Майя САНДУ: «Тазарту жұмыстары алдымен сот пен прокуратурадан басталады»

0
4483

49 жастағы Молдова президенті Майя Санду құрған еуропалық бағыттағы «Әрекет және ынтымақ» (PAS) партиясы 11 шілде күні өткен парламенттік сайлауда 47% дауыспен жеңіске жетті. Көп ұзамай PAS партиясы өз үкіметін жасақтады (Үкіметті 43 жастағы Наталья Гаврилица басқаратын болды). Ресейлік «Коммерсант» газетінің арнайы тілшісі Владимир Соловьев Майя Сандумен сұхбаттасып, президент пен оның жақтастары билікті қалай басқаратынын, Ресей және Батыс елдерімен қандай қарым-қатынас орнататындарын сұраған екен. Сол сұхбатты қазақ тіліне аударып, оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«САЯСАТТАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚТАН МЕМЛЕКЕТТЕГІ ЖЕМҚОРЛЫҚ ТУАДЫ»

– Өзіңіз құрған партияңыздың нәтижесіне көңіліңіз тола ма?

– Біріншіден, бұл барлық сайлаушылардың көрсеткен нәтижесі. Әрине, біздің қоғам алғаш рет тәуелсіздігімізге отыз жыл толғанда елде бірінші кезекте нені өзгерту керек, қандай басымдықтарымыз бар деген сұрақтар аясында ымыраға келді. Келісімге келгеніміз үшін және адамдардың бізге дауыс бергені үшін өте қуаныштымын.  Сайлаушылар елде тәртіп орнату, жемқорлықпен күресу, құқық саласын реформалау, экономикалық агенттерімізге қалыпты жағдай жасау, миграцияны тоқтату мақсатында осында жұмыс орындарын құру үшін бізге дауыс берді. Мен бұның үлкен сенім несиесі екенін және алда маңызды шаруалар күтіп тұрғанын жақсы түсінемін. Бірақ, біз мұндай жұмыстарға сақадай саймыз.

– Қазір барлығы «Енді бәрі Майя Сандуға тікелей байланысты» деп санайды. Халық президент пен партияны бөліп-жармайды. Ал, Сіздер шынымен біртұтас командасыздар ма?

– Біз бір командамыз. Менде президент сайлауы кезінде елде тәртіп орнатып, елді, мемлекетті тонайтын жемқор топтардың жымқыруына жол бермейтін мемлекеттік институттар құру бағдарламасы болды. Өткен жылы маған және осы жылы PAS партиясына дауыс берген адамдардың көпшілігі мен немесе менің командам үшін емес, осы бағдарлама үшін дауыс берді.

– Үлкен жауапкершілік арқалаудан қорықпайсыз ба?

– Иә, жауапкершілік өте үлкен. Бірақ, мүмкіндік те өте үлкен. Ал, біз осы үшін күрестік. Біз адал саяси таптың болғанын қаладық. Енді міне, халықтың адал билікке ие болу мүмкіндігі пайда болды. Парламентте адал адамдардың көп болғаны жақсы. Алайда,  адамдар өзгерісті тез сезіну үшін мемлекеттік құрылымның барлық саласында кәсіби мамандар жұмыс істеп, басқарудың тиімді әдісін қолдану керек. Халықтың Молдоваға деген сенімін нығайтып,  мемлекеттің келбетін, өз азаматтарымыз бен шетелдік серіктестеріміздің пікірін өзгерту – істеуге тиіс басты міндетіміз.

– Бұрын Молдовада сайлаудың нәтижесі қандай болатыны маңызды емес еді. Парламентте депутаттарды көтерме және бөлшек саудада сатып алып, кімнің қанша төлегеніне байланысты фракциялар құрылатын. Сіз «Әрекет және ынтымақ» партиясының тізімімен парламентке өткен адамдарды сатып алу мүмкін емес екеніне сенімдісіз бе?

