ҚАЛАЛАРДАҒЫ БАРЛЫҚ БАЗАРЛАР 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ЖАБЫЛАДЫ

0
246

Жаңадан құрылған ҚР Сауда және интеграция министрлігі ықылым заманнан келе жатқан далада, көшеде тауар жайып, сату тәжірибесіне түпкілікті тыйым салмақ. Министрліктің хабарлауынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап астанада және республикалық маңызы бар қалалар – Алматы мен Шымкент аумағында стационарлық емес әмбебап сауда базарлары жабыла бастайды. Ал, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап халқының саны 100 мың адамнан асатын облыстық маңыздағы барлық қалада сондай базарлардың жұмыс істеуіне жол берілмейді. Бұл туралы Іnbusiness.kz порталы хабарлады.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бұл – «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының талабына сәйкес жасалуда. Бұл заң алда жаңа түзетулермен күшейтілмек. Мысалға, базарлар қызметін сот тәртібімен тоқтата тұрудың немесе тыйым салудың заңнамалық мүмкіндігі көзделеді. Аталған бап 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Базарын жаппаған немесе қайтадан ашып алған кәсіпкерлерге жаза қолданылады. Бастапқыда сауда базарының әкімшілігіне немесе меншік иесіне ескерту жасалады. Ескерту түріндегі әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл iшiнде қайта тексеріледі. Егер жабылып қалмағаны белгілі болса, онда үлкен айыппұл салынады және базар күштеп таратылады. Айыппұл көлемі сауда базарының әкімшілігі немесе меншік иесі кәсіпкерліктің қандай нысанында жұмыс жасап келгеніне байланысты болмақ. Егер шағын кәсіпкерлік нысанына жатса, 65 АЕК (2019 жылғы шамасы 164,1 мың теңге) көлемінде айыппұл арқалайды. Орта кәсіпкерлік нысанының жазасы бұдан ауырлау – 120 АЕК (303 мың теңге). Ал, ірі кәсіпкерлерге 200 айлық есептік көрсеткіш (жарты миллион теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл жерде АЕК көлемі жыл сайын қайта қаралып, өсіп отыратынын атап өткен жөн. Демек, даладағы базарын тарқатудан бас тартқан бизнесмендерге таңылатын айыппұл көлемі 2025 жылы миллионнан асып жығылуы да ғажап емес.

Жылдар бойы қалың жұрт келіп сауда жасауға үйренген, яғни бұқара білетін «майшелпек» орын бос жатпайды. Сүрілген стационарлық емес әмбебап сауда базары орнына жабық сауда орнын тұрғызғысы келетін кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер мен субсидия беру қарастырылуда. Бұл бастаманы «Атамекен» ҰКП ілгерілетуде.

Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда 699 базар жұмыс жасауда. Оларда шамамен 4,4 млн шаршы метр немесе 152 мың сауда орны жалға беріледі. 250 мыңдай қазақстандық базарда сауда-саттықпен айналысады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here