COVID-19: Көрінбейтін жаумен күрескен қаһарман қауым

0
4701

Жақында жолға шықтым. Жаһанды жайлаған індетке байланысты бетпердемді тағып, қолыма медициналық қолғап киіп алдым. Діттеген жерге жеткенде ғана бетперде мен қолғапты шештім. Айналдырған екі-үш сағаттың ішінде саусақтарым ақжем болып шыға келді. Ал, осы медициналық қолғапты ғана емес, ыңғайсыз арнайы костюмдерді қанша айдан бері тастамай жүрген дәрігерлердің не жаны қалды екен?!

Иә, көзге көрінбейтін жаумен арпалысқан бүгінгі күннің батырларын қалай әспеттесек те жарасады. Өйткені, пандемия жағдайында өмір мен өлім арпалысқан майданның алдыңғы шебінде жүрген де солар. Бүгін, 3 шілде күні Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова Қазақстандағы коронавирусты жұқтырғандардың 11,5%-ы медицина қызметкерлері екенін хабарлады. Өкінішке қарай, 18 ақ халатты абзал жан ХХІ ғасыр індетінің құрбаны болды.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін өз өмірлерін қатерге тігіп, коронавирусқа шалдыққан өзгелердің өмірін арашалап қалу мақсатында айлап үй көрмей, Гиппократ антына адалдық танытып жүрген ақ халатты абзал жандарға тоқталады.

Жуырда «Хабар» арнасынан Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының бас инфекционисі Сәуле Атығаева қалалық жұқпалы аурулар орталығының жан сақтау бөліміндегі жағдайды айтып, қазақстандықтарды сақтық шараларын сақтауға шақырған болатын-ды.  

«28 қаңтардан бастап санасақ, жұмыста жүргенімізге бес айдан асты. Үйге мүлде бармаймыз. Демігіп қалатын, жағдайы нашар, оттегі жетіспейтін науқастарды жиі көремін. 28 жыл жұмыс істеп, мұндай сұмдықты бірінші рет көруім. Ештеңені ескермейтіндіктен, көп адам қайтыс болады. Сыртқа шығады, қонаққа барып, адамдарға жұқтырады. Бұл – өте қиын жағдай. Бәріміздің қолымыздан антидепрессант түспейді. Басқаша болмайды. Осылай жүргенімізге бес ай болды, бұл – нағыз тозақ», – дейді көзі жасқа толған Сәуле Ағытаева.

Шартарапты шарлаған індет тарала бастаған наурыз айынан бастап жұқпалы аурулар ауруханасына жіберілген көптеген медицина қызметкерлері төрт айдан астам сонда уақыт өткізген. Осы уақыт аралығында олардың көпшілігі үй бетін көрмеген. Сондай жанның бірі – Көкшетау қаласындағы №1 емхананың учаскелік медбикесі Зәуреш Қожанова. Ақ халатты абзал жан үш айдан бері жалғыз ұлымен жүздесе алмай жүр. Пандемия басталған кезде барлық медициналық ұйымдардың басшылары жұқпалы аурулар бөлімінде жұмыс істеуге ниетті жандардың тізімін жасайды. Өзін станционарда сынап көргісі келген Зәуреш Қожанова бірден келіседі.

«Алғашқы жұмыс күнім. Жан сақтау бөліміне бір әже түсті. Сол кезде «қазір бірдеңе болып қалса қайтемін» деген бойымды қорқыныш биледі. Кешірек 50 жастағы әйел кісі жатты. Олардың өкпені жасанды желдету аппаратының астында жатқанын көргенде көзден жасым тиылмады. Аяп кеттім. Одан кейін олардың жағдайы жақсара бастады. Жұмыс істеп, нәтижесін көргенде қанаттанып кетесің. Бұл ерекше сезім. Бәріне көмектескің келеді», – деп ағынан жарылды медбике.

Арпаласып жатқан науқастардың жанын сақтап қалу үшін жанталасқан Зәуреш Қожанова бір түйір ұлы Димашын көптен бері бауырына баса алмай жүр. Өйткені, дәрігерлерге үйіне баруға рұқсат жоқ. Медбикенің аналық жүрегі елжіреп тұрса да, жұмысын аса жауаптылықпен атқарып келеді. Дәл қазір ол үшін  сауыққан жандардың жайдарлы жүзін көруден асқан бақыт жоқ.

Күн-түн демей көрінбейтін жаумен күресіп жүрген қаһармандар –дәрігерлер. Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны артқан сайын медицина қызметкерлерінің жұмысы да екі еселене түсті.

