БЕРЕКЕ БАСТАУЫ (БАСПАНА АЛУДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ)

0
90

Баспана мәселесі қазақтың бас ауруына айналғаны жасырын емес. Өйткені, күнкөріс қамымен ауылдан қалаға ағылғандардың қатары тым көп. Тірнектеп жүріп тапқандары сол жалдамалы пәтердің ақысын төлеуден арыға аспайды. Сондықтан бүгінде бұл тақырып кімді болса да бейжай қалдырмайды. Халықты тұрғын үймен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асқалы жұртшылық мемлекет тарапынан үйлі болудың жолдарын қарастыруда. Редакциямызға тұрғын үйге қол жеткізудің мүмкіндіктерін сұрап, хабарласатын оқырмандар аз емес. Баспананың жайын сұрағандар үшін «Qazaq» газеті төменде баспаналы болудың басты жолына тоқталады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы 2018 жылғы 31 мамырдағы № 107 қаулысымен «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын бекітті. Оған Қазақстан Республикасының кез келген азаматы қатыса алады.
Бағдарламада Қазақстан Республикасының кез келген өңірінде бастапқы нарықта тұрғын үй сатып алу үшін мынадай құн шегінде ипотекалық тұрғын үй қарызын алу мүмкіндігі қаралады:
25 млн теңге – Нұр-Сұлтан, Алматы және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған шекаралары шеңберінде олардың қала маңы аймақтары, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында;
15 млн теңге – басқа өңірлерде.
Бағдарламаның операторы – «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ.
Бағдарламаның негізгі талаптары:
Нысаналы мақсаты – бастапқы тұрғын үй сатып алу;
Бастапқы жарна – сатып алынатын тұрғын жылжымайтын мүлік болып табылатын кепілмен қамтамасыз ету құнының 20%-ы;
Қарыздың ең көп сомасы – кепілмен қамтамасыз ету құнының 80%-ы;
Ипотекалық тұрғын үй қарызының валютасы – теңге;
Сыйақының жылдық номиналдық мөлшерлемесі – 7%;
Ипотекалық тұрғын үй қарызының мерзімі – 25 жылға дейін;
Бағдарламаның талаптарына сәйкес банктердің қарыздар беру және қызмет көрсету үшін қарыз алушылардан комиссия алуға құқығы жоқ.
Қарыз алушыларға қойылатын талаптар қоса қарыз алушыларға қолданылмайды, оларға қойылатын талаптарды банк өз бетінше белгілейді. Банк қарыз алушыларға, сондай-ақ кепіл заты мен құнына қатысты бағдарламаға қайшы келмейтін қосымша талаптарды белгілеуге құқылы. Қарыз алушы банкке берілетін құжаттар мен ақпараттың шынайылығы үшін жауапты болады.
Ағымдағы мезетте бағдарламаға қатысу үшін жеке тұлғалардан өтінімдерді екінші деңгейдегі 8 банк қабылдайды: «Банк Центр Кредит» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Bank RBK» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Forte Bank» АҚ және «Ресей Сбербанкі» АҚ.
Бағдарламаны іске асыру шеңберінде 2019 жылғы 23 мамырдағы жағдай бойынша Қарағанды облысының аталған банктерінің филиалдары 3 455,7 млн теңге сомасында қарыз алуға 332 өтінім қабылдады. Оның ішінде 1 877,2 млн теңге сомаға қарыз беруге 176 өтінім мақұлданды, іс жүзінде 1 442,5 млн теңге сомаға 135 қарыз берілді.
Бағдарлама бойынша сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» РММ Қарағанды филиалына мына телефондар арқылы хабарласа алады: +7 (7212) 55-93-35, 55-93-30, сондай-ақ «Баспана» ипотекалық ұйымына тәулік бойы +7 (727) 227-20-25 нөмірі бойынша немесе +7 (727) 258-49-91 телефоны бо-йынша хабарласа алады.
Қосымша ақпаратпен «Баспана» ипотекалық ұйымының ресми интернет-ресурсынан мына сілтеме бойынша танысуға болады: www.baspana72025.kz.
Баспана мәселесін байыппен шешу үшін мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар аз емес. Соның ішінде жоғарыда сөз болған «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын айтуға болады. Аталмыш бағдарлама былтыр іске асырыла бастады. Енді мыңдаған тұрғын қоныс тойын тойлап, мыңдаған отбасының тұрмысы түзелуге тиіс. Ендеше, былтырғы жылы қарқынды басталған «7-20-25» бағдарламасының арты сиырқұйымшақталып кетпесе, елдегі ағайынның, әсіресе, жас отбасылардың бас ауруына айналған баспана мәселесі оңалады.

Мадияр Әзизұлы, «Qazaq» газеті

Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру». Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық. 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет. Сондықтан, мен «7-20-25» бағдарламасын ұсынамын. Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын болады. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауға тиіс. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады. Ол үшін Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тартатын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет. Бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын үй құрылысына зор серпін береді. Нәтижесінде миллиондаған қазақстандық үшін баспана алудың қолжетімділігі артады. Сонымен қатар, бұл экономиканың, шағын және орта бизнестің өрістеуіне жұмыс істейді, жаңа жұмыс орындарын ашады. Көптеген азаматтардың арманы ақиқатқа айналады!

(Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінен)

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here