ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА ҮШ ЖЫЛДА ҚАНША СТУДЕНТТІК ЖАТАҚХАНА БОЙ КӨТЕРЕДІ?

0
89

Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында алдағы үш жылда Шығыс Қазақстан облысында 11 студенттік жатақхана ашылуы тиіс, олар жалпы саны 4 600-ден астам білім алушыны баспанамен қамтитын болады. Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының саяси кеңес бюросының кезекті отырысында мәлім болды. Жатақханалардың төртеуі жоғары оқу орындарының, ал қалған жетеуі колледждердің студенттеріне арналмақ.

Өткен жылы Семейдегі Электртехникалық колледждің және Д.Қалматаев атындағы медициналық колледждің 350 орындық жатақханалары ашылған-ды. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бауыржан Құдияровтың мәліметінше, қазір бес жатақхананың сметалық құжаттамалары әзірленіп біткен, тек Өскемендегі көпбейінді технологиялық колледждің, құрылыс колледжінің, медициналық колледждің, Семейдегі бизнес және қызмет көрсету колледжінің, Аягөздегі политехникалық колледждің жобалық құжаттары ғана әлі аяқталмапты.

«Студенттер үйін салуға арналған жер телімдері де, инженерлік коммуникация желілері де бар, олар оқу орындарының меншігінде. Жоспарланған ғимараттар биыл емес, келесі жылдан бастап пайдалануға берілетін болады», – деді басқарма басшысы.

Осы ретте атап өтерлігі, өңірдегі жоғары оқу орындары да өз тараптарынан құрылыс жүргізуді жоспарлап отыр. Олардың жобалары әзірлену және үйлестіру кезеңінде екен. Мәселен, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ 600 орындық, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ 500 орындық және Шәкәрім атындағы Семей университеті 500 орындық жатақхана салуды көздеп отыр. Жиында аймақ басшысы, облыстық партия филиалының төрағасы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстандағы колледждер бұл бағытта жоғары оқу орындарынан озық келетінін атап, істі ширатуды жүктеді.

«Студент жастарды жатақханамен қамту – Елбасының нақты тапсырмасы екенін қаперден шығармаңыздар. Сондықтан мен Сіздерден жүйелі әрі нәтижелі жұмысты талап етемін. Жоспарға сәйкес алдағы тамыз айында барлық бес колледж құрылыс жүргізуге кіріседі. Ал жоғары оқу орындары кешеуілдеп жатыр. Сіздер үшін барлық жағдай жасалынды, енді тек міндетті орындау керек», – деп қатаң ескертті Шығыс  Қазақстан  облысының әкімі Даниал Ахметов.

Осылайша, Шығыс Қазақстан облысында Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасында» көтерілген «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» тапсырмасы орындалып жатыр.

Ержан ӘБІШ, журналист

Шығыс Қазақстан облысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here