«ОЛЖАС ЖӘНЕ ОНЫҢ КОМАНДАСЫ» НЕМЕСЕ ТЕГІНЕ ТАРТҚАН ТЕКТІ ҰЛ

0
363

Әр дәуір мен әрбір ұрпақ жадында қайталанбас болмыс-бітімімен сақталып қалатын тұлғалар болады. Ол мейлі ғылымда, мейлі әдебиетте, мейлі өнерде, мейлі саясатта болсын, өзінің туабітті дарынымен оқшау көзге түсіп, бойындағы бар ізгі қасиеттерін ұлтына, ұлтының іргелі істеріне, мақсат-мүддесіне бағыштаған перзенттерін жұртымыз қай кезде де шексіз қадірлеген, абыройын асқақтатқан. Бұл – қазақтың қанында бар сүтпен сіңген қасиеті!

Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті ақын Олжас Сүлейменовтің бейнесі де сондай сирек ұшырасар тұлғалар санатынан болғанына ешкімнің таласы жоқ. Таласқа түспеудің себептері жетерлік. Соның бірі – текке қатысты. Ол тегіне тартқан текті ұл.

Олжас Сүлейменов пен Махмұт Нәлібаев

Атағы әлемді шарлаған көрнекті ақын қазақтың мақтанышы. «Алтынның сынығы, асылдың тұяғы» саналар Олжас Сүлейменов бүгінде сексеннің ауылынан асса да қоғамдағы келелі мәселелерде өз үлесін қосып келеді. Біртуар ақынның көп жұрт біле бермейтін кей қыры туралы жазудан бұрын, Мұзағаңның (Әлімбаев) «Толқыннан толқын туады» кітабындағы Олжас Сүлейменов туралы айтқан толғанысын жеткізуді құп көріп отырмын. Ақын ағамыз өр мінезді ақын інісі туралы былай толғапты: «Олжас Сүлейменов  жайында жазу оңай емес, қиын. Бірнеше себептен солай: біріншіден, Олжастың әдебиеттегі асқан орнын қалың қауым менсіз де жақсы біледі. Екіншіден, оның шығармашылығы туралы айтылған пікірлерді, жазылған еңбектерді жинақтаса, қаншама кітап боларлық алуан сырлы материалдар бар. Үшіншіден, Олжас – күрделі, қырғызша айтсақ, «қиын» автор. Өйткені, оның көркем күрделілігіне көрінген оқырманның тісі бата бермейді». Рас айтқан, Мұзағаң! Олжас Сүлейменов туралы айтылған да, жазылған да дүниелер тау-теңіз деуге болады. Ол жазуға да, ауыз толтырып мақтануға да тұрарлық дарынды тұлға!

Тілектес Есполов, Олжас Сүлейменов және Ғалым Мұтанов

Тілектес Есполов тізгінін ұстаған Қазақ ұлттық аграрлық университетінде 2004 жылдан бері тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында «Олжас Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты» жұмыс істейді. Қайраткер тұлға осында оқитын ауылдан шыққан студенттермен жиі кездесулер өткізеді. Студенттермен кездесулерде көрнекті ақын әдебиет пен мәдениет, ұлттық патриотизм мен бейбітшілік мәселесі, еліміздің экологиялық проблемалары және жоғары оқу орындарының халықаралық білім кеңістігіне кіруі туралы пайымдауларымен пікір алмасып отырады. Әсіресе, түрлі мәдени-көпшілік және  спорттық шараларға қатысып тұрады. Спорт демекші, Олжас ағамыздың жалынды жастық кезінен жанына жақын спорттың түрі, ол қол добы – волейбол болған. Волейбол туралы ойын ақын ағамыз ертеректе былайша өрбітіп еді: «Мен кезінде қазақтың даңқты волейболшысы Октябрь Жарылғапов жетекшілік еткен Қазақстанның алғашқы волейбол құрамасында ойнағанмын. Сол ұжым КСРО-ның екі мәрте чемпионы атанды. Екі рет Еуропа кубогының иегері болды. Мен, әрине, бұл құрамда алғашқы кездерінде ғана ойын көрсеттім. Бірақ ұзақ болмадым. Оған шығармашылық мүмкіндігім себепкер болды деуге толық негіз бар. Әйткенмен, осы аралықта спортымыздың қалай дамығанын жіті бақылап отырдым. Мен біздің қазіргі волейболымыз сол Жарылғапов, Жаркешевтердің заманындағы жоғарғы деңгейге көтерілуін армандаймын…»

Иә, аға осынау асқақ арманның тізгінін мықтап ұстаған. Әліге дейін волейболдан қол үзіп көрмегендігін мына бір ақжарма сөзінен аңғарамыз: «Иншалла, қолымнан қаламымды да, добымды да түсірген емеспін. Әлі күнге дейін волейбол ойнаймын. Меніңше, жақсы дүниелер тудыру үшін денсаулықты күтіп, дене мен ойды сергек ұстаған жөн. Дені сау ұрпақ пен рухы мықты қоғамның ғана болашағы зор».

Бүгінде өзінің бастауымен аталған университетте ардагерлердің командасы құрылып, басқа оқу орындары мен мекемелердің командаларымен кездесулер өткізіп тұру дәстүрге айналған. Ардагер волейболшылармен салауатты өмір салтын ұстануды жастарға үлгі етіп көрсетуде. Мұндай шаралар аға буын мен  жастарды өзара жақындастыра түсіп, ұрпақтар арасында түсінікті диалог орнатуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Олжас Омарұлы жыл сайын туған күнін университетте атап өтеді екен. Соған орай студенттермен бірге «Олжас және жастар» атты үлкен мәдени шара және университеттің Спорт кешенінде дәстүрлі «Олжас Сүлейменов жүлдесі» үшін волейболдан ардагер командалар арасындағы Халықаралық турнир жүйелі түрде өтіп келеді.

