Эмомали Рахмонның ұлы 2020 жылы Тәжікстанның тізгінін қолына ұстай ма?

0
4609

Авторитарлық, диктатуралық жүйе халықтан гөрі шенеуніктер мен бай-бағландарға тиімді. Өкінішке қарай, ХХІ ғасырға аяқ бассақ та, әлем елдерінің көпшілігінде демократиялық басқару құрылымы толықтай орнай қоймады.  Әсіресе, демократияның салтанат құрмауы кешегі Кеңестер Одағының құрамында болған кейбір посткеңестік елдердің бас ауруына айналды. Бүгінгі Тәжікстанның да саяси бағдары демократиядан алыстап, диктатурадан монархияға қадам басудың аз-ақ алдында тұрғаны байқалады. Рас, Тәжікстан президентінің мұрагерлігіне үмітті елді 1994 жылдан бері басқарып келе жатқан Эмомали Рахмонның 31 жастағы ұлына әлем жұртшылығы көз тігуде. Сонымен, «Qazaq» газеті бүгін 30 жасында Тәжікстан астанасы Душанбенің тізгінін қолына ұстаған Рустам Эмомалидің саяси мансабына тоқталады.

ЭМОМАЛИ РАХМОН БИЛІККЕ ҚАЛАЙ КЕЛДІ?

1991 жылы 9 қыркүйекте КСРО-дан азаттығын алған Тәжікстанға тәуелсіз мемлекет болу оңайлыққа түспеді. Тоқсаныншы жылдары Мәскеудің уысынан шыққан өзге елдер экономикалық дағдарысты ғана басынан кешірсе, Тәжікстан экономикалық құлдыраумен бірге бес жылға созылған азамат соғысының ауыр зардабын да қоса тартты.

1991 жылғы 24 қарашадағы президенттік сайлаудың нәтижесі бойынша Рахмон Нәбиев Тәжікстан Республикасының президенті болып сайланды. Сөйтіп, билікке келген тұңғыш президент елде демократия орнату үшін жұмыстар жүргізе бастайды. Дегенмен, Рахмон Нәбиев қалыптастырған демократиялық жүйенің құндылықтары, яғни сөз бостандығы, саяси еркіндік, халықпен ашық диалог президентке кері әсерін тигізді. Себебі, оппозициялық күштер мемлекеттегі мұндай «жеңілдіктерді» өз пайдасына жарата білді. Басылым беттерінде, шерулерде Нәбиев билігін сынға алып, халықты ұлы күреске шақырды. Оппозициялық топ Нәбиевті демократияны желеу етіп, кеңестік идеологиядан арылмаған, ислам құндылықтарына зиянын тигізетін басшы ретінде айыптады.

Осылайша, билік пен оппозицияның арасындағы қақтығыс азамат соғысының тұтануына алып келді.

1992-1997 жылдары болған азамат соғысында 100 мыңнан астам адам қаза тауып, 900 мың адам босқынға айналды. Содан азамат соғысы кезінде президенттік сайлау (1994) өткізіліп, 42 жастағы Эмомали Рахмон билікке келді.

Иә, жаңа тәжік басшысы билікті уысынан шығармау үшін біршама тер төкті. 1999, 2006 және 2013 жылдары мерзімінен тыс сайлау өткізіп, айқын басымдықпен қайта сайланып отырды. 1999, 2003 жылдары халықтық референдум өткізіп, президенттік өкілеттілігін 4 жылдан 7 жылға дейін ұзартып алды. Ол аз болғандай 2006 жылы Конституциялық кеңестің шешімімен сайлауға қалағанынша қатысу құқығына ие болды.

ПРЕЗИДЕНТ АТА ЖАУЫНЫҢ ТҮБІНЕ ЖЕТТІ МЕ?

Эмомали Рахмон маңына айтқанына көнетін, айдауына жүретін «ләппай тақсырларды» топтастырды. Өзінің билігін нығайту үшін қарсы келген оппозиция өкілдерін басып-жаншыды. Түрмеге жапты. Мәлімдемелерінде қарсыластарын «лаңкес, радикал» деп айыптады.

