ТУҒАН ЖЕРІ ТОРҒАЙЫНА ТУЫН ТІККЕН АҚЫНҒА НЕГЕ ЖЕРЛЕСТЕРІ ТОСЫРҚАЙ ҚАРАЙДЫ?

0
320

Мына артына бір қарамай, адымдап алға жылжыған жылдарға қарап, көкейіңдегі кептелген көп сұрақтың жауабын іздеп, телміре қарайды екенсің. Жауабы жоқ сансыз сауал санаңды сай-салаға жүгіртіп, ақыр соңында талғам-таразысы терең оқырман қауымның төрелік етуіне белімді буып отырған жайым бар. Айтайын дегенім: Кең байтақ Ұлы даламыздың бір бөлігі – Торғай өңірі. Ежелден ешкімге еншісі бөлінбеген бұл өңірде өткен ғасырда айтулы Алатаудай асқақ ақындар өмір сүрген. Бірақ, сол апайтөс ақындарға заманының атқа мінерлерінің қырын қарауынан, жоқтаушысының жоқтығынан олардың өлеңдері не «Үш ғасыр жырлайды», не «Бес ғасыр жырлайды» энциклопедиясына енген жоқ. Өкінішті жағдай. Сол ақтаңгер ақындардың еңбектерін жер-жерден жинап, халқымен қайта қауыштырған қаламгер Назарбек Бектемісов еді.

Назарбек Бектемісов 1929 жылдың 13 қазанында Жангелдин ауданының Көкалат ауылында дүние есігін ашқан. Ол алдымен Меңдіқара ауданындағы (Қостанай облысы) педучилищеде білім алып, кейінірек білімін кеңейту мақсатында Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтын аяқтаған. 1947-1957 жылдары Жангелдин ауданының мектептерінде мұғалім, 1957-1982 жылдар аралығында аудандық «Социалистік ауыл» газетінде бөлім меңгерушісі, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, облыстық «Коммунизм жолы» газетінде меншікті тілші, аудандық кеңшарлардың партия хатшысы, аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы қызметтерін атқарған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, КСРО баспасөзінің үздігі, елімізге танымал айтыс ақыны. Оның ақын ретінде елге танымал болуы өткен 60-шы жылдардың аяғы мен 70-ші жылдардың басында басталған.

Сол тұстары ол өзі тұрған Жангелді ауданында үш кеңшардың (Еңбек, Шилі, ХХІ партсъезд) партия ұжымдарының тізгінін ұстады. Ақындығымен қатар еліне шебер ұйымдастырушы екенін таныта білді. Жолым түсіп ел жаққа бара қалсам, «Сенің әкең пәленшеге былай деген, түгеншеге солай деген» дейтін сөздер сылаңдап алдымнан шыға келеді. Солардың бір-екеуін тіліме тиек етейін. Торғайдың топ жарған халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің бел баласы Мәлікзадамен менің әкем түйдей құрдас әрі дос болған.  Бірде «Нұрекеңе сәлем бере келдім» деп ағасының үйіне келсе, әкелі-балалы екеуі үйлерінде отырған көрінеді. Қараса, Мәлікзада досының алдында шимайланған қағаз жатыр дейді. Әке балаға сыншы. Халық ақыны баласының қарым-қабілетін сынау мақсатында:

«Өмірдің өрге басып дөңгелегі,

Ылдидан өрге қарай өрмеледі…» деп жазып, баласынан осы өлеңді әрі қарай жалғастыруды сұрайды. Мәлікзада ағай қиналып отырса керек. Әкем келгесін Нұрекең баласына қарап: «Қағазыңды иесіне бер, жалғасын», – депті. Әкем аяқталмаған өлеңді қолма-қол:

«Шырағым, айтысуға шамаң қандай,

Ырысы біздің елдің кең келеді» деп жалғастырыпты. Сонда ақындыққа өзі тәрбиелеген халық ақыны шәкіртіне дән риза болып, «Айдау жорғадан жабы туғызған, жабыдан жорға туғызған тағдыр неткен керемет!» деп отырған жеріне жантая кетіпті. Әкем марқұм көзі тірісінде «Ақындық адам баласына әкенің қанымен, анасының сүтімен, жаратқан Иеміздің жақсылығымен даритын қасиет» деп отыратын. Нұрхан атамыз жоғарыда айтқан сөзін сөздің жүйесін бұзбайын деп айтқан болар, әйтпесе Бектеміс атам айтар сөзінен жаңылып, жұртқа есесін жіберіп, жабы атанған жан емес. Әлі күнге дейін ел ішінде «Бектеміс айтқан бекем сөзді» жиі естимін. Бектеміс атамның көзін көріп, батасын алған халық ақыны Қонысбай Әбіл ініміз оған арнаған бір өлеңінде:

Бектеміс атамызды кім білмейді,

От ауыз, орақ ауыз – дүлділ дейді.

