Жағда Бабалықұлы: «Біз «қатын» сөзінің қадірін білмей жүрміз»

0
5836

«Qazaq» редакциясы пошта арқылы хаттар ағылып келетін бірден-бір басылым. Оқырмандарымыздың дені Алаш арыстарын арда тұтар азаматтар. Таяуда газетіміздің тұрақты оқырмандарының бірі – Алматы облысының Алакөл ауданына қарасты Қазақстан ауылының тұрғыны Қойшыбай Өнерханұлынан хат келіпті, ауылының бір топ ақсақалдарының өтінішін жеткізіпті. Өзге оқырмандарымызға түсінікті болу үшін сол хат жолдарынан үзінді келтірелік: «Сіздер Алаш арыстары, қазақтың зиялы азаматтары туралы көптеген мәліметтер беріп келесіздер. Алаш арыстарына байланысты көптеген шындықтың ашылуына себепкер де болдыңыздар. Мәселен, Мағжанның жары Зылиханың аярлығы, арам пиғылы жөнінде газеттеріңізден оқып, жағамызды ұстадық. Қытайдан келген өнер адамдары туралы сұхбаттарыңызды қалт жібермейміз, сондықтан өз өтініштерімізді жеткізсек дейміз. Қытайдан келген зиялы қауым жайлы білетін бірден-бір кісі үлкен жазушы Қабдеш Жұмаділ ғой. Осы кісіден Қажығұмар Шабдан, Жағда Бабалық, Дәлелхан Сүгірбаев, Ақыт Үлімжіұлы, Бөке батыр туралы және Қытайдағы қазақтар туралы толық мәліметті сұхбаттар жүргізсеңіздер. Жалпы, Қытай, Моңғолия қазақтары туралы қара шаңырақта отырған қазақтар аз біледі». Біз ақсақал-оқырмандарымыздың сұрауын орындау үшін есімдері аталған жандар туралы қолымыздағы бар дүниелерді газетте жариялауды жөн көрдік. Өтініш-хат бойынша жариялағалы отырған алғашқы сұхбатымыз көзі тірісінде жампоз шежіреші, этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлынан (1917-2010) алынған. Жаһанданудың аждаһа лебі айналамызды айпап-жайпап келе жатқан бүгінгідей бейқұт заманда ұлттық дәстүрімізде жазылмаған қағидаларымыздың, асыл арналарымыздың қайнар көздері тартылып, суалғанын абыз ақсақалымыз Жағда ата ауыр күрсіне отырып әңгімелеп еді. «Түйсік-түсінігімізге түрткі болып, шуақты сәулесін түсірер» деген оймен осы сұхбатты көпшіліктің талқысына тағы бір қайыра беруді жөн көрдік.

«ӨМІРІМНІҢ 24 ЖЫЛЫ КГБ-НЫҢ  БАҚЫЛАУЫМЕН ӨТТІ»

– Қамшы сапты тірлікте көрмегеніңіз жоқ. Тағдырыңыз да қазақ тарихымен тұстасып жатқанын көреміз. Қаламның қадірін де бір кісідей білесіз. Жазу-сызуға келуіңізден әңгімеңізді бастасаңыз…
– Өзім арғы-бергі ауылдың біраз тарихын бастан өткердім. Ол кезде жаңаша мектеп деген атымен жоқ. Молда араб әрпімен усул-хадиммен оқытады, қалам да, қағаз да жоқ, ондай затты көрмесек қайдан білейік?!
Қаламның орнына қойдың жауырынын пайдаланатыным есімде. Жауырынға күйені қап-қара етіп жағып, күйе жұғу үшін кішкене майлаңқырап, сол күйінде күлге бір тығып аламыз, күйе жағылған жауырынға күл жабысады да реңі ақшылданып өзгеріп шыға келеді, ал күл артында қалып қалады. Содан ұшы үшкірлеу сіріңкеге ұқсас таяқты ұстатады, сол таяқпен жазамыз. Жазғанда арғы жағынан күйе көрінеді. Алғашқы жазуды жауырынға осылайша жазып үйренген едім.
