ЕЛЕУСІЗ ҚАЛҒАН РЕЖИССЕР

0
132

Жылдар өтсе де жұрт көруден жалықпайтын фильмдер бар. Бірақ, көркем фильмнің бәрі бірдей шедевр бола бермейді. Алайда, қазақ киносында өзіндік қолтаңбасын қалдырған режиссер Абдолла Қарсақбаевтың (1926-1983) аты аталғанда, ол түсірген қайталанбас фильмдер – «Менің атым – Қожа» мен «Алты жасар Алпамыс» сияқты туындылар бірден еске түседі. Абдолла Қарсақбаевты «қазақ балалар фильмінің атасы» деп атайтыны да тегін емес.

Бүгінде білгірлер қазақ «кинематографиясының әкесі» атанған Абдолла Қарсақбаевтың қолданған әдістерін Голливуд кино өнеріне ұқсатады. Оның фильмдері фестивальдерде әркез жоғары бағаға ие болды. Ал, өз Отанында кинорежиссер ойындағысын жүзеге асыра алды ма? Голливуд стилінде кино түсірген ұлттық кинематографияның классигіне қаншалықты қолдау көрсетілді? Бүгін таланты тасыған тұлғаның таршылықта өткен тағдырына тереңінен тоқталмақпыз.

ТАҒДЫР ТАУҚЫМЕТІН ТАРТҚАН ТАЛАНТ

Қазақ елінің бағына жаралған Абдолла Қарсақбаев 1926 жылы 2 қазанда Алматы облысының Жамбыл ауданында қарапайым отбасында ата-анасы алпыстан асқан шағында он алтыншы бала болып дүние есігін ашқан. Азан шақырып қойған есімі – Әбдiлда. Оның балалық шағы қазақ даласын алапат ашаршылық жайлаған жылдарға тұспа-тұс келіп, тағдырдың тауқыметін көп тартады. Абдолла – Қарсақбайдың 16 баласынан ашаршылық жылдары аман қалған жалғыз тұяқ.
1933 жылы Алматы қаласындағы №12 мектепке оқуға түсіп, Нұрғиса Тілендиевпен бір сыныпта оқиды. Осылайша, екеуінің өмірлік достығы мектеп партасынан басталады. Режиссер бала кезден жанына Жамбыл жырларын серiк етеді. Бiрде бозбала Абдолланың ауылына қаладан арнайы қонақтар келедi. Орыс-қазағы аралас қонақтарға мектеп жасындағы балалар жырдан шашу шашып, өз өнерлерiн көрсетедi. Абдолла Жамбыл жырын жатқа айтуы қонақтардың көңiлiнен шығады. Он екi жастағы жалынды баланың Жамбыл өлеңiн жатқа айтқанына сүйсiнген режиссер оны жас Жамбылдың рөлiне бекiтіп, Абдолла кино әлемiнен бiр-ақ шығады.
Он жылдық мектепті бітірген жылы анасы қайтыс болып, ағалары майданға аттанады. Ал, Абдолла науқас әкесіне қарап, отбасының тіреуіне айналады. Соғыс кезінде Ресейдің көптеген киностудиялары Алматыға көшіріліп, бозбала осы киностудияларда жалақыға қара жұмыс істейді. Осы тұста киностудиялар қасынан «актерлер мектебі» ашылып, Абдолла сол мектептен төрт жыл тәлім алады. Көп ұзамай «Қазақфильм» киностудиясына қызметке орналасады. Соғыс біте сала, Қарсақбаев актер ретінде КСРО Халық әртісі Марданскийдың «Артил тауға кетеді» фильміне түседі.
Абдолла Қарсақбаев 1950-1955 жылдар аралығында Мәскеудегі Бүкілодақтық киноинститутында Перияевтың шеберханасында режиссерлік факультетте білім алады. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң, ол деректі фильмдер түсіре бастайды.

«МЕНІҢ АТЫМ – ҚОЖА»

Абдолла Қарсақбаевтың жеке түсірген алғашқы көркем фильмі – «Менің атым – Қожа». Бұл – Қазақстанның ең үздік балалар фильмдерінің бірі. Фильм желісіне Бердібек Соқпақбаевтың әлемнің көптеген тілдеріне аударылған «Менің атым – Қожа» атты әйгілі повесі арқау болған. Жазушы фильм сценарийін Ниссон Залеранскиймен бірге жазған. Фильмнің көркемдік жетекшісі – драматург және режиссер Ефим Арон.
«Мен тек балалар туралы фильм түсiргенім жоқ, үлкендерге де арналған бiрнеше картиналар түсiргенмiн. Дегенмен, жұмыстарымның басым көпшiлiгi балаларға арналған. Сол себептi де менi балалар өздерiне толық еншiлеп алса керек. Оған мен де қуанбасам ренжiмеймiн. Өйткенi, мен балалық шағымды сағынамын. Бүгiнгi ұрпақпен жұмыс iстеуге соншалықты құштармын», – деген екен көзі тірісінде Абдолла Қарсақбаев.
«Менің атым – Қожа» фильмі 1967 жылы Франциядағы Канн фестивалінің арнайы жүлдесін жеңіп алды. Өкінішке қарай, сол кездері шетелге шығуға рұқсат етілмегендіктен Абдолла Қарсақбаев бұл сыйлықты өзі барып ала алмаған.

