Жээнбеков VS Атамбаев: «Өгізге туған күн бұзауға да туады»

0
4307

Қос бірдей төңкеріс жасаған айыр қалпақты ағайын қанша тырысса да, күні бүгінге дейін Қырғыз Республикасын дамудың даңғыл жолына түсіре алмады. Демократияға деген ұмтылыстары елдегі тұрақсыздықтың орын алуына, экономиканың құлдырауына алып келді. Бүгінде көрші елде тағы бір дау басталды. Экс-президент Алмазбек Атамбаев пен қазіргі президент Сооронбай Жээнбековтің арасындағы саяси текетірестің соңы немен аяқталары белгісіз. Жақында, 27 маусымда Жогорку Кенеш экс-президентті тиіспеушілік мәртебесінен айырып, Атамбаевқа бірнеше айып тақты. Кезінде өзі қуғынға ұшыратқан экс-президенттер Ақаев пен Бакиевтің кебін енді Атамбаевтың да өзі киюі мүмкін. Өйткені, «өгізге туған күннің бұзауға да туатыны» рас.

РЕСЕЙГЕ ҚАШҚАН ҚОС ПРЕЗИДЕНТ

1991 жылы 31 тамызда КСРО-дан тәуелсіздігін алған Қырғыз Республикасының тұңғыш президенті Асқар Ақаев болды. Парламенттік басқару жүйесі орнаған жас мемлекет Орта Азиядағы «демократия аралына» айналды. Президент пен Жогорку Кенеш депутаттарының ұстанымдары өзара үйлесім табуының арқасында Бішкек әлеуметтік-саяси реформаларды сәтті жүзеге асыра бастады. Экономикалық дағдарыстан шығу үшін жекешелендіру, кәсіпкерлікті қолдау, шетел инвестициясын тарту әрекеттерін қолға алды. Алайда, сәтті басталып келе жатқан өзгерістер аяқсыз қалды. Оған 1993 жылы Асқар Ақаевтың «елдегі тұрақтылықты сақтау үшін» орталықтандырылған басқару жүйесіне көшу саясаты себеп болды.
Президент шешімінен кейін Жогорку Кенеш таратылып, парламенттік басқарудың орнына президенттік басқару жүйесі орнады. Сөйтіп, елдегі барлық билікті өз уысына алған президент жүргізіліп жатқан реформаларға тосқауыл қойды. Билігін одан әрі нығайту мақсатында 1994 жылы жалпыхалықтық референдум өткізіп, өкілеттілігін ұзартты. Ал, 1995 жылы екінші мерзімге президент болып қайта сайланды. 2000 жылы үшінші мерзімге сайланған тұңғыш президент үш жылдан кейін референдум арқылы өкілеттілігін ұзартып алды. Тіпті, президент отбасы мүшелерін және туыстарын батыл түрде билікке әкеле бастады. Династиялық жүйе енгізгісі келген президенттің әрекеті халық арасында наразылық тудырды.
2005 жылы Ақаевтың авторитарлық билігіне қырғыз халқының наразылығы «Қызғалдақ төңкерісі» арқылы көрініс тапты. Ақаев билікті әулетіне үлестіргені, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоя алмағандығы және конституцияны өзгерткені, бюджеттің «сауын сиыры» болған «Кумтор» алтын кенішін шетелге жалға бергені үшін айыпталды. Төңкерістің нәтижесінде Ақаев отбасымен бірге Ресейге қашуға мәжбүр болды. Оның орнына қырғыз халқының жанашыры саналған белгілі оппозиционер Құрманбек Бакиев келді.
Өкінішке қарай, екінші президент те халықтың сеніміне селкеу түсірді. «Халықшыл» Бакиев «алтын көрсе періште жолдан таядының» кебін киді. Уәдесінде тұрмаған Бакиев Ақаевтың авторитарлық саясатын одан ары жалғастырды. Елде жемқорлық, кедейшілік белең алды. Республика тұрғындарын солтүстік және оңтүстік деп бөле қарады. Қырғызстанның оңтүстігінде кедейлер көбірек болса, солтүстігінде шылқыған байлар көп болды. Бұл өз кезегінде 2010 жылы екінші төңкерістің болуына жол ашты. Билігін сақтап қалғысы келген Бакиев шерушілерге қарсы оқ жаудырып, мәселені одан әрі ушықтырды. Ақыры Қазақстан мен Ресейдің «көмегімен» Ақаевтың соңынан Ресейді паналады. Бес жыл елді басқарған Бакиевтің орнына уақытша президент Роза Отынбаева келді. Елде парламенттік-президенттік басқару жүйесі орнатылды. 2011 жылы Қырғыз Республикасының президенті болып Алмазбек Атамбаев сайланды.
Айта кетейік, қазір 75 жастағы Асқар Ақаев Мәскеуде (Ресей), 70 жастағы Құрманбек Бакиев Минскте (Беларусь) тұрады. Біріншісі Мәскеу мемлекеттік университетінде профессор, екіншісі өзінің айтуынша жұмыссыз.

