ИЗРАИЛЬДІҢ БАҒЫ, ПАЛЕСТИНАНЫҢ СОРЫ

0
436

1948 жылы Израиль мемлекетінің құрылуы Палестинаның және араб елдерінің наразылығын туғызды. Әлемдегі ең ақылды халық саналатын еврейлердің қан төгіспен құрған мемлекеті бүгінге дейін халықаралық жанжалдың туындауына себеп болып отыр. Бүгінде Израиль-Палестина дауы әділ шешімін таппаған күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің біріне айналды. «Qazaq» газеті бүгін Израильдің бағына, Палестинаның сорына айналған тақырыпқа тоқталады.

ИЗРАИЛЬ ПАТШАЛЫҒЫНЫҢ ТҮБІНЕ ЖЕТКЕН КІМДЕР?

Палестина жерінің басым бөлігін тартып алған еврейлер жерін даулаған палестиналық арабтарға тарихи деректерді алға тартады. Олардың келтірер дәлелдері де негізсіз емес. Айталық, б.з.д. XI ғасырда Палестинаның солтүстігінде Израиль патшалығы өмір сүрді. Бұл Израиль патшалығы дәуірлеп тұрған шақта христиандардың рухани орталығына айналған гүлденген аймақ болды. Ал, Иерусалимде Иса пайғамбардың дүниеге келуі Израильдің мәртебесін одан бетер биіктете түсті. Сөйтіп, Израиль символдық мәнге ие маңызды аймақ саналды. Алайда, Израильде еврейлер ұзақ уақыт салтанат құра алмады.
640 жылы Омар Халифтің әскері патшалықты толықтай басып алды. Жауланған Израильде исламдық діни-ағарту жұмыстары белсенді жүргізіле бастады. 400 жылдан астам уақыт ішінде Израильді арабтандыру саясаты толықтай жүзеге асырылып бітті. Тек содан кейін ғана христиан әлемі есін жинай бастады. Мәселен, 1099 жылы 159-шы Рим папасы ІІ-ші Урбан еуропалық рыцарьларға «Қасиетті жерімізді мұсылмандардың қорлауына жол бермеуіміз қажет» деп үндеу тастады. Сол жылы Крест жорығы ұйымдастырылып, Иерусалим қаласы басып алынды. 1187 жылы біріккен Сирия, Мысыр (Египет) әскерлері қаланы қайтарып алып, Иерусалимде мәмлүктер билігі орнады. Осы жорықтан кейін Иерусалим түпкілікті арабтарға тиесілі болды. Егемендіктерінен айырылған еврейлердің жан-жаққа бытырап кетуіне себеп болған да осы жағдай еді.
Әлемде тарыдай шашырап кеткен халықтың бірі сыған болса, екіншісі еврей болды. Бірақ, еврейлер әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, атам заманда өздерінің тарихи отаны болғанын бір сәтке де естерінен шығармады. Өткен тарихын жадыларынан өшірмей, ұрпақтарына аманаттап отырды. ХХ ғасырдың орта тұсында бұл үлкен геосаяси және халықаралық жанжалдың туындауына, Палестинаның орасан зор алапатқа ұшырауына әкеп соқты.

ГИТЛЕР АЛТЫ МИЛЛИОН ЕВРЕЙДІҢ КӨЗІН НЕГЕ ҚҰРТТЫ?

Өткен ғасырда заманның бет алысын жақсы бағдарлай білген еврейлер орта ғасырлардан бастап ауыл шаруашылығымен айналысуды доғарып, қолөнер мен саудаға түпкілікті бет бұрды. Саудадағы алыс-берісте әрдайым еврейлер ұтып отырды. Осының арқасында еврейлер барған жерінің ақсүйектеріне айналды. Олардың байлыққа ие болуы жергілікті халықтың қызғанышын қоздырды. Еврейлердің тасы өрге домалағаннан кейін әлем халықтарында оларға деген қызғаныш, өшпенділік пайда болды. Сөйтіп, антисемитизм идеясының (еврейлерге қарсы көзқарас) алғышарттары қалыптаса бастады.
Антисемитизм идеясы ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдары шарықтау шегіне жетті. Сол кезеңдерде еврейлерді жер бетінен «тазалау саясаты» 1933 жылы Адольф Гитлердің Германияның басшысы болғаннан кейін іске асты.
Сол жылдары еврейлер Германия экономикасын толықтай өз қолдарына алған еді. Фабрикалар, зауыттар, банктер, оқу орындары түгелдей еврейлердің бақылауында болды. Гитлер өзінің «Менің күресім» кітабында Германияның және неміс халқының қиын жағдайын еврейлердің жетістіктерімен байланыстырды. «Немістер теңдікке жетуі үшін еврейлерден құтылуы керек» деп шешті. Сөйтіп, Гитлердің бұйрығымен 500 мың еврей қуғынға ұшырады. Олар жаппай мемлекеттік қызметтен шығарылып, тауарларына байкот жарияланды. Еврей олигархтарының мүлкі тәркіленіп, мемлекет бюджетіне аударылды. Мұнымен тоқтамаған Гитлер «тазарту жұмыстарын» кең көлемде жалғастырды.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары (1939-1945) немістер еврейлер үшін Польшада алты концлагерь құрды. Олар: «Треблинка-1», «Треблинка-2», «Собибор», «Майданек», «Белжец» және «Аушвиц». «Аушвиц» концлагерінде 27 елден жиналған еврейлердің 1,1 миллионы қаза тауып, тек 700 мыңы ғана аман қалды. Өзге концлагерьлерде үш миллионға жуық еврей өмірімен қоштасты. Басып алынған Кеңес Одағының аймақтарында қолға түскен екі миллион еврей өлтіріліп, құрбандардың жалпы саны алты миллионға жетті. Үшінші рейх сарбаздары еврейлерді ату, газбен тұншықтыру, отқа өртеу, вирусты вакцина егу сынды түрлі қатыгездікпен ажал құштырды. Геноцидтің толықтай жүзеге аспауына Германияның жеңіліске ұшырауы себеп болды. Бұл жеңіліс еврей халқын зор алапаттан аман сақтап қалды. Содан Гитлердің 11 миллион еврейді жер бетінен жою арманы аяқсыз қалды.

