САХАРАНЫ КЕЗІП ӨТКЕН ЖЕЛАЯҚ

0
303

Құс қанаты талатын, тұлпар тұяғы күйетін Қарақұм, Сахара, Үлкен Виктория, Ажал алқабы сынды төрткүл дүниенің ең үлкен құмды шөлдерін жалғыз жүгіріп өткен қазақ желаяғы туралы естіп пе едіңіз? Ол – тоқсаныншы жылдары қазақ елін әлемге әйгілеген атақты спортшы. Ол – тарихтағы бірден-бір марафоншы. Ол – жеті дүркін рекордтар кітабына енген желаяқ, супермарафоншы Марат Жыланбаев. Оның шөл далада жасаған рекордын әлі күнге дейін ешкім жаңарта алған жоқ. «Qazaq» газеті бүгін қазақтан шыққан желаяқ, халықаралық спорт шебері Марат Жыланбаевтың спортпен өрілген өміріне тоқталады.

БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ ӨСКЕН БАЛА

Марат Төлегенұлы 1963 жылы 19 сәуірде Қарағанды облысының Фрунзе совхозында дүниеге келген. Жеңіске деген құмарлық пен қайсарлық Мараттың бойына атасынан дарыса керек. Жыланбай тегінің өз тарихы бар. Бір күні атасының шаштары түсіп, қолдары ақтаңғалақ бола бастапты. «Алапес дертіне шалдыққан» деп қорыққан ауылдастары атасын ауылдан аластатқан екен. Содан атасы Кент тауларындағы үңгірде тұрып, жылан аулап күнелткен. Бір жылдан кейін шашы өсіп, ақтаңғалағы кете бастағанын көрген ауылдастары оны қайтадан шақырып алған. Содан оны «Жыланбай» деп атап кеткен және тегі де «Жыланбай» деп жазылған.
Тағдырдың қатал сынына тап келген Марат ата-анасынан ерте айырылады. Ол мектептің 1-8 сыныптарын Қарағанды облысының балалар үйінде оқып, сонда тәрбиеленеді.
«Менің арманым – суретші болу еді. Ол арманым орындалды. Алдымен анам, кейін әкем бақилық болып, жеті жасымда жетімдіктің ащы дәмін таттым. Бес ағайынды едік: үйдегі үлкен үшеуімізді Қарағанды облысының Саран қаласындағы №1 жетімдер үйіне өткізіп, кіші екеуін туыстарымыз асырап алды. Күйзеліске түскенім сондай сабақ оқи алмадым. Бар білетінім – ең соңғы партаға отырып алып, сурет салу. Әлі есімде, ата-анам бізге қағаз беріп «Үйдің, ағаштың, иттің суретін салыңдар» дейтін… Анам көзі тірі кезінде бізге сурет салдыратын. Анам бізге баға қойып, үнемі мен жеңіп кететінмін. Маған «Балам, сен суретті жақсы саласың, сен суретші боласың» дейтін. Оның сол сөзі жадымда жатталып қалып, мұғалім ұрысса да, бұрышқа тұрғызса да, қағазымды тартып алса да, сурет салуды жалғастыра бердім. Бірінші сыныпты кілең екімен бітірдім, тек сурет сабағынан бес алдым», – деп естелік айтты Марат Жыланбаев.
Балалар үйінде жүріп күйзеліске түскен бала Марат сурет салуды жанына серік етіп, сол арқылы бар ауыртпалықты жеңіп шығады. Күніне сегіз сағатын сурет салуға арнаған Марат қаламұшпен көркем туындыларды жасай бастайды. Төртінші сыныптан бастап оқушы Марат кітапханаға барып, сурет салуға, танымал тұлғалардың өмір жолына қатысты барлық кітаптарды оқуды қолға алады.
«Кітапханашы маған кітап оқуды ертегі оқудан бастау керек екенін айтатын. Кітап оқу арқылы кез келген танымал тұлға дәл өзім сияқты ет пен сүйектен жаралған, бойында дарыны бар, бірақ көп еңбектенетін адам екенін түсіндім. Сөйтіп, сурет салуды өз бетіммен меңгеріп алдым. Кейін оқушылар сарайына сурет үйірмесіне барған кезде мұғалім менің салған суретіме қарап: «Саған үйрететін ештеңе жоқ, бәрін өзің біліп тұрсың» деді. Мектеп-интернатта менің мінездемемде «Суретті жақсы салады. Интернаттан қашып кетуге бейім» деп жазылған. Шынымен, күн жылына қалса интернаттан қашып кететінмін. Жетімдер үйінде қонғаннан гөрі далаға қона салуды артық көретінмін», – деп балалық шағынан сыр шертті Марат Жыланбаев.
Бертін келе тәрбиешісі талабы бар Маратты кәсіби суретшілердің студиясына апарады. Олар Марат Жыланбаевтың өнеріне тәнті болады. Суретшілер маймен сурет салуды үйретіп, жаңа келген шәкіртіне тапсырма береді. Келесі күні тапсырманы орындап барған Маратқа олар қатты таң қалады. Марат та ол кезде өзінің маймен сурет сала алатынын білмеген еді.

