ҰЛТТЫҚ КЕҢЕС ҰЛТ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЖАСАЙ МА?

0
148

Кеше. Билеріміз ел басына күн туғанда «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның «Жеті жарғысын» ту етіп, халықтың бірлігі мен берекесін ұйыстыра білген. Өткен тарихқа көз жүгіртетін болсақ, баһадүр бабаларымыз ел мен жердің келешегі үшін кемел шешімдер жасаған. Бүгін. Төрт құбыласы түгел тәуелсіз елге айналдық. Жуырда ғана Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Құрамында халқының қамын жеген атпал азаматтар бар Ұлттық кеңес ұлттың үні бола ала ма? Көшпенділер өркениетінің бүгінгі көрінісіндей болған кеңес «Күлтөбенің басында күнде кеңес» кебін киіп қалмай ма? Кеңес мүшелері халықтың тамырын басып, мұң-мұқтажын билікке жеткізе ала ма? «Qazaq» газеті бүгін осы сауалдарға жауап іздейді.

ҰЛТТЫҚ КЕҢЕС: МАҚСАТ ПЕН МІНДЕТ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «билік пен қоғам диалогын» дамыту мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Сенім кеңесін құру идеясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасынан бастау алған. Ақорда мен азаматтардың арасын алшақтатып алмау қағидасын берік ұстанған Мемлекет басшысы «Кеңес құрамында тек сөзімен ғана емес, ісімен де қоғамға пайда келтіретін адамдар енеді», – деп атап көрсеткен болатын. 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (Ұлттық кеңес) – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган.

Ұлттық кеңестің негізгі мақсаты – жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау. Сонымен қатар, билік пен қоғамның түрлі өкілдері арасындағы жаңа коммуникациялық алаң құру арқылы еліміздегі толғақты мәселелерді шешіп, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қадағалау. Ел ішіндегі күрмеулі мәселелерді халықпен бірлесе отырып шешудің жаңа бағытын қалыптастыру да – кеңестің ең басты мақсатына айналмақ.

Кеңестің жұмыс жоспары жобасының әзірленуі Ұлттық кеңес хатшысының жауапкершілігінде болады. Бұл қызметті Президент кеңесшісі Ерлан Қарин атқарады. Ол Ұлттық кеңес отырыстарының күн тәртібі жобасын жасайды, жиын материалдарының, сондай-ақ хаттамалық шешімдер жобаларының дайындалуын ұйымдастырады, Кеңес мүшелеріне кезекті отырыстың өтетін орны, уақыты және күн тәртібі туралы хабарлайды, оларды қажетті материалдармен қамтамасыз етеді, жекелеген жұмыс түрлерін орындау үшін сарапшыларды, ғалымдарды және мамандарды белгіленген тәртіпте тартады, өңірлерде көшпелі консультативтік кеңестер өткізеді, Төрағаның тапсырмалары бойынша өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.

«Ұлттық кеңес салтанатты түрде өтетін жиын алаңы емес, нақты мәселелер  талқылайтын алаң болады. Ол тек талқылау емес, жұмыс топтары белгілі бағыттар бойынша өз ұсынысын дайындайды», – дейді ҚР Президентінің кеңесшісі, хатшы Ерлан Қарин.

Жарлықта көрсетілген ереже бойынша Ұлттық кеңестің мүшелері Кеңестің жұмыс жоспары, отырыстарының күн тәртібі мен мәселелерді талқылау тәртібіне қатысты ұсыныстар енгізуге, Кеңес басқосуларының материалдарын, оның шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысуға, қаралатын мәселелерді қоғамда талқылауға және түсіндіруге құқылы. Сондай-ақ, Ұлттық кеңестің мүшелері өздерінің өкілеттіктерін басқа адамдарға беруге құқығы жоқ. Ұлттық кеңестің мүшелерінде Мемлекет басшысы қол қойған арнайы куәлік болады.

Тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалардың және нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу, жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып, маңызды стратегиялық проблемаларды қарау – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің негізгі міндеттеріне кіреді.

Сонымен қатар, жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету және өзінің құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру кеңестің міндеттері болып саналады.

КЕҢЕСТІҢ ҚАНДАЙ ЕРЕЖЕЛЕРІ БАР?

