МАНКЕНТ ШИПАЖАЙЫН ЖАРТЫ ҒАСЫРДАН АСТАМ ӨРГЕ СҮЙРЕГЕН ӘКЕЛІ-БАЛАЛЫ АЗАТ ПЕН ХАМРАҚҰЛ ҚОРҒАНОВТАР

1
620

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көрегенді саясатының біріне діні мен тілі басқа Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері мен жергілікті ұлт өкілдерінің достық қарым-қатынаста өмір сүруін үнемі назарда ұстауын жатқызуға болады. Ресей президенті В. Путин де бүгінгі күні Елбасының осы саясатын жалғастырып, Ресейде өмір сүріп жатқан мұсылмандардың ішінен ұлты қазақ Амангелді Төлеев пен Рашид Нұғмановқа жоғарғы лауазымдарды сеніп тапсырып, бірнеше жылдар бойы өзінің сенімді серіктерінің бірі ете білгені елге мәлім.

МАНКЕНТ ШИПАЖАЙЫНЫҢ ҰЖЫМЫ

Сонау 1937 жылдары менің туған елім Шиеліге Кореядан қаншама кәрістер жер аударылып келді. Олар бос келген жоқ, айналысатын негізгі шаруашылықтарын, жейтін азығы күріштің тұқымын өздерімен бірге ала келіп, Сыр бойында күріш өсірумен айналысты. Кейін солардың арасынан жиырмадан астам Социалистік Еңбек Ері шықты. Бұрын Қаратау мен Сырдарияның ортасын жайлаған Сыр елінің халқына күріш егудің қыр-сырын әуел баста үйреткен кәрістер болды. Медицина саласында еңбек ететін қаншама ұлты кәріс дәрігерлер жергілікті халықтың білгір дәрігерлері саналды.
Бәрін айт та, бірін айт, сонау отызыншы жылғы ашаршылықта Өзбекстанға үдере көшкен Оңтүстіктің қазақтары өзбек ағайындардың арасына сіңіп кетіп, ашаршылықтан аман қалды.
Күні кешегі Парламент Мәжілісінің депутаттығына Сайрам ауданынан сайланған Розақұл Халмұратов қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданылуы мен мәдениетінің өркендеуіне депутаттар арасынан суырылып шығып, ара-тұра пікірлерін білдіргені есімізде.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары желтоқсан айында Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы мемориалдық музей үйінде ғұлама ғалым Ақжан Жақсыбекұлы Машанов әл-Фарабидің ғылыми еңбектері жайлы кең түрде әңгіме өткізді. Сол күні қар қалың жауды, сыртқа шықсақ қалың қардан машиналар тайғанап, әрең жүріп жатыр екен.
Ақжан Жақсыбекұлын үйіне дейін машинаға отырғызып жіберейін деп қол көтерсем, жеңіл автокөліктер тоқтайтын емес. Ахаңның үйі М.Әуезов мұражай үйінен қашықта емес болатын. Басында жаңа қымбат бағалы құлақшыны бар екен. Жалғыз өзі кештетіп бара жатса біреу құлақшынын ала қаша ма деп ойладым да үйіне дейін жаяу шығарып салуға тура келді. Сол жолы жарықтық Ахаңның халықтар достығы жайлы айтқан бір әңгімесі есімнен шығар емес.
Жергілікті ұлт өкілдерінің ішінде қазақ халқын ерекше құрмет тұтып, діні мен тілін, мәдениеті мен өнерін ерекше қадір тұтып, өзге ұлт өкілдерінің қыздарының қазақ жігітіне тұрмысқа шығуға ынталы болатыны болады. Сондайлардың арқасында халқымыздың саны көбейе түседі дегені бар еді.