– «Әрекет және ынтымақ» партиясының тізімі бойынша парламентке өткен адамдарға сенемін. Соңғы отыз жыл ішінде Молдовада көптеген саяси партиялар құрылды. Бірақ, біз олардан өзгеше партия құрдық. Біз саясаттағы жемқорлықтан мемлекеттегі жемқорлық туатынын о бастан айттық. Саясатта сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін бізге партияларды ашық және заңды түрде қаржыландыру керек. Мұндай партияның алғашқысы біз болдық және адамдарға: «Егер сіз біздің саясатпен айналысуымызды қаласаңыз, бізде таза саясат болу керек. Ол үшін сіз бізге қаржылық қолдау көрсетуіңіз тиіс», – дедік. Осылайша, халықтың қолдауымен Молдовада әділ саясат жүргізуге болатынын көрсете алдық. Біз жемқорлыққа құныққан кландармен күрестік. Біздің партиямыз  Плахотнюктің (2019 жылға дейін Молдованы бейресми басқарған қашқындағы олигарх) тұсында, яғни елде сыбайлас жемқорлық өршіп тұрғанда оны тоқтату үшін құрылды. Партияның басты мақсаты – жемқорлықпен күресу. Тек бұл ғана емес, биліктің күшті институттары бар мемлекет құрып, бүгін-ертең нәтижесін көрсетуіміз керек. Мемлекет бір жағынан реформаланып, екінші жағынан нәтиже көрсете отырып, жұмыс істеуі тиісті. Кәсіпкерлікті дамыту саласын жақсы дей алмаймын. Мекемелер мен реттеуші ұйымдардың тарапынан жасалатын қысым бар. Мұны тоқтату керек.  Ал, жұмыс орындарын ашып, экономиканы бәсекеге қабілетті ету үшін әлі де көп нәрсені іске асыру қажет. Біз әлеуметтік мәселелермен айналысуға тиіспіз. Себебі, партиямыз ең төменгі зейнетақы мөлшерін 2 000 лейге (47,7 мың теңге) көтеруге уәде берді. Бұл өте өзекті. Жаңа билік өз уәдесін орындау үшін шұғыл түрде қосымша қаржы көздерін табуы қажет. Өйткені, көптеген зейнеткерлерге қазіргі зейнетақысымен күн көру мүмкін емес. Проблема бастан асады. Нәтижені бірнеше аптада немесе бірнеше айда көрсетуіміз керек.

«ТІСҚАҚҚАН ЖЕМҚОР ПРОКУРОР МЕН СОТТЫ ҚЫЗМЕТТЕ ҚАЛДЫРҒАННАН ГӨРІ, ТӘЖІРИБЕСІ ЖОҚ АДАЛ МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАП ШЫҒАРҒАН АРТЫҚ»

– Тіпті, апта дейсіз бе… Жемқорлыққа белшесінен батқандар: соттар, прокурорлар, ІІМ, Жемқорлыққа қарсы күрес орталығы. Бұл дегеніміз мыңдаған адамдар. Олар сәнді өмір салтына дағдыланған. Жемқорлардың жүйесін қалай жоюға болады және олардың орнына келетін кәсіби мамандарды қалай табуға болады?

– Бұл өте күрделі реформа. Бірақ, қазір мұны іске асыру мүмкін. Себебі, парламентте сот жүйесін реформалауға дауыс беретін адал адамдар бар. Қазірдің өзінде бірнеше заң дайындадық. Депутаттар оларға жаңа парламенттің алғашқы жұмыс аптасында-ақ дауыс бере алады. Бірінші заңның мақсаты – сот жүйесі мен прокуратураны парақорлардан тазарту. Бұл екі айда жүзеге асып бітпейтін реформа. Себебі, заңға тез арада дауыс берген күннің өзінде, прокурорлар мен соттарға әділ баға беретін арнайы топ жасақтау қажет. Бірнеше айдан соң сот жүйесі мен прокуратураның маңызды институттары арнайы бағалаудан өтеді. Бұл әділдіктің үстемдік ететінінен хабар беретін белгі болады. Сот жүйесінде сыбайлас жемқорлықтың күрделі схемаларын зерттейтін жаңа құрылымдар пайда болады. Бағалаудан ең алдымен Жоғарғы сотты өткіземіз. Соның арқасында біздің Жоғарғы сотта төрелігін әділ айтатын соттар қызмет етеді.

– Оларға кім баға береді?

– Шетелдік сарапшылардың қатысуымен арнайы бағалау комиссиясы құрылады. Мысалы, мұндай реформалар Албанияда қолданылды. Бастысы – тәжірибе бар. Біз тәжірибесі бар елдерден үйренеміз. Бірнеше айдан кейін Жоғарғы сот палатасында тек әділ соттар ғана қалады. Бұл қоғамдағы келеңсіз оқиғалардың алдын алатын алғашқы сүзгі болмақ. Иә, жаңа соттарды қайдан табамыз деуіңіз орынды. Себебі, қазіргі соттардың көбі орнында қала алмайды.

