Айгөлек пен Фатиманың Барбиден артықшылығы қандай?

0
8442
Қазақстандағы ойыншықтардың 90%-дан астамы әлемнің 30 елінен әкелінсе, соның ішінде сапасы нашар Қытай ойыншықтарының үлес салмағы басым...

Осыдан 64 жыл бұрын әлемнің бүлдіршін қыздары алғаш қолдарына Барби қуыршағын ұстады. Бұл қуыршаққа қыздарының есімін берген ерлі-зайыпты Рут және Эллиот Хэндлер кәсібінің тасы бірден өрге домалады. Америкалық кәсіпкерлер Барбидің «жігіті» Кенді 1961 жылы, «құрбысы» Миджді 1963 жылы, ал «сіңілісі» Скипперді 1964 жылы сатылымға шығарды. Сөйтіп, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының өзінде бұл қуыршақтар әлемдік нарықты жаулады. Арада қанша уақыт өтсе де, америкалық қуыршақтар әлі де «аттан» түспей келеді, оларға сұраныс азайған жоқ. Бүгінде әйгілі Барбидің 40-тан астам «туысқаны» бар. Тіпті, 2017 жылы хиджап киген Барби мұсылман елдерінде сатыла бастады. Сол америкалық «мұсылман» Барбидің қазақстандық «құрбысы» да бар. Ал, оны ойлап тапқан өнертапқыш-кәсіпкер Бағдат Тоқтарбеков.

Бағасы 10 мың теңгеден басталатын қуыршақтарға тапсырысты www.muslimdolls.kz сайты немесе 8 (700) 329 4391 телефон нөмірі арқылы беруге болады

ЕЛІМІЗДЕГІ
ОЙЫНШЫҚТАРДЫҢ
90 ПАЙЫЗДАН
АСТАМЫ СЫРТТАН КЕЛЕДІ

Құран сүрелерін «айтатын», Алланың 99 көркем есімін «жатқа білетін» Фатима және әке, ана, ата, әже туралы көптеген тақпақтарды жаттатып, ұлттық тәрбие беретін Айгөлек қуыршақтарының нарыққа қалай шыққанын кәсіпкердің өзінен сұрадық.

Жоғарыда Барбиден басталған америкалық қуыршақтардың әлемдік нарықты жаулап алғандарына ондаған жылдардың жүзі болғанына тоқталдық. Міне, атақты Барбиді шығаратын АҚШ қазір қуыршақ экспорттайтын елдердің көшін бастайды.

Сандарды сөйлетсек. Өткен жылы америкалықтар сыртқа 70,2 млн доллар көлемінде өзінің қуыршақтарын сатса, АҚШ-тан кейінгі орындарға Барбадос (34,8 млн доллар), Қытай (26,3 млн доллар), Ұлыбритания (26,0 млн доллар) мен Португалия (23,3 млн доллар) жайғасты.

Рас, Қазақстандағы ойыншықтардың 90%-дан астамы әлемнің 30 елінен әкелінсе, соның ішінде Қытай ойыншықтарының үлес салмағы басым. Ал, қызылды-жасылды түрлі ойыншықтардан көзіміз тұнғанымен, ұлттық нақыштағы әрі тағылымдық тәрбие беретін ойыншықтар ілуде біреу ғана кездеседі.

Ойыншықтардың арасынан қуыршақтар өтімді келеді. Оның үстіне Қытайдың қуыршақтары америкалық қуыршақтарға қарағанда әлдеқайда арзан. Дегенмен, «арзанның жілігі татымайтыны» белгілі. Өйткені, кішкентай бүлдіршіндердің ойнайтын ойыншықтардың саны көп болғанымен, олардың сапасы сын көтермейді. Ал, дүкен сөрелерін жаулап алған арзанқол дүниелерге қызыққан ата-ана оның сапасына да мән беріп жатқан жоқ. Сырт көзге әдемі көрінгенімен, қуыршақтардың сырт келбетіне, әсемдігіне емес, сапасына, оның таным мен тәрбие құралы екеніне мән бергеніміз жөн.

Бұл мәселе Бағдат Тоқтарбековты да қатты толғандырды. Содан сенім мен жігер жас кәсіпкерді алға жетелеп, қиялына қанат бітірді. Елдің сұранысын назарға алған кәсіпкер жан-жақты көзқарасымен, тың ойымен, мақсатының айқындығымен бұл кәсіпте өзінің қолтаңбасын қалдыратынына сенді.

«Біздің елде отандық қуыршақтар өте аз, ал оларға сұраныс тым жоғары. Ал, Қытай қуыршақтарының сапасы ойландырады. Осының бәрін ой елегінен өткізіп, пайдалы әрі зиянсыз қуыршақтар жасап шығару керектігін түсіндім. Сөйтіп, бұл кәсіпті қолға алдым», – деп бастады әңгімесін Бағдат Тоқтарбеков.

Нағыз кәсіпкерге тән батыл бастама!

Иә, жетістікке қол жеткізу үшін алдымен ізденіс керек. Толассыз ізденіс! Сол ізденістің нәтижесі өнімді еңбекке ұласса ғана алынбайтын асу, бағынбайтын қамал болмайды.

