ҮШ ТІЛДЕ БІЛІМ БЕРУ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ?

0
79

Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогика институтындағы Назарбаев атындағы ғылыми-инновациялық кабинет жаңа технологияның соңғы үлгiсiнде жабдықталуымен ерекшеленедi. Бұл болашақ мамандардың бiлiмi мен ой-өрiсiн дамытуына үлкен септiгiн тигiзбек.

Қазiргi кезде балаларымыздың, жалпы барлық жеткiншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығын арттыруға ерекше маңыз берiлiп отыр. XXI ғасырдың бiздiң алдымызға қойып отырған талаптарының бiрi – жас буынның өрiсiн кеңейту, олардың өзiн-өзi дамытуы десек, бүгiнде дәл осы мақсатты жүзеге асыруда үш тұғырлы тiлдiң ерекше қажеттiлiгi сезiлуде. Қазiргi кезде балабақшада тәрбиеленушi бүлдiршiндер тақпақтарды қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде жатқа айта бередi.

Елбасы Жолдауына сәйкес елiмiздегi орта мектептерде үш тiлде қатар жаңартылған бiлiм беру мәселесi кезең-кезеңiмен енгiзiлуде, ал 2019 жылдың 1 қыркүйегiнен 10-11-сыныптарда химия, физика, биология пәндерi ағылшын тiлiнде оқытылады, Қазақстан тарихы – қазақ тiлiнде, дүниежүзi тарихы – орыс тiлiнде, осылай үш тiлде бiлiм беру жүзеге асырылады.

Ұлы Абай «Өнер алды – қызыл тiл», «Естiлердiң сөзiн ескерiп жүрген адам өзi де естi болады» дейдi. Олай болса, тiлге қатысты мәселе барша адамды терең ойландырады, әркiм болашағына болжау жасайды. Әлемдiк тәжiрибеде ағылшын тiлi ғылымның, инновацияның тiлi саналады. Сондықтан ағылшын тiлiн меңгеру, орыс тiлiн қолдану, қазақ тiлiн жете бiлу халқымыздың бәсекелестiкке қабiлеттiлiгiн арттыра түсетiндiгiн естен шығармауымыз керек.

ОҚМПИ-дағы ағылшын тiлiн оқыту орталығы студенттерге тiл үйретiп қана қоймайды, өзге елдердiң мәдениетiмен, әдебиетiмен таныстырады, ондағы бiлiм беру жүйесiнен хабардар етедi.

ОҚМПИ-дiң профессор-оқытушылар құрамының iзденiстерi, ғылыми мақалалары шетелдердегi беделдi импакт-фактор белгiсi бар журналдарда жариялануы, қазақ, ағылшын, орыс тiлдерiнде ғылыми түйiндемелердiң берiлуi үш тұғырлы тiлдiң маңызын көрсетедi.

Келешекте Қазақстанда үш тiлдi еркiн бiлетiн мамандарға сұраныс арта бередi. Қазақстан дамыған 30 елдiң қатарында болуы үшiн уақыт бiзге үлкен мiндет жүктеп отыр. Демек, үш тұғырлы тiл – ұлттың келешегi екендiгi даусыз.

Ғазиза СМАНОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here