ЕЛБАСЫНЫҢ ҚОЛЫНА ӨЗ КОМПАНИЯСЫНЫҢ САҒАТЫН ТАҚҚАН ЖАС КӘСІПКЕР

0
392

Алғаш рет Елбасының қолына отандық сағат тағып, дүйім елге танылған  жас кәсіпкер – Арман Тосқанбаев  есіңізде  болар. Жеті  кәсіпті  тізгіндеген 27 жасар  жігіт  өңір  жастарымен  кездесіп, бизнестің  қыр-сырымен  бөлісіп жүр. Онымен сұхбаттасудың сәті түскен-ді. Әсерлі әңгіме, әсіресе, жаңадан бизнес бастап жатқандардың жігерін жаныры хақ.

– Бизнеске жол қалай басталды?

– Балалық шағым Қарағанды қаласында өтті. Ата-анам Астана қаласында құрылысшы болып жұмыс істеді. Сондықтан мені орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін әжем тәрбиелеп өсірді. Сөйтіп, жастайымнан орыс әдебиетімен танысып, шет  тілдерін  меңгере  бастадым. Отбасымда өзімнен бес жасқа кіші інім бар. Тойып тамақ ішкен күндеріміз сирек.

– Сонда бай бизнесменнің баласы болмағаныңыз ғой?

– Қарапайым жанұяда өстім. 1997 жылы мектепке бардым. Ал, 15 жасқа келгенде кішігірім бизнеспен айналыстым. Мектеп қабырғасында компьютерлік техникаларды жөндедім. Кейін 2008 жылы банкрот болып жарияланған «Валют Транзит» банкінің техникаларын алып, қайта сатумен табыс таптым.

Артынша Томск қаласында білім алып жүріп те жұмыс жасадым. «Байланыс комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүйелік әкімшісі және техникалық директоры болдым. 2013 жылы «Шон-БИ» телекоммуникациялық компаниясын басқардым. Келесі жылы отандық кәсіпкерлер қауымдастығын құрдым.

Көп пайда әкелген алғашқы кәсібім – 2014 жылы қолға алған гидропонды қондырғылар өндірісі. Оны «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жеңіп алған 3 миллион теңгелік   гранттың  көмегімен  аштым.  Бұл  мекеме Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде де жұмыс істейді. Қондырғыларымыз өте сапалы, бағасы да анағұрлым арзан.

– Сол компанияның кейін банкротқа ұшырауына не себеп болды?

– Бизнестің қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Әріптестерім теріс айналып, компаниядан шығарып жіберген кездер де болды. Кезінде Ұлттық бірыңғай тестілеуде сәл балл жетпей, оқуға түсе алмағаным да есімде. Бірақ, еш мойымай, еңбектенудің арқасында бүгінгі жақсы жағдайға жеттім.

– Осыдан біраз жыл бұрын «Отан» атты сағат компаниясын ашып, елге танылған едіңіз. Бұған қалай қол жеткіздіңіз?

– Иә, отандық сағат өндірісін әріптесім Айбек Есеновпен бірге қолға алдық. Банктер «Қазақстанда қайдағы сағат?» деп таңданып, несие беруден бас тартты. Екі-үш ай ішінде 40 мың доллар жинап, сағат құрастырып шығардық. Оның бүгінгі бағасы 165 мың теңгеден басталып, 10 мың долларға дейін барады. Қымбат түрлерін Ресей мен Қытай азаматтары алып жатады. Жалпы, қазақстандық қамту, мемлекеттік қызмет және мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті цифрландыру мәселесі көтерілсе, қалыс  қалмауға тырысамын.  Өйткені, сәттіліктің сыры – диплом алуда емес, білім мен біліктілікті шыңдауда.

– Тағы қандай кәсіп көздерін аштыңыз?

– 2016 жылы әріптесім Диас Тастанбеков екеуміз жылыжайда базилик, руккола және басқа да өсімдіктерді жаңа технология бойынша өсірдік. Дайын өнімді мейрамханаларға саттық. Мұндай аэропоникалық жылыжай елімізде бұрын-соңды болмаған. Өткен жылы криптовалюта компаниясын ашып, «сербер» атты крипто-әмиян шығардық. Сондай-ақ, ірі ғимараттардың макетін жасау, әр аймақ тұрғындарына  дәрігерлік онлайн көмек көрсету жобаларын да жүзеге асырдық.

Қазір бір ғана кәсіппен шектеліп қалуға болмайды. Әр салаға икемделген артық етпейді. Екіншіден, кәсіпкерлік бұл белгілі бір мамандық емес. Оны меңгеру, үйрену деген ұғым жоқ. Мәселен, сағат компаниясын ашу үшін оны жасайтын мамандарды тапсаңыз да жеткілікті. Демек, «бизнесмен» дегенді тек ұйымдастырушы және қаржы көзін реттеуші ғана деп түсінген дұрыс.

– Қазір бизнеске ынталандыруға бағытталған семинар-тренингтер мен кітаптар көбейді. Сіз де сондай еңбектерді оқисыз ба?

– Меніңше, ол кітаптардың көбісі бір-біріне ұқсайды. Оның үстіне Батыс елдері негізге алынған. Мен теориядан гөрі тәжірибеге арқа сүйедім. Керісінше, ешкімге еліктемей, өзім кітап жазып шықтым. Ол «Қазақстанда нөлден бизнес бастау үшін не істеу керек?» деген сұраққа  толықтай  жауап  береді  деп ойлаймын.

Оның ішінде ата-анамен қарым-қатынас, болашақ жар таңдау мәселесі де қамтылған. Себебі, бизнесте аяққа нық тұру үшін отбасының тигізер әсері мол. Болашақ жұбайыммен Томск қаласында оқып жүргенде таныстым. Осылайша, ол менімен бірге елге оралды. Содан бері жеті жыл бойы қиын кездері қасымнан табылып, рухымды көтеріп келеді. Кітап та, бизнес-тренинг те ынталану үшін қажет дүниелер. Ал, негізгі істі тындыратын кәсіпкердің өзі ғана.

– Қазір қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?

– Жалпы саны 200-ге жуықтады.

– Несие алып тұрасыз ба?

– Инвесторлар мен несиенің көмегіне көп жүгіне бермеймін. Әлі тәжірибе жинап үлгермеген жандарға да кредит алмауға кеңес беремін. Оны экспортқа өнім шығара алатын деңгейге жеткеннен кейін ғана алған жөн. Осы орайда, қарағандылық табысты бизнесмен Төлеген Мақатаевтың «Аш қасқыр жақсы аңшы, ал тоқ қасқыр жаман аңшы болады» деген сөздері есіме түсіп отыр. Ол жетістікке жетсе де, ақшаны байлық деп есептемейді екен. Мен де материалдық құндылықтарға қызықпаймын.

– Өзіңіз сияқты жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Мен   арманыма  жету  үшін бүгін  не  істедім? Бұл сұрақты күнделікті жатар алдында өзіме қоямын. Өкінішке қарай, отыз жасқа дейінгілер жоғары оқу орнына білім емес, диплом алу үшін түседі. Ақыры, қолынан ештеңе келмейтін маман болып шығады. Амалы таусылған соң, такси жүргізеді немесе ғимаратты күзетеді.  Мұның орнына қосымша курстарға жазылған дұрысырақ.

– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Әңгімелескен: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here