Олжекеңнің өмір жолы, шығармашылық еңбегі қазіргі жастар үшін үлкен мектеп. Сондықтан Тілектес Исабайұлы басқаратын университет өздерінде оқитын жастарды Олжас ақынның рухында, оның зор тұлғасы мен азаматтық, адами қасиеттері үлгісінде тәрбиелеуге бар білім-біліктерін аянбай келеді. Оған біздер куәміз. Университеттің осынау игі істеріне ризашылығын білдірген ағамыздың: «Аграрлық университетке келген сайын мен қарапайым ауыл балалары арқылы қасиетті Қазақ елінің құдыреті мен ауылдың иісін сезініп, рухани байып қаламын» деген сөзінің жаны бар. Себебі, ертең осында терең білім мен өзекті тәрбие алған студенттердің ауылдарымызды көтеріп, ұлттық рухымыздың дәнін сеуіп, ел экономикасына, мәдениетіне қызмет етері сөзсіз.

Биыл университеттің «Олжас Сүлейменов атындағы гуманитарлық тәрбие, білім беру институтына» 15 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында институт көптеген рухани, мәдени, спорттық шаралар өткізіп келеді. Айтулы мерейтойдың құрметіне Тілектес Есполов «Олжас және оның командасы» атты деректі фото, құжаттарға негізделген арнайы альбом-кітап шығарды. Бұл кітапта 13-інші рет өткізіліп отырған ардагер волейболшылар турнирінің осы уақытқа дейінгі аралықтағы жеткен жетістіктері туралы материалдар мен әр кездердегі жарыстардың сәттері бейнеленген суреттері топтастырылған екен.

Және де институт ішінде университет ұжымының бастамасымен  О.О.Сүлейменовке оның қызметі мен өміріне арналған «Таза Ел» мұражайы жабдықталыпты. Мұражайдың атауын тұлғалы ақынның өзі қойды, аталмыш идея халықтың ниетінің тазалығы, көңілі мен істерінің жақсылығы, табиғатты аялай білу «Таза Ел» жасауға бастайды дегенді білдіреді. Ал, «Таза Ел» таза Планета жасаудың кепілі болмақ.

Мұражайда Олжас Омарұлының кітаптарынан бөлек, жеке заттары, ақынға түрлі ұжымдар сыйлаған заттар, экспонаттар ақын өмірінің түрлі кезеңдерінен сыр шертеді. Көптеген тақырыптық стендтер ақынның шығармаларындағы қағидаттық ойлар мен негізгі идеяларды насихаттайды. «Таза Ел» мұражайында көпшілікті елең еткізетін тақырып Олжас ақын бастаған «Семей-Невада» қозғалысы тақырыбы болды. Расында әлемдік антиядролық қозғалысты басқаруы Олжас Омарұлына зор абырой, әлемдік танымалдылық әкелді.

«Семей-Невада» қозғалысының жалпыхалықтық сипат алуы қазақ халқына ғана емес, бүкіл әлемге қауіп төндірген Семей ядролық полигонының жабылуымен аяқталды. Студенттер әлемдегі бейбітшілік үшін күрескер болған Олжас Сүлейменовтің және оның соңынан ерген антиядролық қозғалыстың жарқын тарихымен танысады, ғибрат алып, саяси лидер болудың қыр-сырын түсінеді.

Ақынның лидер болуының жөні бар. Өйткені, қазақтың даңқын жарты әлемге жария еткен Олжасы туралы мына бір тың деректерге оқырманның назарын аударып көрелікші…

Волейболшы Олжас Сүлейменов 1977-1995 жылдар аралығында Қазақстан шахматшылары қауымдастығының төрағасы болып қызмет атқарған. Қолы бос кезінде шахмет пен волейбол ойнау ақынның негізгі хоббилерінің бірі болған. Сонымен қатар, Олжас Сүлейменов «Қазақфильм» киностудиясы сценарийлік-редакциялық алқасының бас редакторы қызметін атқарып жүрген кезінде отандық кино өнеріне де өлшеусіз үлес қосқан. Тізімдеп айтсақ, Шәкен Айманов түсірген «Атамекен» фильмінің сценарийін және өз кезінде көрермен көзайымы болған «Көксерек», «Қараш-Қараш», «Қыз Жібек», «Атаманның ажалы» сияқты фильмдердің бәріне «Қазақфильмнің» бас редакторы ретінде ақынның да тікелей қатысы болған.

Қайырымдылық істен де құр алақан қалмайтын Олжас Омарұлы 1986 жылдың соңында шыққан «Каждый день – утро» кітабының қаламақысынан бір тиын да алмай, 8 бірдей желтоқсаншыға Алматыдан 8 пәтер алып бергендігі ақынның азаматтығын асқақтата түсті. Алаштың арда азаматтары Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлын ақтау кезіндегі Олжастың сіңірген еңбегін атап өтпей кетуге болмас.

Біздің айтпағымыз, арыстар мен алыптардың көзіндей болып арамызда жүрген тұғырлы тұлға хақындағы «Олжас және оның командасында» қайраткер ақынның болмыс-бітімі ашыла түскен. Оқырман ретінде кітаптың мазмұны ұнады. Бір деммен оқып шықтық. Ішіндегі суреттер де сыр шертеді. Дегенмен, кітап туралы пікірді озық ойлы оқырманның еншісіне қалдырайық…

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген ұлы Абайдың сөзі Олжас Сүлейменовтерді айтқанда еріксіз тіл ұшына оралады екен…

Махмұт НӘЛІБАЕВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here