ДОСЖАН ТАБЫЛДЫ: БАЛЕТ МАЙТАЛМАНЫ

0
729

Балет – тылсым өнер. Елімізде қазақ балетінің тұсауы 1938 жылы «Қалқаман – Мамыр» туындысымен  кесілген. Содан бері бұл өнердің дамуына қазақ әртістері де өз үлестерін қосып келеді. Бүгінде балет өнерінің биік шыңын бағындырған өнерпаздарды әлем тани бастады. Олардың арасында төрткүл дүниенің көрерменін мойындатқан жас әртістер де бар. Соның бірегейі – Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қорының лауреаты, «Дарын», «Тарлан» сыйлықтарының иегері, балет әртісі Досжан Табылды. «Qazaq» газеті бүгін 20 жасында бірнеше халықаралық байқаудың лауреаты атанып, Сеул (Суджиун өнер университеті және Корей ұлттық театры) мен Париж (United Dance Company) театрларында арнайы шақыртумен қызмет атқарған балет өнерінің майталманы, «Табылды dance» орталығының құрушысы әрі директоры Досжан Табылдының өнермен өрілген өміріне тоқталады.

БАЛЕТКЕ КЕЗДЕЙСОҚ КЕЛГЕН БАЛА

Досжан Табылды 1985 жылы 25 қаңтарда Алматыда дүниеге келген. Атасы Әдібай Табылды – жазушы, ағасы Дінмұхамед Табылды – ақын. Досжан ес білгелі жазушы атасының адамгершілігі мен еңбекқорлығын үлгі тұтып, ағасының өлеңдерін жаттап өседі. Өнерге жақын үйдің кенжесін ата-анасы да бетінен қақпайды.

Мектепте оқып жүрген Досжанның биге икемділігін алғаш хореограф мамандар байқап, оны училищеге оқуға шақырады.

«Мұның барлығы менің маңдайыма жазылған тағдыр екеніне сенімдімін. Ешуақытта балетпен айналысамын деп ойлаған емеспін. Мен балетке кездейсоқ келдім. Өзі бұзық, қара домалақ әрі томпақ 10 жасар балада қандай арман болуы мүмкін?! Бір күні Хореография училищесінен комиссия келіп, биге деген икемділігімізді бір қарап шықты. Ішінде мені таңдап алып шақырды. Алғашқы емтиханнан өте алмай, оқуға шартты түрде қабылдандым. Осының өзі менің эгома әсер етті. Сол сәтте жақсы бола түсу үшін барымды салып, көшбасшылық қасиетімді көрсеттім», – дейді Досжан Табылды.

Ойында ештеңе жоқ Досжанның балет өнеріне деген алғашқы баспалдағы осылай басталған. Ол А.В.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесіне 2003 жылы түсіп, 12 жылдық мектепті үздік аяқтап шығады.

КӘРІСТЕРДІ МОЙЫНДАТҚАН ҚАЗАҚ

Он алты жасынан бастап түрлі халықаралық конкурстарға, фестивальдерге қатысқан Досжан Табылды 20-дан аса елдің сахнасында өнер көрсеткен. Репертуары бай әртіс өнерін «Спартак», «Ұйқыдағы ару», «Бақшасарай бұрқағы», «Дон Кихот», «Сильфида», «Жизель», «Щелкунчик», «Жезтырнақ» сынды балеттерде көрсетті. Қазақ әртісінің өнеріне қызыққан шетелдіктер оны өз елдеріне жұмысқа шақырады. Талғампаз кәрістер ұлттық театрына өзге ұлттың әртісін мүлде алмайды екен. Бірақ, Досжан Табылдының өнеріне тәнті болғандықтан, қатаң қағидаларына қарамастан қазақ баласына «құда түседі».

«2005 жылы Кореяда өткен бір байқауға бардым. Сол байқаудан соң жергілікті театр тарапынан ұсыныс түсті. Кейіндеу мені Кореяның ұлттық театр өкілдері байқап, өздеріне шақырды. 2010-2011 жылдары арнайы келісімшартпен қызметке алды. Қуандым. Бір жағы таңғалдым. Себебі, мен корей халқының ұлттық театр сахнасының штаттағы әртісі болған алғашқы шетелдік болдым. Оңтүстік Корея мәдениетінің тарихына ендім. Мен сол жақта жүріп жұмыс істеген кезде Гранд опера театрымен серіктес болып, бірге дайындалдық. Айтарым, өнер ұлтқа бөлінбейді», – дейді  Досжан Табылды.