АБАҚТЫДАН АМАН ҚАЛҒАН

Ата-анадан ерте айырылған Марат балалар үйіндегі қатал тәртіпті көтере алмай жиі қашатын болған. Балалықпен біраз нәрсені бүлдіріп, басы бәлеге қала жаздаған.
«Иә, мен ұрлықпен, тонаумен айналыстым: өтіп бара жатқан жүргіншілерді тоқтатып, заттарын тартып алдым. Осы ісім үшін қылмыстық іс көтеріліп, шартты түрде бір рет жаза алдым. Жасөспірім болатынмын. Балалар үйінде бәрі де ұрлық жасайды, ал кейбіреулері кейін өзін тоқтата алмайды», – дейді Марат Жыланбаев.
Қолының сұғанақтығы бар адам оны індетке айналдырып алса, өмір бойы өзін жеңе алмай кетеді. Ал Марат Жыланбаев өзін дер кезінде бұл жаман әдеттен арашалап қалғанын айтады.
«Мынадай бір «не жаман, не жақсы» деген өлең сөздері бар еді ғой. Бірақ, оның мәнін мен балалар үйінен кейін, бізді училищеге жіберген кезде ғана тоқтау керек екенін, ұрлауға, төбелесуге, кішілерді қорлауға болмайтынын түсіндім. Балалар үйі кейбіреулерді шыңдайды, ал көпшілігінің сағын сындырады. Сірә, мені шыңдаған секілді», – дейді Марат Жыланбаев.

СУРЕТТЕРІН ШЕТЕЛГЕ САТҚАН СУРЕТШІ

Оқуын аяқтаған Марат Жыланбаев 1986 жылы әпкесі мен ағасы тұрып жатқан Екібастұзға келеді. Болашақта суретші болатынына сенімді болған Марат Жыланбаев суретті салып қана қоймай, жеке сурет шеберханасын ашады. Бір күні сол кезде шығып тұрған «Советский художник» журналынан бір журналистің капиталистік ГФР-ның бір галереяшысымен болған сұхбатын оқиды. Онда жеке коллекционерші Ганс есімді вернисаж қожайыны КСРО суретшілерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырған. Марат дереу құжаттарын дайындап, факспен жібереді. Артынша жауап хат келеді.
«Онда маған Мәскеудегі ГФР елшілігінен хабарласады делінген. Сол күні-ақ маған елшіліктен хабарласып, мен бір адаммен кездесіп, барлық суреттерімді көрсеттім. Біз келісімшартқа отырдық. Мен мұндай келісімшартқа отырған сол кездегі суретшілердің алғашқысы болдым деуге болады, Қазақстаннан анық бірінші болдым. Барлық картиналар жақтаусыз, 60х90 өлшемді болуы керек. Бағасы – 100 доллар. Көлеңкелі нарықта бұл ресми түрде 96 рубль болды, бейресми 1000, ал еңбекақы 100-150 рубль болды», – дейді Марат Жыланбаев.
Бір аптадан соң ол 30 картинасын сатып, 3000 доллар алады. Күн өткен сайын суреттен табысы көбейе бастаған ол алыпсатарлықпен айналыса бастайды.
«Валюташы да, алыпсатар да болдым. Бұл валюталық айла-шарғы, саудагерлік болатын – ату жазасын алып тастағанмен, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы бар. Барлығын сатып алдық, тағы да доллар қалды. Артымыздан біреу сат та сат деп қалмай қойды: «Сбербанкте» саған 100 долларға 86 рубль, ал мен – 1000 берем деп ұзақ жүгірді. Біз көлікке отырдық, ол сатып алды. Тауарды Екібастұзда таныс-тамыр арқылы саттым. Суреттерді көптеп тасыдым. Үш жылдың ішінде Германия, Польша, Австралия, Америкаға тарап кетті. Көп ақша таптым. Екі рет ұсталып та қалдым, мен тауарды тек 10 мың долларға ғана әкелдім. Пара беріп құтылдым, әйтпесе, 10 жыл түрме. Екіншісінде де солай болды. 90-шы жылдары бәрін тас-тадым да спортқа кеттім. Сол тұста КСРО да ыдырай бастады және көптеген суретшілер ашықтан-ашық сату мүмкіндігін алды. Ал, мен сурет салуды қойдым, қазір қызықтырмайды десем де болады», – дейді өткен өмірінен ой бөліскен Марат Жыланбаев.

