САҒЫЗША СОЗЫЛҒАН СЕРИАЛДАР

0
410

Ең алғашқы «Жалғыз рейнджер» сериалы көгілдір экраннан 1949 жылы көрерменге жол тартты. Қызық оқиғалы вестернде Джон Рейд есімді әділет сүйгіш қаһарман туралы баяндалады. Ол үндіс Тонтоның көмегімен қылмыскерлер мен жемқорларға қарсы күреседі. Бес маусымға бөлінген сериал аптасына бір рет көрермен назарына ұсынылып отырды. Содан бері мұндай ұзын-сонар сериалдар теледи-дарға мықтап «орнығып» алды. Оған қоса, бұл сериалдар бір ғана толқынды тәрбиелеп қана қоймай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатты. Бүгін көрермен қауымды өзіне жіпсіз байлап қойған сағызша созылған сериалдар туралы сөз етпекпіз.

«Санта-Барбара». Әйгілі 2 137 сериядан тұратын «Санта-Барбараны» тамақтанбай, кірпік қақпай үзіліссіз көрсе, толық 2 ай, 1 апта кетеді екен.
«Санта-Барбара» посткеңестік кеңістікте пайда болған ең алғаш-қы сериал. Дәулеттілер мен танымалдылардың теле-эпопеясының тұсауы 1984 жылы 30 шілдеде кесілді. Соңғы сериясы 1993 жылдың 15 қаңтарында аяқталды. Он жылға жуық уақыт ішінде 2 137 серия түсірілген.
Осы телехикаяны ойлап тапқан отбасылық жұп Добсоновтар бұл жұмысы үшін 30 млн доллар алған. «Санта-Барбараның» бір сериясының өзі 400 мың долларға бағаланған. Ал актерлар бір күндік түсірілімде 2 мың доллар қаламақыны қанжығасына байлаған. Сериалдың әр кезеңінде Леонардо Ди Каприо, Робин Райт-Пенн, Тим Робинс, Бриджит Уилсон, Теа Леони, Кевин Сорбо, Джеймс Хон, Чарлз Баркли сынды актерлер бой көрсеткен.
«Адуындылар мен әдемілер». Бұл сериалдың 8 092 сериясын толық үзіліссіз қарап шығуға 3 ай, 1 апта, 6 күн керек екен. Яғни, сериалды ең атам заманғы әрі «өміршең» десек те болады. Ол әлемнің жүзден астам елдерінде 32 жыл бойы шығарылып келді. Тұсауы кесілген күннен бастап сериал халықаралық дәрежеде апта сайын 26 миллионнан астам аудиторияны қамтып отырған. Бұл көрсеткіш – «Адуындылар мен әдемілердің» әлемдегі ең әйгілі телесериал екендігінің айғағы. Бұл телевизиялық алып 1987 жылдың 23 наурызында бастау алған.
«Көршілер». 8 103 сериялы «Көршілерді» қарап шығуға 4 ай, 4 күн қажет. Мельбурн қаласының маңынан ойдан шығарылған Эринсборо қаласының тұрғындары жайлы түсірілген австралиялық сентименталды фильм 1985 жылдың 18 наурызында жарыққа шықты. Қазіргі уақытта бұл Австралияның ең табысты экспорттық өнімі саналады. «Көршілердің» түсірілімі бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Қазір сериал 35 маусым мен 8 103 серияны қамтиды. Әр жылдары кино-жобада Боб Марли, Рассел Кроу, Джейсон Донован, Гай Пирс, Рада Митчелл, Холли Вэлленс, Кайли Миноуг, Дельта Гудрем, Натали Имбрулья сынды әлемдік жұлдыздар бой көрсеткен.
«Түннің табалдырығында». Бұл 7 420 сериядан тұратын телехикаяны көруге 4 ай, 1 апта, 3 күн керек. Бұл әлемдегі детективтік бағытта түсірілген тұңғыш сериал. «Түннің табалдырығында» сериалын 1956 жылдың 2 сәуірінде көрсете бастады. Ал ең соңғы сериясы 1984 жылдың 28 желтоқсанында соңына жетті. Аталмыш жобадан Джулианна Мур, Рой Шайдер, Эктор Элисондо, Скотт Глен, Марсия Кросс және Мартин Шин сынды атақты жұлдыздардың өнерін тамашалауға болады.
«Басқа әлем». Оның 8 872 сериясын тамашалауға 1 жыл, 1 ай, 3 апта, 2 күн қажет. «Басқа әлем» эфирге 1964 жылдың 4 мамырында шығып, 1999 жылдың 25 маусымына дейін жалғасты. Бұл сериалдың ұзақтығы бастапқыда 1 сағатқа дейін созылса, кейіннен 90 минутқа дейін жетті, одан кейін қайтадан 60 минуттық эпизодқа тоқталды.
