ҰЛТТЫҚ МАНИФЕСТ

0
79

Елбасының мәңгiлiк елдiң асыл мұраттарын iске асырудың негiзгi тетiктерiн айқындайтын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы осыған дейiн бағытталған Жолдауларының, мемлекеттiк бағдарламалардың жалғасы iспеттес. Бұл тұғырнамалық мақала стратегиялық маңызға ие, жасампаз халқымыздың жарқын болашағын айқындайтын ойтолғам. Сондықтан бұл мақала санасы сергек, болашақты ойлайтын азаматтардың барлығына өте түсiнiктi болса керек.

Терең зер салсақ, мақаланы ұлттық идеологиялық манифест деп қабылдауға болады. Елбасы мақаласында қазақ халқы, жалпы қоғамымыз қалай iлгерiлеуi керек деген күрделi мәселелердiң тұщымды тұжырымын жасады. Бүгiнге дейiн елiмiзде саяси реформа, экономикалық даму мен өркендеу мәселесi жолға қойылғанын, алдағы уақытта солардың негiзгi ұстыны – рух мәселесiн көтеру керектiгiн айтады.

Дүниеде көптеген ұлттар осындай ұстынның жоқтығынан әркiмнiң жетегiне ерiп, адами, пенделiк адасу салдарынан жер бетiнде жойылып кеткенiн тарихтан бiлемiз. Сондықтан Елбасы айтқандай, рухани мәселелер ең бiрiншi орында тұруы тиiс.

«Күллi жер жүзi бiздiң көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлi бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгерiп жатқан дүбiрлi дүниеде сана-сезiмiмiз бен дүниетанымымызға әбден сiңiп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземiздi теңеп, иық түйiстiру мүмкiн емес. Өзгеру үшiн өзiмiздi мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуiрдiң жағымды жақтарын бойға сiңiруiмiз керек».

Бұл – халықтан қызу қолдау тапқан Елбасы тұғырнамасындағы сарабдал ой. Толғаныс пен тебiренiстен, салиқалы ойдан туған саналы шешiм. Рухани кеңiстiгiмiздiң жаһандану дәуiрiндегi жаңа бастауы.

Елбасы бұл мақсатты толық орындау үшiн «Санамыз iсiмiзден озып жүруi, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиiс» деп нақты мiндет қойды. Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталып отырған бұл идеяның ұсынылуы – уақыт талабы мен ел дамуының тарихи кезеңiне сай маңызы зор шешiм. Елбасы халқымызға өз дүниетанымын түбегейлi өзгерту жөнiнде нақты кеңес бередi. Тұғырнамалық мақаласында әрбiр қазақстандықтың мақсат-мүддесi қамтылғандықтан қоғамға серпiн әкелдi. Өзiнен гөрi ұрпақ қамын жоғары қоятын ұлтымыз алдында талай сын сағаттар күтiп тұрған елiмiздiң ертеңi үшiн жасалынып жатқан игi бастамаларды болашаққа салынған үлкен капитал деп қабылдады. Елбасы сөзiндегi «ұлттық сана», «ұлттық код» «бәсекеге қабiлеттiлiк», «ұлттық бiрегейлiк», «ұлттық прагматизм», «жаңа ұлттық әлiпби», «эволюциялық жолмен даму», «Қазақстанның жаңа есiмдерi», «Туған жерiңдi таны», «Жаңа гуманитарлық оқулық» деген ұғымдар жүрекке өте жақын қабылдануымен қатар, ұлттың ұстанымын танытады. Мақалада қамтылған жобалардың барлығы тарихи талғаммен екшеленген еңселi бастамалар.

Бұл құжат арқылы Елбасы әрбiр қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты негiзгi бағытын айқындап бердi. Сондықтан кез келген азаматтың бойынан табылуы тиiс алты қасиет және елдiк пен бiрлiкке бастайтын алты жобаның қай-қайсысы да ерекше маңызды.

Рухани жаңғыру – әрбiр жеке тұлға үшiн оның тәрбиесi, ұлттық сана-сезiмi, ұлттық рухани тамырынан нәр алған құндылықтары мен оның жаһандық өзгерiстердi бойына дұрыс сiңiруi. Сонымен қатар, қоғамның рухани жаңаруы – сананың сергек болуының кепiлi десек, Елбасы бұл мақаласында ұлттық сананы жаңартып, рухани жаңғырудың қыр-сырын тiзбектеп көрсетiп бердi. Тағылымы мол ұлттық салт-дәстүрлердi алдағы өркендеудiң берiк дiңi ете отырып, халықтың ел болып заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуiрге қадам басуына жол сiлтейдi.