Тәжік билігіне елеулі  қарсылық  көрсеткен  оппозиция өкілі – бұрынғы тәжік полиция бастығы Гулмурод Халимов. Ол Эмомали Рахмонға саяси пікірін ашық айтқандығы үшін қуғынға ұшырады. 2015 жылы саяси қашқын атанған полковник Сириядағы «Ислам мемлекетінің» содырларымен бірігіп, Тәжікстан шекарасына қауіп туғызатын әскери әрекеттер жасап отырды. Тәжікстан шекарасына 80 шақырым жердегі Ауғанстанның Бадахшан облысындағы Мунджон ауданында әскери позициясын орнатты. «Ислам мемлекетінің» жүргізген түрлі әскери қақтығыстарында белсенділік танытты. Тәжікстанға саяси қылмыскерін қолға түсіру оңайлыққа түспеді. Оны ұстау үшін Ресей мен АҚШ арасында бірнеше келіссөздер жүргізді. Ал, қарулы күшке ие болған Гулмурод Халимов Тәжікстанның саяси қашқындарын жанына жинап, биліктің олқылықтарын әлемге жариялаумен болды. 2015 жылы Душанбе оған «Мемлекетке қауіп төндірді», «Ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты», «Тыйым салынған заңсыз әскери қимылдар жасады» деген айыптар тағып, халықаралық іздеу салды. Вашингтон 2016 жылы Халимов туралы ақпарат берген адамға 3 млн доллар сыйақы тағайындады.

НАТО, АҚШ, Тәжікстан және Ресей әскерилері тоғыз ай бойы Халимовтің ізіне түсіп, ақыры шабуыл жасады. Нәтижесінде, 2017 жылдың сәуірінде  британдық «The Times» басылымы Халимовтің әуе шабуылы кезінде Ирактың батысындағы Мосул елдімекенінде қаза болғаны жайлы ақпарат таратты. Сол жылдың қыркүйегінде Мәскеу Халимовтің Сирияның  Дайр-эз-Заур қаласында өлтірілгенін мәлімдеді. Дегенмен, Вашингтон бұл хабарларға сенімсіздік танытты. Вашингтонның пікірімен Душанбе де келіседі. Содан Эмомали Рахмон ата жауын Интерполмен іздестіруді әлі жалғастырып келеді.

КЕЛЕСІ ПРЕЗИДЕНТ РУСТАМ ЭМОМАЛИ МЕ?

Кейбір сарапшылардың пікірінше, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өз ұлы Рустам Эмомалиді мұрагер етуге күш салуда. Енді әлем назарын өзіне аударған мұрагердің кім екеніне тоқтала кетейік.

Рустам Эмомали 1987 жылы Куляб ауданына қарасты Дангара ауылында дүниеге келді. Ол Тәжікстанның, Ресейдің, Германияның жоғарғы оқу орындарында заң және әлеуметтік-құқықтық салалар бойынша білім алды. Саяси мансабын 2006 жылы бастаған президенттің ұлы Тәжікстанның түрлі лауазымды қызметтерін атқарды. Ал, Тәжікстан Республикасы президентінің, яғни әкесінің 2017 жылғы 4 сәуірдегі қаулысымен 831 мың халқы бар Душанбе қаласының мэрі болып тағайындалды.

Қазіргі президент ұлы жайлы өзінің ұстанымын 2016 жылы ашық көрсете бастады. Сол жылы Душанбеде өткен Ауғанстан, Пәкістан, Ресей басшыларының кездесулеріне ұлын да қатыстырды. Әрине, Рустам ешқандай құжатқа қол қоймады, белсенділік те танытпады. Бірақ, ол келіссөз барысын бақылап отырды. Аталған жиынға ол Тәжікстан жастар одағы Төрағасының орынбасары ретінде қатысса да, бұл президенттің ұлын одақтас елдің басшыларына мұрагер ретінде алғаш таныстыруы еді.

Жас саясаткердің саясатқа араласуын қос қолдап қолдаған шенеуніктер де табылды. Мәселен, Соғды облысының мэрі Әбдіхалық Шәріпов: «Жастардың саясатқа араласуын қолдаймын. Ол президенттің ұлы болсын, қарапайым жұмысшының ұлы болсын, егер жас саясаткер дарынды болса, біз ондай жастардың билікке келуіне қолдау білдіруіміз керек. Сондықтан Рустамның саммитке жастар ұйымының атынан қатысуы заңды құбылыс», – деп ағынан жарылды.

