Геннадий Головкин «зейнетке» қашан шығады?

0
5726

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин үшін 2020 жыл сәтсіз басталды. Ал, COVID-19 пандемиясы да 38 жастағы атақты боксшының карьерасына кері әсер етті. Мысалы, 29 ақпанда орта салмақтағы IBF чемпиондығын қорғау мақсатында Геннадий Головкин поляк боксшысы Камил Шереметамен шаршы алаңға шығуы тиіс болған-ды. Дегенмен, екі тарап өтетін жерге келісе алмады. Содан қос былғары қолғап шеберінің жұдырық түйістірер кездесуі бастапқыда 28 наурызға, кейін сәуірге қалдырылды. Дегенмен, коронавирус пандемиясы болмаса да, жанкүйерлер асыға күткен жұдырықтасу наурызда да, сәуірде де өтпес еді. Өйткені, біздің боксшы жаттығу барысында жарақат алды. Сөйтіп, Головкин мен Шеремета айқасын 6 маусым күні Инглвуд қаласында (АҚШ) өткізу жоспарланды.

КАНЕЛО КӨЛЕҢКЕСІ

GGG командасы Головкин мен Шеремета айқасына отандасымыздың Альвареспен кездесу алдындағы басты дайындық ретінде қарайды. Әрине, бұған 30 жастағы поляк боксшысы ренжи қоймас. Дегенмен, Геннадий Головкиннің басты қарсыласы Сауль Альварес екенін бәрі біледі. Қазақстандық боксшы мексикалық әріптесінен 2018 жылы кеткен есесін қайтарғысы келеді.

Рас, Головкин үшін кеткен есені қайтарар күн туды. Головкин мен Альварес арасындағы айқас ағымдағы жылдың 12 қыркүйегіне белгіленді. Жалпы, 18 шілдеде отыз жасқа толатын мексикалық боксшының ұпайы түгел. Бұған дейін жеңілмейтіндей болып көрінген атақты Головкинді 2018 жылы әділ қазылардың шешімімен жеңген. 2017 жылы да өз жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Ал, сол Альварес – Головкин жеңе алмаған жалғыз кәсіпқой боксшы. Яғни, бұл Альвареске қарағанда Головкиннің спорттық мансабындағы тағдыршешті жұдырықтасу болмақ.

Альварестен кейінгі жеңілісінен соң Головкин бұрынғыдай көп шаршы алаңға шықпаса да, былғары қолғабын шегеге ілген жоқ. Ал, тыңғылықты дайындықсыз бірден Альвареспен жұдырықтасу асығыстық болар. Мұны GGG командасы жақсы түсінеді. Содан Шереметамен жұдырықтасу алдымен Головкинге керек. Неге десеңіз, 8 сәуірде Головкин 38 жасқа толды. Бұл орта салмақтағы боксшы үшін оңай жас емес. Өзінің ізін басып келе жатқан жас буын өкілдерімен шаршы алаңда атына сай лайықты өнер көрсету де қиынның қиыны. Қанша тәжірибелі болса да, уақыт бәрібір өзінікін алады.

Головкиннің Шереметаны тізе бүктіретініне күмән келтірмейміз. Альварес Шереметадан бір жас кіші болғанымен, оған қарағанда атағы жер жарады. Мықтылығы тағы бар.

COVID-19 пандемиясына байланысты Головкин сияқты Альварес те жоспарланған кездесулерін кейінге қалдырды. Мысалы, 2 мамырда мексикалық боксшы британдық әріптесі Билли Джо Сондерспен жұдырық түйістіруі жоспарланған-ды. Альварес – Сондерс жекпе-жегі де маусымға ығыстырылды. Ал, бұл жекпе-жек болмаған күннің өзінде Альварес ақшадан басқа ешнәрсені жоғалтпайды. Өйткені, ол қазір нағыз бабына келген. Шаршы алаңда кез келген боксшымен шығуға әзір. Тәжірибелі Головкин сияқты тыңғылықты дайындықты қажет етпейді. Головкиннен сегіз жас кішілігі де бар.

КОВАЛЕВ САБАҒЫ

Атақты Генаның жасы 38-ге келгенін, орта салмақта бұл оңай жас еместігін жоғарыда айттық. Ұзақ уақыт шаршы алаңға шықпау Головкинге психологиялық әрі физикалық тұрғыда кері әсерін тигізеді. Демек, Головкин Альвареспен биыл жұдырықтаса алмаса, онда есе қайтаруды ұмытуына тура келеді.

Иә, бұл жағдай Головкин мен оның командасының беделіне белгілі бір нұқсан келтіреді. Бірақ, Альварестен есесін қайтара алмаса, ұятты жағдайға қалады. Сол Сауль Альварестен нокаут алған ресейлік кәсіпқой боксшы Сергей Ковалевтің соңғы шайқасынан сабақ алмаса тағы болмайды. Осылайша, таразы басында қасықтап жинаған абырой мен кеткен есені қайтару амбициясы тұр.

Материалдық тұрғыда Головкиннің Альвареспен ғана шаршы алаңға шығуы маңызды емес. 2019 жылдың наурызында DAZN-мен отырған келісім шарт бойынша отандасымыз 2021 жылдың соңына дейін алты рет жұдырықтасуға міндетті. Әрқайсысына 15 млн доллардан қаламақы алады. Былтыр канадалық Стив Роллс және украиналық Сергей Деревянченкомен шаршы алаңға шықты. Сөйтіп, 30 млн долларды қалтасына салды.

Енді келісім шарт аясында Головкинге тағы төрт кездесуге шығып, қалған 60 млн долларды «игеру» ғана қалды. Келісім шартта қарсыластардың аты көрсетілмеген. Яғни, отандасымыз қарсыластарын өзі таңдауға да құқылы. Ал, келесі қарсыласына жеңіліп көрмеген Альваресті таңдау өте қауіпті. Жеңіліс табуы да мүмкін. Сонда өзінің қасықпен жинаған абыройын шелектеп төгеді. Келісім шартына қарамастан кәсіпқой бокспен қоштасуына тура келеді. Бұл жағдайда ең тиімдісі – басқа қарсыластармен жекпе-жекке шығып, келісім шартты орындап, көзделген қаржыны қалтасына салу. Осылайша, ұзақ жылғы бейнеттің зейнетін көру.

Әрине, атақты боксшының қай жолды таңдайтынын уақыт көрсетеді.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here