АЗАТ ҚОРҒАНҰЛЫ САТЫБАЛДИЕВ

Медицина тарихын зерттеуші маман ретінде айтар болсам, Қазақстандағы шипажайлардың ішінде Түркісіб санаториін ұзақ жылдар бойы басқарған Қасым Қадыров пен алғашында демалыс үйі болып ашылған Манкент шипажайын әкелі-балалы ұлты өзбек Азат Қорғанұлы мен оның дәрігер ұлы Хамрақұл Азатұлы Қорғановтардың Манкент демалыс үйін бүгінгі республикамыздағы маңдайалды шипажайға айналдыруы жайлы екеуінің сіңірген еңбектерін қоссаңыз жарты ғасырдан астам кезеңді алады. Олардың аталмыш шипажайға сіңірген еңбегін өз ауыздарынан естіп, қағазға түсірудің сәті түсті.

ХАМРАҚҰЛ АЗАТҰЛЫ ҚОРҒАНОВ

Азат Қорғанұлы Сатыбалдиев ақсақалдан «Ширек ғасырдан астам аталмыш демалыс орнында елімізге белгілі тұлғалардан демалушылардан кімдер есіңізде қалды?» деп сұрағанымда қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовты атады. «Шәмші жылына екі-үш рет демалатын. Ол кісі шипажайға ат басын тірегенде жалғыз өзі келмей, қасына алматылық дос-жарандарын ерте келетін. Шәмші келгенде шипажай демалушылары дүркіреп кетеді. Кездесу ұйымдастырамыз, жеке бөлмелерге қанша кісі болса да тегін орналасып демалып кететін еді» деді.

ШИПАЖАЙДАҒЫ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ

«Әке көрген оқ жонар» дегендей, жастық шағын Семейде өткізген, Семейдің медицина факультетін бітірген баласы Хамрақұл Азатұлы Қорғановтың кабинетінің төрінде қашанда Абайдың портреті ілулі тұрғаны қуантады.
«Менің пір тұтатын ақынымның бірі – Абай Құнанбаев» дей отырып, Абайдың өлеңдерінен бірер шумағын айтып жібергенде өзбек ұлтының азаматы Хамрақұлға қалай риза болмайсыз.
Келесі жылы ұлы Абайдың туғанына 175 жыл болады екен деп оның өлеңдерін жатқа айтып жатқандарды теледидардан көргенде менің ойыма Манкент шипажайының Бас директоры Хамрақұл Азатұлы Қорғанов түседі…

ШИПАЖАЙДА ҚАЗАҚТЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРІ ҮНЕМІ ҰЛЫҚТАЛАДЫ

