«Qazaq» газеті көтерген мәселеге жауап келді

0
4447

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газетінің өткен №25-26 (1 025) санында ішкі істер органдарының отставкадағы майоры, мұражай қызметінің ардагері, Тараз қаласының тұрғыны Әзімбек Тілешовтің «Жәдігерге жанашырлық, құндылыққа қамқорлық керек!» атты сын мақаласы жарияланған болатын. Газетімізде жарияланған сол мақалаға Жамбыл облысы әкімдігінің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі жауап қайтарды.

«Жәдігерге жанашырлық, құндылыққа қамқорлық керек!» атты мақаланың авторы Әзімбек Тілешов Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде 2009-2020 жылдар аралығында шаруашылық меңгерушісі және күзетші қызметтерін атқарған. Өз мақаласында музейдің ғылыми жұмысына қатысты мынадай тақырыптарды қозғап отыр:

– Қобыланды батырдың Тайбурылының астау-атақыры;

– ХТЗ тракторы;

– К.И.Скрябин музей-үйінің жәдігерлерге толықтырылуы.

Қобыланды батырдың Тайбурылының астау-атақыры деген тас өзінің толық дәлелін тапқан жәдігер санатына жатпайды. Ол аңыз әңгіме шеңберінде пайда болған болжамды және көлемі жағынан өте үлкен тас болып табылады. Сонымен қатар, бүгінгі күні музей ауласында Ақыртас кешенінің бірқатар көлемді тастары жинақтаулы тұр. Музейдің ішіне кіргізе алмайтын жәдігерлерді ашық аспан асты музейі ретінде орналастыру жобамыз жасалынған. Шахристан кешенінің құрылыс жұмыстары әлі аяқталмағандықтан (брусчаткаларын қайта төсеу, шатырға күн сәулесінен электр қуатын алатын құрылғылар орнату, көгалдандыру жүйесін суландырудың құрылғыларын орнату, т.б.), жоба бойынша тиісті орнына орналастыру мүмкін болмай отыр. Алдағы уақытта музейдің құрылыс жұмыстары аяқталысымен, экспозициялық жоспары негізінде «Ашық аспан» музейі жасалынып, сол жерге белгіленген хронологиялық тәртіппен орнатылып, ақпараттық QR код орналастырылатын болады.

ХТЗ тракторы ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің пайдаланған тракторы тақырыптық бағыты бойынша «Ерлік мемориалдық» кешеніне орналасуы тиіс. Жәдігерге тиесілі орынды Жамбыл облысы әкімдігінің сәулет және құрылыс басқармасы бекітетіндігін хабарлаймыз. Аталған мәселе бойынша басқарма басшысы А. Абдешовке ұсыныс берілген және бүгінгі күні қала құрылысы кеңесінің нақты шешімін күтудеміз.

К.И. Скрябин музей-үйі 1962 жылы ашылған. Ғалым музей қорына өзінің заттарын, қол жазбаларын, құжаттары мен фотосуреттерін тапсырған. Сол жылдардан бері музей-үйі Қазақстан Республикасының қамқорлығында.

Осы үйде Константин Иванович Скрябин 1907-1911 жылдары тұрған. Әулиеата қаласында мал дәрігері болып жұмыс атқарған, әлемге танымал болған ғылыми еңбектерімен де осы үйде айналысқан.

Ұзақ уақыт бойы үзілістен кейін ғимарат 2017 жылдың қараша айында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңартылып, реэкспозиция жұмыстары жасалды.

Музей-үйінде ғалымның қызметімен, өмірімен байланысты жеке заттары, құжаттары, материалдары, фотосуреттері экспозицияда жасақталған. Музей-үйінің қорында 366 дана жәдігер бар. Ғалымның жұмыс кабинеті де қайта жасақталған.

Қазіргі таңда музей-үйінің мамандары жоғарғы оқу орындарының биология кафедралары және ветеринария зерттеу-орталығымен тығыз байланыста жұмыстар жасайды. Сонымен қатар, музей-үйінің қорына ғалымның кітаптары, фотосуреттері толықтырылуда. Музей ғимаратын күтіп ұстау бойынша жыл бойына тиісті шаралар (әктеу, сырлау, дезинфекциялық жұмыстар, тазалық жұмыстары) уақытылы жасалынып отырады.

«Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің» негізгі жұмысы – тарихи жәдігерлер мен ескерткіштерді халыққа кеңінен насихаттау болып табылатындықтан, музей қызметкерлері бұл тұрғыда көптеген істерді атқарып келеді. Нарықтық замандағы бәсекеде Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі де өз жұмысын жандандырып, жаңа әдістерге көшіп, жаңа жобаларды қолға алуда, жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Бүгінде біз музейдің ашықтығын, қоғаммен байланыстағы, мәдени мұрадағы маңыздылығын, жеке тұлғаның өнегелі рухани дамуындағы орнын айтып келеміз. Өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізінде тақырыптық-экспозициялық жоспарларды әзірлейді, жеке заттар мен коллекцияларға ғылыми сипаттама жазып, ғылыми-әдістемелік әдебиеттер, мақалалар шығарады. Мүдделі мекемелер мен ұйымдарға, оның ішінде басқа да және қоғамдық негіздегі музейлерге ғылыми-әдістемелік және ғылыми практикалық көмек көрсетіп отырады. Симпозиумдар, конференциялар, семинарлар, көрмелер және музей ісі бойынша басқа да іс-шаралар ұйымдастырады. Тарихтың айнасы болған – музей түрлі тақырыптарда шетелдерде, Қазақстанның басқа облыстары мен қалаларында, аудандарда, мектептерде, арнайы әлеуметтік мекемелерде жылжымалы көрмелер ұйымдастырады. Музей қорының жәдігерлері де жылдан-жылға артып келеді.

Алдағы атқарар жұмысымыз да халқымыздың рухани мәдениетіне, тарихына, ұлттық санасының жоғарылауына, тарихи ескерткіштерімізді, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, насихаттауға, біртұтас ұлт болып қалыптасуына бағытталмақ.

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты тарихи-өлкетану музейі жөнінде жазылған мақалаға қатысты келесіні мәлімдейді: Облыстық тарихи-өлкетану музейі ауласында «Ашық аспан» музейін жасау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда музейді толықтыру үшін Ақыртас кешенінің тастары жинақтаулы тұр. «Ашық аспан» музейіне қойылатын құнды жәдігерлер хронологиялық тәртіппен орналастырылады. Назарларыңызға экспозициялардың орналасу тәртібін ұсынамыз:

Жамбыл облысы әкімдігінің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here