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысының айтуынша, кеңестің алғашқы отырысы шамамен тамыз айының 20-сына қарай өтеді деп жоспарланған. Кеңес құрамының осы басқосуында мемлекет пен қоғам арасындағы көпір болатын алаңның алдағы жұмыс бағыттары мен күн тәртібі белгілі болады.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ережесін және құрамын бекіту туралы Жарлықта «Ұлттық кеңестің отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі, бірақ жылына үш реттен жиі өткізілмейді» деп көрсетілген. Кеңестің отырыстары жалпы пленарлық және тақырыптық болып бөлінеді. Ұлттық кеңестің отырысында мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, оның құқықтық күші бар деп есептеледі. Басқосуға қатысып отырған мүшелерінің дауыс беруі арқылы жалпы санының көпшілік дауысымен Кеңестің шешімдері қабылданады. Отырысқа қатысушылардың дауыстары тең болған жағдайда Төрағаның дауысы шешуші болып табылады. Төраға жекелеген мәселелер бойынша шешімдер қабылдаудың өзге тәртібін өзінің қалауынша белгілеуге құқылы. Ұлттық кеңестің шешімдері Төраға қол қоятын хаттамамен ресімделеді. Ұлттық кеңестің ұсынымдарын алған мемлекеттік органдар, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер оларды қарайды және қабылданған шешімдер туралы Ұлттық кеңеске Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте хабарлайды. Ұлттық кеңесте талқыланатын мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері мен қабылданған шешімдер жұртшылықтың назарына БАҚ арқылы жеткізіледі, сондай-ақ әлеуметтік желілерде көрініс табады.

ҰЛТТЫҚ КЕҢЕСТІҢ ҚҰРАМЫ

Президенттің өзі төрағалық ететін Ұлттық кеңестің құрамы Төраға орынбасарынан, мүшелерінен және хатшыдан тұрады. Ұлттық кеңес әр саладағы, әртүрлі ұстанымдағы азаматтардың басын біріктіруімен ерекшеленеді. Олардың қатарында көпшілікке есімдері мәлім саяси партиялардың, оппозициялық ұйымдардың, жаңа қалыптасып келе жатқан азаматтық қозғалыстардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, сарапшылар және құқық қорғау өкілдері бар. Жалпы саны 40-тан астам мүшесі бар.

Бұдан бөлек, кеңес отырысына қатысатын алқалы топтың қатары мұнымен шектелмей, Төрағаның шешімі бойынша республикалық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ өзге де адамдар енгізілуі мүмкін. Сонымен қатар, Төрағаның ұйғарымымен Кеңестің отырыстарына Ұлттық кеңестің мүшелері болып табылмайтын лауазымды адамдар, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады.

Кеңес мүшелерінің қатарында сөзімен де, ісімен де халықтың қамын ойлап, ұлтты ұйыстырып, алашты алға жетелей алатын белсенді азаматтар да бар. Кеңес мүшелері алдағы уақытта билік пен қоғамның арасында жаңа диалог алаңын құрып, «елшілік» қызмет атқармақ.

«Бұл кеңестің құрамына саяси қоғамдық алаңдағы әртүрлі күштерді тартуға тырыстық. Бұл жерде оппозицияның, азаматтық сектордағы қозғалыстың өкілдері бар. Өз саласының мамандары еніп отыр деуге болады. Олар барлық саланы қамтып отыр, саяси, экономикамен айналысып жүрген қоғам белсенділері бар» деп атап өтті ҚР Президентінің кеңесшісі, хатшы Ерлан Қарин.

Билік пен халық арасын бұрынғыдан да жақындатып, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен алып шығу –  тікелей тізімдегі тұлғалардың жауапкершілігіндегі іс.

«Сол кеңестің ішіне кіргеннен кейін мемлекетке де, халыққа да тиімді ірі жобаларды ұсынып, жеткізіп, көптеген заңдардың шығуына, көптеген өзгерістердің болуына шамамыз келгенше ықпал етеміз деп ойлаймын. Бәрін уақыт көрсетеді, уақыт төреші болады», – дейді қоғам қайраткері Жәнібек Қожық.

Аталмыш ұйым бұған дейінгі диалог алаңдарынан ауқымдылығымен ерекшеленеді. Қоғамның пікірін ескере отырып, маңызды мәселерді талқылау да ұйым мақсаттарының бірі болып табылады.