Манкент шипажайы республикамыздағы алғашқы демалыс орындарының бірінен саналады.
1922 жылы Шымкент өлкелік атқару комитеті кеңесінің шешімі бойынша Ақсу елді мекенінен арнайы жер бөлініп, 1923 жылы күйдірілмеген кесектен шағын үйлер тұрғызылып, киіз үйлер тігіліп, алғаш рет 1924 жылы 70 кісі қабылданып, оларға сол заманға сай жағдай жасалына бастайды. Манкент демалыс үйі 1925 жылы Лениннің декреті бойынша ашылып, кейіннен теміржолшылар демалатын демалыс үйіне айналады.
1926 жылы жиырма палаталық, екі залдық асхана, клубтан тұратын стандартты №1-корпус, 1930 жылы 100 кісіге арналған асханалық зал, демалушыларға қызмет көрсететін жандарға арналған №2-корпус салынып, пайдалануға беріледі.
Ұлы Отан соғысы жылдары 1946 жылдың наурыз айына дейін аталмыш демалыс үйі әскери ведомстволардың қарамағына өтіп, жаралы 50 кісілік эвакогоспитальға айналып, жауынгерлерге операциялар жасалады. Олардың бейбіт өмірде ауруларынан айығып, демалуларына қолайлы жағдайлар туғызылады.
1947 жылы соғыс аяқталған жылдары демалыс үйі еңсесін көтеріп, бұрынғы нысандар түгел қайта жөндеуден өтіп, жаңадан өз алдына үйлер салынып, демалушылардың саны 120 адамға қызмет көрсете алатын жағдайға жетеді.
1948 жылдан бастап демалыс үйі жыл бойына жұмыс істейтін жазда 200, қыста 100 кісіге дейін қабылдай алатын демалыс орнына айналады.
1958 жылдан 1964 жылдар арасында демалушыларға арналған алты корпус, 80 пәтерлік қызметкерлерге арналған үйдің құрылысы пайдалануға беріледі.
1962 жылы 300 кісі сыятын еңселі клуб бой көтереді.
Аталмыш шипажайдың өткен ғасырдың алпысыншы жылдары өсіп-өркендеп, қанат жаюының тарихын шипажайды отыз жылға жуық басқарып, бұл күндері сексеннің сеңгіріне шығып, әлі де болса сол шипажайдың халыққа жаңа заманға сай қызмет көрсетуін сырттай бақылап отырған Азат Қорғанұлы Сатыбалдиев ақсақалдың Манкент шипажайының кеңестік дәуірдегі қилы-қилы тарихын өз аузынан жазып алуға тура келді.
«Мен 1938 жылы Сайрам ауданындағы Манкент ауылының Аққала деген бөлімшесінде сол елдің колхоз бастығы Қорған деген кісінің жанұясында дүниеге келіппін.
Сол ауылда жетінші сыныпты бітіргеннен кейін Манкенттегі он жылдық мектепті аяқтадым.
1956 жылы Ташкенттегі Ауыл шаруашы-лығы институтының орман шаруашылығы инженері факультетіне оқуға қабылданып, 1961 жылы бітіріп шықтым.
1961 жылы Сайрам ауданының басшыларына кіріп, Ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығы инженері бойынша жоғарғы білімім бар маман екендігімді білдіріп, қызметке орналастыруларын өтіндім. Олар ауданда орман шаруашылығымен айналысатын мекеме жоқ, менің мамандығыма сәйкес қызмет те жоқ екенін айтып, Сайрам аудандық Комсомол комитетіне нұсқаушы болып баратынымды айтты. «Сонда қызмет жасай тұр, мамандығыңа сәйкес қызмет табылып жатса ауысарсың» деді. Сайрам ауданы Комсомол комитетінде үш жыл қызмет атқардым. Райком комсомолда қызмет атқарып жүргенімде жұбайым Халиманың ағасы Үбайділдаев деген Сайрам ауданы Комсомол комитетіне бірінші хатшы болып келді. Аудан халқының көбі бірін-бірі таниды. Бір райком комсомолда екі бірдей туыс қызмет атқаруы сөз бола бастаған соң мен бастығыма кіріп, басқа қызметке ауыссам қалай болатынын айттым. Ол да өзім қатарлы жас жігіт болатын. «Басқа мамандығыңа қатысты қызмет тапсаң ғана босатайын» деді. Аудандық партия комитетінде Зинченко деген кісі бар еді. «Манкент демалыс үйінің шаруашылық бөлімінің басқарушысы зейнеткерлікке шықпақ, сонда баруға қалайсың?» деді. Мен көп ойланғаным жоқ, баруға қарсы болмадым. Сонымен Манкент шипажайының шаруашылық бөлімінің басқарушысы болып тағайындалдым. Шаруашылықпен танысып шықтым. Шаруашылықта 40-50 сауын сиыр, 40-50 бордақы ірі қара малы бар екен. Ол малдарын сойып, демалыс үйіне өткізіп тұрады екен.