МІНЕЗІ ҚОРҒАСЫНДАЙ ТҰЛҒА

Абдолла Қарсақбаев әділдікті ту еткен, бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын турашыл адам еді. Туғаны болса да шындықты айтатын, кейіпкерлері секілді кесек мінезді, ірі сөзді адамнан айналасындағылар именетін болған.
Ол шенеуніктермен мүлде тіл табыса алмаған. Егер олар жұмысқа кедергі келтіре бастаса, ол: «Ары кет!» деп айта салатын болған. Соның салдарынан түрлі кедергілер жасалып, түсірілім тоқтатылатын.
Абдолла Қарсақбаев өз фильмдерін түсірген жылдардағы цензура (өткен ғасырдың 60-70-ші жылдарында) өте қиын болды. Бірақ, ол әр кадр үшін шайқасты. Бірақ, «Қожадағы» кеңестік моральға сәйкес келмейтін кейбір көріністер қалайша жүнше түтілмей экранға «жолдама» алғаны әлі күнге жұмбақ. Мысалы, кәмелетке толмаған кейіпкер шылым шегеді немесе досымен бірге шопанның үйінде ұрлық жасайды. Қаратайдың басты кейіпкердің анасына оған тұрмысқа шығуын өтінуі сынды көріністер қалайша экраннан «қырқылып» қалмаған?
Шығармашылық шатқаяқтаған жылдарда тума талантты түсіне алмағандар, жақсы көрмегендер оны «ит мінезді» деп айыптады.
Рас, ол ішті, тіл тигізді, тік мінезді болды, бірақ ол бағын ашқан актерлер оны кинематографиядағы әкесі санап, ол туралы елжірей еске алады.

ҚАРСАҚБАЕВҚА ЖАСАЛҒАН ҚИЯНАТ

Абдолла Қарсақбаев көп фильмдерін түсіре алмай кетті. Кейбіреулер оны кинодан алыстатқысы келіп, фильмдерін түсірткізбей, жолына кедергі болған. Бұл көреалмаушылықпен, «менен асып кетпесін» дейтін тоғышар пиғылдағы пенделердің кесірінен еді…
Ол халқымыздың белгілі әншісі Роза Бағланованың шығармашылығына арналған «Поющая степь» деректі киносын түсірмек болған. Онда да кертартпа күштер аяқтан шалып, бастаған жұмысын жалғастырғызбаған.
Жетпісінші жылдары Шерхан Мұртазаның «Қара маржан» атты романы бойынша көркем фильм жасауды құлшына қолға алған. Алайда, алғашқы кадрлары түсіріле бастаған тұста кино шенеуніктерге ұнамай қалып, режиссерлікті зорлап тартып алған.
«Қилы кезеңді» де оған түсірткізбей, тартып алғысы келді. Фильмнің сценарийін жазған Олжас Сүлейменов «Тек Қарсақбаев түсіреді» деп, басқаға келісім бермей қойған соң ғана лажсыздан Абдоллаға режиссерлік тапсырылған.
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Құлагердің өлімі» сценарийлерін ойдағыдай дайындап, түсіруге бет алғанда, тағы да қолынан жұлып алып, басқа режиссерге ұсынылған.
Үнді халқының режиссері Радж Капур Абдолла Қарсақбаевтың фильмдеріне жоғары баға берген. Режиссерді көруді де армандаған. Тіпті, өз еліне арнайы шақырту жеделхаттарын да бірнеше мәрте жіберген. Алайда, атақты жанның талантын көре алмаған кейбіреулер «Ол кісі біраз жыл бұрын өліп кеткен» деп «жаназасын» да шығарып қойған екен.

ҚАРСАҚБАЕВТЫҢ КИНОДАҒЫ «БАЛАЛАРЫ»

Режиссер қазақ кино тарихына жаңа есімдер әкелді. Нұржұман Ықтымбаев, Досхан Жолжақсынов, Болат Қалымбетов, Гүлнар Досматова Абдолла Қарсақбаевтың «балалары» деп саналады.
«Бандыны қуған Хамиттi» түсiрген кезде режиссер Қарсақбаев Хамиттiң рөлiне Жолжақсыновты бекiтедi. Дарынды, талапкер жастың бағын ашқан Хамит рөлi болса, Досхандай талантты актердiң дарынын тап басып таныған да режиссер Қарсақбаевтың көрегендiгi болса керек. Күнi бүгiнге дейiн жұртшылықтың өзiн «Хамит» деп танитынын Досхан Жолжақсынов та жасырмайды.
«Балалық шақтың кермек дәмі» фильмінде басты рөлді сомдаған актер, режиссер Болат Қалымбетов: «Абдолла Қарсақбаев – менің кинодағы әкем. Кино әлемінің біраз қыр-сырын сол кісіден үйрендім. Ол кісі нағыз психолог болатын. Балалармен қалай жұмыс істеу керектігін жақсы білетін», – дейді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Талантты тұлға ұлтының кино өнерiн өркендету үшiн ұлттық фильмдер түсiрдi. Өзгеше өрнегімен қазақ киносының көшін өрге сүйреген санаулы қазақ режиссерлерінің бірегейі Абдолла Қарсақбаевтың талай көрерменнің көңілін жаулаған туындылары бүгінде классикаға айналды. Оның бір ғана «Менің атым – Қожа» фильмімен қаншама ұрпақ тәрбиеленді? Режиссерге бұдан асқан қандай бақыт керек?

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here