Отандық кәсіпкерлер тығырыққа тірелді ме?

0
6021

Көзге көрінбейтін жау азық-түлік нарығынан басқа салалардың бәрін де жеңгендей әсер қалдырады. Өйткені, коронавирус әлем экономикасын тығырыққа тіреді. Озық елдер бүгінде коронавирустың өзімен де, оның экономикаға келтірген шығынымен де күресіп келеді. Айталық, экономикасын қолдауға АҚШ 2,2 трлн доллар, Германия 1,2 трлн доллар, Қытай 605 млрд доллар, Ұлыбритания 450 млрд доллар, Ресей 10 млрд доллар қарастырды. Озық отыздыққа ұмтылған Қазақстанның билігі де халықтың тұрмысын түзеуге, экономиканы көтеруге, кәсіпкерлікті қолдауға 4,4 трлн теңге (10 млрд доллар) бөлді. Оның сыртында салық жеңілдіктері тағы бар. Дегенмен, алыс-беріс, барыс-келіс тоқтаған қазіргі уақытта ел экономикасының қаншалықты шығынға бататынын нақты айту қиын. Өйткені, коронавирустың беті әлі бері қараған жоқ. Бір анығы, Қазақстан үшін коронавирустың құны тым қымбатқа түседі. Мұны Үкімет те, кәсіпкерлер де жақсы түсінеді.

ЖИҺАЗ ӨНДІРІСІ: КӨЗДЕН БҰЛБҰЛ ҰШҚАН МҮМКІНДІКТЕР

Жиһаз өндірісі – экономикаға серпін беретін салалардың бірі. Бұған дейін Қазақстанның әр аймағында аталған кәсіп түрі кеңінен дамып келді. Өкінішке қарай, коронавирус бұл саланы да айналып өтпеді.

Жиһаз өндірісінің 71% үлесі республикалық маңызы бар үш қалаға тиесілі. Нұр-Сұлтан да, Алматы да, Шымкент те карантинге жабылды. Өндіріс тоқтады. Карантиннен кейінгі жағдайдың да мәз болмайтыны белгілі.

Қазақстанның жиһаз және ағаш өңдеушілер қауымдастығының президенті Қанат Ыбыраевтың мәліметінше, жоғарыда аталған үш қаладағы бұл салада еңбек ететін 30 мың адам жұмыссыз қалды. Бұл заңды түрде тіркелген жұмысшылардың ресми саны. Ал, қара нарықтағы жұмысшылардың нақты санын айту мүмкін емес.

«Біздің саладағы үлкен де, кіші де өндіріс орындарының басына қара бұлт үйірілді. Мысалы, елдің оңтүстігіндегі ең ірі «Grand MIKS» жиһаз фабрикасының жұмысы тоқтап тұр. Тауар айналымы айына 400 млн теңгені құрайтын фабриканың 500-дей қызметкері жұмыссыз отыр. Өндіріс ғимарат пен техникадан ғана тұрмайды, онда жүздеген адам еңбек етеді. Тәжірибелі мамандардан айырылып қалатын түріміз бар», – дейді Қанат Ыбыраев.

Карантин біткеннен кейін аяқтан қайта тұрып кету де үлкен мәселе екен. Неге десеңіз, қазіргі жағдайда халықтың жиһаз алуға жағдайы жоқ. Жиһазға сұраныс кеміген соң, өндіріс көлемі де кемиді.

Енді қайтпек керек?

Жиһаз өндірісінің өкілдері тығырықтан шығудың басты жолын айтады. Ол үшін мемлекеттік мекемелер жылдағыдай жиһаз сатып алуға тапсырыстар берулері керек. Былтыр мемлекеттік мекемелер шамамен 30 млрд теңгеге жиһаздар сатып алыпты. Әйтпесе, отандық жиһаз өндірісінің жұмысы қиындайды.

Қанат Ыбыраевтың сөзіне сенсек, 2020 жылдың 25 ақпанынан бастап мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік сатып алу арқылы жиһазға тапсырыс берулері уақытша тоқтаған екен. Қазақстанның жиһаз және ағаш өңдеушілер қауымдастығы Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына бұрын жоспарланған тапсырыстарды қысқартпау жөнінде өтініш жазған.

ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІҢ АУЫР ЖОЛЫ

Карантинге дейін де Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің жолы ауыр болды. Ал, коронавирус бұл салаға кезекті соққы берді.

Жеңіл өнеркәсіп өнімін өндірушілер одағының атқарушы директоры Наталья Кузнецова бұл саланың да тұралап қалғанын жасырмай айтты.

«Қара аспанды төндіре беруден аулақпын. Онсыз да саны аз фабрикалардың жаппай жабылатынына да сенгім келмейді. Барлық мекеме базаны да, персоналды да сақтап қалуға тырысады. Десе де, мемлекеттің қолдауына, жеңілдігіне қатысты біраз сұрақтар бар. Мысалы, көп жағдайда мемлекет жеңілдіктерді шағын және орта бизнеске жасайды. Ал, орта бизнеске жататын, бірақ жұмысшы саны көп мекемелер қайтеді? Өздеріңіз білесіздер, толыққанды жұмыс жасауға жеңіл өнеркәсіпке ондаған, жүздеген еңбек күші керек. Осы жағына да мемлекет назар аударса екен», – деп санайды Наталья Кузнецова.

СҮТ ПЕН СҮТ ӨНІМДЕРІНІҢ ӨНДІРІСІНДЕГІ ЖАЛҒЫЗ СҰРАҚ

Коронавирус сүт және сүт өнімдерінің өндірісіне тосқауыл бола алмады. Бұл сала үшін аймақтардың шекарасы жабылмады. Жұртшылық арасында оларға сұраныс кемімеді. Тасымалдау қызметінде де кедергі жоқ.

«Мемлекет қолдауының арқасында біздің салада айтарлықтай алаңдаушылық жоқ. Мәселе де болмауға тиісті. Бізде бір ғана сұрақ бар: Карантин қанша уақытқа дейін созылады? Өйткені, ел шекарасының ұзаққа жабылуы бұл салаға да кері әсер етеді. Біз сырттан келетін тауарларға да тәуелдіміз. Мысалы, Қазақстанда қатты қаптама шығару өндірісі жүйелі жолға қойылмаған. Оны елде шығаратын жалғыз зауыт Семейде ғана бар. Ал, сол «Қазполиграф» шикізатты сырттан тасиды. Яғни, бұл импорт мәселесі шешілмесе, сүтті құятын қаптама таппай қаламыз», – деп бір мәселесінің ұшын шығарды Қазақстан сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

6 сәуірде 17 салалық қауымдастықтың басын қосқан «El Tiregi» өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына антикризистік шаралар қолдану туралы Ашық хат жолдады. Ашық хатта кәсіпкерлер Мемлекет басшысына бірнеше ұсыныс жасады. Әрине, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатын басшылыққа алып жүрген Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық кәсіпкерлердің жанайқайына құлақ түретініне күмән жоқ.

Жоғарыда айтқанымыздай, коронавирустың экономикалық салдарымен күресуге қыруар қаржы бағытталып, нақты қадамдардың жасала бастағаны қуантады.

Иә, коронавирустың құны барлық елге тым қымбатқа түседі…

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here