Құран сүрелерін «айтатын», Алланың 99 көркем есімін «жатқа білетін» Фатима және әке, ана, ата, әже туралы көптеген тақпақтарды жаттататын Айгөлек қуыршақтарын нарыққа шығарған өнертапқыш-кәсіпкер Бағдат Тоқтарбеков

ҚҰРАН
ОҚИТЫН ФАТИМА
ҚУЫРШАҒЫ

Бағдат Тоқтарбековтың мамандығы – инженер-механик. Алматы облысының Райымбек ауданында дүниеге келген болашақ өнертапқыш 8-сыныптан бастап Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта білім алып, кейіннен Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің мұнай-газ саласына оқуға түседі.

«Мұнай-газ саласында жұмыс істеу үшін еліміздің батыс өңірлеріне бару керек. Ал, менде ондай мүмкіндік болмады. Сондықтан мамандық бойынша жұмыс істемей, түрлі салада бағымды сынап көр-дім, біраз компанияда қызмет еттім», – дейді кейіпкеріміз.

Өзіне сын көзбен қарап, кез келген саланың қиындығы мен қызығын қатар көрген адам ғана дара жолын табары анық. Кейіпкеріміз негізгі мамандығы бойынша жұмыс істемейтініне еш өкінбейді. Себебі, ол елімізде бұрын болмаған жаңа дүние ойлап тапты. Өнертабыс – «Фатима» деп аталады. Бұл үйретуші қуыршақтың пайдасы өте көп.

Кәсіпкердің айтуынша, қуыршақ өндірісін қолға алғанына жеті жылдың жүзі болыпты. Десе де, сұраныс мол. Тәуелсіздік алғаннан кейін көпшіліктің дінге көзқарасы түзу. Соның әсерінен осындай ерекше қуыршақ шығарып, кішкентай балаларымызды дұрыс бағытта тәрбиелеуіміз керектігін айтады.

Кейіпкеріміз сатылымға шығарған Фатима қуыршағы «Раббың кім?», «Дінің қайсы?», «Кітабың қандай?» сынды діни сұрақтарға жауап беріп, Алланың 99 көркем есімдерін жадта сақтауға ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, балаларға тілашар құрал болып саналады.

Енді ғана айналасындағы әлемді танып келе жатқан баланың танымына жолдас болып, сенімді серігіне айналатын Фатима қуыршағы әр балада болса артық болмас. Бұл ой қуыршақтарды ұстап көріп, оның сапасына, пайдасына көз жеткізгеннен кейін туындады. Сондай-ақ, қуыршақ намазда оқылатын негізгі сүрелерді үйретеді және Аллаға мадақ сөздердің мағынасын түсіндіреді.

Кейіпкеріміз қуыршақтың есімін Фатима қоюының да астары бар екенін айтты. Бастапқыда есім таңдауда бірнеше нұсқалар болғандығын жасырмай айтып, осы Фатима есімі қазақ танымына жақын екенін, Бәтима есімді әжелеріміз бар екенін алға тартты. Расында да, Фатима – құлаққа жағымды, көңілге қонымды есім.

Бағдат Тоқтарбеков қуыршақты шығармай тұрып, оның қандай сөздер айтатынын мамандармен ақылдасқан. Алматы қалалық Дін істері жөніндегі басқармасы кәсіпкердің ниетін құптап, «шариғатқа қарама-қайшылық жоқ» деген сертификат берген.

«Мақсатым – балалардың діни сауатын ашу. Ол мақсатымды кішкентай балалар қызығып ойнайтын қуыршақтар арқылы жүзеге асырмақпын. Әдетте, бүлдіршіндер телефонмен ойнап жүріп, түрлі әндерді жаттап алады. Сол секілді қуыршақпен ойнап жүріп, иман шарт-тарын да жаттап алса деген ниет болды. Діни басқармамен ақылдастым. Бәрін зерттеп, саралап, діни басқарманың пәтуасын алып, 2017 жылы жасап шығардық. ҚМДБ пәтуасын берген соң қуыршақтың денесін жасау үшін Ресейдегі зауытпен келісімге отырдық. Мәтінді оқу үшін кішкентай қыз баланың дауысы керек болды. Қала маңындағы жазғы лагерьде 9-10 жасар 30 шақты қыз бар екен. Сол жерде шағын байқау жасап, Фатиманың дауысын салатын қызды таңдап алдық. Оны үйрету үшін Нұр-Мүбарак мешітінен екі қари қызды жалдадық. Сүрелер мен сөздер араб тілінде болғандықтан, қари қыздар дұрыс дыбысталуын қадағалады. Дайындық жұмыстары ұзақ уақыт жүргізілгенімен, мәтінді жазбаға түсіру бір-ақ күнде аяқталды», – деп түсіндірді Бағдат Тоқтарбеков.

ҰЛТТЫҚ
КИІМ «КИГЕН»
АЙГӨЛЕК

Фатимадан басталған бастама Айгөлекпен жалғасты. Бұл – қазақ бүлдіршіндеріне керек нағыз қуыршақ. Әрі-беріден соң бұл тәрбие құралы. Өйткені, ұлттық киім «киген» Айгөлек бүлдіршіндерге әке, ана, ата, әже туралы көптеген тақпақтарды жаттатады, жаңылтпаштар үйретеді.

