МАХАТМА ГАНДИ ҮНДІСТАНҒА ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ҚАНТӨГІССІЗ ҚАЛАЙ АЛЫП БЕРДІ?

0
703

Махатма Ганди (1869-1948) – Үндістан ұлттық-азаттық қозғалысының жетекшісі. Ұлт көсемінің зорлыққа қарсы философиясы ұлттық және халықаралық бейбітшіл өзгерістер жақтаушыларына ықпалын тигізді. Ол зорлықтың қандай түрі болмасын қабылдамады. 30 жылдан аса өз философиясын тапжылмай уағыздады, соңында бүкіл әлемге зорлыққа қарсы саясатының тиімді екенін дәлелдеді. Сөйтіп, 1947 жылы Махатма Гандидің жігерінің арқасында Үндістан бейбіт жолмен Ұлыбританиядан тәуелсіздігін алды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін туғанына биыл 150 жыл толып отырған Махатма Гандидің күреске толы ғұмырнамасына тоқталады.

ҰЛТЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУМЕН БАСТАЛҒАН ҒҰМЫР

Мохандас Ганди 1869 жылы 2 қазанда Үндістанның Порбандар қаласында дүниеге келген. Он үшке толғанда ол өзімен жасты Кастурба есімді қызбен некелесті. Әрине, бұл неке Гандидің үш ұйықтаса да түсіне кірмеген еді. Оны ата-анасы үнді салт-дәстүріне сай үйлендірді.

Мохандас мектепті аяқтағаннан кейін алдағы уақытта не істейтінін білмеді. Ағасы болса оған Лондонға оқуға баруды ұсынды. Ол ағасының ұсынысын қабыл алды. Дегенмен, Британ империясының астанасында Үндістаннан келген жас жігітке шекесінен қарады. Менсінбеді. Өйткені, ақ нәсілділерге бодан елден шыққан жігіттің Лондонда білім алуы ерсі көрінді. Кемсітушіліктің түр-түрін көрген Мохандас қолына дипломын алғаннан кейін Бомбей сотында адвокат болуға үміттеніп, еліне оралды. Бірақ, жас жігіттің Лондонда алған білімі Үндістанның қолданыстағы заңына мүлдем сәйкес келмейтін болып шықты. Сонымен, 1893 жылы Мохандас ағасының мәжбүрлеуімен Оңтүстік Африкаға жұмыс істеуге кетті.

Мохандас өте күрделі мәселелерді шешуге қабілетті әрі бітімгер адвокат ретінде таныла бастады. Оның клиенттерінің арасында ақ нәсілділер де, үнділер де болды. Жегені алдында, жемегені артында болып шат-шадыман өмір сүрмесе де, оның табысы артып, бірнеше жылдан кейін әйелі мен ұлдарын елінен алдырта алатын жағдайға жетті.

Рас, Мохандас адвокаттық тәжірибеде қоғамдағы теңсіздікпен кезікпеген жағдайда, мүмкін күрескер тұлғаға айналмас та еді. Ақ нәсілділер үнділерге «екінші сорттағы» адам ретінде қарады. Олардың еңбектеріне тиын-тебен ғана төленді. Заңсыз қорлауға қарапайым үнді халқы ғана емес, ауқатты кастадан шыққан адвокат Мохандас Ганди де ұшырады. Бірде беделді адвокат бірінші класстық пойыз билетін сатып алды. Адвокаттың сорына қарай бірінші класстағы пойызда барлығына бірдей орын жетпеді. Бұған ашуланған ақ нәсілді біреу «екінші сорттағы» адамның өзіне орнын босатып беруін талап етті. Беделді адвокат Мохандас Ганди оған қарсылық білдіріп, сатып алған билетін көрсетті. Бірақ, онысы бекер болып шықты. Пойыз келесі бекетке тоқтағанда полиция келіп, оны бірінші класстағы вагоннан шығарып жіберді. Сөйтіп, оған «лайықты» орнын көрсетті. Бұған қатты қорланған Мохандас Ганди мұндайға енді көнгісі келмеді. Сол үшін бар өмірін өз халқының құқықтары үшін күресуге арнады.

АҚИҚАТҚА АРҚА СҮЙЕГЕН АДВОКАТ

Жүйені өзгерткісі келген Мохандас Ганди бүлікшілердің дәстүрлі жолын таңдаса, төңкерісшілердің қара тізіміне енер еді. Алайда, ол қарулы күрес ұйымдастыруды қолдамады. Керісінше, қарсыластарының ар-ожданына әсер ету ниетіне негізделген өзіндік әдіс, жаңаша құрал ойлап тапты. Адвокат ойлап тапқан әдіс «Сатьяграха» (ақиқатқа арқа сүйеу) деп аталды. Оның мақсаты – жауыңды одақтасыңа, досыңа айналдыру. Бұл әдісті жақтаушылар қарулы күрестен гөрі ар-ожданға негізделген күрес анағұрлым тиімді деп санады.

