ТЕАТРДАҒЫ ТАЛАС-ТАРТЫС: ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫНАН ШУ ШЫҚТЫ

0
747

Негізі 1934 жылы қаланған Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры Қазақстандағы ең көне театр саналады. Өнер ордасының сахнасында алғаш рет Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» атты музыкалық комедиясы көрермен назарына ұсынылды. Театрда Күләш Бәйсейітова, Ермек Серкебаев, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова секілді тарихи тұлғалар өнер көрсетті. 1945 жылы Абай есімін иеленген  85 жылдық тарихы бар өнер ордасынан былтыр шу шықты.

БЫЛТЫРҒЫ БЫЛЫҚ

Өткен жылдың қарашасында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының хор әртісі Тұңғышбек  Мусайф тілшілерге жанайқайын жеткізіп, әртістердің жалақысын көтеру керектігін айтқан болатын. Жанжалдың күшеюіне жол бермеген ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығы осы мәселе бойынша баспасөз мәслихатын өткізіп, төмен жалақы алатын шығармашылық ұжымның мәселесін көктемге дейін шешуге уәде берген.  Содан бері не болды? Бұл туралы хор әртістері не дейді?

«Сахнадан театрландырылған көріністі тамашалап кететін кө-рермен әртістердің күнделікті күйбең тірлікте қандай екеніне бас қатырмайды. Ал біз ілініп-салынып әрең шығамыз. Шығармашылық жұмыс болғандықтан рөлді жақсы  алып  шығу  үшін  бізге  шабыт  керек. Шабыт қарны аш адамға келмейді. Бәріміздің отбасымыз, балаларымыз, керек десеңіз, несиеміз де бар. Қазір қалада 80 мыңмен қалай күн көруге болады? Мен  жұмыстан бос уақытымда күзетші ретінде жұмыс істеуге мәжбүр екенімді айттым. Менің екі балам бар, жұбайым жүктілік демалысында, яғни отбасындағы жалғыз асыраушымын. Мен мұнымен не айтқым келді? Алдымен жағдайдың өзгеруін, әртіс жалақысының көтерілуін қаладым. Мемлекеттік органдардың араласып, жағдайды мұқият қарастыратынына үміттендім. Дегенмен, менің бұл айтқаным жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді», – деп сұхбат беріпті «Караван» газетінің тілшісіне былтыр жалақыны көтеру туралы мәселені көтерген хор әртісі.

Айта кетейік, 2014 жылдан бері Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының басшысы болған Асқар Бөрібаев былтыр театрда хор әртістері тарапынан орын алған келіспеушіліктен кейін өз еркімен қызметінен кеткен болатын.

ҚУАНЫШТЫҢ АРТЫ ҚУДАЛАУҒА ҰЛАСТЫ

Одан кейін не болды? Мән-жайды театрдың хор әртісі Екатерина Медведева айтып берді: «Болып жатқан жайт басыма сыймайды. Тұңғышбектің сұхбаты біз Мемлекет басшысына мәселемізді көтеріп жазған хатымыздан кейін жарық көрді. «Бізге құлақ асады» деп қатты үміттендік. Өйткені, бәріміз театрдың бұрынғы басшыларының былығынан шаршаған едік. Біз егеменді елде өмір сүреміз. Біз тек таңдаулылардың ғана көңілін көтеретін басыбайлы сарай әртістері емеспіз.  Біз адал  еңбегіміздің ақысын алғымыз келеді».

Әртістердің үндеуі тиісті орынға жетіп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне тапсырма берілген. Министрлік 2019 жылдың нау-рыз айында жалақының көтерілетінін айтқан. Бұдан бөлек, театр басшылығы өзгерген. Оған қоса, министрлік барлық қызметкерлерге бір реттік сыйақы берілетіндігін тілге тиек еткен. «Сөзімізге құлақ асты» деген әртістердің қуанышында шек болмаған. Алайда, бұл қуаныштың арты қудалауға ұласқан.

«БАҚ арқылы тараған дау үшін көпшілігімізге сөгіс жарияланып, сыйақыдан қағылдық», – дейді  Екатерина Медведева.

Жаңадан сайланған басшы Ая Қалиева өз бұйрығымен алдында берілген сөгісті жойып, берілмеген сыйақының төленетінін айтқан.