АТАМБАЕВ 2017 ЖЫЛҒЫ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНДА НЕГЕ БАБАНОВҚА ҚАРСЫ ШЫҒЫП, ЖЭЭНБЕКОВТІ «СҮЙРЕДІ»?

Алмазбек Атамбаев билік басына келгеннен кейін төңкеріс салдарынан орын алған қиыншылықтарды жоюға күш салды. Ел экономикасын қалпына келтіру үшін сыртқы саясатта Ресей және Қытаймен одақтас болып, Еуропа елдерімен байланысты біршама азайтты. Атамбаев елдегі келеңсіздіктерден құтылу үшін көрші елдермен одақтас болса да, әлі жеткенше олардың Қырғызстанның ішкі саясатына араласуына жол бермеді. Посткеңестік елдердегі жазылмаған заң бір елдің бір елге «ағалық» көрсету әрекеттерін баспасөз беттерінде ашық сынап, Қырғызстанның іс жүзінде де шынайы тәуелсіз ел екендігін көрсеткісі келді. Барлық саяси науқандарын мемлекетте тұрақтылық орнатуға бағыттады. Дегенмен, Атамбаев Қырғызстанның түйіткілді мәселелерін толықтай шеше алмады. Ол елдегі кедейшілікті, сыбайлас жемқорлықты жоймады. Билік үшін өзара қырғи-қабақ болған қырғыз шенеуніктерінің саяси тартыстарына да нүкте қоя алмады. Ол аздай, өзіне қарсы келгендерді түрмеге тоғытты. Сынап жазған тәуелсіз басылымдарды да сотқа сүйреді.
Төңкерістен кейін орнаған парламенттік-президенттік басқару жүйесі де тек құжат жүзіндегі өзгеріс болып қалды. Атамбаев өз билігі тұсында президент билігін барынша күшейтті. Бірақ, өз мәлімдемелерінде әрдайым өзін демократиялық ұстанымдармен жүретін саясаткер ретінде көрсетті. Екінші мерзімге сайланудан бас тартқан төртінші президент Ақаев пен Бакиев сияқты қуғынға ұшырамау үшін Ресей Федерациясының тұңғыш президенті Борис Ельциннің жүргізген саясатынан үлгі алды. Атамбаев пен Ельциннің саясатында аздаған ұқсастықтар бар. Ресей Федерациясының экс-президенті Ельцин саясатта демократ ретінде көрінуге тырысты. Қазіргімен салыстырғанда Ельциннің тұсында Ресейде сөз бостандығы, саяси еркіндік болды. Және Ельцинге президенттіктен кетерінде алдағы уақытта өзінің қауіпсіздігіне кепілдік беретін ізбасар қажет еді. Сол үшін өзінің жақтасы Владимир Путиннің кандидатурасын қолдап, оның президент болуына барынша күш салды. Ақыры дегеніне жетті. Путин мен Ельциннің арасында қандай да бір келісімнің болғандығы