Темір торға тоғытылған Гүлнара Каримова неден жазықты болды?

0
5851
Президент әкесінің көзі тірісінде-ақ өзбек ханшайымының іштегі, сырттағы былықтары әшкере болып, ақыры темір торға тоғытылды...

Осыдан тура 10 жыл бұрын Өзбекстанның тұңғыш президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримованың төрт құбыласы тең, есебі түгел еді. Шалқып өмір сүрді. Болашағынан үміт күттірген әнші, әлемді шарлаған сәнгер, тасы өрге домалаған кәсіпкер атанды. Әкесінің арқасында мансабы тез өрлеп, аяқ астынан бітімгер дипломат та атанып шыға келді.

КЕҢЕС
ПИОНЕРІНЕН
ШЫҒЫС
ХАНШАЙЫМЫНА
ДЕЙІНГІ ӨМІР

Иә, Гүлнара – дипломат! Гүлнара – кәсіпкер! Гүлнара – дизайнер-модельер! Гүлнара – әнші! Гүлнара – меценат! Гүлнара – саясаткер!

«Тоқпағы мықты болса, киіз туырлық та қазықтай жерге кіреді» десек те, әкесінің көзі тірісінде-ақ өзбек ханшайымының іштегі, сырттағы былықтары әшкере болып, ақыры темір торға тоғытылды. Гүл-гүл жайнаған салтанатты өмірі де көзден бұлбұлдай ұшты…

Гүлнара Каримованың аумалы-төкпелі өмірін сөз еткенде, кеңестік пионердің шығыс ханшайымына айналу тарихына қанық боламыз. Оның сән-салтанатқа толы ғұмырының ақыры «құдіретті әкелеріне» арқа сүйеген талай ерке тотай қыздарға сабақ болары анық.

Гүлнара Каримова 1972 жылы 8 шілдеде Ислам Каримов пен оның екінші зайыбы Татьяның шаңырағында дүниеге келді. Ол кезде болашақ ханшайымның әкесі қатардағы Өзбек КСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы қызметкерлерінің бірі болатын.

Тұңғыш қыз бойжеткен сайын әкесі Ислам Каримовтың да лауазымы жоғарылап отырды. Бүлдіршін қыз пионерлер сапына қосылып, күн көсем саналған Ленинге мадақ жырын мәнерлеп оқи бастағанда Ислам Абдуғаниұлы Өзбек КСР-ның Қаржы министрлігін басқарды. Қызы мектепті аяқтағанда әкесі Өзбекстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болды.

Уақыт зымырап өткен сайын әкесі мен қызының өмірінде өзгерістер болып жатты. Гүлнара Ташкент Мемлекеттік университетінде халықаралық экономика негіздерін оқып жатқанда әкесі де одақтас республиканың партия жетекшісінен тәуелсіз Өзбекстанның тұңғыш президенті болып үлгерді.

Бір қызығы, Гүлнара президент қызы ретінде шығыстық салт-сананың символы боларлықтай үлгілі қыз бола алмады. Пионер болып ән салған қып-қызыл коммунистің қызы ұяда көргенін көрсетіп бақты. Ол керісінше кеңестік билік үшін күрескен «шығыстың азат етілген әйелінің» классикалық үлгісі болды. Ақылына көркі сай даңққұмар қыз көшбасшылық қасиеттерге бейім келді. Бастапқыда Гүлнараның асығы алшысынан түсіп, әлемді бағындыратындай көрінді.

1991 жылы он тоғызда болған Гүлнара құрбысының туған күнінде Ауғанстаннан келген этникалық өзбек, АҚШ азаматы Мансұр Максудимен кездесті. Мансұрдың әкесі бір кездері Ауғанстанда лауазымды қызмет атқарған, КСРО-дан ірі көлемде   несие алып, АҚШ-қа қашып, сонда өз кәсібін ашқан кәсіпкер.

Көп ұзамай сезіміне ерік берген Гүлнара әкесіне Мансұрға тұрмысқа шығатынын айтады. Кеңес үкіметі кезіндегі коммунистің образынан шығып, шығыс көшбасшысының образына еніп үлгере қоймаған Ислам Каримов қызының таңдауына қарсылық танытпады. Бұл туралы тағы бір нұсқада Ислам Каримов сыртқы саясатын нығайту үшін қызын Мансұрға күштеп қосқаны жайында да аз айтылмады. Үйлену тойынан кейін өзбек басшысының күйеу баласы Ташкенттегі «Coca-cola» компаниясының директоры болып шыға келді.

