МАҚСАТЫ АЙҚЫН, БАҒЫТЫ АНЫҚ БЕС БАСТАМА

0
281

Өз елі мен халқына адал қызмет етудің тамаша үлгісін көрсетіп келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былтыр Парламент палаталарының бірлескен мәжілісінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жариялап, қай кезде де өз отандастарының мүддесі бәрінен де жоғары екендігін көрсеткен еді. Біздің еліміз тәуелсіздіктің қандай бір қиын кезеңдерінің өзінде де халықтың әлеуметтік мүддесін жақсартуды назардан қағыс қалдырып көрген емес. Әлемнің дамыған мемлекеттерінің өздері қаржы дағдарысына  ұшырап,  әлеуметтік  салаға  бөлінген бюджеттік  қаржыны  азайтып, кей жағдайда еңбекақыларын төмендетіп жатқанда біздің Қазақстан жыл сайын әлеуметтік жағынан аз қорғалған адамдарға көрсетілетін жәрдемақы, зейнетақы мен шәкіртақыны ұдайы өсіріп отырды. Бюджеттік сала қызметкерлерінің, соның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлердің де жалақылары жыл сайын өсім үстінде болды.

Елбасы өзінің бес әлеуметтік бастамасында әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру қажеттігін алға тартты. Бұл өмірлік маңызы бар мәселе. Өйткені, Қазақстанда соңғы жылдары халық саны жақсы өсіп келеді. Жыл сайын үйленіп, үй болып жатқан жастарымыздың да қатары толығуда.

Екінші бастама: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту».

Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салуды ұсынамын.

Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек. Осылайша салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалуы қажет. Нәтижесінде, еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, бұл 2 миллионнан астам адам, жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады.  

Әрі қарай Үкімет табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеуі керек.

[ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінен]

Ауылдардан қалаға көшіп келіп жатқан жастар легі де жетерлік. Міне, осы тұрғыдан келгенде Елбасы тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыру үшін өте маңызды қадам жасады.  Бұл баршамызды қуантты. Ендігі арада жұмыс істейтін әр адам несиеге пәтер алып, оны өздерінің отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай жағдай жасалып отыр. Мұны әлеуметтік саладағы үлкен жеңіс деп бағалаймын.

Сонымен бірге, несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 пайыз емес, жылына 7 пайыздан аспайтын болып белгіленді. Бұл, әсіресе, жастарымызға, әлеуметтік жағынан нашар қорғалған және жалақылары төмен жандарға өте тиімді болмақшы.

Елбасының бес әлеуметтік бастамасының ендігі бір маңыздысы, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесі биылғы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап 10 есеге азайтылатындығы деп білеміз. Өйткені, түрлі экономикалық құрылымға байланысты Қазақстанның әр өңірінде жалақы мөлшерінің де бір деңгейде еместігі жасырын емес. Мысалы, мұнай мен газ өндіретін аймақтағылардың айлық жалақыларын аграрлық өңір болып саналатын біздің аймақтың (Ақмола облысы) жалақысымен салыстыруға еш келмейді. Аграрлық өңірлерде еңбекақы әлі де төмен. Енді жалақысы төмен адамдардың айлығынан 1 пайыз ғана салық ұсталады. Бұл төмен жалақы алатындар үшін үлкен қолдау әрі көмек, мемлекеттің қамқорлығы болып саналады.

Біз депутаттар Үкіметке сауал салу арқылы студенттерді жатақханамен қамтамасыз етудің мәселесін айтып та, көтеріп те жүрдік. Өйткені, тоқсаныншы жылдардағы жекешелендірудің алғашқы кезеңдерінде оқу орындарының көптеген жатақханалары меншік иелерінің қолдарына өтіп кеткені болды. Содан барып Қазақстандағы кез келген оқу орындарында жатақхана жетіспеушілігі орын алды да, бұл  олардың жалдамалы пәтерлерді жағалап кетулеріне әкеліп соқты. Қымбатырақ түсіп отырған пәтерақыны төлеуге кейбіреулерінің жағдайлары да болмай қиналып жүргендіктері де жасырын емес. Білім алып жүрген жастарды жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін де шешетін кез келгендігін айта отырып, Елбасы 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орындық жатақхана салу жөнінде тапсырма берді. Елбасының бұл жастарға деген қамқорлығы деп білемін.

Кешегі кеңестік жүйенің бір шеңберінде болған мемлекеттер арасында дәл Қазақстан сияқты шағын және орта бизнесті дамытуға қамқорлық жасай білген ел болған емес. Бұл орайда, тағы да Елбасы Қазақстандағы бизнестік ахуалды жақсартуды ұдайы өз назарында ұстап келеді. Енді міне тағы да шағын несие беруді көбейту мәселесі айтылды да, нақтылы тапсырмалар берілді. Бұл өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға тың жол ашады, үлкен демеу болады. Елбасының тапсырмасымен 2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7 200 шағын несие берілді.  2018 жылы тағы да қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, шағын несиелердің жалпы сомасы 62 миллиард теңгеге жетті. Бұл шағын несие алатындардың санын 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық болғандығын, сөйтіп олардың саны 14 мың адамға жеткенін көрсетеді. Енді осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып қалу керек.

Елбасының Қазақстанның түрлі аймақтарын газбен қамтамасыз етуді одан әрі жалғастыру жөніндегі бастамасының да маңызы бар. Әсіресе, Қызылорда облысының Қараөзегінен Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасының ұсынылуы өте маңызды. Өйткені, Елордасы Нұр-Сұлтан қаласы, одан кейін алты ай қыс бойы от жағатын Қазақстанның солтүстік өңірлері үшін мұның өмірлік маңызы бар. Сондай-ақ, бұл біздің Көкше өңірінің Бурабай курортты аймағын дамытуға, оның экологиялық жағдайын жақсартуға және бұла табиғатын  сақтап  қалуға  зор  әсерін  тигізер еді.

Осылайша, Елбасы біздің алдымызға зор міндеттер қойды. Ол міндеттердің барлығы да елдің мүддесі. Олай болса, сол елдік мүдделерімізді өз игілігіміз үшін жаратуға бар күшіміз бен мүмкіндігімізді жұмсауға тиістіміз. Әрине, бұл үшін бізге еліміздің бірлігі мен халқымыздың ынтымағы керек. «Бақ та, ырыс та, береке де ынтымақты жерге барады» деген халқымыздың ежелгі бір даналығын әрдайым есімізде ұстап, Елбасының бес бастамасын орындауға құлшына кірісейік, ағайын!

Рашит ӘКІМОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here