Есімдерін табыс көзіне айналдырған спортшылар

0
8461

Әрине, біреудің ақшасын санау әдепсіздік болар. Бірақ, қарапайым отбасынан шыққан спортшылардың қалай табысқа кенелгені оқырманға қызық болса керек. Мысалы, күні кеше «Forbes» журналы бір жыл ішінде ең көп табысқа кенелген спортшылардың рейтингін жариялады. Америкалық журналдың биылғы тізімінде 35 жастағы футболшы Лионель Месси көш бастап тұр.  Аргентина ұлттық құрамасы мен «Paris Saint-Germain» француз клубының көшбасшысының жылдық табысы 130 млн долларды құрап отыр. Атап айтқанда, атақты футболшы бір жылда клубтан 75 млн доллар көлемінде айлық алған, «Adidas» компаниясымен өмірлік келісімшарты бойынша және басқа да жарнамалардан 55 млн доллар пайда тапқан. Дегенмен, Лионель Месси де, әлі «аттан түспеген» басқа спортшылар да «спорттық ғұмырлары» қамшының сабындай ғана қысқа болатынын жақсы түсінеді. Сондықтан олардың басым бөлігі бір-бір кәсіптің құлағынан ұстаған. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін есімдерін табыс көзіне айналдырған спортшыларға тоқталады.

«PELE» КОФЕСІ

Пеле (Эдсон Арантис ду Насимент) – есімін брендке айналдырып, одан табыс тапқан әлемдегі тұңғыш спортшы. Бразилия сапында футболдан үш рет әлем чемпионы (1958, 1962, 1970) болып, «Футбол патшасы» атанады. Содан атағы жер жарып тұрғанын пайдаланып, «темірді қызған кезінде соғады». Яғни, аяғынан нық тұра алмай жатқан бразилиялық «Cacique» компаниясына өзінің атақты атын пайдалануды ұсынады. Сөйтіп, 1972 жылы футболшы кофе шығаратын компаниямен келісімге қол қояды. Аталған келісімнен екі тарап та қыруар қаржыға кенеледі. Өйткені, «Pele» кофесі ішкі де, сыртқы да нарықта үлкен сұранысқа ие болады. Ал, келісім бойынша «Cacique» компаниясы Пелеге 70 млн доллар көлемінде қаламақы төледі. Қазірдің өзінде әрбір ішілген кофенің кесесі үшін күзде 82 жасқа толатын футболшының қалтасына қосымша ақша түсіп келеді.

«AIR JORDAN» АЯҚ КИІМІ

Атағы жер жармай тұрғанда, 1984 жылы «Nike» фирмасы (сол тұстағы) 21 жастағы баскетболшы Майкл Джорданмен келісімшартқа отырады. Сол бойынша әйгілі фирма «Air Jordan» атымен арнайы спорттық аяқ киім (кроссовка) тігеді. Бастапқыда оның бағасы 100 доллар болса, қазір спорттық аяқ киімнің құны 2 мың долларға дейін жетеді. Атағы жер жаратын баскетболшы атақты фирмамен өмірінің соңына дейін келісімшартқа отырған. Соның арқасында 59 жастағы америкалық баскетболшы жыл сайын 80 млн долларға қалтасын қалыңдатып келеді. Яғни, екі дүркін Олимпиада чемпионы 20 жыл бұрын үлкен спортпен қоштасса да, бұл оған тұңғыш миллиардер-спортшы атануға кедергі келтірмеді. Тіпті, қазір де ең бай спортшылардың көшін бастап тұр.

«RF» БАС КИІМІ

Майкл Джорданмен келісімшартқа қол қойған «Nike» фирмасы 2006 жылдан бері швейцар теннисшісі Роджер Федерермен де әріптес саналады. Елу жылдан астам бай тарихы бар америкалық фирма «RF» атауымен бас киімдер (бейсболка) мен түрлі спорттық киімдер шығарады. Спорт тарихындағы ең мықты теннисшіге есімін қолданғаны үшін «Nike» фирмасы жыл сайын 26 млн доллар төлейді. Оның сыртында 41 жастағы Роджер Федерер «Credit Suisse», «Mercedes-Benz» және «Rolex» компанияларының амбассадоры болғаны үшін жылына 86 млн доллар табыс табады.