Аумағы 250-300 гектарға жуық, оған қоса Ташкентке баратын жолда да шабындық жерлері бар. Онда шаруашылықтағы малға жоңышқа біраз жерге бидай егіледі. Бордақылайтын малдарын сонда ұстайтын болып шықты. Шаруашылықтағы шошқа фермасына демалыс үйінің тамақтан қалған қалдықтарын береді екен. Сол Манкент шипажайының шаруашылық бөлімін басқарушы болып екі жыл уақытымды өткіздім. 1965 жылы Мәскеуден комиссия келді. Комиссия демалыс үйіне қатысты есеп-қисаптарын түгел тексерді.
Комиссия қорытындысы мен басқаратын шаруашылықты да тыңғылықты тексеріп, шаруашылыққа қатысты мал мен шабындық жерлерді өз алдына бөлу арқылы дамыту керек деген қорытынды жасап кетті.
Мәскеуліктер жасап кеткен қорытындыға орай мен шаруашылық басқарушысынан шаруашылық директоры болып тағайындалдым. Сонымен қатар, аудандық партия комитетіне білімі жоғары Азат Қорғановтың аталмыш шаруашылыққа директор болып тағайындалуымды бюрода талқылансын деген қорытынды ұсыныс жазып қалдырып кетіпті.
1966 жылы демалыс үйінің қарамағында 20 гектар жері болды. Ол жерлерді мен негізгі мамандығым орман шаруашылығының инженері ретінде демалыс үйінің аумағын түгел көгалдандыру ісімен айналыстым. Ташкентте Ауыл шаруашылығы институтында бірге оқыған жігіттерім бар еді. Солармен хабарласып, көгалдандыру ісіне қатысты шынар, аққайың, туя, қарағай, т.б. көгалдандыруға қажетті ағаштардың көшеттерін әкелдім. Ол кезде Одақтың қаржы-қаражат бірлігі Өзбекстан мен Қазақстанға бірдей жүріп тұрған кез. Қазақстан жағында ақша көп. Қазақстаннан Өзбекстанға көшеттерге біраз қаржы аударылды. Көшеттердің біразын таныстарым, студент кездегі достарым «Сенің Манкент демалыс үйіне директор болуыңа арнаған сыйлығымыз» деп тегін берді.
Қырғызстанда және Шымкентте ағаш өсіретін арнайы совхоз бар еді, одан да біраз ағаш әкелдім. Сол көшеттерім бұл күнде алып дарақтарға айналып, шипажайдың көркін арттырып тұр. Қазақстандағы қай шипажайға барсаңыз да Манкент шипажайындағы алып ағаштарға тең келері жоқтың қасы.
1966 жылы Мәскеуден тексеруге келген комиссия қорытындысы бойынша демалыс үйінің шаруашылық бөлімін өз алдына шаруашылық ретінде ауданға бағынатын етіп кеткенін жоғарыда айтқанмын.
Демалыс үйінің жанында үлкен көл болды. Сол көлді жазғы күні демалушылардың шомылуына, қайықпен серуендеуіне, жағасына жағажай жасап, елдің толыққанды демалуы үшін көп көңіл бөлінді. Облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы Ливенцов деген сол көлде немерелерімен қайыққа мініп серуендегені бар-тын.
Жазғы күні сол көлдің арқасында оңтүстіктің күні әбден қызған кезде қала халқының Манкенттің ауласына егілген саябақтарды көлеңкелеп демалатын таптырмас аймағына айналды. Кейіннен ол көлдің суы тартылып, балшыққа айналып, табаны кеуіп кетті.
Демалушыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін бұрынғы демалыс үйіне бағыныста болған шаруашылықпен бұдан былайғы кезеңде арнайы келісімшартқа отырып, ет, сүт, көкөніс, т.б. тамақ әзірлеуге керекті азық-түлікті сатып алатын болдық.
Манкент алғашқы құрылған кезден демалушыларға мәдени қызмет көрсету бас-ты мақсат болатын. Қаладағы мәдени мекемелер концерт қоятын. Демалушыларға тек қана физиотерапиялық емдеу жүргізетін арнайы бөлмелер арқылы дәрігерлік көмек те көрсетілетін.
