БОЛАШАҒЫ БІРТҰТАС ҚАЗАҚСТАН

0
494

Қазіргі қарқын сақталатын болса, алдағы 20-30 жылда Қазақстан халқының 90 пайызы қазақтар болады. Славяндардың саны 5-6 пайызға дейін азайып, олар 21-22 миллион халықтың 1 миллионын ғана құрайды. Болашағы жарқын біртұтас елде басқа қандай демографиялық өзгерістер болады? «Qazaq» газеті бүгін осы сауалдардың жауабын іздейді.

ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ДҮМПУ 

Қаймағы бұзылмаған қазақ халқы қаншама қиындықты бастан өткерсе де, тамырын тереңге жайып, өрісін кеңейтіп келеді. Алайда, 1916-1946 жылдар аралығында ел басына орнаған «отыз жылдық қара түнек» қазақ халқының тең жартысын жалмады. Ал, 1950-1960 жылдарда тұңғыш рет тіркелген демографиялық дүмпу болды. Бұл оқиғаның жаңғырығы осы уақытқа дейін жалғасып келеді. Шүкір!

Демографиялық дүмпу елде әр 20 жыл сайын қылаң береді. Алғашқысы – 1980 жылы тіркелген. Екіншісі – 2000 жылы. Енді 3-4 жылдан кейін үшінші толқынды күту керек. Қазір халық санының өсуі көпбалалы отбасылардың артқандығынан емес, неке жасына кіретін жастардың көптігінен болып отыр.

Қазір еліміздегі 18,4 миллион тұрғынның 12,5 миллионы қазақ. Өткен жылы туылған сәбилердің 92 пайызын қазақтар құраған. Оған қоса, қазақтар өлім көрсеткіші бойынша славяндарды басып озған. Яғни, ұшса сұңқардың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын ұлан-байтақ жердің иесі біздер – қазақтар барлық демографиялық көрсеткіштер бойынша алдыға шықтық. Ал, бұдан не күтуге болады? Енді соған келейік…

АУЫЛДАН ҚАЛАҒА АҒЫЛҒАНДАР

Соңғы 20 жылда қалалардың өсу көрсеткіші айқын байқалады. Қала тұрғындарының саны 58 пайыздан асты. Әрине, мұның басты себебі – экономика. Яғни, қалада өмір сүру оңай, табыс көп. Жаңа мамандықты меңгеріп, кәсіби деңгейді көтеруге тағы болады. Бұл жақсы әрі ұзақ өмір сүрудің бірден-бір кепілі.  

Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұған мемлекет те бейжай қарамайды. 2003 жылы ауылды дамыту бағдарламасы қабылданды. Онда адамдарды қолайсыз жерлерден шығарып, оларды үлкен ауылдар мен қалаларға көшіру, сондай-ақ оларға жер мен үй беріп, жеке кәсібін ашуға және мамандық алуға көмектесу көзделген. Бағдарламаның екінші кезеңінде мигранттарды қалаларға қоныстандыру қарастырылған.

ЖАСТАРДЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ҚАЙДА ТҰРАДЫ?

Қазақстан күн сайын өркендеп келеді. Ұлттық банктің бағалауы бойынша, 2014 жылмен салыстырғанда 2025 жылға қарай 0-15 жас аралығындағы халық саны  1,1 млн адамға артпақ. Бұл топта 1980-ші  жылдарғы  үлкен  буыннан тараған ұрпақтың  балалары басым болады.

Дегенмен, алдағы 10 жылда олардың саны азаяды. Олардың орнын 90-шы жылдардың ұрпақтарынан шыққан адамдар алмастырады. Азын-аулақ. Ал, 2000 жылы дүниеге келген балалардан тараған ұрпақпен 2050 жылға қарай бұл топтың саны тағы 1 миллион адамға көбейеді.

Ең «жас» аймақтар қатарына – Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда, Атырау, Жамбыл, Алматы облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы кіреді. Мұнда 14 жасқа дейінгі жастардың үлесі барлық өмір сүретіндердің бестен бірін құрайды.

Ал «ескі» аймақтарға – Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары жатады. Олар дәстүрлі түрде «славян» деп саналады. 20 жыл ішінде елдің солтүстігінде табиғи халықтың кемуі орын алады. Бұл табиғи халықтың қартаюы мен орыс тілді этникалық топтар санының азаюын көрсетеді.

2014 жылдан бастап Қазақстанда «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама мақсаты – білім беру кеңістігін кеңейтіп, республиканың орталық және солтүстік аймақтарын толықтай қамтып, оңтүстік аймақтарындағы сұранысқа жоғары мамандық алғысы келетін жастарды кеңінен оқыту және жұмысқа орналастыру. Жақсы ма, жаман ба, бірақ бағдарлама жұмыс істеп тұр. Мәселе соншалықты өзекті болмаса да, бастысы проблемалы аймақтардағы адамдарды қоныстандыруда мол тәжірибе жинап жатыр. 