ақиқат. Себебі, Путин билікке келе сала, экс-президентке тиіспеушілік мәртебесін берді. Осыдан кейін Ельцинге қатысты қылмыстық іс қозғалмады, саяси айып тағылмады. Және Ельцин Путинге тақты ғана емес, елдегі шешімін таппаған біршама мәселелерді де мұраға қалдырып кетті. Атамбаевтың әрекеті де дәл осы. Ол алдағы уақытта өзінің қауіпсіздігіне кепілдік беретін адамды орнына қойғысы келді. Атамбаев өзімен бірге оппозиция құрамында бірге болған премьер-министр Сооронбай Жээнбековтің кандидатурасын қолдады. Жээнбековтің сай-лауда жеңіске жетуіне көп еңбек сіңірді.
Рас, 2017 жылғы Қырғызстандағы сайлауда екі басты үміткер болды. Сооронбай Жээнбеков пен Өмірбек Бабановтың арасындағы тартыс қызу өтті. Халық арасында Бабановтың кандидатурасын қолдаушылардың көптігінен сескенген Атамбаев Бабановқа нұқсан келтіру-ге барын салды. 2017 жылы 19 қыркүйекте Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бабановпен кездесуін Атамбаев өзінше жорып, Қазақстан билігін негізсіз айыптады. Атамбаев мәлімдемесінде Бабановтың ұлт жанашыры емес, Қазақстанның адамы екендігін, сол арқылы Қырғызстанның ішкі ісіне араласып жатқанын ашық айтты. Бабановтың ел алдындағы беделін түсіру үшін Атамбаев Қазақстан билігіне қатысты дәлелсіз айыптар тақты. Нұр-Сұлтан мен Бішкек бір-біріне наразылық ноталарын жолдаумен болды.
Атамбаевтың сценарийі өзі жазған сайлау науқаны барысындағы қойылымының арқасында 2017 жылы 24 қарашада Қырғызстан президенті болып өзінің ізбасары Сооронбай Жээнбеков сайланды. Президент Жээнбеков билікке келе сала, экс-президентке тиіспеушілік мәртебесін беріп, Атамбаевтың қауіпсіздігіне кепілдік берді.
Жалпы, Жээнбеков Атамбаевтың саясатын жалғастыруда. Қытай және Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға күш салуда. Бір саяси бағытты ұстанған, қос төңкерістің болуына бірдей үлес қосқан қос саясаткердің арасындағы бүгінгі даудың басты себебі Жээнбековтің алғашқы ұстанымдарынан айнып, Атамбаевқа берген уәделерін орындамауы. Және осы уақытқа дейін экс-президент орнатқан елдегі тұрақтылықтың бұзылуына апаратын бұрыс саяси әрекеттер жасауы Атамбаевтың өзегін өртеген өкінішіне айналды.