1973 жылдары Сарыағаш сияқты Манкенттің аумағынан да минералды су көзі табылып қалар деген оймен Облсовпрофтың бастығы Колесников деген кісіге барып ойыммен бөлістім. Ол менікі жөн екенін айтты. Екеуміз сол жылдардағы Шымкент облыстық Атқару комитетінің төрағасы Шәймерден Бәкіровтің қабылдауына бардық. Демалыс үйі аймағындағы 20 гектар жерден скважина қазу арқылы минералды су шығып қалатынын, іздестіру жұмыстарына кіріссе қалай болатынын сұрадық. Манкентте скважина қазып, су шығаратын экспедиция бар болатын. Соларға қатынас қағаз жазып, тапсырма берді.
Әлгі экспедиция қызметкерлері демалыс үйінің аймағынан бір-екі жерді қазып еді, 1250 метрден атқылаған ыстық су шықты. Әлгі су қалай шыға бастады сол маңайдағы ел жаппай жалаңаш күйде кәрісі, жасы бар, бала-шағалар әлгі жерасты атқылаған суға түсе бастады. Оны байқаған облыстық атқару комитетінің қызметкерлері аудандық Тұрмыс қажетін өтеу комбинаты деген мекемеге тапсырма беріп кабиналар жасатты. Содан кейін ғана әлгі аймақтағы ыстық суға түсушілер біршама тәртіпке келді. Жерасты ыстық судың жылылығы 36 градус болатын.
Мен демалыс орнының директоры ретінде жерасты шығып жатқан ыстық судың құрамын Мәскеуге арнайы тексеруге жібердім.
Мәскеуден Манкент демалыс аймағынан жерасты шығып жатқан судың құрамы Шығыс Қазақстандағы Рахман шипажайының құрамымен бірдей деген қорытынды берді.
Ендігі жерде мені ойландырған, болашақта шипажайға лайықты нысандар бой көтерсе, жер астынан шығып жатқан судың мөлшері қанша екен деген ой мазалады.
Сол ойдың жетегінде тағы да Манкент демалыс орнын үнемі назарында ұстап отырған Шымкент облыстық атқару комитетінің төрағасы Шәймерден Бәкіровке бардым. Ол жерасты суды қазушыларға тағы тапсырма берді. Скважина қазушы мекеменің қызметкерлері демалыс орнына қайта оралып, демалыс үйіне қарасты аумақтан бірнеше жерден қазу жұмысын жүргізді.
Нәтижесінде жерасты судың мөлшері 100-150 жылға жетеді деген қорытындыға қол жеткіздік.
Содан кейін іле-шала Мәскеуге Бүкіл-одақтық курорттар кеңесіне қатынас қағаз жібердік.
Манкент демалыс аймағын бұдан былайғы жерде шипажайға айналдыру керек деген тегеурінді талап қойдық. Сонымен қатар, демалыс орнының жатар орындары шағын үйлерден тұратынын баяндадық.
Мәскеуге жолданған хатқа Шымкент облыстық атқару комитетінің төрағасы Ш.Бәкіров қол қойды.
Мәскеуден сұраған өтінішіміз толық мақұлданып, ендігі жерде сонау 1925 жылдан бері теміржолшыларға арналып салынған шағын нысандарды қайта бұзып, жаңа заманға сай шипажайға айналдыру үшін ұшан-теңіз шаруалар атқаруға бел шеше кірістім.
Құрылысқа керекті кірпіш, ағаш, әйнек, т.б. заттар алатын мекемелермен келісімшарт жасастық. Бәрінен қиыны скважина қазылған жерлерден жаңа нысандар бой көтеретін жайларға су жүргізу үшін тот баспайтын, ыстық минералды суға шыдайтын трубалар табу.
Оңтүстік бас құрылыс материалдармен қамтамасыз ету атты мекеменің бастығы Назаров деген болатын. Екеуміз бұрыннан дос едік. Ол болашақ шипажайға қанша тот баспайтын төзімді труба керек, сонша беріп тұратынын айтты. Оның бөлген үлкенді-кішілі трубаларымен минералды суды емдеу бөлімі ғимаратына дейін тарттық. Емдеу корпусын салдық. Оған бірнеше ванналар қойдық. Бүгінгі №13 корпус емдеу корпусы болатын. Бүгінгі №1-ші корпусты салдық.
1966 жылы демалыс үйінің демалушыларды қабылдау мүмкіндігі жазда 650, ал қыс мезгілінде 375 кісіге дейін қызмет көрсетілді.