Келе-келе ауылымызда панер тақтай пайда болды. Панердің алақандайы қолымызға түссе қатты қуанатынбыз. Әлгіні күйе мен майға бір сүйкеп алып қағып жіберсек, беті аппақ боп шыға келетін. Бертінде қара қарындаш пайда болды. Оны да саудагерлерден, ауылға келген оқығансымақтардан көретінбіз. Қағаз өте сирек болды. Ал Байтұрсыновтың емлесіне кейіннен келдік. Осы емлеге келгеннен кейін ғана дұрыс жаза бастадық. Қағазға түсіруге де мүмкіндіктер болды.
1937 жылға дейін ауылда болдым. Қой бақтым. Қазақстаннан қашып барған оқығандардан бір-екі қойды беріп жүріп төрт амалды үйрендім. Оқуға аңсарым ауып, Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласына оқуға түсу үшін ата-анамнан қашып шықтым. Сөйтсем оқуға жылдың он екінші айында барыппын, қабылдамады. Бір ағайымның көмегімен оқуға әрең іліктім. Бойым болса теректей. Жасым жиырмада. Төрт амалды білгенімнің пайдасы тиіп, бастауыштың үшінші сыныбына қабылдандым.
1943 жылы Үрімшідегі педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түстім. Сабақты жақсы оқыдым, алайда «тыныш» жүрмей «Ұлт-азаттық ұйымын» құрдым. 1944 жылы көктемде түрмеге алып кетті. Оқу жайына қалды. «Бандит» деп қол-аяғыма кісен салынды. Ұлт-азаттық күрес жолында төрт рет қамауға алыныппын. Өмірімнің 11-12 жылы абақтыда өтті. Ең соңында бес жылға сотталдым. 1961 жылы абақтыдан шыққан бойда бір аптаның ішінде «Алматы қайдасың?» деп туған жерге келдім. Егерде кетіп қалмасам, тағы да ұстап, қамауға алуы мүмкін еді.
– Баспаналы болуыңызға Хрущевтің шарапаты тиген деседі…
– Мына өзің отырған сол Хрущевтің бұйрығымен берілген үй. Ал, баспаналы болуымның өзі де бір тарих.
Алғаш елге келген жылдары баспанадан, жұмыстан қатты қиналдым. Қырға шығып қой бақтым, құрылыста істедім. Тіптен біреулердің пештерін де салып күнелттім. Сол екі арада бір адамның көмегімен «Теміржолшы» газетіне жұмысқа кіргенмін. Газет шықпайтын болып, газеттің редакторы мені пошта таситын жұмысқа тұрғызды. Айына 60 рубль аламын. Сондағы орыс тілін жетік білетін Тналин деген азамат маған: «Сен Хрущевқа баспана сұрап хат жаз. Теміржолдың басшысы генерал Задорожный пәтерді өз адамдарына ғана береді. Қонаевқа баспана сұрап мен де екі-үш рет хат жаздым, «үй берілсін» деп жауап келгенімен, басшылық баспана бермеді. Сондықтан жоғарыға жаз», – деп басшылықтың құпиясын жақсы білетінін айтты. Тналин хат дайындап берді, мен тек қолымды қойдым. Арада бір апта өтер-өтпестен Задорожный мені кабинетіне шақыртты. Кабинетіне кіргенім сол орнынан ұшып тұрып қолымды алып, жағдайымды сұрады. Басшының жылы қабылдап, қалбақтап жатқанын алғаш ұқпай тұрып қалдым. «Сізге жұмыс та, үй де дайындап қойдық», – деді. Сөйтсем жазған хатым Хрущевтің қолына жетіпті. «Орталық Комитеттің бақылауы бойынша үй берілсін» деген жауап хатта бұрыштама да көрсетіліпті. Бір жұманың ішінде баспаналы болып, «Мәдениет және тұрмыс» журналына қызметке де орналастырды. Осы қызмет орнында тапжылмастан 24 жыл отырдым. Қалай кабинетке отырдым, солай менің үстелімнің үстіне қос телефон орнатылды. Біріншісі – жұмыс телефоны, екіншісі – тұтқасы ғана бар, нөмір айналдыратын белгісі көрсетілмеген, тыңдалатын телефон еді. Бұл тыңдалатын телефон да 24 жыл бойы қарсы алдымнан жылжымады. Себебі, мен 24 жыл бойы КГБ-ның бақылауында болдым. Әр жетінің соңында, яғни сенбі, жексенбі күндері қайда болатынымды тіркеуге алып отырды. Сенбі күні қоңырау соғып: «Ертең қайда боласың?» – дейді. Мен қайда баратынымды айтып есеп беремін. Сол барған жеріме біреуі барып бақылап қайтады. КГБ екі түрлі бақылайды. Бірі – өзіңмен ашық араласады, үйіңе келіп, ананы-мынаны сұрайды, дастарқаныңды аңдиды. Оның кім екенін біле де бермейсің.
