Саакашвили: «Украинаны таза президент қана шалшықтан шығара алады»

0
4720

Украинаның 42 жастағы президенті Владимир Зеленский төрт жыл жұмыссыз қалған Михаил Саакашвилиді Реформа бойынша ұлттық кеңестің Атқарушы комитетінің басшысы қызметіне тағайындап, 52 жастағы саясаткердің 2014 жылы құрылған және президент жанындағы кеңесу органы саналатын кеңес жұмысын қайта жандандыратынына сенім артты.

Дегенмен, Саакашвили Зеленскийдің сеніміне селкеу түсіретініне кейбір сарапшылар сенімді. Мысалы, «Батькивщина» партиясының басшысы, экс-премьер Юлия Тимошенко Саакашвилиді қызметке тағайындау арқылы қазіргі президент бұрынғы әріптесінің (Порошенконы айтады) қателігін қайталап жатқандығын жасырмай айтты. Посткеңестік кеңістікте премьер-министр болған тұңғыш әйел: «Саакашвили қазір Зеленскийді мақтайды, кейін даттайды. Сонда Зеленский қайтеді? Порошенко сияқты Саакашвилиді өзі тағайындаған қызметінен босатып, одан Украина азаматтығын қайтарып ала ма? Бір анығы, бізді әдеттегідей үлкен «шоу» күтіп тұр», – деп санайды.

Жалпы, Зеленскийдің Саакашвилиге көзқарасының дұрыстығына былтыр көзіміз жетті. Сол кезде Украинаның су жаңа президенті Нидерландыда қаңғып қалған Саакашвилидің өтінішін жерге тастамай, оған Порошенко тартып алған ел азаматтығын қайтарып берді.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін саясат сахнасына қайта шыққан Михаил Саакашвилидің ешкімге ұқсамайтын саяси жолына тоқталады.

ГРУЗИН УКРАИНАНЫҢ БАС РЕФОРМАТОРЫНА АЙНАЛДЫ

Жаңа қызметі туралы Михаил Саакашвили өзінің 1,2 млн оқырманы бар Facebook парақшасында әлеуметтік желі үшін тым ұзақ саналатын жазба қалдырды.

«Сегодня я имел длительную и интересную встречу с президентом Зеленским. Я думаю, он прекрасно понимает, что у страны нет альтернативы быстрым изменениям и без того, чтобы не стоять на месте и двигаться вперед, плохой груз прошлого нас быстро догонит и переедет. Поэтому президент очень решительно настроен на радикальные реформы и изменения. Мне очень понравился его настрой, потому что сам факт моего назначения показывает, что он готов идти на неординарные шаги, против которых его отговаривало огромное количество людей. В основном его отговаривали те, кто хотят, чтобы в Украине сохранялся статус кво, а статус кво – это болото. Украину нужно вытаскивать из болота, а это может сделать только президент, который никогда не был вором и никогда им не станет (я уверен, что президент Зеленским таковым и является), и у которого есть амбиция остаться в истории Украины человеком, который смог что-то сделать для своего народа и для каждого украинца. Я готов максимально помогать президенту с учетом моего опыта, моих успехов и моих неудач. Огромное спасибо всем тем, кто поддерживал мою кандидатуру, но главная работа начинается сейчас. Без хорошего сотрудничества с Верховной Радой, с правительством, с гражданским обществом и бизнесом у нас ничего не получится, а у нас обязательно должно получиться!» деп жазды Саакашвили.

Әрине, Зеленский мен Саакашвилидің ойлағандары іске аса ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Бір анығы, 41,7 млн халқы бар Украина тұрғындары мен саясаткерлерінің Саакашвили туралы пікірі екіге бөлінген. Оны мақтайтындар да, даттайтындар да жетіп артылады.

Айта кетейік, бұған дейін Саакашвилидің Украина үкіметіне баратыны туралы әңгіме қоғамда үлкен дүрбелең туғызып, қызу талқыға салынды. Ал, Саакашвили Зеленский өзіне премьердің реформа бойынша орынбасары қызметін ұсынғанын мәлімдеді. Дегенмен, украиналық басылымдар Саакашвилиді Украина премьер-министрінің орынбасары қызметіне тағайындауға Радада дауыс жетпейтінін, содан оны бұл қызметке тағайындау ұсынысын Зеленскийдің өзі қайтарып алғанын жазады. Оның үстіне Саакашвилиді мұндай жоғары қызметке тағайындау парламенттегі Зеленскийдің партиясы «Слуга народа» фракциясы ішінде сынға ұшыраған, Грузия да бұған қарсылық білдірмек болған. Соңғысы 2015 жылдан бері Киевтен Саакашвилидің экстрадициясын талап етіп келеді. Бұл тақырыпқа төменде арнайы тоқталамыз.