АТАМБАЕВТЫҢ АҚЫРЫ

2019 жылдың наурыз айынан бастап Алмазбек Атамбаев Сооронбай Жээнбековтің саясатына қатысты сыни пікірлерін ашық айта бастады. Атамбаевтың айтуынша, парламенттік-президенттік басқарудағы ел билігінде туысқандық саясат белең алып, қазіргі президент лауазымды қызметтерге өзінің туыстарын тартуда.
Қазіргі президентті экс-президент: «Сооронбай Жээнбеков Қырғызстанның болашағына қауіп төндіретін іріткі саясат жүргізуде, оң-түстік және солтүстіктің халқына бірдей дәрежеде жағдай жасамауда, экономикасы тұралап тұрған оңтүстік өңірлерге ешқандай көмек көрсетпеуде, тек солтүстіктегі ауқатты тұлғалардың мүдделері үшін ғана жұмыс жасауда. Президент осы әрекеті арқылы қырғыз халқын екіге бөліп отыр. Халықты екіге бөліп қана қоймай, елдегі ислам дінін де екіге бөлуде. Егер аталған қателіктерін тез арада жөндемесе, елімізде үлкен аласапыран басталуы ғажап емес», – деп айыптап, ескерту жасады.
Наурыз айында басталған саяси теке-тірестерде осыған дейін даттаушы Атамбаев, ақталушы Жээнбеков болып жүрді. Экс-президенттің таққан айыптарын президент негізсіз деп таныды. Өзінің ешқашан қырғыз халқын екіге бөлуге әрекет жасамағанын айтып ақталды.
Атамбаевқа ақталудан шаршаған президент оған қарсы жаңа саяси майдан ашты. Президенттің «тапсырмасымен» Жогорку Кенеш 27 маусымда Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айырды. Парламент Алмазбек Атамбаевқа бірқатар қылмыстарды, оның ішінде билікті тартып алу, қылмыстық топ құру, қылмыстық топтың беделді мүшесі Азиз Батукаевты заңсыз босату, қылмыстық кірістерді заңдастыру, Бішкек ЖЭО-ны жаңғырту туралы келісімге қол қою процесіне араласу айыптарын тақты. Бұған заңсыз жер иемденгенін және қосыңыз…
Парламентте Атамбаевтың бұрынғы президент мәртебесінен айыруды қолдап дауыс берген депутаттардың саны 103, ал қарсы болған тек 6 депутат қана.
Бүгінде Атамбаевтың жақтастары экс-президентті ақтау үшін қандай әрекет ететіндіктерін ойластыруда. Ал Атамбаев болса, тағылған айыптардың негізсіз екенін, елден қашып ешқайда да кетпейтінін айта келе, өзін айыптаушыларға «Мені құртуды көздегендер ерте ме, кеш пе, елден өздері қашады» деп ескерту жасады.
«Сынаймын» деп сынға қалған Атамбаев дәл қазір қиын жағдайда қалса да, әлдебір нәрсеге сенімі бар. Егер оның білікті саясаткер екендігі рас болса, бұл оның келесі саяси ойындарына қажетті қадамдары болуы мүмкін.
Рас, Атамбаев пен Жээнбековтің саяси айқасы өте шиеленіскен, қыртысы мен жыңғылы көп түсініксіз тартыс. Біріншіден, Жээнбековті айыптағанда қуғынға ұшырайтынын жақсы білді. Орта Азия елдерінде ашық саяси майдан қалыптаспағандығын ел басқарған көшбас-шысы терең түсінді. Екіншіден, ол расымен қылмысты болса, өзгенің қылмысын ашуға дәті бармас еді. Үшіншіден, Атамбаевтың ешқандай қылмысы болмаса, өз орнына Жээнбековті қалдыруға тер төкпес еді. Демек, Жээнбековке қарсы шығарда Атамбаевтың не ойлағанын түсіну қиын. Дегенмен, экс-президент үшін бұл саяси күрес халық алдында оппозициялық беделін қайтарып алуға, болашақта саяси мансабына қайта оралып, үлкен секіріс жасауға үлкен септігін тигізері анық.
Халықты «Атамбаев Ақаев пен Бакиевтің кебін кие ме» деген заңды сұрақ мазалайды. Атамбаевқа айып тағылғанымен, оның ешқайда бас сауғалап кетпегендігін ескеруіміз қажет. Өйткені, экс-президент Мәскеумен байланысының мықтылығына сенім артуы да ғажап емес. Бұл – бір. Екіншіден, Атамбаев түрмеге тоғытылған күннің өзінде Қырғызстанның саяси ойынынан шықпауы мүмкін. Егер де алдағы уақытта мемлекетте тағы бір төңкеріс бола қалған жағдайда оған қатысты барлық айыптаулар күшін жойып, экс-президенттің темір тордан нағыз қаһарман болып оралу мүмкіндігі бар. Әлемдік саясатта саяси көзқарасы үшін сотталған саясаткерлердің бостандыққа шыққан соң билікте үлкен секіріс жасау тәжірибесі көптеп кездеседі. Оған Нельсон Мандела (ОАР) мен Режеп Тайып Ердоған (Түркия) мысал бола алады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Атамбаев пен Жээнбековтің өзара жанжалы Қырғызстанның саяси өміріне өз әсерін тигізері анық. Демократиялық күрес жүргізуден шаршамаған айыр қалпақты ағайынның күндердің күнінде аңсаған мұратына жететініне сеніммен қараймыз. Ал, Қырғызстанның дамуына демократия ауадай қажет құндылық.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq»-тың шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here