Мохандас Ганди басшылығымен «Сатьяграха» қозғалысының мүшелері ағылшындар тарапынан көрсетіліп жатқан барлық әділетсіздікке үн-түнсіз, күш көрсетусіз қарсылық көрсету, ұрып жатса да, өлтіріп жатса да, абақтыларға қамап жатса да, тіс жармау, отырып алу сияқты әдістерді кеңінен қолданды. Үндістанға сырттан басқыншылар тарапынан әкелінген барлық тауарларды тұтынбай, керексіз етіп, тек қана үндінің тауарларын тұтыну, хинди тілінде сөйлеу сияқты Мохандас Гандидің «Сатьяграха» қозғалысы қойған талаптары ағылшын отарлаушыларын тығырыққа тіреді. Отарлаушылардың сырттан әкелген тауарлары жергілікті тұрғындарға мүлдем керексіз болып, Англиядағы ірі алпауыттардың өзі шаш етектен шығынға батып, өз үкіметіне еріксіз наразылық көрсете бастады. Билік пен халық арасындағы ұзаққа созылған текетірес ағылшындарды отар елдерін тастап, еріксіз бас сауғалауға алып келді. Міне, қантөгіссіз, күш көрсетусіз бостандыққа жету деп осыны айтса керек.

Жалпы, Мохандас Гандидің бұл әдісі алдымен Оңтүстік Африкадағы үнділер арасында қолданыла бастады. Адвокаттың идеялары алғашында британдықтардың ғана емес, өзінің отандастарының да күлкісін келтірді. Дегенмен, Мохандас Ганди алдына қойған мақсатынан бас тартқан жоқ. «Бастапқыда олар сізге мән бермейді. Содан кейін олар сізге күледі, сосын олар сізбен соғысады, содан кейін сізден олар жеңіледі» деді.

Британ империясының әкімшілігі өзгеше ұстанымдағы адвокаттың идеясын жақтаушылардың көбейе бастағанына алаңдады. Оларға қарсы қандай шара қолданарларын да білмеді. Империя әкімшілігіне Гандиді соттау мүмкін болмады. Гандишілдердің әрекеті баяу әрі табанды болып ерекшеленгендіктен, отаршылдарды жеңілістерге ұшырата бастады.

Мохандас Гандидің үнділердің арасындағы моральдық беделі тез өсті. 1915 жылы ол Оңтүстік Африкадан отанына оралғанда, «Нобель» сыйлығының лауреаты, жазушы Рабиндранат Тагор оны «Махатма» (ұлы жан) деп атады. Сөйтіп, Мохандас «Махатма Ганди» атымен әлемге әйгілі болды.

Махатма Ганди Үндістанның ұлттық конгресін он үш жыл басқарды. Бірақ, тәуелсіздік алғысы келетіндерді идеясына сендіре алмайтынын түсінген кезде, конгрес-тен өз еркімен кетті.

Осы тұста Махатма Гандидің ұстанымдары өмірдің қатал шындығымен бетпе-бет келді. Оны қолдаушылар зорлық-зомбылықтан бас тартқанымен, британдықтар одан бас тарта алмады. Олардың жазалауы ұрып-соғумен ғана шектелмей, кей жағдайда манифестанттарды өлтіруге дейін барды. Ашуы қозған үнділер де британдықтарға қарсы жауап берді. Жақтастарының қантөгіске баруын құп көрмеген Махатма Ганди былай деп мәлімдеді: «Үндістандықтар зорлық-зомбылықтан бас тартуға дайын болмаса, олар әлі де тәуелсіздік алуға дайын емес».

Қарсыластары Махатма Гандидің әрекеттері мен мәлімдемелерін қорқақтыққа балады. Бірақ, ол өз идеясына беріктігін, табан-дылығын әрекетімен дәлелдеді. Бірнеше рет қамауға алынды, халық арасында толқу туғызғаны үшін сотталып, түрмеге тоғытылды. Ал, Махатма Ганди барлық сынақтарды сабырлылықпен қабылдады.

Үнді халқы Махатма Гандидің ұстанымдарын түсіне де, қабылдай да алмады. Атам заманнан бері келе жатқан касталар жүйесінің теңсіздігіне қарсы радикалдарға соққы беріп, олардан үнді қоғамындағы касталық жүйенің толығымен көзін жоюды талап етті. Сондай-ақ, үндістандық мұсылмандарға қысым көрсетуші радикалдарға да қарсы шықты.