«CR7» КИІМДЕРІ

Басқа әріптестеріне қарағанда Криштиану Роналду өзінің брендін қалыптастырды. 37 жастағы футболшы «CR7» брендімен шұлықтан іш киімге, сөмкеден иіс суға дейін шығарады. Жалпы, аты аңызға айналған футболшының үш табыс көзі бар: футбол, жарнама және бизнес. Бір қызығы, қазір футбол оның басты табыс көзі саналмайды. Мысалы, футболшы бүгінде ағылшындық клубтан жылына 60 млн доллар жалақы алады. Мықты футболшы мықты кәсіпкерге де айналған. Мадрид (Испания), Лиссабон, Фуншал (Португалия), Монте-Карло (Монако) қалаларында қонақ үй желісі бар. Жарнамадан табатын табысы өз алдына бөлек әңгіме. Өйткені, оның бір ғана Instagram парақшасына 445 млн адам жазылған. Әр постында жарнама бар.  Ал, «Cristiano Ronaldo» есімі бұрыннан «CR7» сауда белгісімен танылған қымбат бренд. Байлығының басым бөлігін осы әлемге әйгілі атының арқасында табады. Онымен келісімшартқа отыруға асыққан компаниялар көп. 2016 жылы футболшы «Nike» фирмасымен ақтық демі таусылғанша күшін жоймайтын келісімге отырған үшінші спортшы атанды. Футболшының алдында баскетболшылар Леброн Джеймс пен Майкл Джордан ғана осындай құрметке ие болған-ды. Атақты фирма футболшының жеке шотына өмірінің соңына дейін жылына 23 млн еуро аударып тұрады. Мұндай келісім итальяндық бренд «Armani»-мен де бар. Олар жылына 1 млн еуро төлейді.

«DAVID BECKHAM» ИІС СУЫ

47 жастағы ағылшын футболшысы Дэвид Бекхэмді «Spice Girls» тобында ән шырқаған әйелі Виктория Адамс кезінде «David Beckham» брендімен тауарлар шығаруға итермелейді. Олар шығарған киім-кешекке, арақ-шарапқа, көзілдірікке қарағанда иіс  сулары үлкен сұранысқа ие болды.

«TGR» МЕЙРАМХАНАСЫ

46 жастағы америкалық гольфшы Тайгер Вудс қазір кәсіби спортқа хобби ретінде қарайды. Өйткені, оның табысы спорттан емес, жарнамадан құралады. 1996 жылдан бері 2,1 млрд доллар табыс тапқан. Жарнамадан жылына 30 млн доллар пайда табады. Оның сыртында «TGR» атауымен өзінің мейрамхана желісі тағы бар.

«SUGARPOVA» ТӘТТІЛЕРІ

Бұрын допинг қолданғанын мойындаған ресейлік теннисші Мария Шарапова 2016 жылы үлкен спортпен қоштасты. Дегенмен, үлкен спорттан кетсе де, допинг қолданғанын мойындаған спортшыға қызығушылық арта түсті. Осыны сәтті қолданған орыс қызы тәттілер шығаратын фабриканы құрды. Кезінде өз брендін қалыптастыруға 500 мың долларға шығындалған 35 жастағы теннисші қазір жылына 10 млн доллар пайда табатын жағдайға жетті.

«MESSI KIDS» КИІМДЕРІ

Немістің мақтанышы саналатын «Adidas» 2012 жылы аргентиналық футболшы Лионель Мессиге өз есімімен спорттық киімдер шығаруға ұсыныс жасады. Бастапқыда қазіргі «Paris Saint-Germain» көшбасшысы бұл ұсыныстан бас тартады. Өйткені, атақты футболшы басқа әріптестеріндей ақшаның соңына түсіп, есепсіз пайданы көздемейді. Дегенмен, жұбайы футболшыны «Adidas» ұсынысын қабылдауға көндіреді. Осылайша, 8-13 жастағыларға арналған «Messi kids» киімдері нарыққа шығады. Бірақ, футболшының жеке шотына әр сатылған киім үшін символикалық түрде бір цент қана түседі.

 Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here