Лейтенант қалай әлемге әйгілі император болды?

0
7215

Есімі Ескендір Зұлқарнайын, Шыңғысханмен қатар аталатын, өз заманында Францияның абыройын асқақтатқан Наполеон Бонапарттың (1769-1821) өмірі – атақ пен даңқтың, билік пен озбырлықтың ғұмыры ұзақ еместігіне дәлел болғандай. Француз қолбасшысы жеңіс пен жеңілістің дәмін қатар татты. Әйтсе де, Еуропаны аяғынан тік тұрғызған Наполеонның дарынды қолбасшы екендігі ақиқат. Туғанына биыл 250 жыл толып отырған Наполеон Бонапарттың өмір жолын оқырман назарына ұсынамыз.

КОРСИКА САЙЫПҚЫРАНЫ

Әлем тарихында дүрбелең туғызған атақты қолбасшы Наполеон Бонапарт 1769 жылы 15 тамызда Корсикадағы Аяччо қаласында дүниеге келді.
ХVIII ғасырда Корсикадағы жағдай шиеленіскен еді. Сол уақытта Италия билігі әлсіреп, ақырында әрбір қала бетімен кетіп, өздерін республика деп жариялады. Ал, Корсика аралы ХVIII ғасырдың басында Генуя республикасының әміріне бағынды. (Генуя – қазіргі кезде Италияның Лигурия әкімшілік аймағына қарасты провинция). Аласапыран заманда өзін республика деп жариялаған Генуя үкіметі ұзаққа бармады. Осыны пайдаланған Франция Корсика аралын өзіне қарату үшін соғыс қимылдарын жүргізді. Корсика француз отаршылдарына қарсы 15 жыл бойы табанды күрес жүргізгенімен, 1769 жылы мамырда Франция иелігіне өтті. Яғни, бұл ұлы қолбасшы өмірге келгенше үш ай бұрын болған жағдай еді.
Корсикалықтар Француз билігін мойындай қоймады. Үкіметке қарсы бас көтерулер, толқулар жиі орын алып тұрды. Бірақ, Наполеонның әкесі, корсикандық ақсүйек – Карло Буанапарте басқа позиция ұстанды. Карло Буанапарте балаларына жоғары білім беру үшін француздармен ынтымақтастықта болуды жөн деп санады.
Наполеон Бонапарттың балалық шағы оқумен, ізденумен өтті. Францияның болашақ әміршісі тоғыз жасынан бастап, француз тілін үйрене бастады. Наполеонның ана тілі – корсикандық диалектідегі италиян тілі болды. Карло Буанапарте ұлының болашағы үшін француз тілінің маңыздылығын жақсы түсінді.
Наполеон әкесінің ақсүйек және әскери адам болғанын әрдайым мақтаныш ететін. Мектепте болашақ император математикадан үздік болғанымен, гуманитарлық пәндерден үлгерімі төмен еді. Соған қарамастан Наполеон ұлы қолбасшылар жайлы және олардың жазған соғыс өнері туралы трактаттарын көп оқыды. Оның бұл қызығушылығы мен ынтасын байқаған Карло ұлын Париждегі үздік деп танылған әскери мамандар даярлайтын училищеге оқуға берді. Мұнда ол алғырлығымен, ойын әрдайым ашық айтатындығымен оқытушыларын таңғалдыратын. Және Наполеон Корсиканы басып алған француздарды жек көретінін ашық білдіргені үшін әскери мектепте француз жігіттерімен жиі төбелесетін. Корсикандық бүлікшілердің азаттық идеясын ашық түрде қолдайтын.
1785 жылы Наполеон Бонапарт әскери лицейде кіші лейтенант атағын иеленеді. Оның бұл қуанышы ұзаққа созылмады. Сол жылы әкесі Карло Буанапарте қайтыс болды. Жас лейтенанттың мойнына анасына, 4 ағасына, 3 қарындасына қамқорлық көрсету міндеті артылды. Сөйтіп, Наполеон үшін қиын кезең басталды. Ол отбасына көмек көрсетуге тырысып, айлығының жартысынан көп бөлігін анасына беріп отырды. Осылайша, лейтенант Наполеон таршылықта өмір сүрді. Сонда да ол қиындықтан құтылудың амалын іздестіре бас-тады. 1788 жылы лейтенант Бонапартқа өз өмірін өзгертуге мүмкіндік туғандай болды. Генерал Заборовский орыс әскеріне ерікті шетел азаматтарын алып жатқан болатын. Алайда, тек бірінші болу үшін жаралған Наполеон Ресейдің әскери қызметіне бармады. Себебі, әскер құрамындағы шетел азаматы төменгі дәрежелі офицер ретінде ғана жүре алатындықтан француз лейтенанты бұл ұсыныстан бас тартты.