1975 жылы үш қабатты күрделі құрылыс салынып, пайдаланылуға берілді.
Керемет климаттық ауа райы, жерасты шипалы минералды судың шипажай аумағынан шығуына орай 1983 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары кеңесінің арнайы шешіміне байланысты Манкент шипажайы демалушыларға түрлі емдік шаралар көрсетуге арналған шипажайға айналдырылды.
1991-1992 жылдары бұрынғы Манкент демалыс үйін республика бойынша айтулы шипажайлардың біріне айналдыру үшін толық жабылды да осы заманға сай шипажайға лайықты ғимараттар салу ісі көзделді.
2001 жылы жасым 63-ке толды. Хамрақұл балам Семейдің медицина институтының емдеу факультетін бітірген болатын. Урология мамандығы бойынша ауданда, қалада, облыстық медициналық мекемелерде қызмет атқарып жүрді. Соңғы қызметі Сайрам ау-данының медициналық сақтандыру қорының директоры болды.
Баяғы Иманбаев мемлекеттік медициналық сақтандыру қоры деген мекеме ашып, бар жиналған қаржыны алып, Америкаға қашып кеткен жоқ па еді. Ол Америкаға қалай қашып кетті, солай мемлекеттік медициналық сақтандыру қорлары республика бойынша түгел жабылды. Сол жылдары Хамрақұл да жұмыссыз қалды.
Содан кейін мен Хамрақұлды шипажайға директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындадым.
1994-2004 жылдары шипажайды жалға алдым. Бұрынғыдай шипажайлар Мәскеу мен Қазақстан үкіметі жағынан қаржыландыруды тоқтатқан кезеңде олар бірінен соң бірі сатыла бастады.
Қазақстан Кәсіподақтары кеңесінің төра-ғасы Съезбек Мұқашев шипажай басшыларын түгел жинап, қай шипажай болмасын жалға алыңдар деген талап қойды. Маған Сарыағаш шипажайын жалға ал деді.
Мен кезінде өзім қолдан еккен ағаштарым бұл күндері алып жайқалған ағаш болып тұрғанда қимай, мен Манкентті он жылға жалға алдым. С.Мұқашевты жалға алған шипажайымның тыныс-тіршілігінен хабардар етіп отырдым. С.Мұқашевке «Секе, мен отыз жылға жуық осы демалыс орнын шамам келгенше өрге сүйреуге тырыстым. Жасым зейнеткерлік жасқа жетті. Орнымды абыройым барда балам Хамрақұлға тапсырайын, рұқсат беріңіз. Ол Манкент шипажайының екі жылдан бері директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. Соны шипажайға директор етсеңіз, мен сыртынан бақылап отыруға уәде беремін. Шипажай жұмысын алып кететініне сенім білдіремін» дедім. Ол келісті», – деп өткен күннен естелік айтты ақсақал.
2001 жылдан бері Манкент шипажайын негізгі мамандығы дәрігер-уролог, Семей медицина университетінің түлегі Хамрақұл Азатұлы Қорғанов басқарып келеді. 2004 жылдың 5-мамырынан бастап Манкент демалыс үйі ашық акционерлік Манкент шипажайы болып аталады.
Кеңес Одағы ыдырап, тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары өзге шипажайлар сияқты Манкент шипажайының директоры Хамрақұл Азатұлының іскерлігі арқасында жаңа дәуірді бастан кешірумен келеді.
Соңғы жиырма жылдың көлемінде дәрігер басшы директор Хамрақұл Азатұлының бастамасы бойынша емдеу және әкімшілік корпус, мейрамхана, мешіт, 100 орындық екі қабатты еңселі нысан, бассейн, жаздық он корпус, түрік моншасы, оның басты ғимаратымен емдеу корпусына баратын өтпелі галерея, кең екі асхана салынып, іске қосылды.
Санаторий аумағындағы жаңадан бой көтерген бөрене ағаштардан тұрғызылған екі қабат демалыс үйі демалушылардың үнемі сұранысын тудыруда.
Электр энергиясын үнемдеу мақсатында күн сәулесі арқылы жарық беретін құрылғылары арқылы түнгі мерзімде санаторий аумағы түгелдей күн сәулесі арқылы жарықпен қамтамасыз етілген.
