ЖАСТАР ЖЫЛЫНДАҒЫ СТУДЕНТТЕРГЕ ҚАМҚОРЛЫҚ

0
446

Арнайы Жастар жылының жариялануына байланысты жастарға деген қамқорлық бұрынғыдан бірнеше есе ұлғайды. Айталық, биыл жастардың білім алуына 70 мыңнан астам білім беру гранты бөлінді. Ел үкіметінің  қаулысы бойынша отандық жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігі және студенттерге ай сайын шәкіртақы төлеу қарастырылған. Шәкіртақы мөлшеріне әсер ететін бірнеше фактор бар. Биылғы жылы жоғарылатылған шәкіртақы мен президенттік стипендияға талапкерлердің қайсысы үміткер бола алады? «Qazaq» газеті бүгін осы тақырыпқа кеңінен тоқталады. 

ШӘКІРТАҚЫ ТҮРЛЕРІ

Қазақстанда шәкіртақыға жоғары оқу орындары, кәсіби техникалық мекемелер мен колледждердің студенттері үміттене алады. Мемлекеттік шәкіртақылар  қалыпты, ең төменгі немесе жоғарылатылған және президенттік деп бөлінеді. Президенттік стипендияға тек жоғары оқу орындарының студенттері ғана талаптана алады.

Студенттер шәкіртақыны елдегі кез келген екінші деңгейлі банктен жеке төлем карточкасын рәсімдеу арқылы ала алады. Егер студент бірінші айда карточканы рәсімдеп үлгермесе, онда ақшаны оқу мекемесінің кассасынан қолма-қол алуға құқығы бар.

Білім беру грантын иемденген студенттер оқу жылының бірінші жарты жылдығына дейін қалыпты немесе ең төменгі стипендия алады. Шәкіртақы ай сайын түсіп тұрады, ал төлем әр айдың соңында жасалады. Егер студент бірінші емтихан сессиясын «өте жақсы» немесе «жақсы» деген көрсеткішпен аяқтаса, алдағы уақытта да  шәкіртақы алуын жалғастырады.

Айта кетейік, оқу үлгерімі үздік студенттер жоғарылатылған шәкіратқы алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл алдыңғы семестрдегі стипендиядан 15 пайызға артық. Емтиханнан сүрінбей өтіп, жазғы сессияны да «өте жақсы» немесе «жақсы» деген бағамен аяқтаған студенттерге жазғы демалыс кезіндегі екі айға – шілде мен тамызға стипендия төленеді.

Жоғарылатылған мемлекеттік  шәкіртақыға  емтихандық сессияларды «өте жақсы» деген бағаман жапқан студенттер мен магистранттар өтініш бере алады. Оқу озаттары шәкіртақыларын 15 пайыз үстемемен алады. Мемлекеттік стипендия университетпен қатар колледж студенттеріне де төленеді. Сондай-ақ, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған өрендерге және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жәрдемақылар да қарастырылған.

Президенттік стипендия алуға тек қана университет студенттері ғана ұмтыла алады. Негізінен бұл шәкіртақы белгілі бір еңбегі бар ізденуші жастарға беріледі. Президенттік стипендия бастамашыларының басты мақсаты –  студенттер мен магистранттарды ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға ынталандыру, талантты және дарынды жастарды қолдау және зияткерлік әлеуетті қалыптастыру.

Президенттік стипендияны университеттер арасында үлестіру үлгісі де қызық: бұл күндізгі бөлім студенттерінің санына қарай жүзеге асырылады. Егер жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқитындардың саны 700-ден кем болса, онда бұл университет президенттік стипендия беруге жарамсыз болып табылады.

Мемлекеттік грант иегерлері немесе ақылы бөлімде  білім алып, оқу үлгерімі «өте жақсы» деген көрсеткіші бар кез келген 3-курстың күндізгі бөлімінің студенттері және екінші оқу жылындағы магистранттар президенттік стипендияға үміттене алады.

Республикалық және халықаралық олимпиадалардың, шығармашылық байқаулардың, спорттық іс-шаралар мен фестивальдердің жеңімпазы атанған студенттер мен магистранттар – президенттік стипендияға өздерін ұсына алады. Сонымен қатар, жаңалық ашқан немесе өнертабыстың авторлары да аталмыш шәкіртақыға өтініш білдірулеріне болады. Сондай-ақ, республикалық және халықаралық ғылыми жинақтар мен журналдарда мақалалары жарияланған студенттер де президенттік стипендия үшін таласқа түсе алады. Оған қоса, бұл тізімге ғылыми-зерттеу жұмыстары мен спорттық іс-шараларға белсене атсалысқан студенттер де кіреді.