Сөзімен тыңдарманын мәз-мәйрам қып,

Ал, өзі езу тартып бір күлмейді, – депті.

Оның осы сөзінен атамның айтқыштығын, тілінің тұздай ащылығын аңғаруға болады. Жалпы біздің әулетке өнер қонғаны жұртқа мәлім. «Қасқа айғырдың құлыны қасқа болып тумаса да, төбел болып туары анық» дегендей, Назарбек әкемнің атамызға тартып тууы – табиғи заңдылық деп білемін. Осы сөздерімнің айнымас айғағындай Қонысбай ініміз біздің әулетке төмендегідей баға беріпті:

Бұл әулет халыққа кең танымалы,

Шын тұлпар тай күнінен танылады.

Атадан баласына мирас болған,

Өнердің қасиетті шаңырағы!

 

Назағаң әкесінен асып туған,

Ел үміт күткен еді нәсіпті ұлдан.

Көтеріп жырыменен Көкалатты,

Оқыған жанның бәрін ғашық қылған.

Жасынан ақиқатқа қиттай да қиянат қылмай, туған халқының алдында адалдығынан айнымай, халық ақыны атанған Қонысбай ініміздің осы сөздерінен ел-жұртының біздің әулетке деген ыстық ықыласын сеземін. Осы айтқандарымды кезінде «Жұлдыз» журналына «Торғайда туып тау асқан» атты мақаламда жазған болатынмын («Жұлдыз» журналы, 2010 жылдың 3 наурызы). Сол нөмірде аталарымыздан қалған «Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қыр аспайсың» деген нақыл сөзінің төңірегінде әкем жайлы ой өрбіткем. Ол жайында айтар ойымды аяқтап алайын. Торғай табанынан шыққан ақындардың бәрі дерлік Нұрхандай ақын болуды армандап өскен. Бұл сөзіме Қонысбай інімнің:

Абайдай ұлы болуды армандап әркім өтеді,

Ал, өзіме Нұрхандай ақын болсам жетеді, – деген өлең жолдары айқын дәлел бола алады. Сөздің орайы келіп тұрғанда көкейімдегі ойымды айтпасыма болмас. Неге екенін білмеймін, маған әкем Торғайдан шыққан осы қос халық ақындарының арасын жалғап кеткен алтын көпір сияқты көрінеді де тұрады. Толқындарын толқын қуып, толқи аққан Торғай өзеніндей әкем марқұм пір тұтқан ұстазы Нұрхан ақынның мақамын, үлгісін, ырғағын бұзбай, 40 жылдан кейін өзінің ізбасар інісі, шәкірті, халық ақыны Қонысбай Әбілге табыстады. Өмірде Нұрхан ақынды көзімен көріп, қолын ұстап, аузын толтырып сәлем бермесе де, оны өзінің рухани ұстазы санайды. Ол туған елі Торғайының туын жықпай, бұл күндері оны биіктерден желбіретіп жүр.

Торғайлық талай жас таланттардың қанаттарының қатаюына, биіктерден көрінуіне себепкер болған жерлес ақиық ақындарымыз Сырағаң (Сырбай Мәуленов) мен Ғафекең (Ғафу Қайырбеков) болғаны қалың жұртшылыққа аян. Олар Назарбек ақынның аяқ алысын жас кезінен байқап, көздерімен көріп, оның ақындық бастау бұлағының көзін ашып, ақ баталарын берген. Олар поэзияны әдебиет жанрының еркесі деп танып, осы жанрдың серкесі атанған жандар ғой. Осы аттарынан алыстан ат үркетін аты шулы ақындардың әкемнің ақындық қасиетін бағалап, оның тұсауын кескендерін жалпақ жұртқа жеткізу – менің перзенттік парызым деп білемін. Сыршыл Сырбай ағамыздың:

Елпілдеген мінезі,

Ардақты ақын бауырым.

