ИСЛАМДЫҚ ҚАРЖЫ ЖҮЙЕСI БІЗГЕ ҚАЖЕТ ПЕ?

0
340

Елдiң жалпы дамуы, әсiресе экономикасының қарыштауы үшiн Елбасының қазiргi саяси-экономикалық жағдайдың тамырын дөп басатын нақты қадамдар ұсынғаны баршамызға белгiлi. Ол – «100 нақты қадам»  Ұлт Жоспары. Өз кезегiнде Ұлт жоспары 5 институционалды реформаны iске асыруға бағытталған. Осылар арқылы Елбасы Қазақстанды жарқын болашаққа бастағысы келедi. Ал, «100 нақты қадам» «Қазақстан – 2050 Стратегиясын» жүзеге асырады. Мемлекеттiлiктi нығайтып, жолдан адаспауға және күрделi жаhандық ахуалдан қиналмай өтуге берiк сенiм қалыптастырады.

Елбасы «100 нақты қадамның» 70-шi қадамында «Нұр-Сұлтан халықаралық қаржы хабына айналуы тиiс» деген тапсырманы  жүктеген болатын. Сөйтіп, 2018 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын бастады.

Енді оқырманға «Хаб» сөзiн түсiндiрiп өтейiн. «Хаб» ағылшын тiлiнен аударғанда «қандай да бiр жүйенiң торабы» деген мағына бередi. Жоспар бойынша Елорда Қазақстанның қаржылық орталығы, содан кейін Орталық Азияның қаржылық хабына айналады. Бұл елдiң бүгiнгi қаржы орталығы Алматы қаласының мәртебесiне еш кедергiсiн келтiрмейдi.

Астана халықаралық қаржы орталығы Дубай үлгiсiнде құрылды. Дубай халықаралық қаржылық орталығы 2004 жылы құрылған. Қазiргi күнi әлемдегi дамыған 20 қаржылық орталықтың қатарына кiредi.

Жалпы алғанда, әлемде 80-нен астам халықаралық қаржылық орталық жұмыс iстеуде. Оның iшiнде Лондон, Нью-Йорк, Торонто, Токио, Сингапур, Гонконг секiлдi қаржылық орталықтары жетекшi орын алады.

10 жыл төңiрегiнде Дубай халықаралық қаржылық орталығы да биiк сатыға көтерiлiп, Парсы шығанағы мен Африканың қаржы нарықтарын игердi. Аталған факторлар Астана халықаралық қаржылық орталығын (AIFC) дамытуға мүмкiндiктер бередi.

AIFC мақсаты – ТМД, Еуропа және Азия елдерiнен халықаралық инвестицияларды тарта отырып, заманауи қаржылық орталықты қалыптастыру. Жалпы алғанда, AIFC қызметi елiмiздiң ЖIӨ-нiң артуына себепшi болады. Үкiмет пен Ұлттық банктiң болжамдары бойынша 2025 жылға қарай AIFC қызметiнен ЖIӨ-ге түсетiн кiрiс 40 млрд. доллар шамасына жетуi мүмкiн.

Астана халықаралық қаржы хабы бастапқы кезеңде бiрнеше өзектi стратегиялық бағыттар бойынша дамымақ. Мәселен, капиталдың көмегiмен iшкi нарық белсендiлiгi күшейтiледi. Ол өз кезегiнде мемлекеттiк қазынашылық облигацияларды шығаруға және орналастыруға ықпал етедi. Капитал нарығында белсендi ойын-шы ретiнде Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының рөлiн арттыруға негiз пайда болады.

Елбасының Жарлығымен Астана халықаралық қаржылық орталығы деңгейiндегi қаржылық-инвестициялық мәселелердi шешу үшiн сот процесi ағылшын тiлi мен англосаксондық құқықтық жүйеге негiзделген қаржылық сотты құру қарастырылған.

Иә, әлемде бiрнеше құқықтық жүйелер бар. Англосаксондық, континенталдық және шариаттық жүйелер. Англосаксондық құқықтық жүйенiң таңдалуына халықаралық қаржы нарығының негiзгi қатысушылары Солтүстiк Америка (АҚШ, Канада), Ұлыбритания, Гонконг, Сингапур, Австралия, Жаңа Зеландия елдерiнiң осы жүйеде болуы себеп. Iрi халықаралық қаржы нарығының ойыншылары англосаксондық құқықтық жүйемен жақсы таныс және оған толықтай сенедi. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа дейiн әлемдегi жетекшi халықаралық қаржылық орталық Лондон болды. Оған себеп, Ұлыбританиядағы капитализм дамуының жоғары деңгейi едi. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн қаржы айналымындағы жетекшiлiк АҚШ-қа ауысады. АҚШ-тың жетекшiлiгi 60-шы жылдарға дейiн жалғасты. Одан кейiнгi кездерде жетекшi қаржы орталықтары Батыс Еуропа мен Жапония елдерiнде де қалыптаса бастады. Еуропа елдерi бiр одаққа бiрiккен соң өздерiнiң қаржылық орталықтарын қалыптастыруға тырысты. 1999 жылы айналымға ортақ валюта – евроны енгiзгеннен бастап қор нарығының көлемi бойынша АҚШ-тан кейiн екiншi орынға көтерiлдi. Бұл, өз кезегiнде, қаржылық қауiптiлiктердi азайтты. Ал, шығыста Жапония елi де әлемдiк шаруашылықтағы өз позициясын жақсарта отырып, Токионы халықаралық қаржы орталығына айналдыра бiлдi.

