САБЫРЖАН ШҮКІРҰЛЫ-80: САҒЫНЫШ САЗЫ

0
323

Қара сөздің қас шебері, сөз зергері, академик Зейнолла Қабдолов айтпақшы, «мен бұл тақырыпқа кітап жазбақ боп толғанғалы  қашан». Жарықтық, Зекең ұлы Мұхтар Әуезов туралы өзінің роман-эссесін осындай жүрек жарды сөзбен бастап еді-ау… Ал, менікі роман да емес, кітап та емес, өзімді журналистика әлеміне қолымнан жетектеп әкеліп кіргізіп жіберген ұстазыма деген жүрек лүпілінен туындаған ілтипат, сағыныш сазы еді. Әйтеуір соның сәті түспей, толғағы піспей-ақ қойды. Неше сан рет ақ қағазды алдыма жайып үстел басына отырамын. Неге екенін білмеймін жүрегім дауаламайды, тұрып кетемін. Былай қарасам бәрі көкірегімде сайрап тұрғандай. «Құдай-ау, сонау бозбала шағымнан бастап, есейіп егде тартқанға дейінгі өмірді бір салада бірге өткіздік. Неге мен бұл тақырыпқа бара алмаймын, неге жаза алмаймын, не кедергі?!» деп өзімді өзім қамшылаған боламын. Бәрібір батылым жетпейді. Себебін кейін білдім. Ол туралы айтар сөздің жауапкершілігі екен қолды байлаған. Әсіресе, жазудағы жауапкершіліктің жүгі ауыр. Оны қаламдастар жақсы біледі. Ол да бір ұшып кеткен құс, қайтарып ала алмайсың. Сәкең, бүкіл қазақ еліне танымал журналист-жазушы Сабыржан Шүкірұлы өмірдегі кез келген мәселеге осындай өлшеммен, асқан жауапкершілікпен қарайтын. Амал қанша, ұстаздың сол талабынан шыға аламын ба, жоқ па, тәуекел деп бастадым.

Бала күнгі көрген көрініс, естіген сөз қашан да шынайы болады. Баяғы бір заманда әуелі Пионер, кейін Нұрхан атымен аталатын көне Торғайдың бір көшесінде «Универмаг» деген дүкен болды. Бұл сөздің толық мағынасын түсінбесек те кісі көп жүретін жер болғандықтан мен сияқты бота тірсек боз балалар сол маңайды жиі торауылдайтынбыз. Бір күні аудандық «Жаңа өмір» газетінде осы дүкенді сын тезіне алған «Жалаң аяқ универмаг» деген фельетон жарқ ете қалды. Авторы Сабыржан Шүкірұлы. Балалық қой «Жалаң аяқ дүкен болады ма екен?» деп күлістік. Ол кезде біз үшін бүкіл әлеуметтік тіршіліктің тілін тарқататын әдеби-мәдени өмірдің жаршысы тәрізді «Жаңа өмір» газетін «қиқымын» қалдырмай оқитын кезіміз. Бір топ бала фельетонды талқылап жатқанбыз. Арамызда біреу: «Әне Шүкіровтің өзі келе жатыр» деді. Торғайдың күншығыс жақ бетіндегі редакция жаққа жалтақ-жалтақ қарастық.

Иә, келе жатыр Шүкіров. Ұзын бойлы, бір жағына қиыстаңқырап қозғалатын нарқоспақтай, аяғын алшаң басқан ақсарғыш жүзді, шашының алдыңғы жағы бұйралана біткен, тана көзі шоқтай жайнаған жас жігіт жанымыздан өте берді. Мен ауызымды ашып аңқиып тұрып қалсам керек. (Өйткені Шүкіровті бірінші көріп тұрғаным ғой). Көз қиығын шүйіріп, бір түрлі жылы жымиыспен қарайтын жанары жалын атып маған сәл көз тастағандай болды. Бітті. Осы көзқарас мені байлап, матап тастады. Мен бүкіл болмысыммен оған еліктеп кеттім.