ПАЙЫМДЫ ПІКІРЛЕР

Халық пікірін ескере отырып, стратегиялық проблемаларды қарайтын Кеңес туралы белсенді азаматтардың сөзіне көз жүгіртсек.

«Көтерілетін мәселе өте көп. Сондықтан Ұлттық кеңес дер кезінде құрылып отыр. Онда біз ұлттың сөзін сөйлеуіміз керек. Кеңес құрамындағы әрқайсысымыз өз саламыз бойынша жұмыс топтарына бөлініп, халықпен кездесіп, халықтың сөзін билікке жеткіземіз. Содан кейін билік оны шешуі тиіс», – деді қоғам қайраткері Қазыбек Иса.

«Міндеті – мемлекет пен қоғам арасындағы дәнекерлік. Дәл қазір Қазақ елі үлкен бір өзгерістің алдында тұр. Ол басталып та кетті. Үлкен трансформация жүріп жатыр. Сол өзгерістің негізгі мақсаты дамуды ілгерілету. Алайда, жаңарулар қарапайым азаматтардың өмір сапасынан көрінуі тиіс», – деді «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.

«Ұлттық диалог қазіргі қоғамдағы наразылықтарды тоқтатудың жолы. Бұл комиссияны саяси реформалар жөніндегі ұлттық комиссия ретінде құру керек еді. Өйткені, қоғам кадр өзгерістерін емес, саяси реформа мен саяси жүйені либеризациялауды күтіп отыр. Егер қоғам осы екі мәселеге екі-үш ай ішінде жауап алмаса, Қазақстандағы жағдай күрделене береді. Саяси реформа заң шығарушы, атқарушы және сот билігін қамтуы керек», – деп атап өтті саясаттанушы Ерлан Сайыров.

«Халық пен биліктің арасын жақындату үшін Кеңестің құрылуын, оның қажеттілігін түсініп отырмыз. Мен жаңа ғана шыққан Жарлықтың ішіндегі тізімді қарап шықтым. Маған ұнап тұрғаны – әртүрлі саланың, әртүрлі саяси партиялардың өкілдерінің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамына кіргені. Мен мұны анда-санда, екі-үш айда бір рет тек ресми жиын есебінде емес, нақты қоғамдағы ең өзекті проблемаларды көтеріп, соны шешуге тырысатын жақсы Кеңес болады деп ойлаймын. Тағы бір байқағаным, осы Кеңес жұмысының төңірегінде тек қана саяси мәселелер емес, әлеуметтік проблемалар, мемлекеттік бағдарламалар сарапталып қаралады. Бұл ортада көптеген оң ұсыныс айтылып, проблемаларды шешуде олқылықтар болса, бірден талқыланып, одан әрі жағдайдың ушығуына, күшейіп кетуіне жол бермей, дер кезінде дұрыс өзгерістер жасауға мүмкіндік береді деп сенемін. Бүгінгі таңда азаматтар өте белсенді. Бірақ, барлық кезде мемлекеттік органдардың басшыларымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік бола бермейді. Бір министрлік ашық, жария түрде жұмыс істеп, алдын ала ақылдасады. Кейбір мемлекеттік органдардың басшылары жабық түрде жұмыс істейді. Мен осы Кеңестің берген өкілеттігін пайдаланып, Кеңес мүшелері өз жауапкершілігін түсініп, әрқайсысы өз саласы бойынша нәтижелі жұмыс істейді деп сенім білдіремін. Мысалы, мен бірқатар әлеуметтік сала: білім саласын, медицинаны дамыту, жастардың проблемасы сияқты мәселелерді жиі көтеремін. Осы Кеңесте өзім жете түсінетін проблемалардың оң шешілуіне күш саламын. Мәселелер көп, бірақ оның бәрін кімге жеткізерімізді білмейміз немесе тек қана әлеуметтік желілермен ғана шектелеміз. Ал енді бұл алаң тиімді ұсыныстар айтылатын, кеңінен отырып кеңесетін орта болмақ», – дейді қоғам қайраткері Мұрат Әбенов.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Іс жүзінде  сенім ұялатарлықтай ұлттық кеңеске айналу үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алдында тағдыршешті талай міндеттер мен өзекті мәселелер тұр. Ұлттық кеңес «әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидатымен жұмыс істемек. Бұл жақсы бастама елдің жарқын келешегіне  даңғыл жол ашады деген сенімдеміз.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq»-тың Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here