Алыс-беріс, барыс-келіс қашан қалпына келеді?

0
5250

Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынастардың қайшылықтары екі елдің ғана емес, сондай-ақ КСРО құрамында болған өзге елдердің арасындағы қарым-қатынастарға да кері әсер етті. 2014 жылғы Қырымдағы референдум мен Украинаның оңтүстiк-шығысындағы соғыс нәтижесiнде Батыс оқшауында қалған Ресей Федерациясының экономикасы қатты әлсіреді. Кезінде дос болған бауырлас славян екі ел қазір ата жауға айналды. Соның салдарынан Мәскеу мен Киев өздерінің ұлттық мүдделерін қорғауға тырысып, өз пайдасын жібермеуге тырысып  бағуда. «Аларманға – алтау аз, берерменге –  бесеу көп» дегендей, әр тарап өзінікін дұрыс санайды. Мәселен, Ресей сан түрлі сылтауды желеу етіп, өз территориясынан өтетін Украина экспортына кедергі келтіруде. Украина да қарап жатқан жоқ. Ал, қос елдің текетіресі Қазақстан экономикасына да кері әсер ететіні түсінікті. «Qazaq» газеті бүгін Мәскеу мен Киевтің текетіресінен  Нұр-Сұлтанның шегіп жатқан зардабына тоқталады.

ЕКІ ЕЛДІҢ ТАУАР АЙНАЛЫМЫ КҮРТ ТӨМЕНДЕДІ

Бүгінде украиналық бизнес Ресейді айналып өтіп, Орталық Азияға өз тауарларын тасымалдау құнын төмендету жолдарын қарастыруда. Ал, Нұр-Сұлтан Киевке өнімдері тек Орталық Азия нарығын ғана емес, бүкіл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің нарығын жаулайтын бірлескен кәсіпорындар құруды ұсынуда.

Рас, 2016 жылы Ресейдің украиналық өнімдерді Орталық Азияға тасымалдауға қойған шектеуі Киевке кері әсерін тигізді. Украинаның Қазақстандағы елшісі Иван Кулебаның айтуынша, 2013 жылы Украинаның Орталық Азия елдерімен сауда айналымы 13 млрд долларды құраса, оның 4,5 млрд доллары Қазақстанға тиесілі болған. Ал, былтыр Қазақстанмен тауар айналымы 1 млрд долларға дейін төмендеген.

Алайда, Украина елшісінің бұл мәліметтері біздің елдікімен сәйкес келмейді. Дегенмен, 2014 жылдан екі елдің тауар айналымы төмендегінін ешкім жоққа шығармайды. Сонымен, Қазақстанның Украинадағы Елшілігінің өкілі Арнұр Таңбайдың айтуынша, 2016 жылы тауар айналым 1,3 млрд долларды құраса, 2018 жылы ол 1,5 млрд долларға дейін көтерілген. Ал, 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында бұл көрсеткіш 8,4%-ға өскен.

БІРЛЕСКЕН КӘСІПОРЫН САУДАҒА ҚАРАҒАНДА ТИІМДІ МЕ?

Украиналық өнімді Орталық Азияға жеткізудің балама нұсқасы – Қара теңіз, Грузия, Әзербайжан және Каспий теңізі арқылы өтетін ТРАСЕКА бағыты бойынша жүзеге асқан. Киев бұл бағытты 2016 жылы қолға алғанымен, Қытайға бет алған бағыттың өзіндік кедергілері де болған. Украинадан аспан асты еліне контейнерлік тасымалдаудың сынама партиялары жіберілген кезде-ақ кемшіліктер орын алған. 14 күнге декларацияланған паромдық өткелдер үнемі орындалмағандықтан, тасымалдаудың орташа құны Ресей Федерациясы арқылы жасалатын тасымалмен салыстырғанда 30-40%-ға қымбатқа түскен.

«Қазір ТРАСЕКА-да жақсы нәтижелер бар: Достықтан Батумиге дейінгі аймақта тарифтер 23%-ға төмендетілді, өткен жылы украин темір жолдары ұйымның толық құқылы мүшесі болды, демек, бұл жеңілдікке де қатысы бар, бірақ бағыт қиын», – дейді Арнұр Таңбай.

Украина тарапы осы бағыт бойынша кепілдендірілген жүк көлемін ұлғайту арқылы өзіне тиесілі жеңілдіктерді арттырмақшы. Ал, ол үшін Қазақстанның аумағында «Украина – Азия» сауда үйі құрылуы керек.