Бірде 1997 жылы менімен ашық араласатын Балтабай есімді полковниктің көшеде кездесе кеткені. Амандық сұрасып тұрып оған: «Е, Бәке, мына қазағымның аспаны, қазақтың көк туы желбіреп тұр. Мен 1961 жылдың 18 қыркүйегінде Қытайдан бері өттім. Содан 1991 жылы тәуелсіздік алғанға дейін мені 30 жыл бойы іштей де, сырттай да аңдыдыңдар. Сонда қандай қылмысым үшін аңдыдыңдар?» – дегенімде: «Сізді мен аңдытқан жоқпын. Біздің үстіміздегілер: «Бұл ұлтшыл, оңшыл, қауіпті элемент, «аңдыңдар» деді, аңдыдық. Сен топыраққа кіргенше аңди да береміз», – деді. Осындай өмір кештім, қызым.
– Сізді Таңжарық ақынды көзімен көрген деседі…
– Таңжарықты екі-ақ рет көрдім. 1945 жылы 5 сәуірде түрмеден шығып Үрімжіге, өзімнің оқып жүріп ұсталған институтыма, «достарымды көремін бе» деген үмітпен келе жатқанмын. Мұнда қар еріп жатыр екен. Аяғымдағы пимам малмандай су болды. Көшенің шығыс жағында Қазақ мәдени орталығы болатын. Сол тұстан шырқалған керемет ән естілді. Қазақ әніне елеңдегенім соншалық, лайсаң суды кешіп өте бардым. Сөйтсем, ән клубтың ішінен шығып жатыр.
Есігі айқара ашылған клубқа кірсем екі адам отыр. Кіргенімді байқағандар әнді кілт тоқтатты. Пимамның суын сорғалатып, оларға жақындап барып сәлем бердім. Бетіме үдірейе қараған біреуі: «Түрмеден шықтың ба?» – деді. Мен басымды изедім. Содан алғаш үрке қарағаны өздерін таныстырып: «Ән салып отырған Бөрте дейтін ағаң, Алтайдан. Ал мен Таңжарық дейтін ағаңмын, Іледенмін. Өзің қай жерден?» – деді. Мен жөнімді айтып болмай есіктен ұзын бойлы, мұртты, еңгезердей қара шал кіріп келе жатты. Ол кірген бойда: «Сендерді асыраймын деп әбден шаршап, өлетін болдым», – деп боқтай жүріп, дастарқан жайып, үстіне нанын, сұр жамбасын қоя бергенде Таңжарық: «Ей, былжырама, мына бала сенің туысың екен», – деді. «Бабалықтың баласымын» дей бергенімде әлгі мені құшақтай алып жылап жібергені. Кім екенін танымаймын. Сөйтсем мен көрмеген әпкемнің күйеуі екен. Әпкем қайтыс болып кеткен. «Ей, жүріңдер, біздің үйге!» – деп жездем боп шыққан кісі дастарқан үстіндегілерді қайта жинап қолтығына қысты да, үшеумізді үйіне бастады. Әпкемнің орнына алған әйеліне: «Жағда келді!» – деп жатыр. Көрпе қайдан болсын, кішкене ғана екі кісілік сырмақ төселді. Сырмаққа Таңжарық пен Бөрте отырды. Мен түрегеп тұрдым. Жездем:
«Қайтейін кедейшілік көзіңді ашпа,
Қылдың ғой жек көрінішті қарынбасқа.
