ТІЛ ТҰҒЫРЫ – ҰЛТ ҒҰМЫРЫ

0
284

Еуразияның кіндігінде орналасқан еліміз талай ұлт пен ұлыстың бейбіт мекеніне айналған. Бейбітшілік пен татулықтың арқасында еліміздің мемлекеттік басқару моделі  көптеген  халықаралық  ұйымдарға  үлгі. «Тілі басқа – тірегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір»  деген  теңеу біздің көпұлтты мемлекетке ғана сай келеді. Тілі мен нәсіліне  қарап,  шетқақпай қылу қазақы мәдениет үшін жат қылық. Естеріңізде болса, Қазақстандағы  тіл  мәдениетінің  қарыштауы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тілдерді дамыту мен  қолданудың  2011-2020 жылдарға  арналған  мемлекеттік  бағдарламасын  бекіткен  болатын. Аталмыш жоспар үш кезеңнен тұрады: 2011 – 2013, 2014 – 2016 және 2017 – 2020 жылдар.

ҮШ ТІЛДІЛІК – ҮШ ТҰҒЫР

Қостанай облысында этнос аралық қарым-қатынас пен әр ұлттың тілін дамыту мақсатында алуан түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, жылда мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тіліндегі қабілет-қауқарын тексеруге арналған тіл додасы ұйымдастырылса, соңғы жылдары дәстүрлі байқауға айналған «Мисс этно – Қостанай»  сайысын  атап өтпеске болмас.

«Шынымды айтсам, бұл байқауға әлдебір жүлдені еншілеу  үшін  қатыспадым.  Негізгі  ойым басқа ұлттың тілін, мәдениетін жақынырақ білу еді. Расында да, әзірлік барысында грек елінің мәдениетіне шомып, тіпті, біздің өңірдегі аталмыш ұлт өкілдерін тауып, олармен арнайы сырластым. Дайындаған бағдарламамды алдын ала тексертіп алдым. Байқағаным, адам қай тілді, қандай мәдениетті болсын тез үйренуге бейім екен, тек талпыныс пен ынта болуы шарт», – дейді «Мисс этно – Қостанай» байқауының 2017 жылғы жеңімпазы Марина Зновина.

Жүлдегерлер арасында Анастасия Леонова «Бірінші вице-мисс этно – Қостанай» атауына ие болды. Бұл қатысушы орыс ұлтын таныстырды. Шығармашылық кезеңдегі әзірлігі әр көрерменнің жүрегіне жеткені аңғарылды.

«Орыс ұлтын таныстыруда ешқандай қиындық болған жоқ десем, өтірік айтқаным болар. Неге десеңіз, өз басым сахнаның адамы емеспін, көпшілік алдында өнер көрсетуден қорқатыным бар еді. Сол секем көңілімді жеңе білдім. Айтайын дегенім, біздің елде қай ұлттың болмасын тілін, мәдениетін меңгеремін дегенге барлық мүмкіндік бар. Себебі, біздің ел – көпұлтты», – дейді Анастасия Леонова.

Байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша, доданың жоғары деңгейде өтуіне облыста шоғырланған этно-мәдени орталықтардың септігі тиген.

Қостанай облысындағы тілдердің дамуы мен қолданылуына Тіл дамыту орталығының қосып жатқан үлесі орасан. Аталмыш ұжымның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметкерлер арасында қазақ тілін білу деңгейін арттыру. Мамандар мәлім еткендей, орталықтың көмегіне орта жастағы тұрғындар көптеп жүгінетін көрінеді. Сондай-ақ, мұнда әзербайжан, украин, поляк және басқа да тілдерді оқуға мүмкіндік қарастырылған.

БҮГІНГІ КҮННІҢ ОНОМАСТИКАСЫ

Бұрнағы жылдары Қостанайда «Азат елдің ономастикасы – мемлекетіміздің рухани қазынасы» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Іс-шараға Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ мұрындық болған. Жиынға Астана, Көкшетау қалаларының тілдерді дамыту басқармасы басшылары мен облыстың тарихшылары, филолог ғалымдары, сала мамандары қатысып, баяндамалар жасады. Маңызы ерек басқосуда маңғаз ойлар мен ұтымды ұсыныстар лек-легімен айтылды. Солардың бірсыпырасына тоқтала кетсек.