– Тек соттар ғана емес, меніңше, тазалау барлық саланың мамандарына қатысты сияқты…

– Әрине! Біз сот төрелігі мен прокуратура туралы айтып отырмыз. Себебі, басты мәселе – жемқорлық. Жаңадан мамандар даярлап, оқытамыз.

Жаңа мамандардың орта немесе бастапқы деңгейден бастайтындары сөзсіз. Алайда, тәжірибелі жемқор прокурор мен сотты қызметте қалдырғаннан гөрі, тәжірибесі жоқ адал мамандарды даярлап шығару тиімді.

Реформаны жүзеге асыру оңай деп айтпаймыз. Бірақ, билік пен парламенттің реформаны тезірек бастау керектігін айтуға мүдделіміз. Басқа мемлекеттік мекемелерді реформалау оңайырақ. Өйткені, бізге салық инспекциясы, кеден және өзге де реттеуші органдардың басшылығын өзгертіп, тәртіп орнатуды талап ету жеткілікті. Тазарту жұмыстары барлық салада жүргізіледі. Бірақ, алдымен сот жүйесі мен прокуратурадан бастау керек. Екеуі өз міндеттерін адал атқармағандықтан, мемлекетте жемқорлық белең алып тұр.

– Президент пен депутаттардың иммунитетін қандай да бір мөлшерде төмендетіп немесе алып тастайтын заң жобасы әзірленіп жатыр екен. Ол қалай жүзеге асады?

–  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитеттің күшін жою. Егер елде сыбайлас жемқорлық болса, иммунитет депутатты да, президентті де, премьер-министрді де қорғауға тиіс емес.

Мен PAS партиясының Конституцияға енгізетін өзгерістерді дайындағанын білемін. Мәселе мынада: Өзгерістерді енгізу үшін Парламентте дауыстар жеткілікті бола ма?!

– Сізге тағы да төрт дауыс керек (PAS парламентте 63 орынға ие, ал конституцияны өзгерту үшін 67 дауыс керек)…

– Иә, тағы төртеу. Оларды табу қиын болуы мүмкін. Бірақ, тексеру қажет. Алайда, конституцияны өзгерту мүмкін болмаса да,  прокурор парламентке келіп, иммунитетті алып тастауды сұрағанда көпшілік дауыстың жеткілікті болатыны белгілі.

– Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сұрақтар туындатуы мүмкін саясаткерлер бар ма? Өткен жылы қысқа бейнежазба барлығына тарады: Владимир Плахотнюк қара пакетті президент болған Игорь Додонға береді. Пакеттің ішіндегісі көрінбегендіктен, оның не бергенін ешкім білмейді. Бірақ, көпшілік оны ақша деп ойлайды. Бұл іс тергеуді қажет ете ме?

–  Бас прокуратураға қойылатын сұрақ. Біз бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, прокуратурадан сұрадық. Мен елдегі сыбайлас жемқорлықты жеңу үшін оны саясаттан ығыстыру керек екендігін жоғарыда айттым. Ал, бұл жерде біз электоралды жемқорлық туралы айтып отырмыз. Осы сайлауда заң шеңберінен тыс нәрселердің орын алғанын көрдік. Кейбір бәсекелестеріміз есептерінде көрсетілмеген қаржыларын жұмсады. Сондай-ақ, кейбір бәсекелес партиялардың дауысты сатып алғанын да жақсы білеміз. Мен бұл мәселелер бойынша құқық қорғау органдарымен сөйлескенде, олар маған мұндай нәрселермен кімнің айналысу керектігі жөнінде заңнамада нақты көрсетілмегенін айтты. Тағы бір өкінерлігі, заңды қандай тыйымдар салу керектігі туралы да нақты жазылмаған. Парламентарийлер жұмыс істеуі тиіс бағыттардың бірі – саяси сыбайлас жемқорлықпен кімнің нақты айналысатынын анықтау үшін өзгеріс енгізу. Саяси сыбайлас жемқорлық үшін ауыр санкциялар салынуы керек.

– Олар қаншалықты ауыр?

– Өте көп мөлшерде айыппұл немес мұндай партияларға мүлдем тыйым салу.