Кетпейсің босағамнан бақырайып,
Жоқ па еді туысқаның менен басқа», – деп бір ауыз өлеңді төгіп-төгіп жіберді. Өлеңінің соңын Таңжарық жалғады. Таң атқанша талай әңгіменің басын қайырдық. Таң атқанша Таңжарық өлең айтты, түрмедегі жағдайларды ортаға салды.
Таңжарықты екінші рет көргенімде ашық-жарқын әңгімелесе алмадық. Бұл 1947 жыл, подполковникпін, Құлжа қаласының көшесімен келе жатқанмын. Тасқа құйрығын қойып көшеде отыр, қабағы салыңқы. Қасына жақындап барып амандастым. Сәлемімді алғанымен терең ойдың құшағында отырса керек, ойын бұза алмай кете бардым. Артынан көп кешікпей қайтыс болғанын естідім.

«1986 ЖЫЛЫ ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІНЕ ҚАТЫСҚАНЫМ РАС»

Қаһарын төгіп тұрған кеңестік дәуірде Желтоқсан оқиғасы туралы біраз деректерді хатқа түсіріп, жасырын жолдармен кейбір шет елдердің басылымдарына жолдаған жанның бірі Өзіңіз екенсіз. Осы жағын таратып айтсаңыз…
– 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқаным рас. Алаңның сыртында жүрсем де, аузымнан ұлтшылдық намыстағы көптеген сөздер шығып, жауапқа алындым. 70-ке таяған менен 18-19-20 желтоқсан күндері күніне бес сағат сұраққа алып отырды. Бірақ, қамаған жоқ. «Сен пәленшеге тіл тигізіпсің, мынаған наразы болыпсың…» – деген сияқты «айыптарды» желеу етті. Жағдайдың қалай болғанын өз көзіммен көрдім. Содан 1987 жылы желтоқсанға байланысты көптеген тың деректердің бәрін қағаз бетіне түсірдік. Осы жылы елімізге Венгрияның ғалымы, түріктанушы Иштван Мандоки Қоңыр келе қалды. Соған қолдағы деректерді жасырын беріп жібердік. Ол алдымен Венгрияның, кейін Чехияның басылымдарына жариялады. Мұны ешкім білмей де қалды.
Бірде Сәбетқазы Ақатаев телефонмен хабарласып, Жазушылар одағында үлкен жиын өтетінін, оған шет елдерден белгілі адамдардың келетінін, олардың ішінде америкалық қазақ Алмас Естековке жолығып, хатты осы арқылы беріп, сол елдің басылымдарына жариялатуымыз керектігін айтты. Алмастың маңайына жолай алмаймын, қасында адамдар көп. Дайындаған хатты газетпен орап алғанмын. Бір уақытта олар тобымен үстіңгі қабатқа тамақтануға көтерілді. Мен де іздерінен қалмай ілесіп отырдым. Кенет Алмас Естеков кілт тоқтап кері бұрылды да, әжетханаға қарай жүрді. Маған да керегі осы, әжетханаға ілесе кірдім. Хатты чемоданның бетіне салып жібердім. Ол жалт қарады. Тек қолымды көтердім де сыртқа шығып кеттім. Бұндай әрекетті жанкештілікпен жасап тұрғанымызды кім болса да айтпай-ақ түсінеді. Хатты берісімен тіке үйге тарттым. Үйдің бұрышына жақындап қалғанымда әскери екі машина екі жанымды айналып, біреуі көше жақ терезеге, екіншісі екінші жақ терезенің тұсына тұра қалды. Мен «біттім» деп ойлап, бұрыштағы қара ағашқа сүйеніп кеттім. Жалма-жан қалтамдағы үйдің кілтін алдым да, қара ағаштың түбіне көмдім. Ізімнен мені қуалап Сәбетқазы жете алмай келеді екен, оны аңғармаппын. Ол мені құшақтай алды. Шошып тұрған мен оның қолынан қағып жіберіппін. Ол сескеніп: «Не болды, не болды?» деді. «Сен осы жерде тұр, мен үйдің жанына барып келейін», – дедім. Үйдің бұрышындағы екі әскери көлік кетіп қалыпты. Жүрегім қайта орнына түсіп, кілтімді қазып алып, Сәбетқазы екеуіміз үйге кіріп, аман-есендігімізге тәубе еттік. Ол уақытта осындай нәрсемен қолға түссең аямайды ғой. Ал Алмас Естеков Америкаға барып, хатты жариялап жіберді.