РЕВОЛЮЦИЯЛЫҚ МАНСАП: ЛЕЙТЕНАНТТАН ИМПЕРАТОРҒА ДЕЙІН

Жас лейтенант үшін жаңа мүмкіндік ашылды. 1789 жылғы «Ұлы француз төңкерісі» Наполеон үшін тағдырдың берген сыйы болды. Бонапарт дәл осы аласапыранда өзінің дарынын көрсете алды. Әскери дарынымен, мықты харизмасымен өзінің көшбасшылық қырын көрсете алды. Аз уақыттың ішінде Франциядағы теңдессіз қолбасшы екендігін дәлелдеді.
1793 жылы артиллерия капитаны Наполеон Бонапарт өзінің алғашқы әскери жетістігіне қол жеткізді. Төңкеріс кезінде британдықтар мен роялисттер басып алған Тулон қаласын азат етті. Ерлігін бағалаған Ұлттық конвенция комиссарлары 24 жастағы офицерге бригада генералы атағын берді.
Екі жылдан кейін Наполеон Бонапарт Париждегі революциялық көтерілісті батыл басу арқылы Франция Республикасын қайта құтқарады. Осыдан кейін ол сол кездегі Францияның ең жоғарғы әскери атағын алып, әскери мектепті бітірген соң жеке дара генерал болды.
Үш жылдан кейін Италия мен Мысырды жаулап алушы, француз халқының сүйіктісі генерал Бонапарт елдегі «Директория режимін» құлатуды көздеді. «18 Брюмер» төңкерісі арқылы режимді құлатып, Францияның жоғары дәрежелі бірінші консулы атағына ие болды.
Бес жыл өткен соң корсикандық генерал I Наполеон Бонапарт есімімен императорлық таққа отырды.

РЕФОРМАТОР

Реформаны жүргізу Наполеонға қиындық тудырмады. Империялық билігін нығайту үшін ол француз революциясының шынайы табыстарын сақтау арқылы өз саясатын жүргізе бастады. Феодалдық монархияны жойған Бонапарт буржуазиялық монархияны орнатты. Бонапарт Азаматтық кодексіндегі революцияның жетістіктерін нығайтты. Бұл іргелі заңнамалық акт әлемнің түрлі елдеріндегі азаматтық-құқықтық құжаттарды әзірлеу үшін негіз болды.
Наполеон реформасы – Францияның капитализм дәуіріне өтуін қалыптастырды. Франция әлемде көшбасшысы ел саналған Англиямен бәсекелесуі үшін барлық күш-жігерін жұмсады. Наполеонның барлық реформаларын тізіп шығу мүмкін емес. Ол өмірдің барлық салаларына реформа жүргізді. Денсаулық сақтау, салық, білім беру салаларында, әскери құрылымдарда оң өзгерістер әкелді. 1800 жылы құрылған француз банкі шамамен 130 жыл бойы Наполеон бекіткен басқару жүйесімен жұмыс істеді.
Наполеон ең алдымен қолбасшы болғандықтан, қолындағы билікті нығайту үшін әскери жолды таңдады. Бонапарт өзіне қарсы антинаполеондық одақтың іс-қимылдарын тойтарып отырды. Осылайша, Наполеон Францияның жаулап алған жерлеріне өзінің жақындары мен сенімді маршалдарын билікке қойып отырды. Соғыс неғұрлым көп болған сайын, Наполеонның әскері төңкерісшілерден гөрі басқыншыларға ұқсай бастады. Ұзақ уақытқы соғыстан қалжырған француздар бейбітшілік орнауын қалады.
Наполеон саясатта ірі жетістіктерге қол жеткізгенімен, жеке өмірінде ойлағаны бола бермеді. Сүйіктісі Жозефинадан бала сүйе алмағаны ажырасуына себеп болды. Мемлекет мүддесі үшін өзіне мұрагер қажет деп тапқан император австриялық ханшайым Мари-Луиске үйленді.
Аз ұйықтап, көп жұмыс істеген Наполеон сән-салтанатқа аса мән бермейтін. Сөйтсе де, оның тұрған сарайы ежелгі императорлардың сарайындай безендірілді.