СУРЕТТЕН СПОРТҚА

Сурет салуды меңгеріп алған Марат Жыланбаев дене шынықтыру факультетіне оқуға түседі. Денсаулық үшін жүгірген Марат спорттық бағдарлау бойынша КСРО-ның жасөспірімдер арасындағы жеңімпазы болады. Жаттықтырушысы оған жүгіру дайындығы жетіспейтіндігін айтып ескертеді. Содан Марат Жыланбаев марафон тобына ауысады.
«Жүгіре беруден де жалығады екенсің. Марафоннан шықпақ болып жүргенде жаттықтырушым «Марат, сен әлсіз адамсың. Осы топтан бірінші болып шығып қалатыныңды сезіп жүрмін» деді. Оның мені қайрау мақ-сатында айтқан сөздері намысыма тиіп, нәтиже үшін жүгіре бастадым», – дейді желаяқ.
Жүгіруге бет алған соң сурет салуды тоқтатқан Марат Жыланбаевтың спорттағы даңғыл жолы осылай басталады.

ЖЫЛҚЫДАН ДА ЖҮЙРІК ЖЫЛАНБАЕВ

Марат Жыланбаев алғаш рет 1982 жылы Қарағандыда өткен марафонға қатысады. Бұрынғы ереже бойынша марафонға тіркелген соң 21 шақырымға дейін жүгіріп, тоқтайтын болған. 21 шақырымға таяғанда жаттықтырушысы Маратты тоқтады. Алайда, ары қарай жүгіргендер мәреге жетпей қалады. Осылайша, Марат Жыланбаев бірінші орыннан көрінеді.
Оның әрбір марафоны кемінде 1200 шақырымды қамтиды. Марафоншы 1992 жылы сәуір айында небары 20 күннің ішінде Қарақұмды, 1993 жылы 25 ақпан мен 23 наурыз аралығында 1700 шақырымды 24 күнде, Үлкен Викторияны 1993 жылы 24 қараша мен 15 желтоқсанда 1600 шақырымды 22 күнде және Америка Құрама Штатындағы Невада шөлін 1994 жылы 1-19 сәуір аралығында 1218 шақырымды 17 күнде бағындырған.
Мараттың марафондағы дүниежүзілік рекордтарына тоқталатын болсақ, ол 1990 жылдың басынан аяғына дейін 42 шақырым 195 метрлік классикалық марафонды 226 рет жүгіріп өтіп, әлемдік рекорд жасады. 1991 жылдың наурыз айында Марат Төлегенұлы 23 күнде 23 марафонды ауыздықтап, екінші әлемдік рекордына иек артты. Ал, 1991 жылдың маусым айында 15 күнде 30 классикалық марафонды артқа тастап, үшінші әлемдік рекордты жалынан ұстады. Классикалық марафон – 42 шақырым 195 метр! Күніне екі марафон 84 шақырым 390 метрге тең. Қазақ желаяғы тәулігіне 84 шақырымнан жүгіріп, жарты айда 1265 шақырымды артқа тастаған.
«Мен үшін жүгіру – дәрі: орынды қолдансаң – емделесің, орынсыз қолдансаң – өлесің. Ағзаңыз ішкен-жегенді, ұйықтағанды және ештеңе істемегенді жақсы көреді, ол «жалқаулық» деп аталады. Көбі жүгіру дегенді ауыздан көбік аққанша шаршау, дене мүшелеріңнің ауырсынуы деп түсінеді. Бұл түбегейлі қате түсінік. Жүгірудегі мақсатым – адам ағзасы кез келген жағдайға төзе алатынын дәлелдеу», – дейді марафоншы.