 СААКАШВИЛИ ГРУЗИЯДА КІМГЕ ЖАҚПАДЫ?

Рас, Грузияда президент, АҚШ-та оқытушы, Украинада әкім, Нидерландыда босқын болған Михаил Саакашвилидің саяси қызметі туралы шытырман оқиғаға толы фильм түсіруге болады.

Қатарынан екі кезең (2004-2007 ж., 2008-2013 ж.) Грузияны басқарып, сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан елде тәртіп орнатқан Михаил Саакашвилидің президенттіктен кетерінде: «Құрметті менің отандастарым, мен әлі шаршаған жоқпын, демалуға да аса мұқтаж емеспін, дегенмен сіздер менен шаршадыңыздар», – дегенін халық әлі ұмыта қойған жоқ. Сөйтіп, президент тып-тыныш өз еркімен өз елінен кеткен еді.

2003 жылғы «қызғалдақ төңкерісінің» арқасында билікке келген жас басшының (37 жасында президент болды) президенттік кезеңінде Грузия мемлекеті үлкен өзгеріске ұшырады. Адам танымастай өзгерді. Демократияға бет бұрды. Еуроинтеграцияға бір табан жақындай түсті. Ел ішіндегі «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады» деген әңгімені жоққа шығарды. Жемқорлар жаппай темір торға тоғытылды. Сөйтіп, Грузияның әлемдік аренадағы абыройы айтарлықтай артты.

Иә, 2003 жылғы Грузияны 2013 жылғы Грузиямен еш салыстыруға келмейтін еді. Өйткені, Саакашвили тұсында халыққа тиімді ауқымды жұмыстар атқарылды. Айталық, қираған инфрақұрылымды қайта қалпына келтіріп, тұрғын үй секторын жаңғыртты. Сот жүйесінде жасалған реформа, салық төлеудің жаңа әдісін енгізу, көлеңкелі бизнестің көзін жою сияқты бастамалары өз жемісін берді.

Бұрын Грузияда 22 түрлі мемлекеттік салық болса, Саакашвили оның санын 6-ға дейін бір-ақ қысқартты. Түрлі ірі салықтық алымдарға шектеу қойғызды. Төленген салықтың барынша ашықтығын қамтамасыз етті. Төлқұжаттар, анықтамалар алу, жеке кәсіпкерлік нысандарын ашу жұмыстарын жеңілдетті. Сырттан келетін тауарларға төленетін баж салығын да азайтты. Саакашвили жүргізген бұл реформалардың жемісін халық та, бизнес те сезінді. Тіпті, Дүниежүзілік банктің Doing Business тізімінде Кавказ тауының баурайындағы бұл ел посткеңестік кеңістікте алғаш рет бизнеске қолайлылығы жөнінен үздік ондыққа енді. Қазір аталған тізімде 7-ші орында тұр. Мұндай көрсеткішпен Кеңес Одағының құрамында болған ешқандай ел мақтана алмайды. Мәселен, 2019 жылғы Doing Business тізімінде Литва – 11-ші, Эстония – 18-ші, Латвия – 19-шы, біздің Қазақстан – 25-ші, Ресей – 28-ші, Әзербайжан – 34-ші, Армения – 47-ші, Молдова – 48-ші, Беларусь – 49-шы, Украина – 64-ші, Өзбекстан – 69-шы, Қырғызстан – 80-ші, Тәжікстан – 106-шы орында тұрса, ал «Орталық Азияның Солтүстік Кореясы» атанған Түркіменстан әдеттегідей тізімге де енбеген. Демек, бұл Саакашвили тұсында жасалған реформалардың жемісі болса керек.

Саакашвилидің соңғы үлгідегі ғимараттарға қызығушылығы зор болды. Ол Батуми, Кутаиси мен Тбилиси қалаларында әлемдік деңгейдегі қонақ үйлер мен мейрамханалар салдырды. Батуми қаласында бұрын-соңды болмаған 200 метрлік ғимарат бой көтерді. Бұрын бес қабаттан аспайтын кеңестік стильде салынған ескі ғимараттардың орнын осындай аспан тіреген зәулім үйлер басты. Жолдар тақтайдай тегістелді. Туризм саласына көп қаржы да, көңіл де бөлінді. Бұл осы мемлекетке келетін туристер санын әлдеқайда арттырды. Былтыр 3,7 млн халқы бар Грузияға шетелден 9,3 млн қонақ келді. Туризмнен 3,5 млрд доллар пайда түсті. Сөйтіп, Грузия жалпы ішкі өнімінің 33,7%-ы туризмнен құралады. Ал, бұл саладағы реформаны алғаш Саакашвили бастағанын грузиндер де жоққа шығармайды.