Менің 8-10 сыныпта оқып жүрген кездегі алғашқы хабар-ошарларымнан бастап, «Сақманшының күнделігі» атты жолжазбам, «Жыртылған жең», «Жылқышылар», «Армандар жетекшісі» деген очерк суреттемелерімнің бәрі Сәкеңнің қолынан өтті. Жалғыз мен емес-ау, осы күнгі көрнекті ақындар Серік Тұрғынбеков, Серікбай Оспанов, марқұм Кеңшілік Мырзабеков, қарымды қаламгер Қайсар Әлім, ақын Әбжан Әбілтай, сатира сардары Жұматай Сабыржанұлы, журналшы Жақсылық Жүнісов, Әмірхан Әбдулин, Таңатқан Сәтпаев, Ереке Ахатов сияқты менің замандас-қаламдастарымның дені «Шүкіровтің шекпенінен шықты». Сәкеңнің ақыл-кеңесін алды, қолдауын сезінді, жаңа өмір соқпақтарында ол  жел жағымызда пана, ық жағымызда сая болды.

Баяғыда Бекболат ағам Әдетов екеуі бір бөлмеде отыратын. Оныншы сыныпта оқып жүрген кезім. Бір күні барсам «Жұлдыз» журналында жарияланған Қалмұхан Исабаевтың «Эрика», Қалихан Ысқақовтың «Менің қарындасым», әлде «Райгүл» ме толық есімде жоқ, бір әңгімесін талқылап, әжептәуір пікір сайыстырып, екеуі сөзбен «семсерлесіп» отыр. Сәкеңнің бір ғажап болмысы осындайда дәйекті, тиянақты сөздерімен, пайымды терең ой-орамдарымен алды-артыңды орап, тұмшалап тастайтыны бар-ды. Өзі сонысына риза болып сақылдап күлгенде көз асты күлгінденіп, жанары жайнаң қағып, бір рақат сезімге бөленгендей болатын. Соны Бекболат ағам Сәкең туралы «Енді оны маған кім айтар…» дейтін естелігінде айна қатесіз түсіріпті. Оқып көрелік: «Қазақта «көшелі адам» дейтін ұғым бар ғой. Жақсы адам дейтін мағынада айтылады. Жөн білетін, жақсы мен жаманның парқын айыра білетін біреуді көрсек «көшелі азамат екен» деп жатамыз. Міне, Сабыржан дәл сондай азаматтардың сойынан болатын» дей келіп, Сәкеңнің әлдебіреумен дауласа қалған жағдайда қарсыласына тарпа бас салып, оның пікірін қас пен көздің арасында тас-талқан ететінін, оны сөзбен буып тырп еткізбей тастайтынын тілге тиек етеді. Біз мұның талайына куә болғанбыз.

1970-ші жылдардың соңғы ширегі. Біздің бақталайымыз да, қайғы-қасіретіміз де болған Торғай облысының дәуірлеп тұрған шағы. Облыстық «Торғай таңы» газетінде ылғи бір жас шағынан деңгейлес алды жиырма бес, арты жиырмадағы Жұматай Сабыржанов, Айдос Шөкішев, Серік Жолдыбаев, Сырымбек Кәрімов, Жұмабек Жанділдин, Әбжан Әбілтай, Мақсұтбек Сүлейменов сияқты қаламынан бал тамған жігіттер жұмыс істедік. Жарыса жазамыз, жұмысты жапырып істейміз. Арасында… тәртіп бұзып, талқыға да түсеміз. Әбжан ішіп кетеді. Жұматай картаның қызығына түсіп газеттің түңгі кезекшілігіне келмей қалады. Серік әлдебір қыздармен қыдырып кетеді-мыс…

Ол кезде Сабыржан Шүкіров «Егемен Қазақстанның» Торғай облысындағы меншікті тілшісі, біздің партия ұйымында есепте тұрады. Жаңағыдай мәселелерді талқылаған кішігірім жиналыстардың бәріне қатынасады. Жұматай жаны қысылғанда ашық провокацияға барып Әбжанды куәге тартады. Әбжан «күшігінен соңынан ерген» Жұматай ағасының сөзін қимай, өтірік те айта алмай ыңыранып тұрады. Сондайда Сәкең саңқ етіп сөйлеп: «Ақын өтірік айтпайды, шындықтан қайтпайды», – деп Әбжанды тұйықтан алып шығып, Жұматайдың кінәсін жуып-шайып, Серіктің серілігін күлкіге айналдырып, бізді тура келген «ажалдан» құтқарып алар еді. Сәкең Әбжанның ақындығын, Жұматайдың сатирасын жоғары бағалайтын, ол сөйлегенде тіпті шешімі жоқ нәрсенің өзі түйіні тарқатылып, қатаң жаза жұмсарып қоя беретін. «Ондай беттілік адамның өз ұстанымына деген сенімділігіне ғана емес, ішкі қуатына да, ой қисынымен соны айта білуіне де байланысты» болуынан шығар.

