Зеленский VS Кличко: Кім мықты?

0
2745

Биылғы жылдың 20 мамырында 41 жастағы әзілкеш Владимир Зеленскийдің Украинаның 6-шы президенті болып сайлануы посткеңестік елдердің таңданысын тудырып қана қоймай, жаңаша серпін бергендей болды. Билік тізгінін Зеленскийдің ұстауы Украинаның демократия жолындағы алғашқы жеңісіндей көрінді. Қазіргі уақытта посткеңестік кеңістікте Украинаның демократиялық ұстанымдарымен өзгелерден шоқтығы биік болып тұрғандығы жасырын емес. Бұрынғы әзілкештің ел алдында жасаған өткір мәлімдемелері украин халқының зор қолдауына ие болды. Зеленский мұнымен тоқтамай, билікті жемқорлардан, зейнеткерлерден тазалау науқанын бастап та кетті. Өзінің саяси тобының құрамын жаңартып, қызметке жас мамандарды көптеп тартты. Даудың басы «тазарту» саясатынан басталған соң, Украинада қазіргі билік пен бұрынғы билік өкілдерінің тартысы басталды. «Qazaq» газеті бүгін өзара қырық пышақ болып, таласқа түсіп жатқан Украинадағы билік күштерінің саяси ойындарына тоқталады.

ПРЕЗИДЕНТ ПЕН ӘКІМ НЕНІ БӨЛІСЕ АЛМАЙ ЖҮР?

Жоғарғы Раданың сайлауынан кейін Владимир Зеленскийдің партиясы басымдыққа ие болды. Сайлауда жеңіске жеткенімен, Зеленскийдің тындыратын шаруалары әлі де бастан асады.

Иә, су жаңа президент күресінің екінші кезеңі басталды. Күрестің екінші кезеңінің нәтижесі Украинаның тағдырына да әсер етеді. Мемлекетін дамудың даңғыл жолына салғысы келетін Зеленский мен оның жақтастары бұл кезеңде мұраттарына жетпесе, олар іс жүзінде «қуыршақ үкіметке» айналып, бұрынғы билік өкілдерінің әмірімен жүріп, айдағанына көнеді. Жемқорлықтың бұғауына жаңа үкімет те түсуі ықтимал. Мемлекет басшысының алдына қойылып отырған зор миссия – билікті керітартпалардан тазартып, Украинаны заман көшінен қалдырмау.

Қазіргі Украинадағы саяси майданның ошағы ел астанасы – Киев. Ал, Киевтің 2014 жылдан бергі мэрі, 2013 жылы үлкен спортпен қоштасқан атақты боксшы, шаршы алаңда да, саяси сахнада да топты жарған 48 жастағы Владимир Кличко Владимир Зеленскийдің «ата жауы» саналады.

Бұрынғы боксшының Киев тізгінін ұстағалы бері іште де, сыртта да одақтастары көбейді. Соның арқасында Владимир Кличконы қолдайтын саяси күштер де маңына топтаса бастады. Саяси сарапшылардың пікірінше, Украинадағы саяси тартыстарға Кличконың қолымен от көсеп отырған америкалық саясаткерлер себеп болуы мүмкін.

Жалпы, маусым айында Кличконың басына күн туды. Украина халқы кезектен тыс парламенттік сайлауға дайындалып жатқанда, БАҚ-та елордадағы биліктің жақында ауысатындығы жөніндегі сыбыстар тарай бастады. Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Богданның шілдеде «РБК-Украина» агенттігіне берген сұхбаты даудың басы болды. Оның «болашақ Киев мэрінің жергілікті бюджетті жымқыруын қаламайтынын» айтқаны сол-ақ екен, БАҚ өкілдері қылмыстың түп төркінін қазбалай кетті.

Андрей Богданның мәлімдемесінен бұрын да Владимир Кличко күдікке іліне бастаған-ды. Киевтегі жаяу жүргіншілер көпірінің ашылу салтанатындағы орын алған жанжал Кличконың саяси мансабына қауіп төндірді. Көпір құрылысы елорда бюджетіне шамамен 400 миллион гривен (5 млрд 617 миллион теңге) шығын келтірді. Берік әйнектен салынған көпір ашылу салтанатында шытынап, сына бастаған. Осыдан кейін мэр өз қызметіне одан әрі нұқсан келтірмеуді ойлап, нысанды уақытша жабуға мәжбүр болды. Тіпті, Киев мэрі қылмысын вандалдардың қылмысымен байланыстырғысы келді. Бірақ, президент әкімшілігі мен БАҚ өкілдері құрылыс сапасының төмендеуін жемқорлықпен байланыстырды. Жөндеуден өткен көпір екінші рет сыр бергеннен кейін «Кличко қылмысын» қазбалау, әрине, заңды құбылыс саналса керек.