– Өткенді қозғаудың қажеті бар ма? Бұрынғы премьер-министр Владимир Филат пен кәсіпкер Илан Шор арасындағы келіссөздердің жазбалары жариялағаны әлі есімде. Олардың нақты қаржылық байланыстары болды. Бұл іске қайта оралып, тергеу жүргізіп, жазалауға бола ма?

– Көп нәрсе болды. Мен Демократиялық партияның жағдайын еске салғым келеді. Олар 2019 жылғы сайлауда 46 млн лейді заңсыз жинады. Алған қаржыны бюджетке қайтаруы тиіс. Мен бұл туралы Бас прокурордан сұрадым. Барлығы бізге тергеу жүріп жатқанын айтқанымен, нақты нәтиже көріп отырғанымыз шамалы.  Прокуратураның жемқорлықтың ірі схемасымен жұмыс істейтініне күмәніміз жоқ және олардың әдісінен хабардармыз. Бүкіл халық нәтиже күтеді және «ландроматтар» мен Кишинев әуежайында миллиардтар ұрлануда. Әрине, прокуратураның жұмыстары көп екенін түсінеміз. Бірақ, біз нәтижесін көргіміз келеді. Себебі, олардан тергеу жүріп жатқаны туралы әрдайым естиміз.

– Молдова жемқорлығының бет-бейнесіне айналған Плахотнюк ше? Оны елге алдыртып, сотқа тарту қажет пе?

– Міндетті түрде.

– Ал, оның қазір қайда екенін білесіз бе?

– Бас прокурормен сөйлескенімде, оның Плахотнюкті Түркияда деп ойлайтынын түсіндім.

– Мен де оны Түркияда деп естідім. Түрік билігінің көмегіне жүгінесіз бе?

– Мен бұған өтініш бере алмаймын. Бұл туралы прокуратурадан сұрадым. Бізде Плахотнюк ісі, Шор ісі (кәсіпкер Иван Шор Молдованың үш банкінен 1 млрд доллар жымқырды деп айыпталып, Израильге қашып кеткен) бар. Біз тәртіп орнатады деп қорқып, басқалары қазір қашып кетуі мүмкін. Жалпы, бұл сұрақтармен прокуратура айналысады. Ел президенті ретінде мен мұндай істермен айналыса алмаймын. Бізде осындай адамдарды елге алдырып, ұрланған ақшаны қайтаруды қамтамасыз ететін функционалды прокуратураның болғанын қалаймын. Әрине, заң шеңберінде.

«АЛДЫМЕН ШЕНЕУНІК ӨЗ МҮЛКІ МЕН АҚШАСЫНЫҢ АДАЛ ЖОЛМЕН КЕЛГЕНІН ДӘЛЕЛДЕУІ КЕРЕК»

– Сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңда қандай да бір жаңалық бола ма?

–  Тәркілеуді жеңілдету үшін мүлікті тәркілеу туралы заңнамалық өзгеріс әзірленіп жатыр. Бүгінде бұл өте күрделі мәселе.

– Қалай істегіңіз келеді?

– Шенеунік өз мүлкі мен ақшасының адал жолмен келгенін дәлелдеуі керек. Бұл үшін тағы да Конституцияны өзгерту керек шығар. Прокуратура барлық адамдармен жұмыс істеп, ақшаның арам жолмен келгенін растайтын айғақтар табуы қажет. Бұл басқа мәселе. Олар маған: «Көлігіңіз, пәтеріңіз бар және осыған дейін осынша сомада табыс таптыңыз. Егер мүліктеріңіздің құны табысыңызға сәйкес келсе, демек адал жолмен келді», – деп айтуы керек. Ал, қазір жылдар бойы аз жалақыға жұмыс істеп келген соттар мен басқа да қызметкерлердің қымбат көліктер мініп, зәулім сарайларда тұрып жатқандарына қарайтын болсақ, бұл көмектеседі деп ойлаймын.

– Сонда бұл табысқа сәйкес келмейтін мүлікті тәркілеу идеясы ғой?

– Иә, олар мемлекетке қайтаруы керек

– Бұл оларға ұнай қоймайды. Осыдан соң Сіз құрып жатқан жүйені шайқалтуға тырысатын шенеуніктердің қарасы көбейеді деп қорықпайсыз ба?

