдің құқығын қорғайтын заң қабылдамаған елдерде жылына кәмелеттік жасқа толмаған 15 млн қыз мәжбүрлі түрде тұрмысқа шығады.

Әлемдегі әйелдердің 35 пайызы өмірлерінде бір рет болса да, жұбайынан таяқ жеген болып шықты. Еңбекақыны да ерлерге қарағанда 24 пайызға аз алатынын айтады сарапшылар.

Міне, отбасылық және гендерлік саясат осы мақсатта керек. Бұл әлемдегі күрделі мәселе. Осы күрделі мәселемен БҰҰ ашық күресіп келеді. Және ұйымға мүше елдерден гендерлік саясатты заң тұрғысынан бекітуді талап етеді. Өкінішке қарай, патшалар билеген монархиялық елдер БҰҰ-ның бұл ұстанымына құлақ аспай келеді.

Әйелдер құқығының қаншалықты қорғалғанын гендерлік теңдік индексінен байқауға болады. 2019 жылғы БҰҰ-ның бұл тізімінде 162 ел бар. Әйелдердің құқығы барынша қорғалған елдердің көш басында әдеттегідей еуропалық елдер тұр: Швейцария, Дания, Швеция, Нидерланды және Норвегия. Алғашқы жиырмалыққа Азиядан Оңтүстік Корея (10-орын) мен Сингапур (11) ғана енген. Қалғандарының бәрі (Канаданы қоспағанда) еуропалық елдер. Әйелдермен санаса бермейтін Африкада тәуір көрсеткішті Руанда (95) көрсетті. Көш соңында кілең африкалық және азиялық елдер: Йемен, Чад, ОАР, Мали, Кот-д’Ивуар.

Посткеңестік кеңістіктен тәуір көрсеткіштерімен Эстония (21), Беларусь (27), Литва (33), Латвия (40) және Қазақстан (46) мақтана алады. Әлемде бұл көрсеткіш бойынша Молдова 50-ші, Ресей 54-ші, Армения 57-ші, Украина 60-шы, Өзбекстан 64-ші, Әзербайжан 70-ші, Грузия 75-ші, Тәжікстан 84-ші, Қырғызстан 87-ші орында тұр. Түркіменстан тізімде жоқ.

Рас, Қазақстан гендерлік теңдік бойынша 2019 жылы әлемдегі алғашқы елулікке енді. Өйткені, азаттықтың алғашқы күнінен бастап гендерлік саясат мықтап қолға алынды. 2016 жылы қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы қабылданды.

Дейтұрғанмен, елімізде де әйелдерге көрсетілетін әлімжеттік тыйылмай тұр. Айталық, 2019 жылы 25,7 мың әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккені туралы арыз жазыпты (жазбағандары қаншама). Өкінішке қарай, арыз жазғандардың 60 пайызы арыздарын кері қайтарып алған. Тиран еркектердің жауапқа тартылмауына осы ерлі-зайыптылардың татуласуы себеп болады. Ал, арызын қайтарып алған әйелдер Қазақстанда жылына 400-дей әйел күйеуінің қолынан қаза табатынын ескермейді.

Мұны күйеуінен таяқ жеп жүрген әйелдер ескермесе де, мемлекет тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бірқатар шаралар қабылдады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді тапсырды. Содан Президенттің тапсырмасымен биылдан бастап жыныстық қатынасқа қатысты қылмыстар ауыр қылмыс санатына өтті. Енді бұл қылмыстық істер тек сотқа жіберіледі. Яғни, бұрынғыдай жәбірленуші мен қылмескердің татуласу мүмкіндігі болмайды. Мәселен, қызметтік міндетін атқару кезінде жасаған зорлау 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады (бұрын 5 жылдан 10 жылға дейін болатын).

ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 21 мамырдағы №315 қаулысымен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 2020-2022 жылдарға арналған екінші кезеңі бекітілді. Алдағы екі жылға арналған екінші кезеңінде ерлер мен әйелдердің тең әріптестігіне негізделген отбасылық қатынастарды құру арқылы отбасы институтын нығайту, отбасы үшін қосалқы қызметтер сапасын арттыру және спектрін кеңейту; репродуктивті денсаулықты сақтау үшін жағдай жасау және күтілетін өмір сүру ұзақтығындағы гендерлік алшақтықты жою; отбасында балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау; гендерлік теңдік институтын мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жүйесіне, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу кезінде де мемлекеттік реттеу және гендерлік әсерді бағалауды енгізу жолымен нығайту; ерлер мен әйелдердің жұмыспен тең қамтылуын және ресурстардың барлық түрлеріне тең қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау; гендерлік сауаттандыруды ілгерілету және әйелдердің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысуын кеңейту сияқты алты бағыт қамтылады.

Рас, қолға алынып жатқан жоғарыдағы шаралар отбасындағы зорлық-зомбылыққа нақты қарсы тұруға, әйелдерге қатысты кемсітушілік көріністерімен күресуге мүмкіндік береді.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here