Жаңа президенттің командасы жемқорлық тақырыбын мэрді биліктен кетіру үшін басты қару ретінде пайдаланбақ. Бірақ, Украинадағы мэрлер бұл қарудан қорғануды жақсы біледі. Мәселен, 2017 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі мэрді жауап алуға шақырған. Алайда, тергеу аяқталмай қалды.

Соңғы уақыттарда Киевтегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты хабарлардың легі толассыз ағылып жатыр. Жақында Петр Порошенко отбасымен бірге Украинадан үдере көшті. Экс-президентке қатысты 11 қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, «1+1» телеарнасы Владимир Кличконың кітапхана салуды сылтауратып, Киевтің орталығындағы ол жерді ағасына бергенін, сөйтіп ағасы қонақ үй салғанын көрсетіп жұртты дүрліктірді. Осы жағдайға байланысты Кличкодан жауап алынуы үшін мемлекеттік тергеу бюросына шақырылды. Бірақ, мэр әдеттегідей келмеді. Мэрдің ағасы «1+1» телеарнасын «жалған ақпарат таратқандары үшін» сотқа берді. Сөйтіп, телеарнаның өздеріне жала жапқандарын алға тартты. Шу көтерілгеннен кейін Киев тұрғындары шеруге шығып, президент әкімшілігінің ғимаратының жанында өздерінің талап-тілектерін білдірді. Шерушілер мэрдің отставкаға кетуін талап етті.

Әкімшілік басшысы Андрей Богдан болса, құқық қорғау органдарына тек әйнек көпірдің ғана емес, астанадағы Подольск-Воскресенский және Шулявский көпірлерінің салынуындағы жемқорлық деректерін анықтауды сұрады. Андрей Богданның сөзіне қарағанда, жаңа үкімет Кличкоға «көлеңкелі бизнесті» доғаруын, үкіметті бизнестерін дөңгелетуге пайдаланып отырған қаладағы жемқор топтардың жетекшілерін жоюды ұсынған. Алайда, Кличко мұны жасай алмаған. Себебі, жемқор топтар – Кличко билігінің негізін құраушылар. Оларды құртса, Кличко тақтан айырылады. Десек те, бұл жанжалдар Кличконы мэрліктен тайдыру үшін ғана емес, халық алдындағы беделін түсіру үшін де қажет. Өйткені, 2018 жылғы сауалнаманың қорытындысы Кличконы қолдаушылардың саны азаймағанын көрсетті. Кличко түрлі сыни пікірлер мен айыптауларға ұшыраса да, оның астаналықтар арасындағы беделі әлі де жоғары.

Айта кетейік, Еуромайдан басталғанда украиналық спорт жұлдызы елдегі танымал оппозиция өкіліне айналды. 2013 жылы Кличконы қолдаушылардың саны Виктор Януковичпен (Украинаның қуғындағы 4-ші президенті) тең түсті. Саяси тартыс кезінде Кличко төңкерістің басында ұлтшыл Олег Тягнибок және «Родина» партиясының уақытша жетекшісі Арсений Яценюкпен бірге тұрды. Кейіннен бұл үшеуі Януковичтің араласуынсыз-ақ ЕО өкілдерінің барлық кездесулеріне қатысты. Төңкерістен кейін Кличко президент сайлауынан бас тартып, Порошенконы қолдауға шақырды. Содан Порошенконың тұсында Кличко алаңсыз еңбек етті.

Дегенмен, билік басынан Порошенко кетті, оның орнына Зеленский келді. Сөйтіп, жазда өткен Жоғарғы Рададағы сайлау оның беделіне нұқсан келтіре бастады. Осыдан соң, Кличко өзінің «Удар» партиясын «Родина» партиясымен, тіпті, Михаил Саакашвилидің «Движение новых сил» партиясымен одақтастыруға тырысты. Бірақ, одан ештеңе шықпады. Тіпті, сайлау өткізбей, тек мажоритарлық округтер бойынша өз кандидатураларын ұсынулары да нәтижесіз қалды.

ЗЕЛЕНСКИЙ НЕГЕ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛДІ?

