КЕҢЕСУ МЕН КЕЛІСУ – ИГІЛІККЕ БАСТАЙДЫ

0
267

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  өзінің  Жолдауында  қоғамдағы көптеген маңызды мәселелерді сөз етті. Соның  бірі – елдегі   саяси  партиялардың  ықпалы мен беделін одан әрі арттыру. Бұл ретте Президент «Nur Otan» партиясының өзге де саяси партиялармен ынтымақтаса отырып жұмыс істеуі қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы бұл жерде келісіп пішкен тонның келте болмайтынын нұсқап отыр. Яғни, «Nur Otan» партиясы нағыз қоғамшыл, нағыз халықшыл партияға айналуы тиіс. Ол үшін барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өзге саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстармен біте қайнасып, бірлесе әрекет етсек, ұтымды болары анық. Халықтың сенімін ақтаудан асқан ұлы мұрат жоқ. Бүгінгі нұротандықтар осы сөздің түп-төркінін терең ұғынып, қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге барынша атсалысуда.

Азаматтар түрлі қиындықтар мен кедергілерге   ұшырағанда  «Nur Otan»-ға үміт  артып, көмек сұрап келеді.  Өткен  8  айдың  өзінде Түркістан облыстық қоғамдық қабылдауға 5 204 арыз-шағым түскен. Мұнда көтерілген мәселелердің басым бөлігі шешімін тауып, тиісті көмектер көрсетілді.  Дегенмен, қордаланған мәселелер де жеткілікті. Оны бәріміз кеңесе отырып шешкеніміз дұрыс. Халықпен байланыс жаңаша форматта жандануы тиіс.

Рас, соңғы жылдары түйткілді проблемалар мінбелерде емес, көшелерде талқыланатын болып жүр. Яғни, елімізде азаматтық қоғаммен диалог әлі дұрыс орныға қойған жоқ. Билік пен халықтың арасында қоғамдық диалог дұрыс жолға қойылмаса, еліміздегі татулық пен тұрақтылық туралы сөз қозғаудың өзі қиындау. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметкер осы байланыстың дұрыс орнығуына өзіндік үлестерін қосуы тиіс. Әрбір мемлекетшіл азамат халықтың мұң-мұқтажын тыңдаудан қашпауы керек.

Билікке түйінді проблемаларды дер кезінде көре білетін, оны шешу жолдарын таба білетін азаматтар қажет. Сонда ғана кез келген проблеманың түйінін дер кезінде тарқатуға болады. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы «Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең басты қасиет» деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз. Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді. Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық, барлығымыз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор табысқа жетеді деп сенемін», – деді.

Жолдауда көтерілген маңызды мәселенің тағы бірі – баспана мәселесі. «2020 жылдан бастап жыл сайын 10 мың отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болады», – деді Президент. Аталған бағдарламаның тиімділігі мол. Яғни, пайыздық мөлшерлемесі небәрі 2 пайызды, алғашқы жарнасы 10 пайызды құрайды. Осы бағдарламаны толық іске асыру арқылы қаншама көпбалалы және мүгедек бала асырап отырған отбасыларды, жастарды баспанамен қамтимыз.

Елдің дамуын әрбір отбасы сезінгенде ғана берекелі қоғам орнайды. Ал, баспаналы болу – соның басты шарты. Бұл бағытта соңғы жылдары нәтижелі жобалар жүзеге асуда. Түркістан қаласының өзінде өткен аптада әлеуметтік жағынан аз қамтылған 700-дей отбасы қоныс тойларын тойлады. Бұл жұмыстар алдағы уақытта еселенері анық.

Мемлекет басшысы жеңілдетілген салық жүйесі, бизнеске қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік-мәдени саланы қолдау, бала құқығын қорғау бағыттары бойынша еліміздегі басты проблемаларды атап көрсетті. Енді осы түйткілдерді тарқату үшін бәріміз жұмыла жұмыс істеуіміз қажет.

Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ,

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here