ТОРДАҒЫ БАЛЫҚТЫ ӨСІРУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ ҚАНДАЙ?

0
85

Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында акваөсіру өнімдері өндірісінің 2015 жылдың деңгейіне қарағанда нақты мәнде 6,5 есеге өсуі керектігі баса айтылды. Енді осы саланың маманы ретінде балық шаруашылығына қатысты ойларымызбен бөлісіп, торда балық өсіретін фермерлерге ұсынысымызды жеткіземіз.

Рас, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында бүгінде Қазақстанда негізгі балық ресурстары табиғи су айдындарынан ауланатыны және акваөсіру мәдениеті әлсіз дамығаны баса айтылды. Айталық, 2015 жылы балық өсіру көлемі 0,7 мың тоннаны, ал табиғи су айдындарынан балық және басқа да су жануарларын аулау 41,5 мың тоннаны құрады. Балық өсіруді 75-тен астам балық өсіру шаруашылығы жүзеге асырады, оның ішінде 42 көлді-тауарлы балық өсіру шаруашылығы, 17 тоғандық, 10 тұйықталған сумен қамтамасыз ету қондырғылары бар индустриялық балық өсіру шаруашылығы, 3 бассейндік және 3 шарбақты балық өсіру шаруашылығы бар. Дегенмен, бұл салада мынадай мәселелер бар:
1. Жеке балық өсіру шаруашылықтарының арнайы азықтармен қамтамасыз етілмеуі;
2. Кәсіпкерлерді балық өсірудің заманауи технологияларымен ақпараттық-консультациялық қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі;
3. Акваөсірудің нормативтік-құқықтық және нормативтік-техникалық базасының жетілдірілмеуі.
Иә, еліміздің желді табиғи-климаттық факторы торда балық өсіру мүмкіндіктерін шектеуде. Сондықтан осындай кешендер орналасқан жерлерде арнайы толқынөшіргіш құрылыстар салынуы тиіс. Біздің сарапшылық шолуымызда осы және өзге де кеңестер беріледі.