Бір қарағанда, Порошенко кетсе, Кличконың да қызметінен кетуі заңдылық сияқты. Дегенмен, қос Володяның текетіресіне Украинадағы «Елорда туралы заң» мен «Конституциялық соттың» заңды күші себеп болып отыр. Демек, Зеленский Киев мэріне қатысты өз ойындағысын жүзеге асыра алмайды. Өйткені, «Елорда туралы заңға» сәйкес Киев қалалық мемлекеттік әкімшілігінің басшысын президент тағайындаса, ал Конституциялық Соттың заңды күші бойынша президент ол қызметке тек сайлауда жеңіске жеткен мэрді ғана тағайындай алады. Мұндай қайшылықты жағдайға Зеленский ғана емес, экс-президенттер Кучма мен Янукович те тап болған. Олар Киев мэрін биліктен аластатуға тырысып,  Конституциялық Сотты сынға ал-ған.

Рас, инаугурацияға дейін ел парламентінде елорда әкімі мен Киев қаласының мемлекеттік әкімшілігі басшысының өкілетті-ліктерін бөлу туралы заң жобасы талқыланды. Дегенмен, сол кезде Зеленскийге Кличконы жұмыстан босатуға Үкімет кедергі келтірді. Енді президенттің жақтастарынан құрылған жаңа министрлер кабинеті өз келісімін берді. Яғни, үкімет Зеленскийдің кеңсесіне Кличконы жұмыстан босату туралы өтініш берген. Соңғы шешімді президент шығарады. Ал, Зеленский әлі шешім шығарған жоқ, демек елордадағы келесі сайлауға дейін Виталий Кличко Киев қаласының басшысы әрі Киев-кеңесті басқара береді.

Әрине, Зеленский бұл мүмкіндікті жібер-мейтінін Кличко жақсы түсінеді. Содан кеше, 19 қыркүйекте Кличко Жоғарғы Радаға Киевкеңесті таратып, мерзімінен бұрын мэр сайлауын өткізуге ұсыныс жасады.

Ала жаздай Кличко қарап жатқан жоқ. Кличко президент әкімшілігінің жетекшісі Андрей Богданмен кездесуінде президенттің адамдары Ваврыш пен Ткаченкомен келісу туралы ұсыныстар алды. Андрей Ваврыш Богданның серіктесі және 2015 жылғы жанжалда қалалық құрылыс бөлімінің бастығы қызметінен Кличконың түрткілеуімен босатылғанын ескерсек, Ткаченко Киев қаласының мемлекеттік әкімшілігінің басшысы болуы мүмкін. Кличкоға бұл да қиындық тудыратыны анық. Ткаченко, Богдан – олигарх Игорь Коломойскийдің адамдары. Өзіне қарсы әрекет етіп отырған олигархқа шара қолданбайтын болса, Коломойскийдің қитұрқы саясаты түптің түбінде Кличконы орға жығуы әбден мүмкін. Киевтің мэрі өзіне төнген қауіпті дер кезінде сезіне білді.

Украинадағы саяси күштерден қауіптенген Кличко сыртқы күштердің ықпалына арқа сүйей бастады. Оның үміт артары – АҚШ саясаткерлері мен президент Дональд Трамп. Киев мэрі Коломойскийге қарсы тұру мақсатында 31 шілдедегі Нью-Йорк сапарында АҚШ президентінің жеке адвокаты Рудольф Джулианимен кездесіпті-міс. Кличконың айтуынша, Нью-Йорктың экс-мэрі Джулианимен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың маңыздылығын талқылаған. Келесі кезекте Кличко Джулианимен Киевте кездесуге келіскен. Бірақ, Джулиани Киев сапарынан бас тартқан еді.

Джулианидің Кличкомен кездескеннен кейін Киевке баруға келіскендігі күдік тудырады. Зерделеген жанға Киев үшін басты шайқас украиндық биліктің ескі мен жаңасы төңірегінде емес, түптеп келгенде американдықтар мен украин-израильдік олигархтың мүдделері – Богдан мен Ткаченко арасындағы күрес екендігі тайға таңба басқандай анық.

Қазір БАҚ құралдары Кличконың басты қарсыласы болған президент кеңсесі жетекшісінің осы жанжалдан соң отставкаға кеткенін жарыса жазуда.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Украинаның жаңа үкіметінің демократияға деген ұмтылыстары ел көзіне сәтті қадамдар болып көрінгенімен, іс жүзінде Зеленскийдің қауқарсыз екендігіне көз жеткіздік. Бұдан шығатын қорытынды: демократия тағы да авторитарлық биліктің шырмауында қалды. Сонымен қатар, Украина билігі саяси тартыстарға кіріспес бұрын қайшылыққа толы заңдық жүйелерін бір ізге келтіруді ың-шыңсыз шешуді талқылағандары абзал. Дамудың жаңа сатысына көтеріліп, өз елінде утопия орнататынына сенімді Зеленскийдің ұраны қазекемнің «айдағаның бес ешкі – ысқырығың жер жарадасының» кебін киері анық.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ» ГАЗЕТІНІҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here