– Біріншіден, біз үлкен жемқорлық туралы айтып отырмыз. Екіншіден, мен айтып отырған бастамаларды қуаттап көптеген адамдар дауыс берді. Менің ойымша, біздің реформамыз үлкен қолдауға ие. Идеяның кейбір соттар мен прокурорларға және де түрлі мемлекеттік органдардың басшыларына жақпайтынын түсінемін. Алайда, адамдар бізге осы тәртіпті орнату үшін дауыс берді. Біздің сотта да, прокуратурада да адал адамдар бар. Олар жұмыстарына кірісіп, бағалануға, нәтиже көрсетуге мүмкіндік алады.

– Қауіпсіздік кеңесі отырыстарының бірінде Сіз Вячеслав Платонды (Ресейде ақша жымқыру схемасын ұйымдастырғаны үшін сырттай сотталған) ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруші адам деп атадыңыз. Платон ісінен қандай қауіп бар?

– Бізде рейдерлікпен айналысқан және айналысатын бірнеше жемқор топтар бар. Банк жүйесі мен сақтандыру жүйесіне қауіп төндіретіндіктері үшін бүгінде олардың ісін талқыға салып жатырмыз. Бүгінде Платонның құрған тобы осы екі жүйеге қатер төндіріп отыр. Біз банктік дағдарысты бастан өткердік. Оның не екенін білеміз және оған жол бере алмаймыз. Бұрын болған келеңсіздіктер қайталанбас үшін дер кезінде шешім қабылдап, оның алдын алуымыз керек. Оған жауапты мемлекеттік органдар, жемқорлыққа қарсы күрес органдары бар.

– Мемлекеттік билікті қайта бөлу үшін Конститутцияны өзгерту керек пе?  Мәселен, президенттік билікті күшейту қажет деп санайсыз ба?

– Қазір мұның қажеттілігін көріп отырған жоқпын. Біз үшін парламенттің нағыз парламентке айналуы өте маңызды. Осыған дейінгі жылдарда, адамдарды сатып алғанда тұтас парламенттің немесе парламенттегі көпшіліктің әртүрлі топтардың мүддесін қорғап кеткенін көріп жүрдік. Енді адамдарда парламентті қайтадан құрметтеуге, ал президент пен үкіметтің халыққа берген уәделерін орындау үшін бірлесіп іс атқаруға мүмкіндігі бар.

– Өткен парламенттік науқан ерекше болды. Егер мұнда геосаясат болса, онда бұл ең төменгі көрсеткіш. Есіңізде ме, сайлау кезінде НАТО мен Ресей танктерінің қаупі туралы жиі айтылды. Бірақ, геосаясат ешқайда кеткен жоқ. Президенттік партия жеңіске жеткеннен кейін газет беттерінде Ресейдің жеңілгені туралы мақалалар пайда болды. Шынымен, Мәскеу жеңілді ме?

–  Біз үшін адамдарды еліміздің нақты күн тәртібінің айналасына біріктіру маңызды. Бұл қолымыздан келеді деп есептеймін.  Геосаясат бар және одан жалтарып кете алмаймыз. Бізде ұлттық мүддеден бастау алатын белсенді сыртқы саясатымыз болады. Бірақ, мемлекетімізде өте күрделі ішкі мәселелер бар және адамдар алдымен осы ауыртпашылықтарды сезінеді. Оларға ішкі саясаттағы күрделі мәселелерді шешуге көмектесеміз деп уәде бердік. Көптеген жылдар бойы жемқор, жауапсыз саясаткерлер геосаясатты ермегіне айналдырды. Халықты сонымен қорқытып, өздеріне ұпай жинады.

– Ұлттық мүдде – маңызды. Егер мемлекет өз мүддесін білмесе, онда ол басқа ойыншының мүддесінің бір бөлігіне айналады. Оны пайдаланады. «Ұлттық мүдде» тіркесін немен толықтырар едіңіз?

– Мен азаматтарымыздың өз еліне сенуі үшін, өз жерінде болашағы жарқын болатынын түсінуі үшін ел туралы пікірімізді өзгертуімізді қалаймын. Жастарымыз елден кетпеу үшін көп шаруалар тындыруымыз қажет.

– Посткеңестік кеңістіктегі елдер кейде өз еркімен, кейде еркінен тыс геосаясаттың ықпалына түсіп жатады. Мысалы, Шығыс пен Батыс, Ресей мен Вашингтон, Брюссель бар. Сіз еліміз зардап шекпеу үшін бұлардың арасында қалай жүру керектігін білесіз бе? Молдованың өзгелердің соғысына араласпауы мүмкін бе?