Махатма Ганди мен оның ізбасарларының тарихтағы ең танымал әрекеттерінің бірі – 1930 жылы ұйымдастырған «Тұз жорығы» болды. Ұлт көсемі үндеген тұзға сапарының тууы – Үндістан жеріндегі тұзды үнділіктерге өндіруге тыйым салған талапқа қарсылық болатын. Алдымен бірнеше рет отарлаушы өкіметпен келіссөзге барудан еш нәтиже шықпаған соң Махатма Ганди теңіз жағасындағы топырақтың бетіне тұзы шығып жатқан Данди қаласына баруға отандастарын шақырады. Алғашында бұған миығынан күле қараған британдықтар 79 серіктесімен жорыққа шыққан Ганди тобының сан миллиондаған наразы топқа айналғанын көреді. Бұл шынында да ешқандай күш көрсетусіз жасалған қарсылық еді. Бұған ашуланған отаршыл британ әкімшілігі Гандиді қамауға алды. Алайда, ол қамалғаннан кейін де акция жалғаса берді. Нәтижесінде, сексен мыңға тарта адам түрмеге тоғытылды. Бұл да наразылық білдіруге кедергі бола алмады. Ақыр соңында британ үкіметі Гандиді қамаудан босатуға мәжбүр болды.

МАХАТМА ГАНДИДІ КІМ ӨЛТІРДІ?

1940-шы жылдардың ортасына қарай Британ империясы өзінің үлкен отары Үндістаннан айырылатынына көзі жетті. Бірақ, британдықтар Үндістанға азаттық бермес бұрын оларға «сый» қалдырып кетуді жөн көрді. Бұл Гандиден кек алудың бір түрі еді. Олар бұрыннан «бөліп ал да, билей бер» қағидасын ұстанатын. Осы жолы үнділіктер мен ол жақтағы мұсылмандар арасындағы бұрыннан келе жатқан ескі алауыздықтың отын одан әрі тұтатып кетті. Ақыр соңында діни қақтығыстар көбейе берді. Үндістан мұсылмандарының арасында Ұлыбританиядағы саяси күштердің азғыруымен жеке мемлекет құру идеясы пайда болды. Махатма Ганди Үндістанның бөлінуіне үзілді-кесілді қарсы шықты.

1947 жылы Ганди күресінің негізгі мақсаты орындалды. Үндістан тәуелсіздігін алды. Бірақ, мақсатына жеткен Гандидің қуанышы су сепкендей басылды. Сол жылы тамызда әлемнің саяси картасында бір емес, екі мемлекет пайда болды: Үндістан мен Пәкістан. Қос мемлекеттің пайда болуы қақтығыстар мен соғыс өртінің тұтануына әкелді. Азамат соғысын тоқтату үшін Ганди төтенше шаралар қабылдады. 1948 жылдың қаңтарында аштық жариялады. Ол өз шешімін былай деп түсіндірді: «Өлім маған керемет құтылыс болады. Үндістанның өзін өзі құртып жатқанын көрген бишара куәгері болғанша өлгенім артық». Оның бұл қадамы халықты алаңдатып, қақтығыстар уақытша тоқтатылды. Ал, соғысты қалаған топтардың оған ашуы келді. Ганди олардың жоспарларына үлкен кедергі келтірген еді.

1948 жылдың 30 қаңтарында Махатма Ганди кешкі діни рәсім үшін далаға шықты. Оны жақтастары күтіп алды. Дәстүр бойынша олар Гандидің аяғына қолдарын тигізгісі келді. Олардың қатарында Үндістандағы мұсылмандарды аластатқаны үшін Гандиді кінәлі деп санайтын радикалды газеттің редакторы Натхурам Годзе  бар еді. Жақындап келген Годзе Гандиге қарата үш рет оқ атты. Алғашқы екі оқ «қаңғып кеткенімен», үшінші оқ жүрекке таман тиді. Талықсып барып құлаған Махатма Ганди әлсіз ғана: «О, Рама! О, Рама!» – деп сыбырлап, қылмыскерді кешіретінін ыммен көрсетіп, жан тәсілім етті.

Қылмыскер Годзе құрықталды. Тергеу барысында кісі өлтіру тек жалғыз бір адамның ғана еркі емес, мұқият жоспарланған қастандық екендігі анықталды. Сот алдына сегіз адам тартылды. Барлығы кісі өлімі үшін сотталды. Ал, Натхурам Годзе өлім жазасына кесіліп, 1949 жылы 15 қарашада дарға асылды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Өмірі өнегеге, күреске толы Махатма Ганди – нағыз күрескер әрі демократ еді. Ол жақсылықтың зұлымдыққа қарсы тұра алатынына тірі мысал бола білді. Сан ғасырлардан бері әлемді қарудың күшімен өзгерткісі келген тұлғалардың қателескендігін де дәлелдеп берді.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ» ГАЗЕТІНІҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here