ЕВРЕЙШЕ ЖАҢҒЫРУ

Геноцид аяқталғаннан кейін еврейлер Теодор Герцль көтерген бастамаға қайта үңілді. Атап айтқанда, ол өзінің 1896 жылы жарыққа шығарған «Еврейлер мемлекеті» кітабында еврейлерге мемлекет ауадай қажет екендігін, байырғы отандарын қайтарып алу үшін Палестинадағы арабтардың мүшкіл жағдайын пайдаланып, жерлерін сатып алып, біртіндеп қоныстануға үгіттеген еді. Дегенмен, сол тұста Герцльдің бұл идеясын еврейлер қолдай қоймады. Ал, Екінші дүниежүзілік соғыста жер бетінен жойылып кете жаздаған еврейлер мемлекеттің керектігін жақсы түсінді. Сөйтіп, соғыстан кейін мемлекет құруды қолға алған еврейлер сионистік қозғалысты белсенді жүргізе бастады.
Рас, сионистер өз алдына дербес мемлекет құру үшін Кеңес Одағы мен АҚШ тарапынан қолдау керектігін жақсы білді. Сондықтан сионистік қозғалыстың белсенділері аталмыш державалармен келіссөздер жүргізе бастады. Ол уақытта Екінші дүниежүзілік соғыстың басты «қаһармандары» Кеңес Одағы мен АҚШ жер-дүниені бөліске салып, алпауыт күшке айналған еді.
Хаим Вейцман, Иосиф Шпринцак бастаған бір топ сионистер жаңа мемлекет құрудың алғышарттарын қолдарына алды. Бұқаралық ақпарат құралдары және көптеген жасырын кездесулер арқылы әлемнің түкпір-түкпіріндегі еврейлерге мемлекет құруға жәрдем беруге шақырды. Жерсіз, елсіз қаңғырып өмір сүргеннің қорлығы әбден өтіп кеткен еврейлер үшін бұл ұлттық рухани жаңғыру еді. Бағзы заманғы тарихи отандарына қайтып оралудың маңыздылығын, Палестина жеріндегі еврей диаспорасының жағдайын кеңінен талқылады.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Палестинадағы еврейлердің саны Ұлыбританияның Палестинаға иелік етуі тұсында біршама артқандығы байқалады. Мәселен, 1918 жылға дейін Осман империясының құрамында болған Палестинада 1919 жылы жүргізілген санақ бойынша 568 мың араб, 58 мың еврей тұрды. Ұлыбританияның Палестинаға жүргізген ықпалының арқасында 1919 жылдан бастап жыл сайын мың еврей көшіріліп және Екінші дүниежүзілік соғыста қуғынға ұшыраған еврейлерге пана болу үшін босқындарды Палестина жеріне орналастырып отырды. Нәтижесінде 1947 жылы Палестинада 614 мың еврей қоныс тепті. Мұндай цифр сионистерге тарихи отандарын қайтарып алуға үлкен себеп, таптырмас сылтау болды.

ИЗРАИЛЬ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ҚҰРЫЛУЫНА СТАЛИН НЕГЕ БАРЫН САЛДЫ?