–  Геосаяси күрес – Молдованың еркіне қарамастан жүретін күрес. Біз Батыспен де, Шығыспен де жақсы қарым-қатынас орнатқымыз келеді. Дипломатиялық қатынастарды өз мүдделерімізге сүйене отырып, жүргізетін боламыз. Сонымен қатар, біз үшін ең бастысы ЕО-мен жақсы қарым-қатынас орнату. Себебі, барлық бағыттағы негізгі көмек ЕО-дан келеді. Солай десек те, біздің сыртқы экономикалық саясатымыз белсенді болып, өз мүдделеріміз негізге алынатын болады.

«ПРИДНЕСТРОВЬЕ АЙМАҒЫНАН РЕСЕЙ ӘСКЕРІН ШЫҒАРУ ҚАЖЕТ»

– ЕО Сізді жақсы біледі. Сіз де оларды жақсы білесіз. Бірақ, Сіз Ресейде болған емессіз және Владимир Путинмен кездесіп көрмедіңіз. Онымен қандай қарым-қатынас құрғыңыз келеді? Путинмен кездесу бола ма және қашан?

– Бізді прагматикалық мазмұндағы әңгіме қызықтырады. Шешілуі тиіс мәселелер жөніндегі нақты күн тәртібіміз бар. Жаңа үкімет қызметіне кіріскеннен кейін Ресей Федерациясымен жұмыс істеуді бастайды. Оның ішіне кездесу де кіреді.

– Әдетте, ТМД-ның саммиті жылдың соңында өтеді. Егер биылғы саммит онлайн емес, дәстүрлі форматта өтсе, қатысуға дайынсыз ба?

–  Мәселелерді шешуде Ресей президентімен де, үкіметімен де қандай форматтағы кездесу қолайлы болатынын ақылдасуымыз қажет. Жаңа үкімет құрылған кезде пікірталастарды бастаймыз. Екі жақты күн тәртібінде жұмыс істеу үшін ең ұтымды форматты табамыз.

– Менің байқауымша, Сіз президент болып сайланып, Брюссельге барғаныңызда көптеген саясаткерлердің Бельгия астанасына барғанда жасайтын әрекетін жасамадыңыз. Сіз НАТО-ның штаб-пәтеріне бас сұқпадыңыз…

– Менің алғашқы қадамдарым көршілес Румыния және Украинамен қарым-қатынасымызды жақсартуға бағытталды. Бұл біз үшін өте маңызды және осы бағытта жұмыс істейтін боламыз.  Брюссельге содан кейін бардым. Өйткені, дағдарыс кезінде бізге көмек керек. ЕО-ның бізге дағдарыстан шығу үшін 600 млн еуро көмек бергеніне ризашылығымды білдіремін.

Иә, ол сапарда мен НАТО-ның штаб-пәтеріне барған жоқпын. Бірақ, есіңізде болса, мен премьер-министр болғанымда НАТО-ға барғанмын. Олармен байланысым жақсы және ортақ жобаларымыз да бар. Көмек аламыз және оны алу үшін сол рухта НАТО-мен бірге жұмыс істейтін боламыз.

– Украина мен Румыния – Молдова үшін қиын көршілер. Румын саясаткері, еуропарламент депутаты Дачиан Чолош PAS-тың жеңісінен кейін Бухаресті қолдауға болмайды деп жазды. Цитаталар келтіремін, «Румындарды біріктіру Альянсының» унонистері  «сайқымазақ» сияқты. Сонымен қатар, Украина арнайы қызметтерінің Кишиневте Чаус сотты ұрлап кеткендігі туралы әңгімесі де – өте жағымсыз. Сіз осы елдермен аталған жағдайларға қатысты бүкпесіз әңгіме бастай аласыз ба?

– Сіз айтқан саяси партиялардың әрекетіне қарамастан,  Румыниямен ашық келіссөздер жасалды. Олармен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Әуелі бізге көмек те көрсетті. Яғни, мен президент болғанға дейін пандемияға байланысты жәрдем берді. Бұл қатынастарды ешқандай саяси партия бұза алмайды. Себебі, Румыния Молдова азаматтарына көмектеседі. Біз мұны одан әрі жалғастырамыз. Алдағы уақытта екі ел арасында көптеген игі бағдарламалар мен жобалар болатынына сенімдімін. Ал, Украинамен Чаустың ұрлануына қатысты жағдайдың жағымсыз екені рас. Біз күтеміз…

 Бұл әңгіменің нүктесі әлі қойылмаған ба?