1993 жылы әлемдегі ең үлкен шөл – Сахараны 24 күнде жүгіріп өткен Марат Жыланбаев осы марафонның ең ауыр болғандығын айтады: «Құрмадан аллергия болып, үсті-басым бөртіп кетті. Күндіз жүгірсем, түнде ұйықтай алмаймын. Үсті-басым қышып, мазам қашты. Бір күні таңертең себепсізден күле бастадым. Тоқтаусыз күлдім. Одан кейін тоқтаусыз жыладым. Жылап болған соң қайтадан тоқтаусыз күле бердім. Осылай бірнеше рет қайталанды. Не себепті олай болғанын білмеймін, бірақ сол жағдайдан кейін жаным тынышталып, аллергиям жоғалып кетті. Бұл марафон осы оқиғамен есімде қалды».

МАРАФОНШЫЛАР КЛУБЫ

Марат Жыланбаев 1986 жылы Екібастұз қаласында марафоншылар клубын ашып, бар білгенін тегін үйрете бастайды.
«42 шақырымдық марафон ұйымдастыра бастадым. Оған Кеңес Одағы бойынша марафоншылар келетін. «Жигули» көлігін, «Урал» мотоциклін бәске тіктім. Екібастұз қаласында өтетін марафонға Мәскеуден спорт тілшілері келетін. Спорт рейтингі бойынша біздің марафон клубы КСРО-дағы ең мықты он клубтың қатарында болды», – дейді Жыланбаев.
Жаттықтырушысыз алыс қашықтыққа жүгіргендердің 70 пайызы тізе, омыртқа жарақатын алып, тіпті жүректеріне зақым келтіріп алады. Жүгіруде жаттықтырушымен бірге дайындалу – өте маңызды. Бүгінде супермарафоншы Елордада бірнеше мектепте оқушыларға дұрыс жүгіру жүйесін үйретіп жүр.
«Шәкірттерімнің ең үлкені – 67 жаста. Шәкірттерімнің ішінде құрылысшылардан бастап, мұғалім, дәрігер, психолог мамандар, депутат, министрлер бар. Олар бір ай жаттығудан кейін өз беттерімен 10 шақырым қашықтықта жүгіре алады. Алдыма келген адамның қай жері ауыратынын, темекі шегетін-шекпейтінін бірден білініп тұрады. Темекі шекпей, диванда аяқ көтеріп қойып жататын адамнан гөрі, темекі шексе де, жүгіретін адам артығырақ. Себебі, жүгірген кезде адамның өкпесі тазарады. Варикоз, майтабан, бүйрек ауруы және басқа да дерттері барлар келіп, сауығып кеткендері болды», – дейді марафоншы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Спортты терең түсінетін мамандар Марат Жыланбаевты дүние жүзіндегі ең төзімді, ең білікті марафоншы деп бағалайды. Оны АҚШ пен Ресейдің, басқа да елдердің майталман мамандары өздеріне шақырған екен. Марат болса «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» ұстанымынан айнымай, туған жерде тұрақтағанды жөн көрген. Бүгінде жұбайымен бес баланың ата-анасы атанып, немере сүйіп отыр.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН,
«Qazaq» газетінің Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here