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдіуәлиұлы: «Ең алдымен айтарым, ауылдардың атауларына қатысты. Қалаға үдере көшу салдарынан бірталай ауылдарымыз қаңырап бос қалды. Көптеген ауыл атаулары өзгертілген еді. Солардың бәрі далада қалды. Енді не істейміз? Сол атаулар ауылдармен бірге жоғалып кете ме? Жүздеген жылдар сақталған әр атауда ұлттың болмысына, таным-түсінігіне қатысты ақпараттар бар. Осындай құндылықтарымыз далада қалатын болды. Содан кейін ономостикаға мән беріп, даладағы атауларды қалаға әкелу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Нұр-Сұлтанға барсаңыздар, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Сарайшық сияқты тарихи атауларды кездестіресіздер. Міне, осылайша тарихпен сабақтастық басталған. Қазақ еліндегі ономастиканың даму динамикасы дегенде, осындай жақсы бастамаларды айтқанымыз дұрыс. Бір кездері «атамның аты – ауылға, көкемнің аты – көшеге» деген тіркес пайда болды. Жұрттың бәрі кеңшарда директор болған немесе қызмет істеген атасының есімін сол жерге беруге жанталасып бақты. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде бұл үрдіс белең алып кетті. Бірақ, қазір ономастика саласының мамандары мен өлкетанушылар айта берген соң ол саябырсыды. Енді тарихи атауларды қайтару мәселесі туындап отыр. Қарап отырсақ, бұл процесс сананың өзгеруімен, эволюциялық жолмен келетін дүние екен. Мысалы, Қытайда жүздеген жылдар өтсе де, қазақ жерлерінің атауларын ешкім қозғаған жоқ. Сол қалпында тұр. Яғни, олар адам санасының өзгергенін тосып отыр. Уақыт талаптары, заман үдерісі өзгергенде адам да сол мемлекеттің ыңғайына қарай бейімделеді. Ресейде де осындай жағдай. Демек, сананың өзгеруімен келетін нәрсеге асығуға болмайды. Әйтсе де, осы мәселелерді зерттеп, қарастырып келгенде, бұл бағыттағы жұмыстар дұрыс, сауатты жоспарлануы керек. Бізде ономастикалық атаулардың электрондық базасын atau.kz сайтынан көруге болады. Алайда, онда толық емес. Бұл мәселеге көбіне оңтүстік өңірлер ден қойып отыр. Тиесілі мамандардан сұрайтыным, өзгертілген атауларды сол сайтқа енгізіп отырсаңыздар екен. БҰҰ жанында ономастикалық қауымдастық бар. Құрамына көптеген елдер кіреді. Біз оның мүшесі емеспіз. Бірақ, мүшелікке ену – ғалымдар назарында, жиі көтеріліп жүр. Менің айтатыным, латын әліпбиіне көшкелі жатырмыз, атауларды біріздендіру, оған ұлттық сипат беру мәселесі әлі шешілген жоқ. Сондықтан оған асықпаған жөн. Бұған мүше болу бізге не береді? Мысалы, бізде туризм аймақтары бар. Осылардың атаулары бірдей, бірізді жазылуы керек. Сонда шардың арғы бетіндегі немесе Азияның бір қиырындағы адам сол жерді картадан іздеген кезде оңай табады. Осылайша, ономастиканың экономика жағынан да тиімділігі бар. Республикалық ономастика комиссиясының уақытша мүшесімін десем болады. Комиссия отырыстарында бір білгенім, облыстардан келіп түсетін ұсыныстар өте көп. Өткізілу жиілігі сол ұсыныстарға байланысты. Бұл жерде бір айта кететінім, комиссия қарауына келіп түсетін ұсыныстар жылдан-жылға ұсақталып барады. Кісі аттарын қою жиірек белең алып тұр. Ол кісілердің көбі белгілі бір ауданның төңірегінде ғана мәлім болғандар, ал республикалық комиссия оның бәрін біле бермейді. Комиссияның қош көретіні – атаулардың «төменнен жоғары» емес, «жоғарыдан төмен қарай» түскені. «Жоғарыдан төмен түссе» – бүкіл республикаға танымал, еңбегі орасан адамның аты ұсынылар еді. Екіншіден, ертеңгі күн ауданға ғана аз-мұз қызмет еткен адамды жоққа шығарып жатса, тағы ұят болады. Сондықтан, жалпыхалықтық мойындалған тұлғалардың есімін берген дұрыс», – деп санайды.