Жас та болса кәсіпкерлікте бір белесті бағындырып үлгерген кейіпкеріміздің жетістікке жету жолындағы құпияларын да сұрадық.

Кәсіпкердің айтуынша, табандылық пен алға ұмтылыс болашаққа сенімді қадам басуға жетелейді. Бизнес саласында көп жыл жүрмесе де, ол осынау аз ғана аралықта кәсіпкерлікке қатысты кітаптарды, іскерлік әдебиетті, мотивациялық еңбектерді көп оқыпты. Оқығанының бәрін санасына тоқи білген Бағдат Тоқтарбеков соның нәтижесінде өзі армандаған өнімді жарыққа шығарып отыр.

Оның өмірлік ұстанымы – алға ұмтылу, бір орында тоқтап қалмау. «Тіпті, тоқсан жасқа келсең де, өзіңді жетілдір, ізден, үйрен!» – дейді ол. Осындай сенімнен соң келешекке қадамды нық басуға, өмірдің жарқын сәттерін сезінуге болады. Бағдат Тоқтарбеков айналасындағылардан білгенін аямайтын, үйренген дүниесін өзгелермен бөлісе білетін кеңпейіл кәсіпкер екендігі бізді таң қалдырды.

Зор ізденіс пен табандылықтың нәтижесінде жарық көрген қуыршақтардың құнын сұрауға да жүрексіндік. Өйткені, түрлі кедергілерге, соның ішінде елде шикізаттың тапшылығына байланысты отандық өнімдердің қымбатқа сатылатынын жақсы білеміз.

Айтса айтқандай-ақ екен, қуыршақ ресейлік материалдардан жасалып, үстіндегі киімдері отандық матадан тігіледі. Бағасы матасына қарай бағаланады. Мәселен, қуыршақтардың бағасы 10 мың теңгеден басталады. Сондай-ақ, ер балаларға арналған көлік те сатылады. Тапсырысты www.muslimdolls.kz сайты немесе 8 (700) 329 43 91 телефон нөмірі арқылы беруге болады. Қазіргі заманда балаларға арналған сапалы әрі залалсыз ойыншықтар табу қиынның қиыны екенін ескерсек, мұндай бағаға «ақылды» қуыршақ сатып алу табылған ақыл болады.

«Киімінде айырмашылық болғанымен, олардың айтатын, үйрететін дүниесі бір. Қымбат болса да, Ресейде өндіруді жөн көрдік. Ресейдегі зауыт тек қуыршақтың денесін жасап береді. «Сөйлеуін», киім үлгісі мен қапталуын, тұтынушыларға жеткізілуін өзіміз қамтамасыз етеміз», – деп түсіндірді кәсіпкер.

«Ердің ісі – тәуекел» деген ұстанымды темірқазық еткен кейіпкеріміздің алдағы жоспарлары да өзгелерге ұқсамайды. Оның жастық жалыны, отансүйгіштігі, еліне деген махаббаты әр ісінен, әр сөзінен анық байқалады. Кәсіпкердің ендігі жос-пары – ұл балаларға арнап батыр іспетті қуыршақ жасап шығару.

Бағдат Тоқтарбеков кәсіпкерлік құпиясын, сырын айтып қана қоймай, кәсіптің принципімен де бөлісті: «Егер өз-өзін өзгерте алса, кез келген адам кәсіпкер бола алады. Қазақта «ұят» деген шымылдық бар. Сол шымылдықтан шығуға ұялады. «Қазақтар саудаға жоқ» деген сөзді мақтан көретіндер де бар. Егер кәсіпкер болғың келсе, алдыңа мақсат қой да, мақсатқа шымылдықтың артынан сығалап қарап отырма. Талпынып алдыға қарай жүре бер. Кәсіптің негізгі принципі – сату. Сен бір компанияда жұмыс істейтініңді, не өндіретініңді немесе қандай қызмет көрсететініңді айтқанның өзінде сатумен айналысып отырсың деген сөз».

Кейіпкерімізбен пікір алмасу барысында оның іскерлік әдебиетті көп оқығаны, әлемдік деңгейдегі өнертапқыштардың өмірін зерттегені, сонымен қатар, еліміздің өркендеуіне өз тарапынан нендей үлес қоса алатыны жайлы толғанатыны анық байқалып тұрды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әлемде мұсылман елдері көп. Олардың барлығында мұндай  қуыршақ жасайтын мүмкіндік жоқ. Мысырда, Ресейде өндірілетін қуыршақтар туралы естуіміз бар. Бірақ, олардың бағыттары мен функциялары басқа. Ал, Фатима мен Айгөлек – Қазақстанда аналогы жоқ жоба. Мұндай әдемі ойыншықтарды әлемнің ешбір елінен таба алмайсыз.  Әрине, тәрбиенің тал бесіктен екенін ескеріп, қоғамымызға жаңа бір серпіліс жасаған кәсіпкердің бұл бастамасын қолдамасқа болмайды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here