«Бәрі осылай болғанда арадағы келіспеушілік жойылатын еді. Біз – әртіспіз. Қақ-соқпен бас қатырып, таласып, соттаспас та едік. Алайда, біздің басқа амалымыз қалмады. Тағы да тиісті мемлекеттік органдарға жүгіндік. Бұл жолы мемлекеттен театрдың шығындарына бюджеттен бөлінетін қаражатты тескеруін талап еттік. Біз бухгалтер немесе қаржыгер емеспіз, бірақ есептей аламыз. Біз театр бухгалтериясынан есеп айырысу қағаздарын алып, өздігімізден санап көргенде, осындағы көбімізге ең төменгі еңбекақының өзін толық төлемейтініне көз жеткіздік. Шамалап театрдың табысын есептей бастадық. Бұл бізге еш қиындық тудырған жоқ, өйткені өзіміз ойнайтын бүкіл репертуарды, қойылымдарды білеміз. Әр қойылымның билет бағасын, одан түсетін қаржыдан да хабардармыз. Бұған театрдың жалға беретін бағасын қосып есептегенде, шамамен айына 20 млн теңге ақша түседі екен. Әрине, бұл сомма біздің шамалап есептегеніміз, алайда шындыққа жақын. Осы ақшаның есебімен-ақ театр біздің еңбегімізді бағалап, жалақымызды көтеріп берсе болар еді», – дейді театр әртісі.

ЖЕТЕКШІГЕ ЖАБЫЛҒАН ЖАЛА

Ұзын сөздің қысқасы, хор әртістері театрдың қаржылық тәртібінің бұзылғаны туралы барлық дәйектер мен деректерді көрсетіп, 2014-2018 жылдар аралығындағы театрдың кешендік қаржылық қызметіне тексеріс жүргізу үшін арыз жазады. Жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюродан «Өтініштеріңіз Алматы қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолданды» деген жауап келеді. Алайда, аталмыш мекемеден тексеріс келмей, жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Жоғары жақтан қолдау күткен театр қызметкерлеріне керісінше қысым көрсетіле бастайды. Оған дәлел ретінде бас хормейстер Әлия Темірбековаға жалған жала жабылып, оның заңсыз жұмыстан босатылуын айтса болады.

«Меніңше, бұл біздің Жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроға жолданған арызымыздан басталды. Содан бастап театр әкімшілігі маған қысым көрсете бастады, – деген бас хормейстер Әлия Темірбекова әңгімесін ары қарай жалғады. – 19 маусымда театр әкімшілігінен сот ісіне шақырту қағазын аламын, 21 маусым күні маған қатаң сөгіс береді, ал 25 маусымда мені еш себепсіз жұмыстан босатады. Бұл орын алған жағдайдың ешқайсысында менің тарапымнан еңбек заңнамасының нормаларын сақтамауым сынды  заң бұзушылық болған жоқ. Менің осылай заңсыз жұмыстан босатылуым – маған жасалған қысымның ашық түрі деп есептеймін. Қазіргі таңда мен жұмысымды қалпына келтіру туралы  сотқа  талап арыз дайындап жатырмын, әділдік жеңеді деп ойлаймын. Маған  қазір қолдау көрсетіп жатқан ұжымыма өте ризамын».

Бұл жолы хор әртістері театр басшысы өздерінің жетекшілерін жұмыстан заңсыз шығарғанын айтып отыр. 25 жылдық тәжірибесі бар кәсіби маманды осылайша бір-ақ сәтте жұмыстан шығару онсызда былтырдан бері қысым көріп келе жатқан әртістерге оңайға соқпағаны анық. Әртістердің айтуынша, сол күні жетекшілері жұмыста болған. Тек түстен кейінгі үзіліске шыққан. Ереже бойынша оған құқылы екен. Өйткені, кешкісін тағы да 3-4 сағат дайындық жүргізеді. Сәйкесінше, 7-8 сағаттық жұмыс уақыты шығады. Ендеше, үзіліске шыққан хор-мейстерді жұмыста жоқ деп, әп-сәтте қызметтен кетіру негізсіз екенін айтады ұжым мүшелері.

«Бұрынғы басшымыз Асқар Бөрібаев жұмыстан кетер кезінде барлық хор әртістеріне заңсыз сөгіс жариялап кеткен. Соның ішінде хордың басшылығы да бар. Біз бірақ ол сөгістің заңсыз екенін бірнеше ай жүріп сотта дәлелдедік», – дейді тағы бір хор әртісі Біржан Мамырбаев.

Театрдың экс-басшысы Асқар Бөрібаевтың заңсыз сөгіс жариялап кеткенін сотта дәлелдеген хор әртістері бұрынғы және қазіргі театр басшылары шығармашылықпен айналысуға деген шабыттарын су сепкендей басқанын айтады. Ал, театр қызметкерлерінің былтырғы жаппай шағымынан кейін кеткен Асқар Бөрібаевтың орнына келген Ая Қалиева барлығы заң аясында жасалғанын, аталған шешіммен келіспесе, сотқа шағымдануына болатынын мәлімдеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Театр басшысы шығарған шешіммен хор жетекшісі де, әртістер де келіспей отыр. Бұл мәселенің мәнісін заң органдары майшаммен қарамаса болмас. Соңғы шешім – сотта.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq»-тың Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here