– Әлі қойылмады. Өйткені, біздің ІІМ мен прокуратура жұмыстарын әлі де жалғастыруда. Бұл мәселені Украинамен бірге талқылайтын боламыз. Сондай-ақ, біздің Украинамен басқа да өзекті мәселелеріміз бар. Мысалы, Днестр мәселесі. Біз бұл мәселені бір жақты етуді талап етеміз. ЕО бізге түйінді тарқатуға көмектеседі. Екінші жағынан алғанда, Украинамен жақсы қарым-қатынас орнату біз үшін өте маңызды. Себебі, бізде ортақ дүниелер көп және аймақтық қауіпсіздік екі тарап үшін де маңызға ие. Барлық мәселелердің шешімін бірлесе отырып іздейміз.

– Приднестровье жанжалы (Молдовадан бөлініп кеткен аймақ. Молдовадан Тәуелсіздігін алып, артынан Ресейге қосылғысы келеді) әлі шешімін тапқан жоқ және Кишинев ұзақ уақыт бойы қандай да бір жоспар ұсынбады. Приднестровье бағытында не істейсіз?

– Қақтығыстарды реттеу саясатын тәртіпке келтіруіміз қажет. Ең алдымен, сыбайлас жемқорлық пен контрабанданы ауыздықтауымыз керек. Молдова азаматтарының өмір сүру сапасын арттырсақ, сол жағалаудағы азаматтарымыз қақтығыстың тезірек шешілуін қалайтын болады.

Үстелге отырып, реинтеграция жоспарын жасау өте маңызды. Себебі, бізде бұған дейін ондай жоспар болмаған. Олар Приднестровье жанжалы мен өзге де мәселелерді шешті. Бірақ, нақты қадамдар мен реинтеграцияның түпкі мақсатына жетуді көздейтін жоспар болмады. Мұны барлық саяси партиялардың қатысуымен талқылау керек. Өйткені, бізге мемлекеттік деңгейдегі,  партиялық деңгейдегі консенсус қажет. Жанжалды шешудегі ұстанымдарды сақтай отырып, 5+2 форматында жұмыс істейтін боламыз. Мәселе елдің аумақтық тұтастығы идеясының шеңберінде және дипломатиялық жолмен шешілуі тиіс. Сондай-ақ, реинтеграция мемлекеттің функционалды болуына жол ашу керек. Егер процесс жүзеге аспаса, мемлекет функционалды бола алмайды.

– Кишиневте жүргенде Приднестровьеде ресейшіл адамдардың көп тұратыны жайлы пікірдегі адамдарды жиі кездестіремін. Егер екі жағалау бірігетін болса, онда Молдова билігіне ресейшіл саясаткерлер біржолата келеді деп санайды. Днестрдің сол жағалауында тұратындарға қалай қарайсыз?

– Олар да өз азаматтарымыз. Мен президент сайлауы кезінде PAS-тың Приднестровьеде үгіт науқанын жүргізуге мүмкіндігі болмаса да, ол жақтың адамдарының бізге дауыс бергеніне таңғаламын. Барлық адамдар жақсы өмір сүргісі келеді. Барлығы да балалары елден кетпеу үшін тұрақты жұмысы, қомақты жалақысы болғанын қалайды. Сондықтан бәрі де заңға бағынады және заңның алдында бәрі тең болады. Бізде ортақ дүниелер көп.

Әрине, көбірек еркіндік қажет. Адамдар тиісті ақпаратқа қол жеткізгенде ғана барып, бізді айыратын дүниеден гөрі ортақ құндылықтарымыз көп екеніне көздері жетеді.

– Приднестровье жанжалы – Мәскеу мен Кишиневтің арасындағы маңызды тақырып. Егер Ресей-Молдова саммиті өтіп, Владимир Путинмен кездесе қалсаңыз, не жайында талқылар едіңіз? Приднестровье бойынша ғана емес, ұстаным тұрғысынан. Сіз Ресеймен прагматикалық мазмұндағы әңгіме қызықтырады дедіңіз. Қандай мәселелерді шешпексіз?