АЛДЫМЕН ЖАЙЫНҒА САЛҚЫНДАТҚЫШ КЕРЕК

Бірінші кезекте тордағы аквамәдениет нысандарын таңдағанда Қазақстан қол қойған Биологиялық әртүрлілік туралы конвенциясының талаптарына сәйкес таңдау керек. Оның талаптары бойынша таңдалған нысандар тордағы балық шаруашылығы мен оларды өсіру кешені орналасқан су қоймасындағы ихтиофауналардың бір түрі болуы тиіс.
Қазақстанның тордағы балық шаруашылығының әлеуеті – 1 268,3 тонна тұщы суды мекендейтін тауарлы балықтар мен 24 мың тонна теңіз дақылы өнімдеріне тең. Бұл орайда неғұрлым перспективалы нысандарға тұқылар, өсімдікпен қоректенуші балықтар, сібір бекіресі, сүйрік, бекіре балықтардың гибридтері, құбылмалы алабалық жатады. Көз жетерлік болашақта көкбас, қарапайым алабұға, балқаш алабұғасы, көксерке де торда өсірілуі мүмкін.
Павлодар және Қарағанды облыстарында жылу электр стансаларындағы қашыртқы жылы су базасында торда балық өсіру шаруашылығын іске қосу тәжірибесі аталған су қоймаларында тордағы балық шаруашылығының орналасқан жерлерінде арнайы толқынөшіргіш құрылыстарды салу қажеттігін көрсетті, мұндай ғимараттарды салу құны едәуір қымбат.
«Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС зерттеулері көрсеткендей, энергетикалық нысандардың қашыртпа жылы суларын қолдана отырып, торда өсірудің перспективалы нысандарына тұқы, ақ және ала дөңмаңдай, тиляпияның нілдік және басқа да түрлері, каналдық және кларилік жайындар жатады. Торда өсіру шаруашылығын және аталмыш нысандардың өсіру кешендерін орналастырудың неғұрлым перспективалық орындары – Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2, Қарағанды ГРЭС-2 су қоймасы суытқышы.
Осы торда өсіру шаруашылығының жалпы қуаты 618,3 тонна тауарлық тағам өнімдерін, соның ішінде 412,2 тонна тұқы мен 206,1 тонна ақ дөңмаңдай құрауы тиіс.
Қазіргі кезде тұқы бойынша тордағы балық өнімділігі 6 кг/текше. м, ақ дөңмаңдайда – 3 кг/текше. м құрады. Осы технологияны пайдалануда балықты азықтандыруда әдетте тұқыны және өсімдікпен қоректенетін балықтарды тоғанда өсіргенде қолданатын жемқоспа қолданылады. Мұндай жемқоспаның ең озық құрамы: III сұрыпты бидай – 20%, күнбағыс жомы – 20%, мақсары жомы – 20%, арпа – 20%, тазаланған тары – 20%.
Балық өндіру материалдарын өсіру тиісті шаруашылықтар мен балық тәлімбағында жүргізіледі, тұқы мен ақ дөңмаңдайдың жаңа төлін дұрысы торда, тек ерекше жағдайда ғана – балық тәлімбағының тоғанында қыстатқан жөн. Тордағы тұқы мен ақ дөңмаңдайдың тауарлық өнім өсіруге бағытталған бір жылдық төлдерінің орташа массасы 150-200 граммға тең болуы тиіс.
«Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС тарапынан аталған орта салмақта балық өсіру материалын өсіру технологиясы дайындалды. Көрсетілген технология бойынша тордағы тұқы мен ақ дөңмаңдайдан тауарлық өнім өсірудің табыстылығы 30%-ға жуықты құрайды.