«ҰЛТЖАНДЫЛЫҚ ЖӨРГЕКТЕН БАСТАУ АЛАДЫ»

Жағда ата, сөз жинауды Қытайда жүргенде бастапсыз. Бұл қасиет сол елдің құрмет ететін бір саласы болғаны ғой…
– Қытайда бізде жоқ мынадай идеология бар. Бір – Отан, бір – тіл, бір – идея, бір – мәдениет. Мұнда тек қытай елінің мүддесі жатыр. Қытай 2500 жылдан бері сирек қолданыстағы сөздерін жинап келе жатқан әрі өз тілдерін ерекше құрметтейтін халық. Тек 1956 жылы болған ішкі соғыстарда он жылға таяу сөз жинау үрдісі үзіліп қалған еді. Сол он жылдың орнын жоқтатпау үшін олар 1956 жылдан 1964 жылға дейін 264 мың адамға мемлекет тарапынан жалақы белгілеп, арнайы сөз жинатып, кеткен он жылдың орнын толтырды. Қытай мемлекеті сияқты ел аузынан сөз жинау әдістерін үйрену керек. Олар осы әдіс арқылы 2500 жылдың ішінде 5 000 000 түбір сөз жинаған. Ағылшындар болса ілгерінді-кейінді 240 000 сөз жинаған. Қазақстанда сөз жинау 1937 жылдан басталса, бір ғасырда екі жарым мың шамасында ғана сөз жинапты. Ол анық па, жоқ па білмеймін, осындай сыбыс естідім.
Тілді жинаудың екі түрі бар. Біріншісі – әдебиеттен жинау, бұл айналымдағы сөздер делінеді. Екіншісі – ауыздан жинау. Біз әдебиетте айналымдағы сөздерді ең көп пайдаланған жазушы Мұхтар Әуезов деп айтамыз. Әуезовтің пайдаланған тілі 20 000-ға жетіңкіремейді. Бұл айналымдағы оншалықты көп дүние емес, әдебиетке айналымға кірмеген сөздер қаншама әлі…
Осы арада мысал келтірейін. Үйде көбінесе инемен бір нәрсені тігіп отырғанды ұнатамын. Бірде өзімді таңдандырған істі тігіп отырып, тігісімнің атын таба алмай ойланып қалдым. Осы тігістің атауын сұрау үшін ертеңіне Есік ауданында тұратын Қытайдан көшіп келген Шайымханың үйіне бардым. Бұйымтаймен келгенімді айтып, қызы Қамарға: «Айналайын, Қамар, маған бір инені сабақтап берші», – дедім. Қамар инені сабақтап әкелді. «Менің қолымда ине мен жіп тұр. Осымен көктеймін, жүргеймін, қаримын, тепшелеймін. Осы секілді атаулардың қаншасы бар?» – деп сұрағанымда олар мұндай атаудың көп екендігін айтты. Қуанып кеткен мен дереу қағазға түсіріп алдым. Сонда осы тігістің 76 атауы бар екен. 76 атауды қағазға түсіруге үш күн уақытты жұмсадым.