Тәжікстан социал-демократиялық партиясының төрағасы Рахматулло Зоиров Әбдіхалық Шәріповтің бұл пікірімен мүлдем келіспейтіндігін ашық білдірді: «Рустам Эмомалиді саясаттағы феномен деп айта алмаймын. Себебі, оның саяси мансабындағы жетістіктері әкесінің қолдауымен болған дүниелер екендігі баршамызға мәлім. Ол жастар ұйымының өкілі ретінде саммитке қатысса, онда неге сол саммитке төрағаның өзі бармады? Не үшін оның орынбасары қатысу керек? Мен елімізде әулеттік басқару дәстүрі орнайтынынан қауіптенемін».

Иә, оппозиция өкілінің айтқаны айдай келді. Айталық, 2018 жылы президент ұлына тағы бір сый дайындады. Елде дүрбелең туғызған жағдай да осы еді. Конституциядағы президенттік сайлауға қатысты баптағы үміткерлердің сайлауға 35 жастан бастап қатысу туралы заңды «30 жастан бастап қатыса алады» деп өзгертті. Логикаға салатын болсақ, бұл Эмомали Рахмонның 2020 жылы болатын президенттік сайлауға ұлын дайындап жатқандығын көрсетеді. Яғни, келесі жылғы сайлауда президенттің ұлы 32 жасқа толады.

Эмомали Рахмонның 9 перзенті (7 қыз, 2 ұлы) бар. Президенттің үлкен ұлымен қатар үлкен қызы да саясаттағы мансабын (әкесінің арқасында) абыройлы жалғастырып келеді. 41 жастағы Озода Рахмон – Президент әкімшілігінің басшысы.

ӘКЕСІ ЖАҚСЫ ҚАНДАЙ-ДЫ…

Әкесінің лауазымына арқа сүйеп үйренген Рустам Эмомали оғаш қылықтарымен де ел назарын өзіне аударып отырады. Президент ұлының тұлға ретінде қалыптасуына қолдау білдіріп жүрсе де, кей кездері Рустам әке абыройына нұқсан келтіретін әрекеттер де жасады. Мысалы, 2011 жылы Ресей Федерациясындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алып жүрген Рустамды әкесі көп уақыт өтпей Мәскеуден алып кетті. Оған басты себеп тұңғыш ұл уақытын «Корстон» казиносында өткізіп, қомақты қаражатты желге шашқаны болды.

Сонымен қатар, Рустам Эмомали тек саясаткер, білімпаз, құмар ойын ойнаушы ғана емес, ол мықты спортшы да. Тәжікстанның ұлттық футбол құрама командасының негізін қалаушылардың бірі. Рустам Тәжікстан футбол командасының ең үздік шабуылшысы болып саналады. Оның жасаған шабуылының барлығы да голмен аяқталып отырады. Себебі, президент ұлының шабуылын тойтарып, добын тартып алуға ешкімнің де дәті бармайды.

2009 жылдың көктемінде президент Эмомали Рахмон кезекті бір жиналысында халықты кедейшіліктен құтқару үшін халықты астатөк той жасамауға шақырды. Салтанатты мерекелер өткізуге тыйым салынды. Дәл сол жылы маусым айының соңында Рустам «Тамақ өңдеу» кәсіпорнының басшысының қызына үйленді. Президент тапсырмасымен ысырапшылыққа орын бермей, тойға бар болғаны 150 қонақты ғана шақырды. Министр мен депутаттар да қарап қалмады. Оппозициялық белсенді Дододжон Атовуллоев «Время новостей» газетіне берген сұхбатында министрлер, депутаттар, кәсіпкерлер Рустамға қымбат көліктер сыйлағандығын айтты. Және де теледидардан «Камаз» жүк көлігімен әкелінген қалыңдықтың туыстарының тонналап азық-түлік әкелгенін көрсетті. Осылайша, Рустам Эмомали өз тойы арқылы тәжік халқына «қарапайымдылық» пен «үнемшілдіктің» «ерен үлгісін» көрсетті.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Диктаторлық билік орнаған Тәжікстанның хал-ахуалы айтарлықтай мәз емес. Дегенмен, «Бетеге кетіп бел қалар, бектер кетіп ел қалар» демекші, посткеңестік елдердің көпшілігіне тән індеттің бір емі табылары сөзсіз. Өйткені, қандай да бір тұлғаның шексіз билік жүргізгені тарихта кездеспеген. Билік кетеді, халық қалады.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here