Жайлап жатқан бір өзі,

Сар Тосынның сауырын.

Торғайдай біткен тұлғасы,

Әрі аға, әрі інім, – деп әкемнің арқасынан қағуы сырбаз ақынның алдындағы жоқ ағасы Нұрхан ақынды жоқтатпай жүрген Назарбек інісінің қаламының қарымдылығына көңілінің толатынын білдірмей ме?!

Ал, адуынды ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз әкемнің Торғайда ХІХ ғасырдың басы мен ХХ ғасырда ақындық мектеп болғаны және сол мектептен Ахмет Байтұрсынов атамыздың қанаттанып ұшқаны жайлы алғашында «Дала тұлпарлары» деген атпен ел ішінен жиған Торғай өңірінде өмір сүрген ақын-жыраулар жайлы еңбегіне пікір жазған болатын. 1988 жылы Ахмет атамыз толық ақталғаннан кейін, тәуелсіздігіміздің елең-алаңында әкем бұл еңбегін толықтырып, облыстық «Торғай таңы» газетінде цикл-циклмен жариялады. Оны оқырман қауым жылы қабылдап, авторға алғыстарын жаудырды.

2011 жылы әкемнің бұл еңбегі «Елорда» баспасынан жеке кітап болып басылып шықты. Ғафекең сол аталмыш кітапқа жазған алғы сөзінің аяғында:

Өмірдің арғы жағын, бергі жағын,

Тәптіштеп тізіп айтып неғылайын.

Қазақтың даласында еркін шауып,

Аман жүр, айналайын Арғымағым! – деп ақ батасын беріпті.

Атам қазақтан қалған «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген естіген жанның қабырғасын қайыстыратын сөз бар. Шынында да, қамшының сабындай қысқа ғұмырында қай пенде тірлігінде аралас-құралас болған замандастарының қадір-қасиетіне көздерін жеткізіп бағалай білген?! Осы орайда есіме есімі кең байтақ елімізге танымал қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Жангелді ауданының Құрметті азаматы Қайсар Әлім ағамыздың «Тілі байланған ақын» атты естелігі оралып отырғаны. Сол естелігінде қарымды қаламгер ағамыз: «Қанша дарынды талантты болса да кейбір дараланған ұлымызды көп ішінен әдейі бөлектеп көре алмай, күйкі тірліктің күйбеңімен тіршілік кешетініміз өтірік емес қой. Бәтір-ау, әйтпесе кешегі жыр дүлдүлдері – Нұрхан Ахметбеков, Қайнекей Жармағанбетов, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков ағаларымыз шынайы баталарын берген дарабоз ақынды кезінде бағалай алдық па?!  Кең тынысты көсемсөзші, жорға журналист торғайлық Назарбек Бектемісовті көзі тірісінде бағалай алмағанымызға араға жылдар түскенде ғана бетіміз қызарып отырғандай емес пе?! Бірақ, «Ештен де кеш жақсыны» ескерсек, әрине тума талантқа жасалған тағзымға уақыт өлшемі шек емес қой, сірә. Бұл ретте ақын көз жұмған соң екі жылдан кейін (1994) туғанына 65 жыл толуы құрметіне арналып өткізілген еске алу шараларының жұртшылық талғамынан шық-қанын атауды парыз деп білдік. Алдымен ақынның тұрған үйінің қабырғасына оның бейнесі бедерленген ескерткіш тақта орнатылды. Одан әрі «Достық үйінің» кең залында салтанатты отырыс, жарасты әңгіме-дүкен жалғасын тапты.