Грузияның ішкі істер органдарында да үлкен реформа жасалды. Алдымен полицейлердің білімі мен біліктілігі тексерілді. 2004 жылғы реформадан кейін 75 мың полицей жұмыстан қуылды. Спортпен шұғылданатын, шет тілдерді меңгерген, өз ісін бес саусағындай білетін 20 мыңдай ғана полицей қалды. Яғни, Грузия полициясында «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар жиналды. Сөйтіп, Саакашвили саннан сапаға мән берді. Есесіне, полицейлерге барлық жағдай жасалды. Олардың айлық, баспана мәселелері шешілді. Полиция жаңа заманауи көліктермен, құралдармен қамтамасыз етілді. Қазір полиция бөлімшелеріне барсаңыз, Голливуд киноларындағыдай жағдайды көресіз. Бұл – шындық. Осылайша, грузиндердің санасы да өзгерді. Полиция пара алмайды, ал заңды бұзғандар пара бермейді.

Саакашвили жемқорлықпен қатты күресті. «Шабақтармен» шектелмей, «сазандарды» да «қармаққа» түсірді. 1995-2003 жылдардағы президент Эдуард Шеварднадзе тұсында билікте болып, халықты тонағандардың көпшілігін темір торға тоғытты. Үстілерінен қылмыстық іс қозғалған шенеуніктерге мемлекеттен қашып кетуге мүмкіндік бермеді. Олардың оффшорда «тығылып» жатқан ақшаларын да қайтаруға күш салды. Ал, ел қазынасына құйылған қаражат жариялы түрде халықтың игілігіне жұмсалды. Мәселен, «Грузия ұлттық теміржол» компаниясының бұрынғы басшысы ұсталғаннан кейін, оның өзге елде тыққан ақшасы елге қайтарылып, сол қаражатқа украиналық вагондар сатып алынды. Бұл басқа да ведомстволарға қатысты жағдай еді.

Саакашвили солтүстіктегі алып көршісімен тіл табыса алмады. Ресейдің айтқанына көніп, айдауымен жүрмеді. Тбилиси Мәскеумен дипломатиялық қарым-қатынасын бұзып, Оңтүстік Осетиядағы 2008 жылдың 8 тамызындағы бес күндік соғыстың орын алуына себепкер болды. Грузияның НАТО ұйымына мүшелікке өту жұмыстары Саакашвили тұсында басталды. Сөйтіп, Мәскеудің буынсыз жеріне пышақ салды.

Түптің түбінде осындай факторлар (Мәскеудің, темір торға тоғытылған экс-саясаткерлердің қарсылығы) Саакашвилидің кезекті сайлауда жеңіліс табуымен аяқталды. Дегенмен, Саакашвилидің есімі грузин халқының есінде жетпіс жыл бойы бір жүйемен жүрген қараңғылық құшағындағы елдің еңсесін тіктеп, көзін ашқанымен тарихта қалады. Оны бүгінде кез келген Грузия азаматы мойындайды.

2013 жылы Грузиядағы саяси мансабы аяқталғаннан кейін Михаил Саакашвили біраз уақыт саяси аренадан көрінбей кетті. Тіпті, ол қарапайым болудан да қорықпады. АҚШ-тың қатардағы бір университетінде дәріс те оқыды.

Талай реформаны сәтті жүзеге асыра білген Саакашвили елден кеткеннен кейін оның қарсыластары соңына шырақ алып түсті. Грузия бас прокуратурасы 2014 жылдан бері Саакашвилидің үстінен ондаған қылмыстық іс қозғады. 2018 жылдың 28 маусымында Тбилиси қалалық соты экс-президентті 6 жылға сырттай соттады. Дегенмен, Саакашвилиді 2015 жылы Украина экстрадициялаудан, ал Интерпол халықаралық іздеу  салудан бас тартқан еді.

ПОРОШЕНКО СААКАШВИЛИДІҢ СОҢЫНА НЕГЕ ШЫРАҚ АЛЫП ТҮСТІ?