Жоғары оқу орнының ұстазы ретiнде айтарым, жастардың әсiресе, студент жастардың, интеллектуалды көрсеткiштерi олардың бiлiм деңгейiмен ғана өлшенбейдi. Олардың рухани жаңғыруымен де тiкелей байланысты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – ел тәуелсiздiгiн одан әрi нығайтуда елiмiздiң жастарына арналған жол картасы.

Манифестiк мақалада Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сана-сезiм көкжиегiн кеңейтуде екi нәрсенiң басын нақты ашып бердi. Оның бiрi – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғырудың болмайтындығы. Екiншiсi – алға басу үшiн ұлттың дамуына кедергi болатын өткеннiң кертартпа тұстарынан бас тарту. Елбасымыз ұлттық сананы жаңғыртқанда қазақстандық дербес даму үлгiсiн қалыптастыруымыз керектігін айтады. Бұл – ұлттық дәстүрлерiмiздi, тiлiмiз бен әдебиетiмiздi, мәдениетiмiздi, қазақы рухымызды жаңғырту. Бұл ретте Елбасымыз әлеммен қабыспайтын кейбiр дағдылардан арылуымыз керек дейдi. Бұл заң – даму заңдылығы. Мұндағы басты идея – болашақ пен өткендi үйлесiмдi сабақтастыра бiлу.

Рухани жаңғыруда қойылып отырған маңызды мәселенiң бiрi – «сананың ашықты-ғы». Жаһандану үрдiсiндегi басты талап – әлемдiк тiлдердi игеруге ұмтылу. Бұл бiздiң ғаламдық үрдiске толыққанды араласуымызға жол ашады.

Әлемдiк озық тәжiрибе мен жетiстiктерге қол жеткiзуiмiзге мүмкiндiк туғызатыны анық. Елбасы рухани жаңғыруды жүзеге асыруда, әлемде ешкiмге ұқсамайтын дербес ұлт болуымыз үшiн «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын iске асыру мiндетiн қойып отыр. Мәдениетiмiздiң озық үлгiлерi әлемдiк деңгейде кеңiнен танылып, дүниежүзiндегi бәсекеге қабiлеттiлiгi халықаралық деңгейге сай болуы қажет.

Қоғамдағы саяси-әлеуметтiк, экономикалық жетiстiктер халықтың санасын, намысын оятып, жаңа табыстарға жетелейдi. Соңғы кезде қазақ тiлiнiң мәртебесi мемлекеттiк тiл ретiнде көтерiлiп, оның ықпалы өзiмiздiң отанымызда да, шетелдерде де өстi. Елбасы үштiлдiлiкке үлкен мән берiп отыр.

Ағылшын тiлi бүкiл әлемдiк тiл болғаннан кейiн бiз одан сырт қала алмаймыз. Дегенмен, қазақ тiлiне басымдық беруге тиiспiз. Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл ретiнде жаппай қолданылуы, жаһандану процесi ақпараттық технологиялары көшу мәселесiнiң маңыздылығын арттырады. Жас ұрпағымыз үш тiлдi болса ғана мемлекетiмiздi әлемдiк аренада ұтымды көрсетедi. Елiмiздiң әрбiр азаматына өмiрдегi шексiз жаңа мүмкiндiктер ашылады. Өмiрдiң жаңа жетiстiктерiн жастар бiрден қабылдайды және әлемдiк кеңiстiкте болып жатқан өзгерiстердi тез меңгерiп алады.

Ойымызды тұжырымдасақ, ашықтық пен жаһандық ықпалдастық жағдайында ұлттық сананы жаңғырту идеясы мен механизмдерi тұжырымдық әдiстеме мен өз бiлiмiңдi үздiксiз тереңдетiп отыруды талап етедi. Әлеуметтiк-экономикалық және мәдени дамуын қамтамасыз ететiн әрбiр ел адам әлеуетiн арттыруға барынша күш салатыны мәлiм. Елбасы мақаласы – заман тудырып отырған ойлардың алтын қазынасы. Елбасы ұсынған рухани жаңғыру бағдарламасы – оны дәйектi түрде жүзеге асыру тұрғысынан жан-жақты талқылау мен зерделеудi қажет ететiн маңызды құжат. Мақаланың барлық қағидалары қазақстандықтардың әл-ауқатын дамытумен тiкелей байланысты. Мұндай ауқымды бағдарлама ұлтты бiрiктiре түседi.

Шара ӘДIЛОВА,

Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институты

Қазақ және әлем әдебиетi кафедрасының доцентi

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here