Мұндайда көңіл шіркін жібігіш келеді, еске қай-қайдағы түседі. Тірлікте Назағамен алысып-жұлысып өзінің де, өзгенің де қадірін қашырып жүрген ақынсымақ сол еске алу кешінде өксік буып жаны «егіліп» сөйлей алсайшы. Қайтсін, қабырғасын қайғы қайыстырғандай екен. Бәрі жақсы ғой… Бұл фәниде сыйласа білмегеніне енді бармағын шайнағандай опық жеген түрі еді… Мейлі, ол жағын оның ар сотына табыстадық. Осы отырыста ақынды көзі көргендер сыр бөлісті, ұрпақтары ас берді, әруаққа бағыштап дұға оқытқызды… Туған жерінің айтулы жыршысы, тамырын тереңнен тартқан сөз зергері Назарбек Бектемісовтің бүгінде ізбасарларының көп болуы көңілімізді серпілтіп тастағандай болатын. Шүкір, ақын тұлдыр емес екен, олар еске алу күні өздерінің тайбурылдай шабысын емсе дәлелдеп берді. Тірілердің әруақ алдындағы парызы шаш етектен. Оның қашан өтелері және белгісіз деп ұрпақтары біздерге оралымды ой тастапты («Назғұмыр», Астана, 1999 ж., «Әлем» баспасы, 161-165 беттер).

Таудың басында жүрген жандардың оның етегіне көп көз тіге бермейтіні бесенеден белгілі. Солай десек те «Сабақты ине сәтімен» дегендей, сәті түсетін кезеңдер болады екен. Мұнымен айтпағым, ауыз толтырып айтатын алыптарымыздың ел ішіне үңіле қарап, іздегендерін табатын кездері кездейсоқ жайт болмаса керек. Ел іші – өнер кеніші, еліміздің айтулы азаматтары, өнер майталмандары шалғай елдімекендерде болғандарында, бағы жанбай жүрген, тасада қалған таланттарды байтақ еліміздің қалың жұртшылығымен қауыштыруы «жақсыдан – шарапат» емей немене?!

1972 жылы қазақтың сыршыл да сырбаз ақыны Сырбай Мәуленов ағамыздың 50 жасқа толған тойы туған жері Торғайда дүрілдеп өтеді. Ақын ағамызға Алматыдан әдебиетіміздің көшін бастаған классик жазушымыз Сәбит Мұқанов, әдебиет сыншысы, жазушы Мұхамеджан Қаратаев, көрнекті ақындарымыз Жұбан Молдағалиев пен Ғафу Қайырбеков ағаларымыз ере келді. Негізгі той Сырекеңнің кіндік қаны тамған жері Ақшығанақ ауылында басталып, аудан орталығы Торғайда жалғасын тапты. Тойды басқару тізгіні (тамадалығы) менің әкеме тапсырылды. Тойдың тартымды өтуі жетекшісіне байланысты, оның қызықты өткені жайлы талай қаламгер кейін тамсана жазды. Сол сапарларынан кейін Сәбит пен Мұхамеджан аталарым әкеме дән риза болып, оның бірнеше өлеңдерін өздерімен бірге Алматыға ала кетті. Келесі жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде (қазіргі «Егемен Қазақстан») Сәбит атамыздың «Тосында туған толғау» атты мақаласы жарияланды.

Өнер жолы бірыңғай даңғыл жол болған ба?! Әкеміздің өнер жолындағы өрге өрлеп өсуіне іштерінде  қызғаныштың  қызыл  иттерінің қыңсылап маза бермейтіндер соңына шырақ алып түсті. Ол жайында әкемнің қаламдас інілері өздерінің естеліктерінде жазды да, жазып та жүр. Солардың бірі Жақсылық Жүнісов ағамыз өзінің «Ақиық ақын, сұңғыла шешен» атты естелігінде: «Несіне бүркемелейік, ақын ағамызды аяқтан шалғандар табылып, оның 60 жылдығына құттықтау хат жолдауға жарамады» деп жазыпты. 1982 жылы Торғай өңіріне есімі кеңінен мәлім Жүсіпбек Салықов деген әскерден қашқан ақын-жырауды мақтадың деп, оған қоса халық жауларын (А. Байтұрсынов атамызды айтады, – авт.) мақтадың деп, 52 жасында оны жылы орнынан тайдырды. Жаны нәзік ақын бұл қиянатқа шыдамай Арқалық қаласына қоныс аударып, 1992 жылы дүние салды. Сол кезеңнен бастап ақиық ақынға туған жері Торғайда, өмірінің соңғы мерзімі өткен Арқалықта көше атауын беру мәселесі сан мәрте көтерілсе де, оны тыңдайтын құлақтың болмауы, қалың жұртшылықты алаңдатып келеді. Осы мәселе жөнінде әкім-қаралар құлақтарының тығынын қашан алар екен?!

Асқарбек БЕКТЕМІСОВ, журналист-жазушы, Ақпарат саласының үздігі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here