АРМЕНИЯ, РЕСЕЙ ЖӘНЕ ҚЫРҒЫЗСТАН НӨМІРЛЕРІМЕН ЖҮРЕТІН КӨЛІКТЕРДІ ТІРКЕУ ЖҮЙЕСІ ӨЗГЕРЕДІ

0
417

ҚР Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті шетелдік нөмірлермен жүрген көліктерді тіркеудің жаңа әдісін енгізеді. Бұл туралы Sputniknews.kz хабарлады.
Әкімшілік практика басқармасының басшысы Нұрлан Тұяқбаевтың айтуынша, Армения, Ресей және Қырғызстанның тіркеу нөмірлерімен жүретін көліктер ережені жиі бұзады. Себебі, олар жазаға тартылмайтынын біледі. Тіпті, бір көлік ондаған заң бұзушылық жасап жүре береді. Ал, оларды шетелдік нөмірлер бойынша бірден анықтау оңай емес. Өйткені, құқық қорғаушылар өзге елдердің ақпараттық базаларына кіре алмайды.
«Инспектор ондай көлікті ұстаса да, алдымен нөмірін және оны жүргізген адамның аты-жөнін жазып алады. Сосын көлікке қатысты мәліметтерді алдырту қажет. Рөлде отырған адамның кім екенін анықтайды. Оған біраз уақыт кетеді. Ал, заң бойынша жол жүру ережесін бұзу фактісі болған күннен бастап екі ай өтсе, әкімшілік жауапкершілікке тартуға болмайды. Сөйтіп, ондай көлік иелері жауапкершіліктен құтылып кетеді», – деп мәселенің мәнісін айтты Нұрлан Тұяқбаев.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде шетелдік нөмірлермен жүрген көліктердің жол қозғалысы ережесін бұзу оқиғалары артып келеді. Мәселен, өткен жылы аталған көліктердің қатысуымен 42 мың тәртіп бұзушылық болса, соның 3,8 мың жүргізуші ғана жауапқа тартылды. Ал, биылғы бес айдың ішінде 41 мың заң бұзушылық тіркелді. Ондай көліктер жылдамдық режимін сақтамайды, сосын қоғамдық көлікке арналған жолақтармен жиі жүреді. Осыған байланысты Қазақстанға шетелдік нөмірлермен кіретін көліктерді онлайн тіркеуден өткізу жоспарланып отыр. Алайда, аталған бастама алдымен қоғам талқысына шығарылады.
«Шетелдік нөмірлермен жүрген көліктерге шектеу қойылмайды. Уақытша тіркеу сияқты болады. Уақытша тіркеу болғанда арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезекте тұру емес, онлайн тіркеу жүйесі енгізіледі. Мәселен, Қазақстан азаматы шетелдік нөмірі бар көлікпен келсе, онлайн тіркеуден өтуі тиіс. Себебі, бізге ондай көліктердің ақпараттық базасын жасау қажет. Сонда жол жүру ережесін бұзғаны туралы ұйғарымды бірден иесіне жібере аламыз», – деп түсіндірді Нұрлан Тұяқбаев.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here