Бағдарламаның 71-шi қадамында Қазақстан экономикасына исламдық қаржыландыру жүйесiн кiрiстiру көзделген. Бүгiнде бұл жүйе бүтiндей экономикалық байланыстарға және әлемдiк шаруашылыққа зор ықпалын тигiзуде. Көптеген елдер қаржы секторы мен нақты сектор арасындағы алшақтықты жоюда ислам банкi тәжiрибесiне сүйенуде. Сондықтан бiзде де исламдық қаржы институттары мен құралдарын және араб капиталын ел экономикасына тарту арқылы Қазақстан нарығын жаңғырту қажеттiлiгi туындады. Бұл жүйе әлемде қалыптасып қалған дәстүрлi қаржы құрылымына балама ретiнде қарастырылады. Сондықтан батыс және шығыс елдерiн ислам экономикасындағы қаржы құралдары ерекше қызықтырады. Оның үстiне бүгiнде исламдық қаржы жүйесiндегi тың идеялар мен қағидаттар теория жүзiнде қалып қоймай, нақты тәжiрибе арқылы көрiнiс табуда. Ең бастысы, ислами қаржы институттарының жұмысы шариғат заңдарына қарсы келмеуi тиiс. Әлемдiк қаржы-экономикалық дағдарыстың зардабын тартып жатқан көптеген елдер исламдық қаржы жүйесiн таңдай бастады. Әсiресе, батыс елдерiнде өтiмдiлiктiң төмендеуiнен дағдарыстың орын алуы мұнайлы мемлекеттер қаржысына қызығушылықты оятып отыр. Алайда, араб елдерiнiң капиталына қол жеткiзу үшiн исламдық қаржыландыру әдiстерi мiндеттi түрде қолданылуы шарт. Дегенмен, әлемде болып жатқан қаржылық-экономикалық дағдарыс исламдық құнды қағаздардың бағасы мен өндiрiс көлемiн төмендетiп жiбердi. Соның салдарынан араб елдерiнiң экономикасы бiршама деңгейде әлсiредi. Бiрақ, батыс елдерiндегiдей күрделi сипат алған жоқ.

Қаржылық дағдарысқа дейiн араб мемлекеттерi өз ақшаларын Еуропа мен Америка нарықтарына пайда табу мақсатында жұмсайтын. Алайда, алыпсатарлық пен алаяқтық көрiнiстер соңында әлемдiк қаржы нарығын дағдарысқа әкеп тiредi.

Экономика – адам организмi iспеттi. Егер адам бойындағы қан азайса немесе көбейсе ауруға ұшырайды. Сол секiлдi экономикада да қаржылық тепе-теңдiк сақталуы тиiс. Осыны түсiнген араб мемлекеттерiнiң өзi қазiр исламдық қаржыландыру жүйесiне көшуде. Сол үшiн қаржы ресурстарын өздерiнiң инфрақұрылымына және дамушы елдер мен ТМД мемлекеттерiнiң экономикасына инвестициялауда. Соның арқасында қарыздық келiсiмдер азайып келедi. Бұл, әлбетте, ислам экономикасын тұрақтандыра түсуде.

Жалпы, ислам экономикасында қарыздық келiсiмшарттар үлкен мәселеге жатпайды. Өйткенi, барлық қарыздық келiсiмдер тауар немесе қызметтермен қамтамасыз етiлген. Нәтижесiнде экономикалық тепе-теңдiктi бұзатын алыпсатарлық әрекеттерге жол берiлмейдi.

Қазiргi уақытта исламдық қаржылық құралдар коммерциялық және өндiрiстiк қызметтердiң барлық түрлерiн қамтиды. Ал, ислам банкингi қаржы секторының ажырамас бiр бөлiгi саналады.

Қорыта келгенде, Елбасының «100 нақты қадамы» қоғам дамуының сан алуан салаларын қамтиды. Ұлт жоспары нәтижелi iске асса, елiмiздi жарқын болашақ күтiп тұр.

Құқташ ҚАЛЫҚҰЛОВ, экономика ғылымдарының кандидаты,

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here