ЖЕҢІМПАЗ ӘСКЕРДІҢ  КҮЙРЕУІ

1812 жылы француз императоры 600 мыңнан астам жеңімпаз әскерімен Ресейге басып кірді. Бұл соғыс француз императорының өміріндегі маңызды бетбұрысқа айналды. Соғыс қимылдары Наполеон үшін таңсық болды. Ол орыс әскерін алғашқы майданда-ақ толықтай күйретемін деп ойлады. Алайда, Ресей әскерлері табан тіресіп соғыспай, елдің ішкі аумақтарына қарай шегініп отырды. Наполеон жеңіске жеткендей болды. Бородино шайқасында жеңген француздар Мәскеуге басып кірді. Дегенмен, жеңіліске жол бергісі келмеген Ресей әскері біраз уақыт бойына жоғалып кетті. Ал, Петербор ресми түрде жеңілісті мойындамай үнсіз қалды. Сондай-ақ, бітімге келу ұсыныстарына да жауап бермеді. Еуропадағы жеңістеріне үйренген Наполеон әскері өздерін Ресейдің қожасындай сезінді.
Француздардың азық қоры таусыла бастады. Оңтүстік Ресейдің провинцияларынан азық-түлік алу үшін шабуыл жасаған француздарды Кутузовтың әскерлері тойтарып тастады. Қиындыққа тап болған француз әскері жан-жаққа бытырады. Олар орыс әскерінің шабуылынан ғана емес, аштықтан, суықтан және аурудан да қаза тапты. 1812 жылдың соңында «Жеңімпаз әскерден» бірнеше ондаған мың адам ғана қалды. Наполеон үшін де, Франция үшін де зор шығын болды.

БАЯНСЫЗ БИЛІК

Ресейден тыс аумақтардан әскер жинау соғысты одан әрі жалғастыруға мүмкіндік берді. Наполеон әскерін француз шекарасына дейін шегіндірді. Оның жақындары мен маршалдары өз биліктерін сақтап қалу үшін Наполеонға қарсы шықты. Бонапарт бұған қатты күйзелді.
1814 жылдың 30 наурызында Наполеонға қарсы одақтас әскер Парижге басып кірді. Алты күн өткен соң, Фонтенбло қамалында Наполеон тақтан бас тартты және 1814 жылдың 12-сінен 13-ші сәуірге қараған түні ол сол жерде өзін-өзі өлтіруге тырысты. Бірақ, у әсер етпеді. Биліктен айырылған император өзіне шығарылған үкім бойынша Эльба аралына жер аударылды. Биліктен қол үзген Наполеон қалған өмірін аралда өткізер еді. Алайда, Бурбондар әулеті Франциядағы ескі тәртіпті, яғни феодалдық монархияны қалпына келтіргісі келгендіктен Наполеонға тағдыр тағы бір мүмкіндік берді.
1815 жылғы 26 ақпанда Наполеон Бонапарт Эльба аралынан қашып, Жуан шығанағына тоқтап, еш кедергісіз Парижге жетіп, билікті өзіне қайтарды. Дегенмен, Наполеон бұл жолы билікті ұзақ ұстап тұра алмады. Небары жүз күн ғана билік етті. Себебі, Ватерлоо шайқасындағы жеңіліс. Күш тең болмады. Наполеонға қарсы болған Ұлыбритания, Пруссия, Нидерланды, Ганновер, Нассау, Брауншвейг-Люнебург елдері біріккен антинаполеондық соғыс әрекеттерін жүргізді. Жеңіліс тапқан Наполеон Бонапарт Францияның саяси сахнасынан кетіп, оның тарихында мәңгілікке орнын алды.

НАПОЛЕОННЫҢ АҚЫРЫ

Ағылшын тұтқынында болған Наполеон Бонапарт Атлантикадағы Әулие Елена аралына жер аударылды. Өмірінің соңғы жылдарын сонда өткізді. Наполеонның өлімі әлі де шешімін таппаған даулы мәселе. Оның өз ажалынан немесе уланып қайтыс болғандығы белгісіз. Әйтсе де, ешбір қастандық жасалмаса да, ұзақ өмір сүрмес еді. Өмірінің соңы трагедияға айналған қолбасшыға британ әкімшілігі де қысым жасаумен болды. Наполеонның құсадан өлу мүмкіндігі жоғары еді. Наполеонның денсаулығы аралдағы алғашқы айлардан бас-тап нашарлай бастады. 1819 жылдан бастап ауруы тұрақты және созылмалы сипатқа ие болды.
1821 жылғы 13 сәуірде айдаудағы император өзінің санаулы күндерінің қалғанын түсініп, өзінің өсиетін жазды. 1821 жылы 5 мамырда Наполеон Бонапарт 51 жасында қайтыс болды. Наполеонның сүйегі екінші рет Париждегі мүгедектер үйіне салтанатты түрде қойылды. Францияға бейбітшілік пен тыныштық орнатқан императордың соңғы өсиеті 20 жылдан кейін орындалды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Наполеон Бонапарттың күреске толы ғұмыры – тарих бетіне мәңгілікке жазылды. Ол – қарапайым лейтенанттықтан императорлыққа дейін көтерілген әскери стратег, реформатор, француз халқының мақтанышына айналған тұлға.

Фараби Сайкенов, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here