«Алты адамға арналған орында қазіргі таңда 25 науқас жатыр. Орын жоқ. Науқастар саны күн санап көбейіп келеді. Қолдан келгенді жасап жатырмыз. Елде індет басталғалы күні-түні жұмыстамыз. Бастапқы 1-2 ай мүлде үй бетін көрмей кеттім. Дәрігерлерді бөлек жерге орналастырды.  Үйде кішкентай ұлым бар. Күнде бір қылық шығарады. Кейде мен де жұмыстан шығып, үйге барып ыстық тамағымды ішіп, ел қатарлы жатып демалғым келеді. Алайда, қазіргі жағдайда ол мүмкін емес. Өйткені, мына індетпен күресіп, оның құрбаны боп жатқан адам көп. Өмір мен өлімнің арасында жатқан науқастарды көріп, өзіңді ұмытып кетесің. Адам жанын сақтап қалу жолында жаныңды саласың», – дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық теміржол ауруханасының анестезиолог-реаниматологы Ғабит Нұрханұлы.

Елімізде алғашқы коронавирус пайда болған сәттен бастап карантинде жүрген жанның бірі – Алматы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының реанимация бөлімінің меңгерушісі Манас Әбділдаев. 13 наурыздан бері ол және оның әріптестері қонақ үйді паналайды. Манас Әбділдаев коронавирустан ауырған соңғы науқас жазылғанда ғана үйіне қайтатынын айтады. Ал, ол қуанышты күн қашан туады? Ол жағы әзірге беймәлім…

«Үш айдың ішінде бұл өмір ырғағына да үйрендік. Әрине, отбасымызды сағынамыз. Әріптестерімнің балалары: «Анам, қашан келесің?» – деп хабарласып жатады. Жақындарың хабарласса, жауап таппай қиналасың. Психологиялық жану деген түсінік бар. Егер біз бөлімшеде тағы үш ай қалатын болсақ, онда жағдай расымен қиын болайын деп тұр. Жағдайы ауыр науқастар түседі. Туыстары қоңырау шалады. Сен олардың көз жасын көресің. Олардың стрессте тұрғанын түсінесің, оны өң бойыңнан сезініп өткізесің. Емделушілер саған Құдайдай қарайтын сияқты. Қолыңнан алып, бар күшімен қысады. Осы сәтте олардың қорқынышын сеземін. Менімен көзбен сөйлеседі. Соны көріп жүрегім ауырады», – дейді Манас Әбділдаев.

Дәрігерлер де темірден жаратылмаған. Олар да – адам. Шаршайды, шалдығады. Ел қатарлы демалып, тыныққысы келеді. Ал, қазіргі жағдайда ол мүмкін емес. Мұндай кезде Манас Әбділдаевтің жанын ұғатын бір-ақ жан бар. Ол – жұбайы. Отыз жыл отасқан жары – Жанат Мұстафаева да дәрігер- эндоскопист. Бүгінде ақ халатты абзал жандар бірін-бірі айтқызбай ұғады.

«Жолдасым күнде ауыр науқастармен байланыста болатындықтан, өзі үшін емес, жақындары үшін қорқады. «Ешқайда шықпаңдар, бетперде тағып жүріңдер» деп бізге қатты алаңдайды. Мен оған сенемін. Осы вирустың жыры тезірек бітсе екен деп тілеймін. Манас үйге келген кезде біздің үйде жалпыхалықтық мейрам болатын сияқты. Өйткені, жұбайым еліміз толық мына індеттен тазарғанда ғана үйге оралады ғой», – дейді Манастың жары Жанат Мұстафаева.

Манас Әбділдаев шаршаған кезінде аурухананы бір айналып шығады екен. Дәрігер физикалық түрде көп қимылдау арқылы ойдағы ауыр мұңнан арылғысы келетіндей. Ол осының бәрі көрген түстей өте шығатын болса, отбасымен қауышатынын айтты.

«Үйге барып, анамды, жақындарымды көргім келеді. Әсіресе, немеремді қатты сағындым. Демалып, ұйықтасам деймін. Осының бәрі тезірек аяқталса екен. Қазір біздің бөлімшеге коронавирусқа сенбегендер түсіп жатыр. Ауыр науқастарды көріп, олардың орнында болғың келмейді», – деп ой бөлісті Манас Әбділдаев.

Жарғақ құлағы жастыққа тимей, күндіз-түні қауіпті зонада жұмыс істеп жүрген жамбылдық дәрігерлер де қазір қиын кезеңді бастан кешіріп жатқандарын айтады.

«Қазіргі уақытта дәрігерлерге оңай тиіп жатқан жоқ. Коронавирус инфекциясы әлі толық зерттелмеген жұқпалы дерт. Ол кез келген жерде жұғуы мүмкін. Сондықтан әрбір тұрғын карантин талаптарын сақтап, қауіпсіздік шараларын ел үшін жасап жатқанын ескерсе екен. Біз өз отбасымыздан жырақта жүрсек те, өз парызымызды мүлтіксіз атқарып, антымызға ақырына дейін адал боламыз», – дейді Жамбыл облысындағы жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Лиза Тұрғанова.

Қазір дәрігерлердің жұмысы қауырт ғана емес, қауіп пен қатерге толы.  Олар әр адамның амандығы үшін күресуде. Антына адал жандардың еңбегі жанатын күн туса екен…

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq»-тың Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here