Ғылыми кеңестің қорытындысы бойынша университет ректорының бұйрығымен тағайындалатын президенттік стипендия әр ай сайын төленеді. Бірақ бір академиялық кезеңде (семестр) беріледі. Оны бір студент бірнеше рет ала алады.  Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ бала кезден мүмкіндігі шектеулі жандар мен мүгедек балаларға да шартқа сәйкес бағын сынап көруге басымдық берілген.

Білім және ғылым министрлігінің ережесі бойынша осы жылы қазақстандық жоғары оқу орындары 1 080 студент пен 8 магистранттың шәкіртақысын өзара бөліседі. Білім және ғылым министрлігі әр сала бойынша 922 студент пен жеті магистрантқа стипендия бөлген. Оның – 56 студенттік және бір магистрлік шәкіртақы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілсе, Мәдениет және спорт министрлігіне – 12 грант, Денсаулық сақтау министрлігіне – 81 грант, Қаржы министрлігіне – 1 грант, Назарбаев Университетіне – 8 грант бөлінген. Ал, волонтерлік қызметпен белсенді айналысатын студенттердің шәкіртақылары 30 пайызға көтерілмек.

Тұңғыш президенттің пікірінше, студенттер қауымы еріктілік пен қайырымдылықтың қуатты ресурсы болып саналады. Бұл жас адамдардың еңбек нарығында жедел бейімделуіне және олардың әрі қарай өз жолын табуына септігін тигізеді.

122,5 МЫҢ СТУДЕНТТІҢ ШӘКІРТАҚЫСЫ 30 ПАЙЫЗҒА ҚАШАН ӨСЕДІ?

Жұмысшы мамандығын алып жатқан студенттердің шәкіртақысы артады. Бұл туралы ҚР Президентінің сыйлықтары мен гранттарын табыстау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Алдағы 1 қыркүйектен 122,5 мың адамды қамтитын техникалық және кәсіптік білімнің жұмысшы мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы 30 пайызға артатын болады. Жоғарыда аталған қауырт шаралар біздің бәрімізді толғандырып отырған әлеуметтік мәселелерді шешуге септігін тигізе-ріне сенім білдіремін. Әрине, мұның барлығы Елбасының танымал стратегиясында белгілеген мақсаттарға қол жеткізуге оң әсерін тигізетін болады», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы еліміздің экономикасының алдында өте күрделі тегеуріндердің тұрғандығына қарамастан осынай шаралар қабылданып отырғандығын баса  айтты.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢ ТАНЫМАЛ УНИВЕРСИТЕТТЕРІНІҢ ӘЛЕМДІК РЕЙТИНГТЕГІ ОРЫНДАРЫ

Биылғы жылы қазақстандық университеттер  Еуропа мен Орталық Азияның ЖОО-нан  (QS World University Rankings) халықаралық рейтингісінде ең үздік университеттер қатарынан көрінді.

Британдық Quacquarelli Symonds агенттігінің рейтингі бойынша бірінші орынды – жоғары оқу орындарының саны жағынан Ресей университеттері алса, екінші орынды – Түркияның жоғары оқу орындары еншілеген. Ал үштіктен – Қазақстан көрінген.

Мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  «QS  World University Rankings» рейтингісінде ең үздік университеттер арасында 19-орынды иеленген. 40-орыннан –  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті көрінсе, 70-орын  Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық ғылыми-техникалық университетіне бұйырған. RAEX («РАЭКС-Аналитика») рейтинг агенттігінің айтуынша,  2019 жылы Ресейдің үздік университеттері қатарына Мәскеу мемлекеттік университеті, Мәскеу мемлекеттік физика-техникалық университеті және «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті енген.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақстанның тәуелсіздік тарихында әр жыл жастарға ерекше көңіл бөлінді. Осыған дейінгі «Бес әлеуметтік бастаманың» өзі жастарға арналды деп айта аламыз. Мәселен, 14-17 жас аралығындағы талапкерлерге арнап университеттердегі гранттар саны көбейді. Білімді көксейтіндердің бір арманы орындалды. Екінші жатақхана мәселесі шешімін тапты. Жұмыс істеп жүрген, аз жалақы алатын жастар 10 пайыздық кіріс салығынан босатылды. Осы секілді мысалдарды көптеп айтуға болады. Ал биылғы Жастар жылы Қазақстанның болашаққа нық қадам басуының белгісі. Өйткені, 18-20 жастағы жастар 20-30 жылдан кейін еліміздің нағыз тірегіне айналады.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq» газетінің Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here