Айта кетейік, күні кеше Таран ауданы Бейімбет Майлиннің есімін алды.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ОБЛЫСТАҒЫ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?

Қазақстанның солтүстік өңірлеріне келгенде қазақ тілінің насихатталуы өзекті мәселе. Рас, өзге ұлттарды айтпағанда, ұлттық тілімізде емін-еркін көсілетін қара көздердің көрсеткіші қанағаттанарлық деңгейде емес. Алайда, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Екі мыңыншы жылдардың басында солтүстік аймақтардағы облыс орталықтарында қазақша шүйіркелесе қалғандарға үрке қарайтындар болатын. Ал қазір жағдай мүлдем өзгерген.

Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта Қостанай облысында қазақтардың үлес салмағы 38 пайызды құрайды. Соның ішінде ана тілінде емін-еркін ойын жеткізе алатындардың көрсеткіші 15 пайыздан жоғары. Ал славяндық этнос өкілдері 50 пайыздан асып жығылады. Әрине, облыста мемлекеттік тілдің ахуалын жақсарту бағытында әлі де көптеген жұмыстарды жүзеге асыру ауадай қажет. Қазіргі уақытта қазақ тіліне деген тұрғындардың ынтасы арта түскені аңғарылады.

Осы ретте Қостанай облысындағы «Тіл дарын» клубының мүшелерімен жүздестік. Барлығы өзге ұлт өкілдері болып шықты. Мемлекеттік тілді білу деңгейлері көңіл марқайтады.

«Тіл дарын» клубының жұмыс істеп келе жатқанына біраз уақыт болды. Оның құрамына әр сала мамандары енеді. Өз басым, қазақ тілінің келешегі зор екеніне сенімдімін. Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік тілде емін-еркін сөйлейтін орыс немесе басқа ұлт азаматын көрсе, барлығы таңырқай таңдай қағатын. Қазір, меніңше, бұл таңданысты артта қалдыру керек.  Түрі,  нәсілі  басқа қазақстандықтың қазақ тілінде сөйлеуін қалыпты жағдай деп қабылдау керек. Таңданудың түк те қажеті жоқ. Оған қоса, Елбасының тапсырмасымен, кез келген ұлт өкілі өзінің ана тілінде сөйлеуге құқығы бар, әр этно-мәдени орталықта ана тілдерін оқыту курстары жұмыс  істейтінін  де  ескерген  жөн», – дейді «Тіл дарын» клубының мүшесі Алла Чечеткина.

Түптің түбінде қазақ тілі ұлттық болмыстың қазық-қайнары ғана болып қоймай, тұтас мемлекеттік идеологияның бағдарлаушы күшіне айналуы тиіс. Мұны әр қазақстандық ұғынуға міндетті.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қызметі мен қолданысын қамтамасыз ету. Рас, мемлекет тарапынан мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіру мақсатындағы игі істердің күн санап артып келе жатқаны жасырын емес. Түптеп келгенде, бұл қалыпты жағдай болуы тиіс. Өйткені, қай елде болмасын, мемлекеттік тіл ерекше басымдыққа ие. Ал, басқа ұлт өкілдері сол тілдің төңірегіне жұдырықтай жұмылуы керек. Егер тілдің қатынас құралы екенін ескерсек, біздің елімізде қазақ тілі сол функцияны атқаруы тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімнен айтсақ, «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын ұйыстырушы  фактор болуы керек».

Нұрқанат БҰҚАБАЕВ, журналист

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here