«Біз тауарлар ағынын арттырсақ, айтарлықтай жеңілдіктерден үміттене аламыз. Иә, бұл жол қымбат, бірақ бұл бағдар қандай масштабтағы бағытқа көзделсе, жаңа сауда үйінің идеясы да осы  көзделген көлемді жинау жолында қарекет етуі тиіс», – дейді Украинаның Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Сергей Свистиль.

«Украина – Азия» сауда үйінің тағы бір міндеті – бизнесте өнімді сертификаттауға көмектесу. Қазақстан мен Украина арасында техникалық реттеу тұрғысынан алшақтау бар: біріншісінің ЕАЭО алдында белгілі бір міндеттемелері болса, екіншісі Еуропалық Одақтың талаптарын орындауы керек. Бұл тақырыпқа тереңінен үңілген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Юрий Тимощенко сертификаттау мен тасымалдау мәселесін екі елдің аумағында бірлескен кәсіпорындар құру арқылы шешуге болатынын айтады.

«Қазақстанда өндіріс орындарын өрістету бірінші орынға қойылған. Украинада техникалық даму да, өндіріс те бар, алайда оның өнеркәсіп өнімдері бүгінде Еуропаға қажет емес, бірақ бізге  керек. Бізде өндірісте көптеген жеңілдіктер бар, егер украиндық бизнес қазақ нарығына көптеп келсе, онда оның өнімдері солтүстікке, шығысқа және оңтүстікке кеңінен тарамақ», – дейді Юрий Тимощенко.

Арнұр Таңбайдың айтуынша, бірлескен кәсіпорын күннен-күнге өркендеп жатыр. Мысалы, 2016 жылы Қазақстан аумағында 600 қазақстандық-украиналық бірлескен кәсіпорын болса, қазір олардың саны мыңнан асқан.

«Қазақстанда бірлескен кәсіпорын құру Украинаға Қытай, Иран, Орталық Азия және ЕАЭО нарықтарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бірақ, мен қазақстандық кәсіпкерлердің сол жерде де бірлескен кәсіпорын құрғанын қалаймын, өйткені бізге Еуропа нарығына енуге жақсы мүмкіндік болады», – дейді Арнұр Таңбай.

ТРАНЗИТТІК ШЕКТЕУЛЕРГЕ ШЕК БАР МА?

Қазақстан Ресейге транзиттік шектеулерге байланысты шығын туралы қадап айтқан. «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің хабарлауынша, Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрлігімен келіс-сөздер барысында Украинаға экспортталатын отандық көмірдің транзиттік көлемінің шектеуінен келген шығынды дәлелдеген.

«Ресейдегі әріптестерімізге транзитті шектеуден ел экономикасына зиян тигені туралы дәлелдер келтірдік. Қазір біздің Украинаға жеткізіп отырған көмір Украинаның жекелеген бөліктерінде өндірілмейтінін, бірақ сұранысқа ие екендігін дәлелдеудеміз», – дейді Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Жәнел Күшікова.

Вице-министрдің айтуынша, ресейлік көмірді Украинаға экспорттауға қойылған шектеулерге байланысты Ресейдің ішкі нарығында көмірдің көлемі көбейіп кеткен. Осыған орай жергілікті тұтынушылар қазақстандық көмірден бас тартуда. Ал, Украина тасымалдың балама әдістерін пайдаланып, тығырықтан шығар жол тапты, яғни ресейлік тараптың бұл шектеуінен біздің  көмір өндірушілер ғана зардап шегуде.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақстан – Украинаның Азияға барар қақпасы, дәлірек айтқанда, Қытайдың нарығына жол ашатын әріптесі. Қазақстан үшін де Украина маңызды серіктес. Десе де, екі ел арасындағы алыс-беріс көл-көсір деуге келмейді. Айталық, 2013 жылы сауда-саттық 4,5 млрд долларды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш тіпті аз. Сондықтан Нұр-Сұлтан мен Киев қос елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасына серпін беруге мүдделі. Алайда, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың салдарынан қос елдің экономикасына сызат түсті. Өйткені, Украина тауарларының Ресей территориясы арқылы Қазақстанға жетуінің машақаты көп. Бір ғана мысал: 2015 жылы сол кездегі Украина президенті Петр Порошенконың ұшағы Ресейді айналып, Қара теңіздің үстімен Грузия, Әзербайжан арқылы Қазақстанға келіп қонған еді. Ал, тауарларды бұл бағытпен жеткізу экономикалық тұрғыда тиімсіз саналады.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq»-тың Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here