«ІЗГІЛІК ЕЛШІСІ» ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

0
800

Дүйсенбі, 7 қазан күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментімен бірлескен «Ізгілік елшісі»/ «Акселератор добра»  жобасының тұсаукесері өтті. Жобаның тұсаукесеріне ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментінің бастығы Қайрат Сүнтаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері, университеттің басшылары, журналистер мен аталған жобаның еріктілері қатысты.

«Ізгілік елшісі» – студенттерден құралған еріктілер тобы кіретін, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға, жастарды еріктілікке тартуға көмектесетін жоба.

Жобаның мақсаты – адамгершілік пен жанашырлықты дамыту, жас ұрпақты сый-ластыққа, жауапкершілікке, адалдыққа тәрбиелеу.

Университет ректоры Такир Балықбаев жобаның маңыздылығына   тоқтала  келіп,  жастарды көмекке мұқтаж жандарға: көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасыларға, жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көмек көрсетуге тарту екенін атап өтті.

«Университет Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласындағы Департаментімен бірлесіп, жаңа жобаны бастады. Негізгі идея – жастарды мейірімділікке, әдептілікке, қайырымдылық көмекке шақыру. Біз бұл құндылықтар туралы тек сабақтарда ғана емес, нақты іс-әрекеттерімізбен де көрсетуіміз керек. Жоба көмекке мұқтаж адамдар мен жақсылық жасағысы келетіндер арасында байланыс қызметін атқарады.  Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары мен қызметкерлері алғашқы күндердің өзінде 18 отбасыға көмек көрсетті»,  – деді ректор.

Ректордың айтуынша, университетте мұқтаж отбасылар туралы мәліметтер базасы құрылған.

Жобаның үйлестірушісі, Сорбонна-Қазақстан институтының қосалқы директоры Айнұр Сәбитова жоба қызметінің барысы мен болашақ жоспарлары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев ректор Такир Балықбаевқа, жобаны ұйымдастырушыларға және еріктілерге мұқтаж жандарға көмек көрсеткені үшін алғыс айтты. Жоба жұмысына сәттілік тілей отырып, ол мемлекеттік органдар мен мекемелердің барлық қызметтері ашық және айқын болуы керек екенін атап өтті.

Осы күні Алик Шпекбаев «Шапағат» студенттерге цифрлық қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысып, «Саналы ұрпақ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық жобасы аясында жұмыс жасайтын жобалық кеңсе – «Парасат» орталығының ашылуына қатысты.

Римма ЖАНБАЕВА,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімінің қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here