Гүлнара көп уақытын АҚШ-та өткізгенімен, ара-тұра Өзбекстанда да бой көрсетіп жүрді. Сол жүрісімен Өзбекстан Республикасының Ғылым академиясының экономика институтын бітіріп алды. Ал, 2000 жылы Гарвард университетінің (АҚШ) өнер саласындағы магистрі атанды.

Мансұрмен шаңырақ көтерген Гүлнара одан бір ұл мен бір қыз сүйді. Бірақ, аты шулы ерлі-зайыптының отбасылық өміріне 2001 жылы нүкте қойылып, екеуі ажырасып тынды. Ажырасулары үлкен жанжалға айналды. Мансұр барлық тамыр-таныстарын араға салып, балаларын өзіне қалдырды. Сондай-ақ, америкалық сот Гүлнараны тұтқындауға рұқсат берді. Дегенмен, оның сүйікті әкесі қызына қорған бола білді. Күйеу баласының «қылмысына» жайбарақат қарай алмады. Өзбекстан аумағында Мансұрды істі деп танып, оған алаяқтық, салықтан жалтару, пара алу, ұрлау сынды айыптар таға отырып, халықаралық іздеу салды. Жеті жылдан кейін Нью-Джерси соты Гүлнара Каримованың аналық құқығын қайтарып беру туралы қаулы шығарды.

Ислам Каримовтың Лола атты екінші қызы да бар. Бірақ, Лола мен Гүлнараның арасы 2000 жылдардың басынан суыған. Қауесеттерге сенсек, Лола әпкесінің ғаламторға жүктеген шығыстық болмысқа жат ашық образдарын президент отбасы үшін жағылған қара күйе санайды.

Иә, тұңғыш қыздың түрлі образдағы суреттері де ғаламторда баршылық. Гүлнара өзі қалағандай сәнгер болуға тырысты. Сән әлемінде жұлдыз болуға талпынды. Сондай-ақ, сәнгерлікті де аз көріп, «Гугуша» лақап атымен ән де шырқады.

Президенттің тұңғыш қызы кәсіпті де, қоғамдық жұмысты да қатар алып жүрді. 1995 жылдан бері Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істей бастады. Каримова Өзбекстанның Ресейдегі елшісінің кеңесші өкілі, Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб пәтерінде Өзбекстанның тұрақты өкілдігінің кеңесшісі болып қызмет атқарды. 2008 жылы қыркүйек айында Каримова Женевадағы БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдар жанындағы Өзбекстан Республикасының тұрақты өкілі болып тағайындалды. 2010 жылдың қаңтарында Өзбекстанның Испаниядағы елшісі атанды.

2005 жылы Өзбекстанда Гүлнара Каримованың басшылығымен Саяси зерттеулер орталығы жұмысын бастады. Гүлнара «Өзбекстанның мәдениеті мен өнері форумы» қорының ұйымдастырушысы және қамқоршысы болды. Ол 8 жылдың ішінде Өзбекстанда және өзге елдерде жалпы саны 1,5 мыңнан астам түрлі жобаларды ұйымдастырды. Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның серіктестігіне де қабылданды.

Гүлнара Каримова сұхбаттарының бірінде: «Амбициясы, ақылы мен ұмтылысы бар әрбір адам мемлекет басшысы бола алады», – деді. Сөйтіп, бұл пікірі арқылы сау басына сақина тілеп алғандай болды.

Гүлнара Каримова 2013 жылдан бастап түрмеде қатаң бақылауда болды, кейіннен әкесі қызын үй қамаққа ауыстыруға жарлық берді…

ТҰҢҒЫШ
ПРЕЗИДЕНТ
ТҰҢҒЫШ
ҚЫЗЫН НЕГЕ
АЯМАДЫ?

Президент қызының бұл амбициясын ұнатпайтын шенеуніктер Ислам Каримовтың айналасында жеткілікті еді.

2012 жылы бірнеше елдің тергеу мекемелері телекоммуникация саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергеу жұмыстарын бастап кетті. Тергеушілердің айтуынша, Гүлнара Каримова қызметі мен беделін Өзбекстанда жұмыс істегісі келген шетелдік компаниялардан ақша алу үшін пайдаланған. Президент қызының дегеніне көнгендер лицензия алған, көнбегендерге өзбек нарығынан орын табылмаған.