Иосиф Сталин Израильдің құрылуында маңызды рөл атқарса да, сионистік идеяны жақтыра қоймады. Себебі, оның өзі антисемит тұлға болатын. Кеңес Одағындағы еврейлердің билікке келуіне кедергі жасап отырды. Антисемитизм саясатын жасырын түрде жүргізді. 1948 жылы еврей театрының режиссері Соломон Михоэлс Сталинге Қырымда еврей автономиясын құру идеясын ұсынды. Ұсыныстан бас тартқан көсем НКВД-ның жендеттері арқылы Соломонның да көзін құртты.
Әйтсе де, Сталин Израильдің құрылуына қолдау білдірді. Сөйтіп, Палестина жерінде Израиль мемлекетін құру арқылы Ұлыбританияның арабтарға жүргізіп отырған ықпалын әлсіретіп, беделін түсіріп, екі елдің ара-қатынасын шиеленістіруді ойлады. Тағы бір ескерері, Сталин Израильді жаңа бір социалистік мемлекетке айналдырып, социализмнің кеңінен етек жаюына жағдай туғызуға мүдделі болды. Израиль мәселесіне АҚШ та бейжай қарамады. АҚШ Кеңес үкіметіне Палестина жерінде Израиль мемлекетін құрып, екіге бөліп билеуді ұсынды. Нақтырақ айтсақ, Израильді Корея мен Германияны бөліске салғандай екі жақты иемденуді қалады.
1948 жылы 11 мамырда Ұлыбританияның Палестинадағы мандатынан бас тартуы Сталиннің Израильді құруын тездетті. Палестина-Израиль мәселесін БҰҰ өз бақылауына алды. Конференция ұйымдастырылып, дауға қатысты дауыс беру басталды. Қорытындысында 33 мемлекет Кеңес Одағы мен АҚШ-тың Израильді екіге бөліп билеуін қолдады, ұйымға мүше 6 араб мемлекеті Израильді құруға қарсылық танытты, 5 мемлекет социалистік Израиль үшін дауыс берді. Жаңа социалистік мемлекет құру үшін Сталинге бес мемлекеттің қолдауы жетіп жатты. Ал, АҚШ бейтарап қалуға мәжбүр болды. Себебі, АҚШ парламенті Палестинаның ішкі саясатына араласуға қарсылық танытты. БҰҰ Палестинада социалистік Израильді орнатуға құлықсыздық танытқанымен, Сталинге бөгет бола алмады. Сөйтіп, жез мұртты көсем Израильден Таяу шығыстағы Кеңес Одағының қол шоқпары жасағысы келді. Осы мақсатқа жету және Ұлыбританияны мұқату үшін бар күшін салды.
Кеңес Одағының жел беруімен 1948 жылы 14 мамырда Израиль өзінің тәуелсіздігін жариялады. Жаңа мемлекеттің құрылуы бірінші араб-израиль соғысының тұтануына алып келді.

СОҒЫСТА АРАБТАР ЕВРЕЙЛЕРДЕН НЕГЕ ЖЕҢІЛДІ?

Бірінші араб-израиль соғысында Израиль АҚШ-пен жақындасып кетсе де, Сталин Израильді қару-жарақпен қамтамасыз етті. Араб елдеріне Ұлыбритания қолдау білдірді. Алайда, Ұлыбритания арабтарға жеткілікті түрде қару бермеді. Себебі, ол қарумен кейіннен өздеріне қарсы шығатынына қауіптенді. Осының салдарынан араб мемлекеттері соғыста жеңіліп, Палестина алпыс пайыз жерінен айырылды.
Иосиф Сталин саяси жүрісте біршама нәтижеге қол жеткізді. Соғыстан жеңілген, жерінен айырылған арабтар Ұлыбританияның одақтас болып жарытпайтынына көз жеткізді. Сталин Израиль арқылы Ұлыбританияға қарсы мемлекет жасап берді. Ағылшын ықпалындағы араб елдеріне де үлкен соққы жасады. Палестина-Израиль жанжалын тудыру арқылы әлем назарын Таяу шығысқа аударды. Бұл өз кезегінде Кеңес Одағына соғыстан кейін ес жинап алуға уақыт берді. Таяу шығыспен басы қатқан Батыс елдерінің әлсіреген Кеңес Одағына шүйлігуге мұршалары болмады. Ал, Сталиннің ұтылған жері – Израиль социалистік ел болмай, сыртқы саясатта АҚШ-қа құлақ асты.
Бүгінде Израиль мен араб елдерінің жанжалы әлі де жалғасын табуда. Палестина мен Израильдің бітімге келуі үшін қос тараптың бірі өз талаптарынан бас тартуы керек. Ал екі тарап та тарихи деректерді алға тартуда. 2018 жылы Израиль парламенті Кнессет Иерусалимді еврей астанасы ретінде жариялады. БҰҰ аталған заңға қарсылық білдіруде. «Жанжалды шешу үшін Иерусалимнің шығысын Палестинаға берген жөн» деген ұсыныс айтуда. Палестина болса жерін толықтай қайтарып алуды көздейді. Дегенмен, Израиль енді оған жол бермейді. Жетпіс жылда аяғынан нық тұрып алды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жетпіс жыл уақыт өтсе де, шешімін таппаған дауға нүкте қою күрделі мәселе. Ал, арба да сынбайтындай, өгіз де өлмейтіндей бітім айту БҰҰ-ның қолынан келер емес.

Фараби СӘЙКЕНОВ,
«Qazaq»-тың шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here