35 жыл бойы түсірілген телехикаяда авторлар алғаш рет тыйым салынған түсік тастау тақырыбын қозғаған. Айқай-шудың кесірінен лента коммерциялық сәтсіздікке ұшырады. Телехикаяның сюжеті «Дүние қалай дөңгелейді» сюжетімен ұқсас. «Басқа әлемнің» әр түрлі кезеңінен Бред Питт, Морган Фримен, Энн Хеч, Люк Перри, Брайан Краузе сынды актерлардың бейнесін көруге болады.
«Бәрі менің балаларым». Туынды 10 333 сериядан тұрады. Телехикаяны тамашалауға тура 1 жыл, 2 ай, 5 күн кетеді. Бұл телевизиялық сериал 1970 жылдың 5 қаңтарынан бастап көгілдір экраннан көрсетіле бастады. Сериалдың ең соңғы эпизоды 2011 жылдың 23 қыркүйегінде эфирге шықты. Сексенінші және тоқсаныншы жылдар аралығында «Бәрі менің балаларым» танымалдығы бойынша екінші орында тұрды. Әр маусым аралығында фильмге түскен актерлар: Элизабет Тейлор, Кэти Бейтс, Сара Мишель Геллар, Лорен Холли, Кристиан Слейтер, Аманда Сейфрид, Мишель Трахтенберг, Миша Бартон, Джорданна Брюстер, Сьюзен Ворд, Пол Глисон, Дэниэл Дае Ким.
«Өмір бір рет қана беріледі». Бұл 11 136 сериялы телехикаяға 11 ай, 2 апта, 4 күн қажет. Сериал 1968 жылы АҚШ-та жаз айында жарыққа шықты. Ақтық сериясы 2012 жылдың 13 қаңтарында көрсетілді. Бұл – нашақорлық пен нәсілшілдік туралы баяндайтын ғаламдағы ең алғашқы сериал. Томми Ли Джонс, Аманда Пит, Лоуренс Фишборн және басқалар үшін актерлік мансаптағы алғашқы қадам.
«Жас және жігерлілер». 1973 жылдың 26 наурызында жарыққа шыққан «Жас және жігерлілер» эпопеясы әлі күнге көгілдір экраннан түскен емес. Алғашқыда жарты сағаттық сериал аптасына бес рет көрермен назарына ұсынылды. 1980 жылдың 1 ақпанынан бір сағатқа ұзартылды. Сериал қазірдің өзінде америкалық телевидениенің күндізгі көрсетілімде жоғарғы рейтинг көрсетті. 17 мамырда 11 686 эпизоды көрсетілді. Онда Том Селлек, Роберт Костанцо, Пол Уокер сынды актерлер ойнайды. Көруге 1 жыл, 4 ай, 2 күн уақыт кетеді.
«Бас госпиталь». 14 303 серияны көруге 1 жыл, 2 ай, 1 апта уақыт керек. Нью-Йорк штатындағы бір ауруханада жұмыс істейтін қарапайым ғана дәрігерлердің жұмыс күндері туралы сериал алғаш рет экранға 1963 жылы шыққан болатын. Осы жылдың 17 мамырында көрермендер 14 303 эпизодты көрді. Оның серияларының бірі экран алдына бір мезгілде 30 млн адам жинап, сөзсіз рекорд орнатқан еді. Одан бөлек аталған сериал «Бағыттаушы жарық» және «Дүние қалай дөңгелейді» сериалдарынан кейінгі тарихта ең ұзаққа созылған телехикая ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген.
«Дүние қалай дөңгелейді». Бұл сериал эфирге 54 жыл: 1956 жылдың 2 сәуірінен 2010 жылдың 17 қыркүйегіне дейін шықты. Осы аралықта 13 763 серия жинақталған. Бастапқыда жарты сағаттық эпизодтар идеясы көрермендерге қызықты болмады, сондықтан рейтингті көтеру керек болды. 1958 жылға қарай жағдай жақсарып, 1959 жылы шоу сәттілік шыңын бағындырды. «Дүние қалай дөңгелейді» – Америкада 1958 жылдан 1978 жылға дейін күндізгі ең танымал сериал болды. Сериалда Мартин Шин, Уильям Фихтнер, Мег Райан, Эмми Россам, Мариса Томей, Кортни Кокс, Розелин Санчес, Джейсон Биггз және басқалары ойнады.
«Бағыттаушы жарық». Бұл сериалдың өмірі 1937 жылы 21 қаңтарда радиода басталды. 1952 жылдың 20 маусымында сериал радиоэфирден телевидениеге көшіріліп, сонда 57 жыл сәтті шығып тұрды. Сол аралықта 15 762 серия шығарылды. Соңғысы 2009 жылдың 18 қыркүйегінде жарыққа шықты. Сериал жарық көргеннен бастап түрлі жүлделер бойынша 375 рет номинацияларға іліккен және 98 марапатқа ие болған. Жоба телевидение арқылы көрсетілген ең ұзақ сериал ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Картинаға Кристофер Уокен, Руби Ли, Мора Сорвино, Джоан Коллинз, Виктор Гарбер және басқалары түскен.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq»-тың шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here