Мәселен, Өзіңіз ұзақ уақыт іздеген бірер сөздердің табылу тарихы туралы айта кетсеңіз…
– 1970 жылы, «Мәдениет және тұрмыс» журналында қызмет істеп жүрген кезім. Талдықорғанның Матайларына шаруамен барғанмын. Бір қазақ үйде шай ішіп отырсам, босағада көк сауырлап тіккен көне кебіс жатыр. Босағаның іргесінде екі көзі көрмейтін зағип кемпір сыртын беріп отыр. Кебістің сол кемпірдікі екенін біліп тұрмын. Кебістің біреуін қолыма алдым да қасына таяп: «Апа, мынау сіздің кебісіңіз, сүр өкшесінде мынадай бір нәрсесі тұр. Қолыңызды тигізіп ұстап көріңізші және осының қалай аталатынын айтып беріңізші», – дедім. Кемпір кебісінің өкшесін қолымен сипалап тұрып: «Е, қарағым, бұл батқы ғой», – деді. Батқы сөзі, демек, аттың қабырғасына батырып жібересің деген түсінік екен. Сонда мен осы сөзді 27 жылда қағазға түсіріппін. Естелігіме кебістің суретін сызып, атауын көрсетіп қойдым.
Тағы бір мысал, «қаншырдай қатып» деген сөзді айтайын. Бұл көбінесе әйел атауына қаратып айтылады. «Қаншырдай қатқан қара қатын алдымнан шыға келді» дейді. Кейде атты бәйгеге қосуға дайындаған кезде де: «Қаншырдай қатып қалған екен» деседі. Демек, «қаншыр» деген не? Бұл атау туралы таяуда біреуден сұрадым. Сөйтсем, ол құс екен! Сол құсты мен бір-екі рет көргенім есіме түсті, қаншыр жыл құсы, тырна секілді мойны да, аяғы да ұзын, өзі тіп-тік отырғанда қаққан қазықтай.
Жалпы, тіліміздегі жоғалып бара жатқан кейбір сөздерді ғана қағазға түсіруге құмармын. Бүгінде қолымда 150 келі салмақтағы қолжазба тұр. Ал онда қандай тақырыптар бар екендігін ұмытып та қалдым. 270-тен астам ұлттық спорт түрін жинақтадым. Мұның өзі жас ерекшеліктеріне байланысты бірнеше салаларға бөлініп кетеді. Бір ғана қыран туралы жиған сөздерімнің өзі екі томды қамтыды.
Біз келер ұрпақ алдында, келешекке барар жолында «мынадай құндылықтар қалдырдық» деп нені ауыз толтырып айтар едіңіз?
– Ұлт болып қалыптасқанымызға ұзақ уақыт болған. Біздің тіліміз, дініміз, салт-санамыз, шаруашылығымыз, ұлттық рухымыз, мәдениетіміз, тіптен дастарқанымызға дейін ешкімге ұқсамайды. Бұлар – ұлттық байлығымыз. Әсіресе, тілге құрмет керек. Мысал айтайын, бір қазақ есігінің алдында итаяқтан ас ішіп жатқан итін қамшысымен тартып-тартып жіберіпті. Қасындағы серігі: «Ойбай-ау, оны неге ұрдың?» – дегенде үйдің иесі: «Менің тамағымды ішеді де елдің қорасына барып үреді», – деп жауап беріпті. Біз де қазір осындай халдеміз. Ұлтжандылық жөргектен бастау алады емес пе?!
Жөргек деп қалдыңыз. Осы жөргектің өзі мәселеге айналып тұр. Бүгінгі аналар перзентін жаялық жумастан тәрбиелеуге дағдыланған. Осыған не айтасыз?
– Жөргек мәселесін мен бірнеше орындарда айттым. Нәрестені шыр етіп түскенде табиғи нәрселерге орап алушы еді. Мақтаға, жібекке, теріге, жабағыға… Табиғи дүниеге оралған нәресте бүкіл он сегіз мың ғаламмен табиғи түрде циркуляция жасап жатады. Ал бүгінде нәрестенің астына дейін дайын резеңкені жайып, полиэтилен шалбарды кигізіп, аяғына резеңке аяқ киім кигізіп қоятын болдық. Осыларды киіп өскен балада қандай денсаулық болсын?! Бұл медицинаның үлкен кешірілмес қателігі. Медицина бұларға ұлттық тұрғыда назар аудармайды да.