Айтпақшы, «Серпіннің» айналасында да келіспеушіліктер бар. Шығыс Қазақстан облысындағы кейбір жергілікті қазақтар осы бағдарламадан шығарылғанына ашық түрде шағымдануда. Олар келушілердің қандай артықшылықтарға ие екенін түсінбегендіктен істің мән-жайына бара бермейді. Жергілікті тұрғындар «Мемлекетте заң бәріне бірдей, онда біз неге бір университетте білімді ақылы алуымыз керек?» деп дау тудырып отыр.

ЖАСТАРДЫ АУЫЛҒА ТАРТУ ЖОЛДАРЫ

Мемлекет қалалар арқылы дамып жатыр. 2013 жылы қазақстандықтардың 55 пайызы қалаларда тұрды. Қазір – 58 пайыз. Тиісінше, ауыл тұрғындарының деңгейі де 3 пайызға төмендеді. Соңғы 6 жыл ішінде  бүкіл халықтың 13 пайызын құраған 15 жасқа дейінгі балалардың жер бетіндегі көрсеткіші әлі күнге өз биігінен құлаған емес. Бұл негізінен бала туу деңгейінің жоғарылауына байланысты. Мәселен, ауылдық отбасында әдетте 3-тен көп бала дүниеге келеді, ал қалада 1-2 баламен шектеледі.

Бұл шындықты қабылдағаннан кейін жастарды оқыту керектігін түсіну қажет. Тұрғылықты жерде оқытса, тіпті жақсы. Механизатор немесе малшы сынды ауыл шаруашылығының мамандықтарын ғана емес, сонымен қатар қалада оларға пайдалы болатын – дәнекерлеуші, құрылысшы, токарь,  механик, бухгалтер, электрик сияқты мамандықтарды үйрету керек. Жастар білім ала алатын техникумдар мен кәсіптік техникалық мектептер жүйесін қалпына келтіру қажет. Ақысыз болғаны жөн. Соңғы жылдары мемлекет осындай бастаманы сәтті жүзеге асырып келеді.

КЕДЕЙЛІК АУЫЛДАН ШЫҒА МА?

Ауылда жастар көп болса, олар сондағы кедей ортаны құрайтыны белгілі. Әдетте қала мен ауыл арасындағы табысты салыстырғанда, орташа жалақы деңгейінен мысалдар келтіріледі де, онда қалалықтар табысы 2-3 есеге көп болып шығады. Өзге де салыстыратын дүниелер баршылық.

Елдегі халықтың 42 пайызы ауылда тұрады. Бірақ, ұлттық жалпы өнім құрылымында ауылшаруашылық өнеркәсіп бар болғаны 5 пайызды құрайды. Егер еңбек көші қонына түзетулерді, табыс табу үшін басқа жаққа баруды және өңдеу кәсіпорындарындағы жұмысшыларды алып тастағанда онда қалалықтар еңбегі әдетте ауылдықтарға қарағанда 5-8 есе өнімдірек шығады. Алайда, бұл соңғыларының мүлдем жұмыс істемейтіндігін білдірмейді. Мұнда екі мәселе бар.

Біріншісі – шаруалардың үштен бірінен көбі табиғи шаруашылықпен айналысады. Олар тауар өндіріп шығармайды, солай күнелтеді. Оларға шаруасынан табыс түспеуі де мүмкін. Егер бір зат сатып алу керек болса, ол нарыққа қой немесе тайынша апарып сатады да ақшасын мануфактураға жұмсайды. Ол экономикалық тұрғыда «көзге көрінбейді». 

Екіншісі – тиімсіз шағын жекеменшікті саудагерлер. Қарапайым кооперация оның табысын 2-3 есе арттырады. Ірі шаруашылық – одан да зор табыс әкеледі. Міндет – осы барлық ірілеу немесе шағындау өзін-өзі басқарушы құрылымдардың басын біріктіру. Сонда ауыл қаланы да тамақтандыра алады, бұл солай болуы да керек және ауылдықтар да өндірісте лайықты жалақы алатын болады.

ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ

Өкінішке қарай, «Он қазақстандықтың тоғызының қазақ болуы қазақ тілі төрге шыға қояды» деген сөз емес. Оның үстіне қазақ тілі деградацияға ұшырап, оны қолданатын салалар тынысы тұрмыста тарыла түсетіндігі туралы қауіп бар. Халықаралық қатынаста орыс тілінің орнын ағылшын тілі басады.