Париж бен Сеулдегі театрларда арнайы қызмет атқарған Досжан қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жақсы меңгерген. Оған қоса, испан, итальян, француз және корей тілдерін үйреніп, тілдік қорын байытпақ ниеті де бар.

БАЛЕТ ӨНЕРІ БАҒАЛЫ

Кеңес үкіметі кезінде балет әртістері 38 жаста зейнетке шыққан.  Сонда да зейнеткермін демей сахнада билеп жүретіндердің қарасы көп  болған. Әлем сахналарында 40 жастан асқан балет әртістері бар. Қазіргі уақытта ол әр әртістің шама-шарқына байланысты. Бүгінде жылдан-жылға балет театрларының труппасы жасарып, елімізде ұл балаларын балет мектебіне беретіндердің саны артқан.

«Қазақстандағы балет өнерін әлем майталмандары жоғары бағалайды. Әсіресе, жігіттеріміздің өнеріне тәнті болып жатады. Себебі, қазақтың ерлеріне тән қайсар, өр мінез сахнада да айқын көрінеді. «Балеттегі жігіттер әлсіз, әлжуаз» деген түсінікпен келіспеймін. Балет көп еңбекті, физикалық дайындықты талап етеді. Елдің бәрі жаппай балет үйренуге бармайтынын түсінуге болады. Себебі, балет – қаншалықты қызық өнер болғанымен, соншалықты қиын. Қазір халқымыздың балет өнеріне қызығушылығы әлдеқайда артып келеді. Шекспирдің «Ромео − Джульеттасын» оқымасаң, сахнадан тамашалау да қызық емес. Шығармамен таныс болсаң, балет әртістерінің әр қимылына сүйсіне қарайсың. Байқағаным, қазіргі күні театрлар қашанда көрерменге лық толы», – деген  ойымен  бөлісті   Досжан Табылды.

Балет әртістеріне кез келген жанрдағы биді билеу түк қиындық тудырмайды. Өйткені, олардың кез келген жанрдағы биге икемі болғандықтан, джаз, модерн, тіпті ұлттық нақыштағы билерді де билей алатын қабілеттері бар. Бұл өнер де күн сайынғы бапты талап еткендіктен, балет әртістерінің күнделікті 6-8 сағат уақыты дайындыққа кетеді.

ТАЛАНТТАРДЫ ДАЯРЛАЙТЫН «ТАБЫЛДЫ DANCE» ОРТАЛЫҒЫ

Хореография саласында жиырмадан астам жыл тәжірибесі бар Досжан Табылды енді өз білгенін өзгелермен бөлісіп, шәкірт тәрбиелеп жүр.

«Бүгінгі таңда мен «Табылды dance» орталығының құрушысы әрі директорымын. Егер Головкин өзінің жаттығу залын ашса, адамдар сол жерде жаттығуды жөн көретін еді. Ал балетпен айналысқысы келетін адамдар Досжан Табылдыны іздейді. Бүгінгі таңда менің 80-нен астам шәкіртім бар. Олардың барлығы – 4 және 55 жас аралығындағы азаматтар. Орталығым адамдарға ұнайды. Себебі, бұл жерде мен шеберлігімнің құпиясын бөлісемін. Сондай-ақ, олар нәтижені көздерімен көріп, іштей сезінеді. Бұл жерде адамның өзімен жұмыс істеуі үшін мотивация да бар. Табысты әрі танымал бола тұра ақымақ болған артист жоқ. Бұл білімнің барлығы үлкен еңбекпен келді. Менің хореография саласындағы тәжірибем 23 жылдан асады. Әрі осы тәжірибемді халықаралық деңгейде жүріп жинақтағаныма шексіз ризамын. Осы тәжірибемді бір теңізге жинап, шөліркеген адамдармен бөліспекпін», – дейді балет әртісі.

Бұдан бөлек, балет майталманы Досжан Табылды бүгінде мемлекеттік жобаларды қолға алып, адамзат үшін маңызды деген тақырыптарда бейнебаяндар түсірумен және жекеменшік жобалармен  айналасып жүр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әлемнің «Спартак» балетін 20 жасында сомдаған ең жас орындаушысы атанған талантты  балет әртісі Досжан Табылды қазақ балет өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдыра білген талант. Барша адамзатты өнерді ұлтқа бөлмеуге шақыратын азаматтың жеке жобаларына сәттілік тілейміз!

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here