Қытай мен Үндістанның арасындағы Гималай тауы, оны қазақтар Бұланай деп атайды, соның батыс жағын ала бір халық мекен етіп, таудың ішінде өмір сүруде. Өздері мың қарадай ғана. Солар қодаш сиыры мен қой-ешкісін бағып жүре береді, сауда жасамайды, егін екпейді, өздері түркі тілінде сөйлейді. Солардың жөргегі туралы көзімен көрген адамның айтқаны бар. Олар қойдың құмалағын келіге түйіп-түйіп алып електен өткізіп, соның ұлпасына туған нәрестені орайды екен. Мүмкін, біздің түпкі ата-бабамыздың жөргегі сол шығар, кім білсін?!
Медицина ғылымын зерттеп жүрген адамдар жөргек туралы ойланулары керек. Адамның денсаулығы үшін пайдаланылатын бүкіл заттар жасандылықтан аулақ болғаны дұрыс. Дәл осы тақырыпта әйел адамдардың кандидаттық, докторлық қорғауы керек-ақ. Жөргек тақырыбы бұрын-соңды қорғалмаған.

«ӘЙЕЛ АТАУЫ ИСЛАМ ДІНІМЕН БІРГЕ ЕНДІ»

Жалпы «әйел» атауына түсінік бере кетсеңіз…
– Бүгінде әйел қауымына қатысты айтылмаған немесе ұмыт қалып бара жатқан дүние өте көп. Алдымен әйел атауының өзін түсініп алуымыз керек. «Әйел» – араб тілінен енген «ғайал» деген сөз. Дыбыстық өзгеріске түскен. Аударғанда «құл, күң, сатып жіберуге болатын мүлік» деген мағынаны білдіреді. Өте жаман сөз. Сол «ғайал» сөзінің бетіне «бояуды» жағып жіберіп, өзіміздің меншік сөзімізге айналдырып «әйел» деп ала қойдық. Негізінде әйел адамдарды қатын деп атауымыз керек. Қандай жақсы сөз!
Тарихқа көз жүгіртелік, ертедегі көк түрік жазбаларында «қатын» деп жазылған. Бұл сөз – «ханның ақылшысы, ханның кеңесшісі, ханның берекесі, ханның қара шаңырағының иесі, сол елдің қақ жартысының иесі» деген дәрежелі ұғымды білдіреді. Алайда, оның өте құрметті сөз екендігін пайымдап жүрген біздер жоқ. Өзбек, ұйғыр, түрік, татар, болмаса өзге түркі тектес ұлттардың ешқайсысы да әйел деп атамайды.
– Ендеше, әйел атауы тарихымызға қалай, қай кезде енген?
– Әйел атауы ислам дінімен бірге енді. «Неге біз осы әйел атауына жабысып жүрміз? Бұл сөздің мағынасы дұрыс емес» деп талай мақала жаздым кезінде. Бұл атаудың сөздік қолданысымызға сіңісіп кеткендігі соншалық, оны өзгерту мүмкін болмай қалған деңгейге жеттік. Қатын сөзі құлаққа тұрпайылау естіледі дей ме? Ал әйел сөзінің қорлау сөз екендігін кейбіреулер қайдан ұқсын?
Қазақта жеті қазынаға кіретін қасиетті атаулар бар. Олар: денсаулық, ақ жаулық, бала, бес саулық, жүйрік ат, қыран бүркіт деп кете барады. Қазыналы сөзде алдымен денсаулық айтылса, екінші ақ жаулық тілге тиек етіледі. Ақ жаулық, яғни ер азаматтың алған жары, қатыны, оның өмірінің үлкен тірегі деген астарды ұғындыруда. Шаңырақтың иесі еркек емес қатын. Ол – ошағыңның сақшысы, балаларыңның анасы, тәрбиешісі.