Грузия бас прокуратурасының барлық айыптауларын теріске шығарған Саакашвилидің Украинада саяси мансабы басталды. Ол өзімен бұрыннан таныс Петр Порошенконың осы елдің билігіне келгеннен кейін жүзеге асты. 2014 жылы Порошенко Саакашвилиге Украинаның бірінші вице-премьері қызметін ұсынды. Ол үшін Саакашвили Грузияның азаматтығынан бас тартуы тиіс-тін. Саакашвили ондай қадамға бармағандықтан, бұл қызмет оған бұйырмады. Дегенмен, үш ай Украина президентінің кеңесшісі болған саясаткер 2015 жылы Украина азаматтығын алды.

Содан Порошенконың Саакашвилиге сенім артқаны соншалық, оған Украина экономикасының локомотиві саналатын 2,3 млн халқы бар Одесса облысына губернатор етіп тағайындады. Бұрынғы басшылық кезінде жергілікті мафияның басқаруындағы қалаға айналған Одессаны қайтадан қалпына келтіру, Одесса порты арқылы өтетін көлеңкелі бизнесті тасадан шығару басты мақсат болды. Порошенконың бұл тапсырмасын Саакашвили толығымен орындады. Осы порттың басты ойыншылары саналатын алпауыттар Ринат Ахмедов пен Игорь Коломойскийге тісін батырып, ешкімнің қолынан келмеген істі тындырды. Саакашвилидің батыл істері президент Порошенкоға да, қараша халыққа да ұнады. Посткеңестік елдердің бірқатарында «Саакашвилиді бізге беріңдер!» деген ұрандар да тасталды. Тіпті, Украинада аяғынан нық тұрған Саакашвили Украина премьер-министрінің орынтағына да таласатындығын ашық айта бастады. Алайда, қай қоғамда болмасын, көзге түсіп кеткендер, шындықты жасырмай айтқандар билікке ұнай бермейді ғой. Сөйтіп, Порошенко мен Саакашвилидің арасынан қара мысық өтіп, екеудің дау-дамайы басталды.

Қолы ұзын Украинаның 5-ші президенті Порошенко кезінде өзі шақырып, өзі қызмет берген Саакашвилиді елдің саясат сахнасынан ысырды.

«Өгізге туған күн бұзауға да туады» деген бар. Украинада саяси жағдай өзгерді. Порошенко президенттіктен кетті. Оның орнына «Грузиядағы жүйені түбірімен өзгертемін» деп кезінде билік басына келген Саакашвили сияқты жұлқынған Владимир Зеленский келді.

2018 жылы «Эхо Москвы» радиосының тікелей эфирінде: «Путин говорит: «Вы хотите нового Саакашвили?». Так я хочу сказать, что он от этого-то еще не избавился. Я в хорошей форме. Я точно знаю, что делаю, и поэтому я уверен в своей победе. Мы обязательно поменяем систему в Украине. И будем дальше делать то, о чем я говорю. Новый виток очень интересных преобразований, которые реально сделают наши страны богатыми, процветающими, и будет человеческое достоинство защищено», – деп сұхбат берген Саакашвили үшін қазір жақсы мүмкіндік туды.

Содан саясатты сағынған Саакашвили осыдан бір жыл бұрын Украинаның су жаңа президенті Владимир Зеленскийге хат жазып, өзіне Украина азаматтығын қайтарып беруді сұрады. Хатта саясаткер Украина Конституциясына, «адамды азаматтықсыз қалдыруға болмайды» деген халықаралық ережеге қайшы келсе де, Киевтің өзін азаматтықтан заңсыз айырғанын, Украинаға келіп, сотта өз құқығын қорғауға рұқсат беруін жазды.

2004-2013 жылдары Грузия республикасын, 2015-2016 жылдары Украинаның Одесса облысын басқарған реформатор Саакашвилидің хатын Зеленский жауапсыз қалдырмады. Содан былтыр 28 мамырда Михаил Саакашвилиге Украина азаматтығы  қайтарылатыны туралы Владимир Зеленскийдің Жарлығы шықты.

 ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Грузияда президент, АҚШ-та оқытушы, Украинада әкім болған Михаил Саакашвили былтыр Нидерландыдан Украинаға қайта оралды. Міне, бір жылдан кейін Зеленскийге кеңес берушілердің қатарына қосылды. Сөйтіп, «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» грузин Украинаның жарқын болашағы үшін адал қызмет атқаратынына халықты сендіреді. Ал, екінші мүмкіндікті Саакашвилидің қалай пайдаланатынына уақыт төреші.

Иә, 52 жастағы Саакашвилиді саясат сахнасынан сызып тастауға әлі ерте…

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here