Өзбек ханшайымына тағылған айыппұлдардың мөлшері ондаған, тіпті жүздеген млн долларға дейін барды. Тергеу жұмысы жүріп жатқан кезде Каримованың батыс банктеріндегі фирмаларының активтері біртіндеп бұғатталды. Ал, оның Өзбекстандағы қарсыластары шешуші шабуылға шықты.

Дәл осы тұста президенттің қызы ең үлкен қателік жіберді. Ол «Twitter»-дегі парақшасына әкесінің маңындағы шенеуніктерді айыптап, пікір жариялай бастады. Бұл, әсіресе, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Рустам Иноятовке қатысты еді. Содан Гүлнараның қарсыластары бұл айыптаушы пікірлердің барлығын жинап, президенттің алдына қойды.

Президент шарасыз күйге түсті. Ендігі жерде қызына шара қолданбасқа амалы қалмады. Себебі, қызы Өзбекстанның ішкі саясатындағы тартыстарды бүкіл әлемнің талқылауына салды. Мемлекетке де, оның басшысына да кір келтірді. Ашуға булыққан Ислам Каримов үлкен қызын үй қамаққа алуға бұйрық берді. 2013 жылдың екінші жартысында өзбек ханшайымы қоғам назарынан тыс қалды. Ғаламтор желісінде де, баспасөзде де Гүлнара жоғалып кетті.

Гүлнара Каримова 2013 жылдан бастап түрмеде қатаң бақылауда болды. Кейіннен әкесі қызын үй қамаққа ауыстыруға жарлық берді. Гүлнара туралы қауесеттер 2016 жылы Ислам Каримов қайтыс болғанда қайта пайда болып, өрши түсті. Оның өлгені жайлы сыбыс тарады. Бірақ, 2017 жылдың шілдесінде ел билігі ресми түрде «Гүлнара Каримова сотталды және жазасын өтеп жатыр» деп мәлімдеді. Бас прокуратураның хабарлауынша, тұңғыш президенттің қызына алаяқтық, табысын жасыру, құжаттарды қолдан жасау, қызметін асыра пайдалану сияқты көптеген ауыр айыптар тағылған. Сот оны бес жылға бас бостандығынан айырған.

Жоғарыда жазғанымыздай, Гугуша әнші әрі дизайнер-модельер болуға барын салды. БҰҰ-ның штаб пәтерінде, Женевада және Испанияда «ел мүддесі» үшін жұмыс істеді. Руханиятпен де айналысты. Оның   бұл ісіне әкесі де, оның айналасындағы құқық қорғау органдары да қарсы болмаған еді. Бірақ, өзбек ханшайымының 2010 жылы бар ықыласы бизнеске ауғаннан бастап ол қауіпті аймаққа кіргенін түсінбеді. Оның бақылауындағы фирмалар рейдерлікпен айналысты.

Өзбекстан билігі Гүлнара Каримованың салған әлегінен үкіметке келтірген залал 2 млрд долларды құрағанын алға тартады. 2017 жылдың желтоқсанында тұңғыш президенттің тұңғыш қызы екінші сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ, 2018 жылдың шілдесінде жаза мерзімі 5 жыл үй қамақта отырумен ауыстырылды. Сонымен бірге, айыпталушы ханшайым келтірген шығынның орнын толтыруға, үйден шықпауға, телефон мен ғаламтор қолданбауға уәде берді. Алайда, прокуратураның айтуынша, Гүлнара берген уәдесін бұзған. Содан 2019 жылдың 5 наурызында Яшнабад аудандық соты оның қалған мерзімін түрмеде өтеуге шешім қабылдады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Рас, судың да сұрауы бар. Ал, мемлекет есебінен шалқыған адамның арқалар жүгі, тартар азабы да ауыр болады. Анахарсис «Заң – өрмекшінің торы тәрізді. Әлсіздер тұтылады, мықтылар құтылады» деген. Ойшылдың бұл пікірімен келіспеске де болмайды. Әйтсе де, көп асқанға – бір тосқанның болатынын 50 жастағы Гүлнара Каримованың өмірі көрсетті.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here