ТАРАЗ САЯХАТ КЕРУЕНІНІҢ БЕСІГІНЕ ҚАЛАЙ АЙНАЛАДЫ?

0
97

Туризм индустриясы әлемдік экономиканың дамуына қомақты үлес қосып келеді. Елімізде бұл салаға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазақстанның туризмге қолайлы өлкелерінің ішінде біздің облыс туристерді бірден-бір қызықтыра алатын, көне ескерткіштері мол, үлкен мүмкіндіктері бар өңір ретінде танылуда. Бұл – заңдылық.

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енген бес мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мәдени ескерткіштердің бар болуы аймақты көптеген туристер үшін өте тартымды етеді. Оларды атап өтсек, Баласағұн қалашығы, Құлан, Өрнек, Қостөбе және сырға толы «Ақыртас» сарай кешені.
Біздің облыс Қазақстан Республикасының оңтүстігінде орналасқан, ел аумағының 144,3 мың шаршы шақырымын алып жатыр. Өңірде 1 миллион 120 мың тұрғын бар. Оның 61 пайызы ауылда, 39 пайызы қалалық жерге қоныстанған. Мұнда тарих пен мәдениеттің ең қызықты ескерткіштері орналасқан.
Өңірде туризмнің дәстүрлі бағыттарымен қатар іс жүзінде барлық туризм түрлері – тарихи-мәдени, қаржылық, медициналық, танымдық, этникалық, рекреациялық, ат спорты, экологиялық және экстремалды түрлері дамып келеді.
Келушілер үшін Жамбыл жерінде көптеген саяхат жолдары белгіленген. Мәселен, біздің брендтерімізден Ұлы Жібек жолын алыңыз. Бұл бағытта қалай жүрмеске? Оңтүстіктегі даланың құнарлы оазисінде, көшпелі және отырықшы өркениеттің қиылысында Қазақстанның ежелгі қалалары болған. Ғасырлар бойы біздің жеріміз арқылы Қытайдан Таяу Шығыс пен Еуропаға көшкен ежелгі керуен жолдары жүріп өткен. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан еліміздің тарихи және мәдени мұрасын саяхатшылардың өз көздерімен көруіне таптырмас мүмкіндік тудырады.
Жалпы, облыс 3367 тарихи-мәдени ескерткіштерімен мақтана алады. Оның ішінде: ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енген – 5, республикалық маңызға ие 25 нысан бар. Мұнан өзге 3 337 жергілікті маңызы бар ескерткіштер де тарихтан сыр шертеді. Республикалық және жергілікті маңызы бар 3 362 ескерткіштің 2 929-ы археологиялық, 433-і қала құрылысы және сәулет ескерткіштері саналады. Сәулет өнерінің інжу-маржаны – «Айша бибі» және «Қарахан» кесенелері, туризм индустриясының жетекшілері – «Ақыртас» сарай кешені, «Зайсан» қорымы, «Көне Тараз» ашық аспан астындағы музейі, «Көксай» шатқалы, «Меркі» және басқа да көптеген туристік нысандар.
Бұрнағы жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды жаңғыртудың үшінші кезеңі басталғаны туралы жариялады. «Қазақстанның 100 киелі орны» арнайы жобасы бойынша облыстың 8 тарихи және мәдени нысандары кірген республикалық қасиетті орындардың картасы әзірленді. Оған «Қарахан», «Айша бибі», «Бабажы қатын», «Тектұрмас», «Байзақ батыр Мамбетұлы» кесенелері, «Ежелгі Тараз» қалашығы, «Жайсан» және «Ақыртас» сарай кешені еніп отыр.
Облыс экономикалық тұрғыдан дамудың үлкен мүмкіншіліктерімен қатар, тарихымен де мақтана алады. Бірқатар маңызды бәсекелестік артықшылықтарға да ие. Бұл – тиімді географиялық орналасуы, дамыған көлік және инженерлік инфрақұрылым. Қазақстанды барлық облыс аймақтарымен, Ресеймен, Қытаймен, Қырғыз Республикасымен және Өзбекстанмен байланыстыратын 25 теміржол желісі біздің өңір арқылы өтеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автодәлізіне де үлкен үміт артамыз. Халықаралық мәртебесін алған «Әулие-Ата» әуежайы ірі габаритті ұшақтарды қабылдаудың барлық талаптарына сай.
Ағымдағы жылы Қырғыз Республикасының Талас және Ыстықкөл облыстарын біздің өңірмен байланыстыратын «Ұлы Жібек жолындағы туризм» трансшекаралық туристік бағыты құрылды. Бірыңғай бағыт аймағымызға қосымша туристерді тартуға мүмкіндік береді. 2018 жылдың 7 сәуірінде «Ақыртас» сарай кешенінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы міндеттерді іске асыру аясында туризмді дамыту мәселелері бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға сол кездегі ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы төрағалық етіп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, облыс әкімдігі және «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ арасында тарихи-мәдени ескерткіштерді пайдалану және қорғау мәселелері бойынша өзара тиімді ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жобалық басқарудың «Ішкі және кіру туризмін дамыту» бағдарламасы аясында Талас Алатауының 3 200 метр биіктігінде орналасқан, жобалық құны 3 миллиард 355 миллион теңгені құрайтын «Қаралма» тау-шаңғы базасы» туристік аймағын құру жұмысы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда құрылысқа 274 гектар жер телімі бөлініп, электр қуатымен қамту, су құбырын жүргізу мәселелері шешімін табуда. Инженерлік коммуникациялар өтетін жерлер анықталып, 7 шақырым автожол құрылысы аяқталды. Аталған туристік аймақта туристерге барлық спорттық-сауықтыру және мәдени-ойын-сауық қызметтері көрсетілмек. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда ішкі және кіру туризмі бойынша туристік ағым орта есеппен 45 мың адамға көбейеді деп күтілуде.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде салт-дәстүрді жаңғырту мен облыстағы кәдесый өнімдерін өндіруді көздейтін, Тараз қаласының орталық бөлігінде орналасатын, аумағы 10 гектарды құрайтын «Шахристан» тарихи этнокешенінің құрылысы жоспарланғаны белгілі. Бүгінгі таңда эскиздік жобасы әзірленіп, аумақты құрылысқа дайындау жұмыстары жүргізілуде. Кешеннің құрамына «Сағат» стеласы, «Арбат» көшесі, қолөнершілер шеберханасы, тарихи-өлкетану музейі, галерея, руханият орталығы, көрме орталығы және туристік визит-орталық кіретін болады.
2018 жылы облыс әкімдігінің туризм басқармасы ішкі және кіру туризмін дамытуға, шетелдік және қазақстандық туристерді тартуға бағытталған бірқатар халықаралық іс-шаралар өткізді. 2018 жылдың 11-13 мамыры аралығында «КазТОЦ-групп» ЖШС-мен бірлесіп, шетелдік туристік компаниялармен жұмыс істейтін отандық туроператорлар үшін ақпараттық тур ұйымдастырылды.
8-11 қазан аралығында «Aspara Fashion Week–2018» сән апталығы өтті. Оған әлемнің 19 елінен 30 киім дизайнері, журналис-тер мен сарапшылар, ірі туроператорлар мен турагенттіктердің, сондай-ақ алыс және жақын шетелдердің туризм саласында жұмыс істейтін 400-ден астам маман, Италия, Франция, Германия, Нидерланды, БҰҰ, Польша, Түркия, Қытай, Үндістан, Непал, Ресей, Украина, Әзербайжан секілді шет елдерден келген қонақтар қатысты. 9-10 қазан күндері Тараз қаласындағы «Төрткүл» керуен-сарайында «Қазақ ауылы» этножобасы ұйымдастырылды. Келушілер қазақ халқының бай тарихымен, мәдениетімен, өнерімен және дәстүрімен танысты. «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында өткен «Дәмді TARAZ FOOD TOURISM» ұлттық тағамдар мен гастрономиялық саяхаттардың бірінші фестивалі де табысты болды.
13-15 желтоқсан аралығында «Достық» үйінде «ANCIENT TARAZ-2018» халықаралық туристік форумы ұйымдастырылғанын жұрт жақсы біледі. Форумға 600-ден астам адам қатысты, оның ішінде Ресей, Польша, Өзбекстан және Тәжікстан өкілдері де бар. Шара аясында «Қолөнершілер қалашығы» халықаралық фестивалі өткізіліп, онда отандық және шетелдік кәдесый өндірушілердің және қолөнершілердің өнімдері ұсынылды.
Туристік нысан туралы жылдам ақпарат беру мақсатында мобильді құрылғыларға арналған, туристік орындарды көпшілікке тарату үшін ыңғайлы, құрамында бірнеше қызмет түрі енгізілген мобильді қосымшалар жасалды. Яғни, мобильді телефон камерасын арнайы орнатылған QR-кодқа жақындату арқылы тарихи-мәдени және туристік орын туралы толық ақпарат алуға болады.
Шетелдік және қазақстандық инвесторлармен, туристік ұйымдармен ынтымақтастық туралы 8 меморандумға қол қойылды. Іс-шараларға шетелдік және отандық 5 000-нан астам турист тартылды. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Жамбыл облысы мен Тараз қаласын танымал ету жұмысы ауқымды болды. «Ақыртас», «Айша бибі», «Бабажы қатын», «Қарахан», «Дәуітбек», «Төрткүл», «Көне Тараз», «Тектұрмас» «Ерте ислам дәуіріндегі мешіт» секілді негізгі туристік нысандарымыз Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Түркістан облысының ірі туристік фирмаларының туристік жолдамаларын алды.
2018 жылдың қараша айында туристік тартымдылық және туризмді тұрақты дамыту мәселелері жөніндегі Халықаралық комитеті сессиясында «Айша-Бибі» кесенесі мен «Ақыртас» сарай-кешені әлемдік деңгейдегі құндылық мәртебесіне ие болды.
2017 жылы орналастыру орындарында 1120,1 миллион теңгенің қызметі көрсетілген. Қызметтер көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 20,7 пайызға артты. 2018 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша резидент емес келушілердiң саны 41,6 пайызға өсті.
Тараз, Түркістан облысы мен Алматы, Шымкент қалаларына баратын туристер үшін транзиттік қала болып табылады. Сондықтан келушілер қонақ үйлерге тоқтамастан туристік нысанды тамашалаған соң басқа қалаларға аттанады.
Қазіргі таңда 2019 жылға арналған жұмыс жоспары әзірленді. Жоспарға сәйкес бұл жылы жол бойындағы сервис нысандарына, сонымен қатар балалар туризмін дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Құрамында облыс әкімдігінің туризм басқармасы, «ҚазАвтоЖол ҰК» акционерлік қоғамының мамандары, аудан әкімдіктерінің өкілі мен қоғам белсенділері және БАҚ өкілдерінен құралған топ нақты жұмысты бастады.

Қарлығаш Аралбекова,
Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here