Тіл тазалығына да қатысты күрделі мәселе бар. Соңғы қазақша түсіндірме сөздікті тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай 2002-2011 жылдары А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты шығарды. Сол сәттен ол библиографиялық сирек басылымға айналды.  Қарапайым адам үшін ол қолжетімсіз. 1984 жылғы екінші орысша-қазақша түсіндірме сөздіктің шығарылымы аға буынның есінде. Алайда, оған да қол жеткізу мүмкін емес. Сөздіктер жасау бойынша жұмыстар интернетке ауысты, себебі олардың қағаз нұсқаларын шығаруға қаржы бөлінбейді.

Кез келген кітап дүкенінде қазақ тілінде әдебиеттер толып тұрады. Олардың жартысы тарихи тақырыптарға арналған. Енді бір бөлігі – әдебиеттану және саясат жөнінде. Тағы да  осы тәртіптердің саясатқа, насихатқа жақындығының арқасында. Қазақ филологиясы бойынша кітаптар іс жүзінде жоқ.

Кәсіби терминдерді аудару керектігі немесе қажет еместігі туралы әлі күнге үлкен дау-дамай тууда. Ал, әлемнің көптеген елдерінде сол мемлекеттің қандай да бір прогресс жүріп жатқан саласы бойынша ұлттық терминологиясы қабылданады. Жоғары технологиялар саласында ағылшын тілінен алып пайдаланса, геодезия саласында неміс тіліне ортақтасады.

Жаратылыстану пәндері бойынша қазақстандық ғалымдардың ғылыми жұмыстарының көп бөлігі орыс тілінде жазылады, сосын барып ғылыми мерзімді басылымда жариялану үшін ағылшын тіліне аударылады. Бастапқыда қазақ тілінде жазылған еңбектер де негізінен тарих пен саясатқа арналған.

«Серпін-2050» бағдарламасы бойынша бөлінген білім беру гранттары құрылымының да әлсіз тұсы осы – тіл мәселесі. Биыл университеттерде сол арқылы білім алуға 5 089 грант ұсынылды. Студенттерге 350-ден астам мамандық бойынша ұсыныс айтылды, оның 195-і, яғни көп бөлігі техникалық бағыттар, 91-і педагогикалық мамандықтар және 64-і ауылшаруашылық саласында.

Бағдарлама шарттары бойынша жастар болашақта өздері өмір сүріп қалатын аумақтағы ЖОО-да білім алады. Солтүстік облыстарда. Олардың басым бөлігі орыс тілінде оқуда, себебі Қостанайда да, Өскеменде де техникалық мамандықтардан қазақ тілінде оқытатын мамандар жоқ. Сөйтіп, ақыры тіл мәселесі тағы да кейінге қалдырылады, тағы да болашақта бұл мәселе шешілер деген үміт қана қалады.

Солтүстіктегі өндірістік кәсіпорындарда бұрынғы кадрларды алмастырып жатқан жас мамандардың да кәсіби тақырыптарын қазақ тілінде жүргізетіндігіне үміт аздау. Тәжірибе көрсеткендей, техникалық топты өзгерткенмен кәсіби тіл сақталып қалады.

Туған тілді дамыту үшін алдымен көптеген, атап айтқанда, түсіндірме, орфографиялық, синонимдік‚ түрлі терминдер бойынша сөздіктер шығару керек. Бұл кез келген тілдің өмір сүруіне қажет негіз.

ҰЛТТЫҚ БОЛМАС

Қалаларға жаппай қоныс аудару мәдениетімізге кері әсер етуі мүмкін. Әдетте, қала мен өнеркәсіптік орындар дәстүрді жояды деп саналады. Бұрын КСРО кезеңінде қалаларда негізінен славяндар орналасты. Сырттан келушілер ретінде олар жергілікті ауылдық қазақ тұрғындармен көп байланыспайтын. Сондықтан қазақы бірегейлік өз бетінше сақталып қалды да, оған еш қауіп төнбеді. Ал қазір жағдай өзгеруде. Қазақтар жаппай белсенді түрде қалаларға көшуде, түрлі мамандықтарды меңгеріп, басқа ұлт өкілдерімен, олардың мәдениетімен танысуда. Көбісі өз ата-бабаларынан қалған салт-дәстүрді ұмыта бастады. Көпұлттылық меңдеген кезде этникалық текті жоғалту өте жылдам жүреді.

Шамамен дәл осындай жолмен 1960-70-ші жылдары да елді индустриаландыру дәуірінің ұрпақтары – «шала қазақтар» немесе «асфальтта өскендер» қалыптасқан еді. Қазір олардың жалғасы азайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Біртұтас елдің келешектегі келбеті осылай көрініс табатын болса, ұлт болып ұтыламыз ба, ұтамыз ба? Көкейде күдік те, үміт те басым. Ең бастысы – таразы басын тең ұстайтын тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!

Айтпақшы, БҰҰ болжамына сенсек, Қазақстанда 2030 жылы 20,3 млн, 2050 жылы 22,9 млн, 2100 жылы 25,7 млн адам тұрады.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq»-тың Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here