Тағы бір еске алар жайт, Сабыржан Шүкірұлы мен белгілі сатирик-этнограф Сейіт Кенжеахметов түйдей құрдас болатын. Арқалықта екеуі қаладағы ең сәулетті бір үйде  тұрды. Екі Сәкең де бір-бірімен қатты ойнайды. Бас қосқан жерде сөзбен қағытып айтысады да отырады. Бір күні Сейіт Сабыржанның үйіне телефон соғады. Сәкең телефон тұтқасын көтергенде «Тыңдап тұрған Шүкіров» деп жауап беретін дағдысы бар-тын. Сонда Сейіт «Жіберейін бе құлағыңа түкіріп» дейтін көрінеді. Тағы бірде ағайындардың бірі «Қарағым Сейіт, сен осы Сабыржан тұратын үйде тұрасың ғой» дейтін көрінеді. Сонда Кенжеахметов «Жоқ, ақсақал қателесесіз, Сабыржан Сейіт тұратын үйде тұрады» депті. Сейіт ақын әрі сатирик, сөзге ұшқыр, тез ойлап, тез жауап береді. Бірақ жеме-жемге келгенде Сабыржанның әзілдері салмақтырақ, мазмұндырақ болып келеді екен. Әсіресе, Сейіттің «шокферлығы» туралы Сабыржан таратқан анекдоттар екеуінің де көзін көрген, қатты сыйласқан жерлестері Алматов пен Сауытов ақсақалдар арқылы әлі де ел арасында айтылып жүр. Құдай ісіне не шара қазір Сабыржан да, Сейіт те өмірден өткен. Арқалықта олар тұрған үйде екеуіне қойылған ескерткіш тақта қатар тұр. Жалпы, Сәкең туа бітті дегдарлығы, қисынды сөзбен қиып түсер шешендігімен қатар ой иірімі терең философ та еді. Бірер мысал: «Рушылдық та, ұлтшылдық та қалыпты күш емес. Рушылдық ұлттық арнадан төмен өлшенеді, ұлтжандылық – тең өлшем, ұлтшылдық – әсіре өлшем. Рушылдық – ұлтыңды бөлшектеп, өзгеге жем етеді, ұлтшылдық – ұлтыңды оқшаулап әлемдік несібеңнен қағады. Дұрысы ұлтжандылық. Ол – өз ұлтының проблемасын көтеріп, өз халқын жоғары сатыға шығаруға жан салып қызмет ететіндер».

Бұл Сәкеңнің бір мақаласынан үзінді. Бүгінгі күннің қолайына келіп-ақ тұр. Біздің қазір өз руын әсіре дәріптеп, қазақи ұлттық мүддені екінші кезекке қоятындар машинасына, футболкасына «Найман», «Қыпшақ», «Арғын», «Дулат», «Шапырашты» деп жазып жүргендер осыны оқыса-шы, ойланса-шы! Рулық деңгейдегі елдің ұлт болып ұйыса алмайтынына көзіміз жететін уақыт болды ғой. ХІV-XVІ ғасырда Еуропа халқы «Иә, Құдай! Бізді шайтаннан, құйрықты жұлдыздан, түріктерден сақтай гөр!» деп дұға оқиды екен. Түрік деп отырғаны біздер, біздің ата-бабаларымыз ғой. Міне, сондай биікке көтерілген халықтың «қазақ бос сөзге үйір халық, бірін-бірі көре алмайды» дегендей деңгейге төмендеуі ақылға қона ма?! Иә, Сәкең мақалалары осындай ағымға, арнаға, тың ой түйіндеуге жол сілтейтін. Кісіге ой салатын, ойландыратын.

