ҮЛКЕН СЕНІМ, НАҚТЫ БАҒЫТ

0
275

«Тәуелсіз еліміздің болашағы қандай болмақ?» деген сан тарап сауалдың қазіргі күні еліміздің әрбір тұрғынын барынша алаңдатып, толғандырып отырғаны шындық. Мұны біздер – ғалымдар күнделікті өмірде, ауыл тұрғындарымен кездесу барысында байқап жүрміз.

Бір қуаныштысы сол, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қыркүйек айының алғашқы күндерінде халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталған Жолдауындағы батыл бастамалар мен ауқымды жоспарлар көңілге үлкен сенім ұялатты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы дәл осы Жолдауда еліміздің алдағы дамуына қатысты ой-тұжырымдарын батыл айтты. Атап айтқанда, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтарын, еркіндіктері мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дамыған және инклюзивті экономиканы қалыптастыру, халықты әлеуметтік қамту саласын жаңғырту, сондай-ақ, өңірлердің әлеуетін нығайтуға бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды.
Айрықша назар аударарлық жәйт, Қазақстан Президенті Жолдауда шағын және орта бизнестің бүгінгі күні еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратынын, сондықтан осы салаға баса назар аударып, қамқорлық көрсету қажеттігін де шегелеп айтты. Бұл – өмірдің өзі дәлелдеп отырған шындық! Өйткені, Қасым-Жомарт Кемелұлы атап көрсеткеніндей, бүгінгі күні шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізіне айналып отыр. Артықшылығы сол, шағын және орта бизнестің дамуы нәтижесінде қалаға жақын ауыл-селоларды айтпағанның өзінде, орталықтан шалғайдағы ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылып, әр аймақта жұмыссыздық азая бастады. Сонымен қатар, жергілікті бюджетті нығайтуда осы саланың қосып отырған үлесі де айтарлықтай. Сондықтан экономиканы, оның ішінде, ауылшаруашылығы салаларында шағын және орта кәсіпкерлікті барынша дамыта түсуіміз, оған кең жол ашуымыз қажет.
Ең бастысы, еліміздің алдағы жылдардағы даму көкжиегі жан-жақты сараланып, әр сала бойынша жүзеге асырылуы тиісті іргелі де ауқымды іс-шаралар нақты белгіленген осы Жолдауда агроөнеркәсіп кешенін оңтайлы дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл орайда, Президент Қ.Тоқаев өз елімізде ғана емес, бірқатар шетелдерде айрықша сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін бізде зор мүмкіндіктер бар екенін айта келіп, алайда, аталмыш саладағы негізгі ресурс, яғни қолда бар әлеуеттің әлі күнге толық пайдаланылмай отырғандығына ерекше тоқталды. Сөйтіп, 2030 жылға қарай елімізде суармалы жер көлемін үш миллион гектарға дейін ұлғайту қажеттігі басты міндет ретінде нақтыланды. Ал бұл – ауылшаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта жергілікті фермерлерге айрықша қолдау көрсетілуі тиіс. Олардың өз күштерімен өндірген ұлттық өнімдерін алыс-жақын шетелдерге шығарып сатуына кең жол ашып, мүмкіндік туғызу қажеттігі Ауылшаруашылығы министрлігіне кезек күттірмейтін міндет ретінде жүктелді. Президент қазақ жерінің шетелдіктерге мүлде сатылмайтындығын қадап айтып, жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету барша қазақстандықтардың төл міндеті болып табылатынын ескертті.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында тәуелсіз Қазақ елін дамытудың әр алуан бағыты бойынша алда тұрған асқаралы міндеттерді белгілеп, оны қалай жүзеге асыру қажеттігін нақтылап берді.

Серік КЕНЕНБАЕВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің кафедра меңгерушісі, академик, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here