АЛАБАЛЫҚ ШЫҒЫСҚА ҰМТЫЛАДЫ

Құбылмалы алабалықты түрлі жағдайларда өсірудегі институттың тәжірибесі бойынша аталмыш нысанның тауарлық өнімінің аз көлемдегі өзіндік құны Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасында орнатылған торда өсіру барысында байқалған.
Торда тауарлық алабалық өсірудің табыстылығы мұнда 10%-ды құраған. Балық өсіру материалы (бір жылдық алабалықтар) аталмыш технология талаптарына сәйкес бассейндік шаруашылықтар мен кешендерде өсіріледі, сол жерлерде алабалық төлдері қыстатылады. Жылдық балықтарды өсіру тығыздығы 250 дана/текше. м, тауарлық екі жылдық балықтардың тіршілікке қабілеттілігі – 95%, жүзетін торлардағы тауарлық өнім шығымы – 50 кг/текше. м.
Алайда, Шығыс Қазақстан облысындағы торда балық өсіру шаруашылығын құруға ең жақсы жағдай – Өскемен су қоймасында. Өйткені, бұл су қоймасының барлық дерлік айдындарында толқындар болмайды.
Өскемен су қоймасында тордағы тауарлық балық өндірісінің әлеуеті – 350 тоннадан астам. Перспективалық нысандарға құбылмалы алабалық, сүйрік, сібір бекіресі, бекіре балықтарының гибридтері жатады.
Түркістан облысы Бөген су қоймасында торда балық өсіру шаруашылығы мен кешендерін құру үлкен қызығушылық туғызып отыр. Мұнда да толқындық құбылыстар жоқ. Бөген су қоймасындағы тордағы тауарлық балық өндірісінің әлеуеті – 300 тоннадан астам. Перспективалық нысандарға тұқы, ақ дөңмаңдай, бекіре балықтарының гибридтері жатады.
Су қоймаларында торда сібір бекіресін (леналық) өсіру барысында ақтық тауар өніміне орташа массасы 1,4 кг жеткен төрт жылдық даралар жатады. Екі жылдық леналық бекіреден тордағы балық өнімділігі 5 кг/текше.м, үш жылдықтан – 6 кг/текше.м, төрт жылдықтан – 10 кг/текше.м.
Су қоймаларында тордағы сүйріктерді өсіру кезінде ақырғы тауар өнімі орташа салмағы 300-500 г. жеткен үш жылдықтар болады. Екі жылдық сүйріктердің балықтық өнімділігі 5 кг/текше. м жетеді, тауарлық үш жылдықтар – 10 кг/текше. м.
Егер тордағы аквамәдениет нысаны ретінде «орыс бекіресі мен сүйріктің» гибридін алатын болса, онда ақырғы тауарлық өнім орташа салмағы 1,5-2 кг жететін үш жылдықтар болады. Аталмыш гибридтердің екі жылдықтарының тордағы балықтық өнімділігі 10 кг/текше. м жетеді, тауарлық үш жылдықтар бойынша – 20 кг/текше. м.
Балық өсіру материалы ретінде бекіре балықтар мен олардың гибридтерінің жаңа төлін өсіру бассейндік балық шаруашылығы мен кешендерде жүргізіледі. Жас төлдерді қыста ұстауды сол бассейндерде, ал екі жылдық пен үш жылдықтарды – қыстық тоғандарда ұстаған абзал. Тауарлық бекіре шаруашылығының аталған нысандары торда өсіруде «балық сорпасын дайындауға арналған бекіре балығы» тауарлық сапасына сәйкес болады.
Ресейлік балық өсіруші мамандардың мәліметінше, су қоймаларында орнатылған торда тұқы мен дөңмаңдайды өсіру 4 кг/текше. м және сонша ақ дөңмаңдай алуға мүмкіндік береді. Энергетикалық нысандардың жылы су базасында торда осы балықтардың тауарлық өнімдерін өсіру кезінде де балық өсіру материалын өсіру тоған шаруашылығындағы тоғандарда және балық тәлімбақтарында жүргізіледі, тұқының жас төлін балық тәлімбақтарындағы қыстық тоғандарда қыстатқан жөн. Тордағы тұқы мен ақ дөңмаңдайдың тауарлық өнімін өсіруге арналған жас төлдің орташа массасы 150-200 грамға тең болуы тиіс.

ПЛАНКТОН ІЗДЕУ ЖОЛЫНДА

Елдің солтүстік өңірлерінде өзендік-тауарлық балық шаруашылығын ұйымдастыру кезінде өзендерге қойылған торларда жасаң сиг балығын өсірген тиімді. Жасаң балықты өсіру кезіндегі тежеуші фактор ретінде арнайы жасанды азықтың отандық өндірісінің жоқтығын атауға болады.
Арнайы планктон торының көмегімен табиғи суларда зоопланктон аулау, зоопланктондық омыртқасыздарды жасанды жағдайда арнайы өсіру арқылы қалыптасып отырған жағдайдан шығуға болады.
Орта Каспий жағалауы маңындағы акваторияда теңіздік (батпалы) торда балық өсіру шаруашылығын ұйымдастырудың үлкен мүмкіндіктерін жеке қарастыруға болады. Есептік мәліметтер бойынша, теңіздік торда балық өсіру шаруашылығы есебінен 24 мың тонна балық өсіруге болады (каспий ақсеркесі, орыс бекіресі, ақсерке, «орыс бекіресі мен ақсеркенің», «орыс бекіресі мен сүйріктің», «ақсерке мен шиптің», «орыс бекіресі мен шоқырдың» гибридтері және т.б.). Теңіздік (батпалы) торда балық өсіру шаруашылығын іске қосу кезінде, бірінші кезекте балықты азықтандырудың ерекшеліктерін анықтау мен тордың батқан кезінде оны ұлғайтуды бақылау үшін қосымша зерттеу жүргізу қажет.

Қуаныш ИСБЕКОВ,
балық шаруашылығы жөніндегі сарапшы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here