Кешегі спортшылар, бүгінгі саясаткерлер

0
5442

Спортшылардың «спорттық ғұмыры» қамшының сабындай қысқа болатыны рас. Олардың бәрі біздің Александр Винокуровтай қырықтың қырқасына шыққанда Олимпиада чемпионы атана бермейді. Содан үлкен спортпен қоштасуға мәжбүр болады. Әрине, көбі шәкірт тәрбиелейді. Сөйтіп, спорттан түпкілікті қол үзбейді. Ал, танымалдылығын пайдаланып, саясатқа ауысқан саңлақтар да аз емес.

Алысқа бармай-ақ мысалға өзіміздің атақты спортшыларды алайық. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев (бокс), 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері, 1989 жылғы әлем чемпионы Дәулет Тұрлыханов (грек-рим күресі), 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев (бокс) әр жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары болды. Спорттағы әріптестерінің бұл жолын бүгінде Ольга Шишигина жалғап жүр. 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы 2013 жылдан бері халық қалаулысы. 2004 жылғы Афина Олимпиадасының чемпионы Бахтияр Артаевтың (бокс) Айша бибі ауылының әкімі, Жамбыл облыстық спорт басқармасының басшысы болғанын білесіздер.

Енді әлемдегі спорттан саясатқа кеткен саңлақтарға қысқаша тоқталайық. Әкімдерден футболшы Каха Каладзе мен боксшы Виталий Кличко бар. Итальяндық «Милан» сияқты атақты футбол клубтарында өнер көрсеткен Каха Каладзе Грузия астанасы – 1,2 млн халқы бар Тбилисидің мэрі. 1995 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Виталий Кличко Украина астанасын, яғни 2,9 млн халқы бар Киев қаласын басқарады. Кәсіпқой бокста 47 кездесудің 45-де жеңіске жеткен боксшы депутат та болған-ды.

Депутат демекші, халық қалаулысы атанғандардың ішінде атақты Мэнни Пакьяо бар. Ішерге асы, киерге киімі болмаған кедей отбасынан шыққан ол сегіз салмақ дәрежесінде чемпион атанған әлемдегі жалғыз боксшы. Кәсіпқой бокста 71 кездесу өткізіп, соның 62-де жеңіске жеткен боксшы 10 жыл бұрын депутат болып сайланды. 2016 жылдан бері Филиппин Парламенті Сенатының депутаты. 2022 жылы өтетін президенттік сайлауға да қатысатынын мәлімдеді. Ал, оның халық арасында үлкен қолдауға ие екенін ескерсек, 103 млн халқы бар елді басқаруы да мүмкін.

Мэнни Пакьяо адам сенгісіз жетістіктерге қол жеткізгеніне қарамастан, өзінің шыққан жерін, ондағы жерлестерін еш ұмытқан емес. Мәселен, ол Сарангани өңіріндегі Танго ауылына (туған жері) үнемі материалдық тұрғыда қарайласып жүреді. Атақты боксшы 2016 жылы өз қаржысына туған ауылының іргесінен жаңа қалашық салды. Оған «Пакман Вилладж» атауы берілді (Pac-Man – Мэнни Пакьяоның лақап аты). Қалашықта бір мың тұрғын үй, ашық және жабық спорт алаңдары, саябақ, әлеуметтік нысандар (мектеп, дәріхана, шаштараз, т.б.) бой көтерді. Тіпті, Мэнни Пакьяо сол үйлердің барлығын баспанасыз жүрген кедей отандастарына тегін берді. Бір үйдің екі отбасына арналғанын ескерсек, сол жылы бір күнде екі мың отбасы қоныс тойын тойлады.

Әзірге Мэнни Пакьяо өз елінің президенті болуға дайындалып жатқанда, 1995 жылғы Еуропаның ең үздік футболшысы Джордж Веа ел басқарып отыр. «Милан», «Челси», «Манчестер Сити», «Олимпик Марсель» сияқты футболшылардың арманына айналған әлемге әйгілі футбол клубтарында өнер көрсеткен Джордж Веа 2018 жылы Либерияның президенті болып сайланды. Оған 4,3 млн халқы бар африкалық елді басқару бақыты бірден бұйырған жоқ. 2005 жылғы президенттік сайлаудың бірінші турында жеңіске жеткенімен, екінші турда Африкада тұңғыш әйел президент болған Элен Джонсон-Серлифке жол берді.

Қазақтың танымында «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген әдемі ұғым бар. «Жігітке жеті өнер де аздық етеді» деу де құлаққа сіңісті. Бұл сөздер әшейін қызылсөзге жел беруден туған нәрсе емес, белгілі бір негізге сүйенуден туындаған тұжырым. Ал, мұндай бағаға лайық Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттулга туралы әңгіме бөлек. Неге десеңіз, ол – президент, ол – спортшы, ол – суретші, ол – кәсіпкер, ол – саясаткер, ол – сүйікті жар, ол – асқар тау әке.

Халтмаагийн Баттулга – самбодан әлем чемпионы (1983), әлем біріншілігінің екі дүркін вице-чемпионы (1986, 1990), әлем кубогының жеңімпазы (1989). 2006 жылдан бері Моңғолия дзюдо федерациясының президенті. Моңғолияда самбо мен дзюдо сынды күрес түрлерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген қайраткер. Спорттың дамуына өз қалтасынан 1 млрд тугрик (420 мың АҚШ доллары) қаржы жұмсаған. Яғни, меценаттығы тағы бар.

Моңғолиядағы барлық қонақ үй, такси қызметі және супермаркет желісіне иелік ететін президенттің байлығы бүгінде 1,2 млрд АҚШ долларына бағаланады. Осылайша, Халтмаагийн Баттулга – Моңғолиядағы ең бай үш адамның бірі.

2017 жылы Моңғолияның президенттік сайлауында Демократиялық партияның үміткері болған Халтмаагийн Баттулга жеңіске жетті. Осылайша, оппозиционер сайлаушылардың 50,61% дауысын жинап, Моңғолияның бесінші президенті атанды.

63 жылдан бері Моңғолияның әр жылдардағы президенттері қатаң күзеті бар Богдоуул тауының бөктеріндегі резиденцияда тұрып келген еді. Ал, Халтмаагийн Баттулга президентке тиесілі бұл резиденцияда тұрудан бас тартып, жұмыс орнына жақын жердегі шағын үйге қоныстанды.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here