Шетелге оқуға аттанған қос ғашықтың трагедиялық тағдыры

0
5225

Ел есінде қалған қайғылы оқиғаның бірі – «ХХІ ғасырдың Қозы Көрпеш – Баян Сұлуы» атанған Болат пен Айнұрдың махаббаты жайлы көпшілік, әсіресе, өсіп келе жатқан жас ұрпақ біле бермейді. Есімдері Тараз қаласындағы жастар саябағындағы ескерткішке (суретте) ойылып жазылған қос ғашықтың шынайы тағдырларын ата-аналары айтады.

Сонау Англия жұрты бас иген қос ғашықтың махаббаты жайлы хикая қалай көпке таралды? Айтайық, ақтөбелік Айнұр Сүлейменова және тараздық Болат Кәрентаев «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Кардиф университетінде бірге оқыған. 2005 жылдың 23 желтоқсанында елге бет алған қос ғашық Ақтөбеге Баку арқылы ұшатын ұшаққа отырады. Ондағы мақсаттары Жаңа жыл қарсаңында ата-аналарының рұқсатын алып, шаңырақ құру еді. Алайда, аспанға көтерілген ұшақ бірер сәттен соң отқа оранып, Каспий теңізінің арғы жағалауында апатқа ұшыраған еді.

Сүңгуірлер теңізден марқұмдардың денелерін алып шыққанда таңданыстарын жасыра алмады. Себебі, өмірлерінің  соңғы сәтін сезген Болат пен Айнұр о дүниеге аттанарда да бір-бірінен ажырамау үшін құшақтасып, өздерін орындық белбеуімен байлап тастаған екен.

Құтқарушылар қос мұңлықтың денесін тапқан сәтте де олардың құшақтасқан бойы көз жұмғандары белгілі болды. Содан бері 14 жылдан астам уақыт өтті. Алайда, армандары бұл дүниеде орындалмаған жастардың ата-аналары өздерін «мәңгілік Құдай қосқан құда-мыз» деп санайды.

«Біз мәңгілік құдамыз. Себебі, балаларымыз қайтыс болып, денелерін жер қойнауына тапсырған соң үйге Болаттың әкесі Амангелді хабарласты. «Болаттың арманы – Айнұрға құда түсіп, үйлену еді. Енді оларды Алла тағала о дүниеде қосар деп үміттенемін. Алайда, баламның соңғы тілегін орындайын, қызыңызға құда түсіп барайын» деді. Біз қарсы болмадық. Осылайша, 2006 жылы  Болаттың ата-анасы және аға-жеңгесі келіп, кәдімгі құдалық рәсімін өткіздік. Араға апта салып біз де Таразға барып, құданың отбасымен танысып қайттық. Өмірде балаларымыз болмаса да, кәдімгі қазақтың құда түсу ырымын түгелдей өткердік. Содан бері екі жақ жақсы араласамыз. Құдағиыммен апта сайын хабарласып, қуаныш пен қайғысына ортақтасып, бірігіп кеттік», – дейді Айнұрдың анасы Шолпан Сүлейменова.

О дүниеге аттанғанда да «құшақтары ажырамаған жастарды бірге жерлейік» деген туыстарда ой болған екен. Алайда, имамдар бұл дүниеде қос ғашықтың некесі қиылмағандықтан бірге жерлеу шариғат заңына қайшы екенін айтып рұқсат бермеген.

«Алла адал махаббат иелерін о дүниеде қосады деген соң Айнұрды туған ауылы Қобдада, ал Болатты Таразда жер қойнауына тапсырдық. Алайда, екі жақ жиі хабарласып, балалардың жамбастары жерге бір күнде, бір минутта тисе екен деп соңғы сапарларын да бір сәтте жасадық», – дейді перзентінен айырылған ана.

Айнұр мен Болаттың қазасына тек ата-аналары ғана емес, оларды танитын жандардың бәрі, тіпті бүкіл ел қайғырған еді. Талантты, талапты, қажырлы екі жас – өз әулеттері үшін де, жүздеген достары, қызметтес-әріптестері үшін де үлкен үміт символына айналған жандар болды. Пәк сезімнің символына айналған қос мұңлықтың есімдерін есте қалдыру жолында көп істер қолға алынды. Солардың алды болып екі жас білім алған Ұлыбританиядағы жоғары оқу орны  өмірден озған, талапты да тәрбиелі, қос ғашықтың құрметіне орай үздік тәлімгерлерге арнап «Айнұр мен Болат» атындағы стипендия даярлаған. Бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Бұдан бөлек, 2007 жылы Айнұр мен Болаттың есімдерін есте қалдыру мақсатында Тараз қаласында олардың атымен «Ғашықтар аллеясы» ашылып, осы аллеяда «Махаббат символы» монументі бой көтерді. Өздері оқыған мектептерде олардың атына мұражайлар ашылды. 2008 жылы Алматы облысы Талғар ауданындағы Мәсімхан Бейсебаев атындағы агробизнес және менеджмент колледжінде Айнұр Сүлейменова мен Болат Кәрентаев атындағы стипендиялар тағайындалды.

«Білім десе ішкен асын жерге қоятын бала еді. Уақытын босқа өткізу дегенді білмейтін оның Кардиф университетін бітіргеннен кейінгі мақсаты – Астанада ауылдан келген балаларға арнап ағылшын тілінде жеке мектеп ашу еді. «Мама – білімсіз адамның қадамы қысқа. Ауылдағы балаларға дейін шетел тілінде еркін сөйлеп, білуі керек» дейтін. Кішкене ауылда өскен Айнұр «ауылдан шыққан қабілетті балалардың биік мақсаттарға қол созуына көмектессем» деп армандады. Ол арманына жете алмай кетті ғой. Әйткенмен, Айнұр атындағы стипендияның жыл сайын бір үздік оқушыға үлкен көмек боп отырғанын ойлаудың өзі маған жұбаныш», – дейді Айнұрдың анасы.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here