– Бізде экономика мен саудада  туындаған мәселелер бар. ТМД аясында жасалған келісім бойынша, Молдова өнімдерін Ресейге экспорттау мәселесі қозғалған. Ресейде жұмыс істейтін азаматтарымыз жайында қоятын сауалдарымыз бар. Оларды әлеуметтік қамсыздандыру, қорғау мәселелерін пысықтауымыз керек. Әрине, Приднестровье мәселесі де ескерусіз қалмайды. Бұл мәселе бойынша аймақтан оқ-дәрілерді алдырып, орыс әскерлерін шығару – өте маңызды. Ресеймен мұны талқылауға міндеттіміз. Қақтығысты шешуге келер болсақ, оны осы жерде, елде пысықтау керек деп есептеймін. Содан кейін оның шешімін 5+2 форматында қатысушылармен (Молдова, Приднестровье және бақылаушылар АҚШ, Ресей, ЕҚЫҰ, ЕО, Украина) талқылау керек.

– Бейтараптық ұстанымына келгенде Ресей өте сезімтал. Молдова конституциясына бейтараптық енгізілген…

– Иә,  солай.

– Молдова бейтарап ел болып қала беру керек пе?

– Бейтараптық қала береді және ешкім конституцияны өзгетуді жоспарламайды.

– Ал, Сіз Молдова бейтарап болып қала беру керек деп санайсыз ба?

–  Негізінде Молдованың қауіпсіздігінде үлкен проблемалар бар. Біз аймақтық қауіпсіздікті сақтау үшін аймақтық бастамаларға қатысуға тиіспіз. Мұны біз көрші елдермен және өзге де елдермен қарым-қатынасымызды жақсартқанда ғана жүзеге асырамыз. Бірақ, алдымен, Молдова күшті билікке ие болу жолында жұмыс істеуі керек. Соның ішінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін институттар құру маңызды. Бұл менің президент ретіндегі басымдықтарымның бірі. Еліміз қауіпсіз әрі қуатты болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет.

Орысшадан қазақшаға аударған: Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq»

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Майя Григорьевна Санду – Молдова Республикасының президенті. 1974 жылы 24 мамырда Молдова КСР-ның Фалешт ауданына қарасты Рисипень ауылында дүниеге келген. 1994 жылы Молдова Экономикалық білім академиясының менеджмент факультетін, 1998 жылы Молдова президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының халықаралық қатынастар саласындағы магистратураны, 2010 жылы АҚШ-тың Кембридж қаласындағы  Джон Ф. Кеннеди атындағы Гарвард мемлекеттік басқару институтының магистратурасын тәмамдаған.

1994 жылдан 1996 жылға дейін Молдова Экономика министрлігінің Сыртқы экономикалық қатынастар департаментінің ЕО және Қара теңіз бассейні елдерімен ынтымақтастық бөлімінің бас маманы болды. 1996 жылы Экономика министрлігінің Халықаралық экономикалық ұйымдармен ынтымақтастық жөніндегі бас басқармасының кеңесшісі, кейіннен орынбасары қызметін атқарды. 1998 жылы Дүниежүзілік банкке Молдованың өкілі ретінде экономист қызметіне ауысты. 2005 жылы Макроэкономикалық саясат басқармасының және Молдова экономика министрлігінің даму бағдарламарының басшысы болды. 2007 жылы БҰҰ-ның Молдовадағы бағдарламаларының үйлестірушісі. 2010 жылы АҚШ-қа қоныс аударып, Дүниежүзілік банктің атқарушы директорының кеңесшісі қызметін атқарды. 2012 жылдан 2015 жылға дейін Молдованың Білім министрі болды.

2015 жылдың соңында «Әрекет және ынтымақ» партиясын құрып, басшылық етті. 2016 жылы Молдовада өткен президенттік сайлауға қатысты. Екінші кезеңде 47,89% дауыс жинап, Игорь Додоннан ұтылды. 2019 жылдың ақпанында парламент депутаты болып сайланды. Сол жылдың маусымында Молдова премьер-министрі болды. Қараша айында Санду үкіметіне парламент сенімсіздік білдіріп, оларды отставкаға жіберді. 2020 жылдың 24 желтоқсанында Молдова президенті атанды. Сайлаудың екінші кезеңінде 57,72% дауыс жинап, Игорь Додонды ақыры жеңді.

Тұрмыс құрмаған. Балалары жоқ. Президент артықшылықтарынан бас тартқан. Өзінің 74 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерінде тұрады. 2007 жылғы Toyota RAV4 көлігін жүргізеді. Молдован, румын, орыс, ағылшын, испан тілдерін еркін меңгерген.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here