Манкенттің өзге шипажайлардан айырма-шылығы кезінде сол демалыс үйінің директоры, негізгі мамандығы орман шаруашылығының инженері Азат Сатыбалдиевтың өз қолымен осыдан отыз жыл бұрын отырғызған көшет-терінің алып бәйтеректерге айналып, шипажай аумағын түгелдей көлеңкеге көмкеруінде. Оңтүстіктің жаз мезгілдері, әсіресе шілде айында ми қайнар 50 градусқа дейін жететін ыстығында кімде болса жан сақтар жердің бірі Манкент шипажайы екендігінде.
Қыста айнала қоршаған биік өскен қар жамылған шынарлар, қарағай, шырша, туя, т.б. ағаштары ертегідей көрініске бөленеді. Шипажайдың қандай да болмасын өндіріс орындарынан жырақ орналасуы оған керісінше әрлі-берлі ағылған пойыздар мен республикамыздың күрежолының бойына орналасуы демалушылардың ат басын тіреуі, барып-қайту мен келіп-кетуге қолайлығының арқасында қай мезгіл болмасын Манкентке ағылуының негізгі себебі де сондықтан болса керек.
Манкент шипажайы негізінен: асқазан-ішек, тірек-қимылы системалары, нерв-жүйелері органдары, қуық аурулары, әйелдердің аурулары, зат алмасудың бұзылуы, т.б. ауруларды емдеуге мамандандырылған. Сонымен қатар, шипажайда буын және қан алмасу ауруларын анықтауға толық мүмкіншілік жасалынған.
Манкент шипажайының аумағы бүгінгі күні 12 гектар жерді алып жатыр. Емделушілерге 25 жатар орын корпустар, емдеу корпусы, балшықпен емдеу корпусы, жабық бассейн, түрік моншасы, сұлулық салондары, шағын маркеттері, кафе, караоке-бар, субұрқақтар, ойын-сауық орталықтары, балаларға және ересектерге арналған ашық бассейн, спорт алаңдары, теннис корттары қызмет көрсетеді.
Шипажайдың ортасындағы минералды су ішетін бюветте барлық корпустар емделушілері бір уақытта жиналып, әңгіме-дүкен құрып, фотоға түсіп жатады. Демалушылар қолайлы бір және екі кісілік, оған қоса апартаменттерге орналаса алады.
Барлық нөмірлерге кабельді теледидар, тоңазытқыштар қойылған. Шипажайда қыста 367, жазда 613 кісі емделе алады. ІІ және ІІІ топтағы жарымжан кісілерге арнайы қызмет көрсету жағы жолға қойылған.
Шипажайға орналасу жолдама арқылы және электронды пошта арқылы жүзеге асады. Төлем жасау онлайн интернет банкинг, сонымен қатар, POS терминалдың төлем карталары, республиканың кез келген банктері не болмаса шипажай кассасына қолма-қол төлеу арқылы жүргізіледі. Қалта телефондарының төлемін терминалдар арқылы орындауға болады.
Шипажайдың «Думан» атты ойын-сауық орталығында Шымкент, Алматы, т.б. қалалар өнерпаздарының демалушыларға арналған концерттері, Наурыз, Жаңа жыл мейрамдары кең түрде аталып өтіледі. Түрлі тақырыпта демалушылар мен шипажай қызметкерлерінің біріккен кештері өткізіледі.
Көрші Шымкент, Ташкент қалаларына, Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи, Арыстан баб мавзолейлеріне, Қарашаш, Домалақ ана кесенелеріне зиярат етушілерге, Машат үңгіріне жайлы автобустар арқылы тұрақты түрде экскурсиялар ұйымдастырылады.

Өтеген ӘБДІРАМАН,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
медицина тарихын зерттеуші

1 пікір

  1. There are several attention-grabbing time limits on this post however I am not sure basically see them all heart for you to coronary heart. There’s a number of credibility however I’ll consider hold thoughts and opinions till My partner and i consider it more. Good article , thank you as well as we would like extra! Put into FeedBurner because effectively

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here