Сабыржан Шүкірұлы суреткер де еді. Тағы да оқып көрелік: «Терістіктен шыққан ызғар қар қанатын жерге тигізбей, гуілдетіп қуып барады». Немесе: «Көктемде қар суымен екпіндей тасып, ернеулете жүйіткіген өзен ағысы бірте-бірте баяулап, жаз бастала бүлкілге көшеді». Сурет пе? Сөзбен сурет салу ғой!

Ал саясаткерлігі, оны түйсінуі тіпті шеңберге сыймас. Осы күні ойлаймын, егер ол обкомдағы нұсқаушылық жұмысын тастап  журналистикаға қайтып оралмай, саясатты қуып кеткенінде, әй, бір жерден тесіп шығар еді-ау. Бірақ, Сәкеңнің өзі оны қаламады. Сөз өнерін пір тұтты ғой.

«Арамызда мемлекеттік дербестігімізді М.Горбачев бергендей көретіндер бар. Бекер… Арғысын қоя тұралық, ол көп әңгіме ғой, бергісі үш ғасырда біз орыстан үш мәрте пайда көріп, үш ғасыр зардап шектік. Қазақтың Ресейге қосылуын: «Өз еркімен болды», «Жеке тұлғалардың сатқындығынан болды», «Орыстың басқыншылығынан болды» дескен пікірлер бар. «Өз еркімен қосылды» деген сөз, әрине саяси бүркеме, достық рәуішті пейілді танытудағы сыпайылық десек болады. Осы ұстанымды сыпайы саясатты ұстаудың арқасында қазақтың жері де, жұрты да бөлшектенбей, бірыңғай бір мемлекет құзырында қалды» деп жазады Сәкең.

Рас қой, сабырлылық қазақтың бағы болды. Кешегі Кеңестер Одағы тоз-тоз болған шақта да айдаһардың ауызынан аман шықтық. Қазір де ұстамдылықтың арқасында мамыражай өмір сүріп келеміз. Мен саналы түрде Сәкеңнің атқарған қызметтерін айтпай отырмын. Оның «Егемен Қазақстанда» қатардағы тілшіден, бас редактордың орынбасары, «Сұхбат» апталығында бас редактор, «Ана тілінде» редактордың орынбасары болғанын, сөйтіп танымдық-тағылымдық тақырыпта тіл мен ділді қорғап қыруар мақала жазғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Қызметте тұрған ештеңе жоқ қой. Мәселе артта қалған рухани мұрада емес пе?! Бұл жағынан Сәкеңнің ауыз толтырып айтарлық еңбегі бар. «Тамаша өмір», «Шақшақ Жәнібек», «Нақпа-нақ», «Рухани өріс кернеуі», «О заманда бұ заман» деген кітаптарын жұрт іздеп жүріп оқиды.

Мұз-ағаң, Мұзафар Әлімбаев Сәкеңе берген бір қолтаңбасында «Ел іздейді сөзіңді, осал деме өзіңді» деп жазыпты. Шынайы баға. Елі іздеген қаламгер қашан да бақытты, қашан да оның еңбегі өміршең, ұрпақ аралап кете береді.

Ақселеу марқұм (Сейдімбеков) «Өз басым Әбіштей біртуар тұлғамен бір кезде  ғұмыр  кешіп, қатар жер басып жүргенімді тағдырдың сыйы деп білемін» деген екен. Сол айтқандай мен де Сәкеңмен, қазақтың қабырғалы қаламгері, саясаттың да, экономиканың да жілігін шағып, өзек майын мәйек ете білетін сұңғыла аналитик, әр сөздің  астарына мән беріп, шұрайын шығара қолдана алатын сөз зергері Сабыржан Шүкірұлымен бір топырақта туып, бір ауамен тыныстап, оның қамқорлығында өмір сүргенімді мақтаныш етемін.

Ол тірі болғанда биыл 80-ге келер еді. Амал қанша, тағдыр жібі кемеліне келген дер шағында кенеттен үзілді. Содан бері де алты жылдай уақыт өтіпті. Бәрібір оны сар даласы сағынышпен іздейді. Қанаттас, қабырғалас болған қаламдастары, қалың оқырманы зор ілтипатпен еске алады.

Серік ШАЙМАН, «Qazaq»-тың Қостанайдағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here