Осы арада балалық шағымдағы бір оқиғаны айта кетейін. Қытайда тұрғанда моңғолдармен көршілес отырдық. Олар да қазақша сөйлей беретін. Бірде үйге бір топ моңғолдар келді. Сырттан аттан түспей жатып: «Бай бар ма?» – деді. Әкемді сұрап тұрғандары ғой. Жүргендердің бірі «жоқ» дегенде әлгілердің бірі: «Сары бәйбіше ше?» – деді. Шешемнің үйде екендігін естіген бойда олар: «Болды, байдың керегі жоқ» десіп үйге қарай беттеді. Осыдан-ақ үйдің иесі, оттың иесі, тамақтың иесі, қонақтың иесі қатын екенін пайымдаймыз. Бірақ, бүгінде осының қадірін білмей жүрміз.
Ел арасында бір рулы елді басқара алатындай ақылгөй аналар болушы еді. Бізде (Қытайда) бір облыстың әкімі болды. Ол бір мәселені бастағаннан-ақ: «Оны мен білмеймін, әйем біледі ғой» – деп отыратын. Әйем дегені шешесі. Бүтін бір елді әкім емес, оның шешесі басқаратын. Қандай да бір даулы, бітімгершілік әңгімелердің бәрі де шешесінің ақылымен шешімін тауып жататын. Ғажап адам еді. Сол кісінің атын білмей «әйем» деп кеттік бәріміз. Осындай адамдардың қасиетін біздер жоғалтып, бүгінде «заң біледі, милиция біледі» деген жолға түсіп алдық.
Қазақ халқы сөзге тоқтаған. Бір ауыз сөзге бір қауым ел құлақ түріп, бәрі де шешімін табатын. Қазір бәрінен жұрдай боп айырылдық. Тек «пәлен теңге, түген килограмм, километр» деген кесімді шартты сөздермен шешетін болдық. Бұл кешегі уыздай ұйып отырған халықтың берекесін қашырды. Қайран дәуір кетті…
– Демек, осының бәріне әйел кінәлі…
– Иә, ананың жоқтығынан, біз қоғамды… Қоғамда үлкен өзгерістер жасап жібердік. Өзгенің соңынан еруді әдетке айналдырып, өз салт-санамыз өзімізге қадірсіз болып қалды. Жөргектен бастау алатын ұлтжандылығымыздан айырылып бара жатқандаймыз…
Ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Қызжібек БӘКІР, «Qazaq» газеті

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Жағда Бабалықұлы 1917 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында туған. Шәуешектегі гимназияда, Үрімжідегі педагогикалық институтта оқыған. Сол жақта жүріп 1940 жылдары қазақ жастарының басын қосып, ұлт-азаттық жөніндегі астыртын ұйым құрған. Қандай қыспақта жүрсе де, ол сол кезден-ақ қазақ мәселесін көтерді. Қытайдың қатал тәртібіне көнбеген ол ақыры қолға түсіп, 1942-1944 жылдары түрмеге қамалды. Кейіннен Шәуешекке келіп күресін жалғастырды. Тіпті, сол тұстарда ол қолына қару алып, партизандық ұрыстардың алғы шебінде жүрді. Қанша рет жараланып, ажал аузынан аман қалды?! Осыдан кейін қарапайым партизаннан Шығыс Түркістандағы ұлттық армияның полковнигі дәрежесіне көтерілді. Кейін Қытай жағы оған жақсы қызметтер ұсынды. 1949 жылдан бастап Қытайда партия құрамына кiрiп, содан 1952 жылдың мамырына дейiн әскери қызмет атқарған. СУАР Ұйғыр Автономиялық Республикасының әскери сотының орынбасары қызметін, 1952 жылы Тарбағатай облысының уәлиі, яғни әкімі қызметін атқарған. Бұдан соң СУАР-дың саяси заң басқармасын Басқарған. 1956 жылы Iледегі Қазақ автономиялық округінің төрағасы болған. Әйтсе де, 1961 жылы Қазақстанға қоныс аударды. Жағда Бабалықұлын «үш әріптілер» 1991 жылға дейін бақылауда ұстаған. Шежірелі қарт, этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы
2010 жылы 93 жасында өмірден озды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here